Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ (Жаласғы)

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ (Жаласғы)

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ ЖОЛЫНДА ҰЙЫСАЙЫҚ (Жаласғы)
ашық дереккөзі
323

Ш.Пәттеев: Кейiнгi кезде түрлi мақалаларда "қазақстандық ұлт" деген ұғым қолданылып жүр. Осыған байланысты мұның өзi жаңа ғана мемлекет құрған ұлтты өзiндiк табиғатынан айырады деушiлер бар. Осы жөнiндегi Сiздiң пiкiрiңiздi бiлгiмiз келедi.

– Бұл арада мына мәселенi де ескеруiмiз керек. 1991 жылы мемлекетiмiздi құрған кезiмiзде қазақтар 42 пайыз және қалғаны басқа ұлт өкiлдерi болатын. Яғни, жаңа мемлекетiмiздiң шаңырағын қазақтармен қатар өзге де отандастарымыз бiрге көтерiстi. Осыны ұмытпайық. Тәуелсiздiк – Қазақстан халқының ортақ жеңiсi, ортақ қуанышы. Сол себептi осынау ұлы мұратты жүзеге асыра алған бәрiмiздiң тарихи ерлiгiмiз болып табылады.

Тарихымыз бiздi көп ұлтты ел ретiнде қалыптастырды. Бұл бiздiң кемшiлiгiмiз емес, керiсiнше, бiздi ұлттық томаға-тұйықтықтан сақтап тұратын фактор. Солай болғандықтан бiз барлық қазақстандықтарды бiрiктiретiн ортақ ұғымның төңiрегiнде топтасуымыз керек. Қазақстан халықтары Ассамблеясын Қазақстан халқы Ассамблеясы деп өзгерткенiмiздi қоғам түсiнiстiкпен қабылдап отыр ғой. Бiзде халық бiреу – Қазақстан халқы. Түптеп келгенде, бiз осы идеологиялық қадамның қазақтың ұлт ретiнде одан әрi нығаюына, этностық топтар өкiлдерiнiң жәй ғана қазақстандық тұрғын емес, дiлi мен дүниетанымының қазақстандық рухта қалыптасуына барынша ықпал ету жағын басты нысана етiп алуымыз керек. Бұл жолда қазақ халқының алдына өзге этностарға өзiнiң рухани құндылықтарын сiңiре отырып, тұтастай елдiктi қалыптастыруға қатысты тарихи рөл жүктелмек.

Жалпы, бұл жерде бiр түсiнбеушiлiк бар сияқты. "Единая казахстанская нация" дегендi "Бiртұтас қазақстандық ұлт" деп аудару дұрыс болмас. "Нация" мен "национальность" (ел-жұрт және ұлт) деген ұғымдар бар. Қазақстан – қазақ ұлтының негiзiнде құрылған мемлекет. Қазақстан деген сөзде қазақтың мемлекетi деген ұғым жатыр. Сондықтан да бұл идеяны, менiң ойымша, қазақ тiлiнде "қазақстандық ұлт" емес, "қазақстандық ел" деп атаған жөн тәрiздi. Өйткенi, халқымызда "ел" деген ұғымның астарында аса үлкен бiрiктiрушi, топтастырушы күш жатыр. Ерте замандардың өзiнде "егемен болмай ел болмас" деген бабаларымыз елдiкке шақыру, ел болуға үндеу арқылы мемлекеттiлiктiң берiк iргесiн қалап келген. Сонымен бiрге "Қазақстан" сөзiнiң өзi "Қазақ елi" дегендi бiлдiредi ғой.

Бiз әлi күнге дейiн баяғыша отарлық пиғылдан шыға алмай сөзге жармасып, өзiмiздi кемiтiп, қуыстанып жүргендеймiз. Бiз тәуелсiз мемлекетпiз. Түптеп келгенде, қазақтың тәуелсiз елiмiз. Ал қазiр қалай бұрсаң да 9 млн. қазағымыз бар, 6 млн. басқа ұлт өкiлдерi бар. Осы елдiң басын бiрiктiрмесек, басқаның бәрi бос сөз болып қалады. Ел iшi бұзылады.

"Қазақстандық ел" – Қазақстан халқын одан әрi бiрiктiретiн ортақ ұғымды орнықтыру жолындағы бiр ой. Бұл бiздiң бәрiмiзге "қазақстандықпыз" деп айтуға мүмкiндiк беретiн ұғымға айналатын да шығар. Мұның бәрiн уақыт көрсетедi. Қалай дегенде де оның түбiрiнде "қазақ" сөзi тұратынын ұмытпайық. Одан қазақ қазақ болмай қалмайды. Оның есесiне өзге ағайындар қазаққа жақындай түседi. Өйткенi, олар осы арқылы "қазақстандық азаматтар", яғни қазақ елiнiң азаматтары атанады. Бiр мемлекеттiң халқын бiр атау бiрiктiрiп тұрғаны жақсы.

Мына жайдың басын ашып айтқым келедi. Бұл ұғым әлi де теориялық тұрғыдан жан-жақты қаралуы, практикалық тұрғыдан тиянақталуы қажет.

С.Абдрахманов: Жақында Сiздiң "Қазақстан жолы" атты кiтабыңыз Лондонда шықты. Сол кiтапқа Маргарет Тэтчер алғысөз жазыпты. Оны бiз аударып бастық. Сонда Тэтчер: "Коммунизм бұғауларын быт-шыт қылған ел өзiнiң ерекше қазақы қасиеттерiн сақтап қалды", дептi. Жалпы, ұлттың өзiндiк қасиеттерiн сақтап қалумен қатар оның жаңа заманға бейiмделуi жөнiнде не айтар едiңiз?

– Тэтчер – оңайлықпен ештеңенi мойындай қоймайтын, аузы дуалы адам. Оның бұл бағасы – үлкен баға. Жаһандану жағдайында да ерекше қазақы қасиеттердi сақтап қалу үшiн бiз көп нәрсенi ескеруге тиiспiз. Бұл орайда, кимоносын кие жүрiп, храмына бара жүрiп, жаңа технологиялардың небiр ғаламаттарын жасап жатқан жапондықтардың жақсы үлгiсiне көз салсақ болады.

Өзiндiк болмысты сақтау қазiргi халықтық қалпымызды, ұлттық мiнез-бiтiмiмiздi тұмшалап ұстау, былайша айтқанда, консервациялау деген сөз емес. Модернизация, яғни жеделдете жаңғыру адамның, сол арқылы тұтас ұлттың жанына да қатысты болғаны жақсы.

Ұлттық модернизация мәселесiн бiз ұдайы есте ұстауға тиiспiз. Ататүрiктiң тұсында түрiк ұлты, Ли Куан Юдiң тұсында малай ұлты модернизациядан өттi. Түрiктер оны "танзимат" деп атаған. Халықтың киiм киiсiне дейiн өзгерткен. Бiзде ондай проблема жоқ. Шүкiр дейiк, халқымыз қазiрдiң өзiнде әлемдiк өркениет арнасында дамып келе жатыр. Өзге жұрттар қазаққа құрметпен қарайды. Бойы да, ойы да таза, пассионар ұлт деп қарайды.

Бiздiң басымыздан көп қиын замандар өткенi рас. Бiрақ, сол замандардың бiздiң халқымызды шыңдап шығарғаны да рас. Өзге ұлттармен қатар өмiр сүре жүрiп, өз дәстүрлерiмiзден, өз тiлiмiзден айырылыңқырап қалғанымыз рас. Бiрақ, сол арқылы өзге ұлттармен жарыса, таласа жүрiп ширағанымыз, бiлiмге, өнерге қатарласа ұмтылғанымыз, сөйтiп өскенiмiз де рас. Бiр жаманның бiр жақсысы болады деген осы.

Ширақтықтың керек кезi ендi келе жатыр. Қазақстан – қазыналы ел. Ал қазына жүрген жерде қатер де қоса жүретiнiн ұмытпау керек. Соның бәрiне бiз дайын тұруымыз керек.

Тәуелсiздiк – мәңгiлiкке, бiржолата берiлетiн игiлiк емес. Де-юре, де-факто деген ұғымдар бар. Өзiн тәуелсiзбiз деп жариялаған елдiң бәрi сөз жүзiнде тәуелсiз мемлекет санала бередi, өзiнiң тәуелсiз екенiн iспен дәлелдей алған, iшкi, сыртқы саясатына қатысты шешiмдердi өзгелерге алаңдамай қабылдайтын, экономикалық жағынан кiрiптар болмайтын елдер ғана iс жүзiнде тәуелсiз мемлекет саналады.

Қазақстан – қазiр сондай ел, сондай ел бола беруi үшiн бiз босаңсымауға тиiспiз.

Бәрi де ұлттың мемлекеттi ұйытарлық қасиетiне, қуатына байланысты. Күнi ертең Батыс Еуропа – Батыс Қытай трансқұрлықтық дәлiзi қолға алынады. Шын мәнiнде, жаңа Жiбек жолы тартылады. Сол жолмен Батыстан Шығысқа, Шығыстан Батысқа тауар да ағылады, адам да ағылады. Қазақстан жерi арқылы неше түрлi идеялар өтедi, неше түрлi пиғылдағы адамдар өтедi. Халыққа Интернеттен де, кабельдi телевидениеден де жағымды-жағымсыз, пайдалы-зиянды неше түрлi әңгiме айтыла беретiн болады. Ашық қоғам жағдайында, жаһандану жағдайында ондай әсерлерден ешкiм сырт тұра алмайды. Бiз соның бәрiне сын көзiмен қарай алатын, озығын алып, тозығынан бас тарта алатын, төл, дара сипаты бар ұлтқа айналсақ қана өзiндiк болмысымызды сақтаймыз. Солай болып та келедi.

М.Тәж-Мұрат: Қай жазуды таңдаймыз деген мәселе төңiрегiнде әртүрлi пiкiрлер айтылып жүр. Бұл таласқа Сiздiң Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында сөйлеген сөзiңiзде латын жазуы туралы айтқаныңыз да қозғау салып отыр. Кейбiреулер мұны тiкелей тапсырма ретiнде қабылдаған сияқты. Бiздiңше, Сiз осы мәселенi жан-жақты зерттеп көру қажеттiгi жөнiнде айттыңыз. Осы туралы не дер едiңiз?

– Дұрыс айтып отырсыз, мен алфавитке көшу жөнiнде емес, осы мәселенi ғалымдардың зерттеп көруi жөнiнде тапсырма бергенмiн. Неге десеңiз, бұл – өте күрделi мәселе. Қазiр жер бетiндегi қазақтың үш бiрдей алфавиттi пайдаланып отырғаны мәлiм. Қазақстандағы, Ресейдегi, ТМД-ның бiрқатар елдерiндегi, Моңғолиядағы жазу – кириллица. Түркиядағы, Батыс Еуропадағы жазу – латыница. Қытайдағы қазақтардың пайдаланатын жазуы – арабшаның төте жазу үлгiсi. Бiздiң өзiмiзде де бұл жөнiнде талай пiкiрталас жүрiп жатыр. Бiреулер: "Латынға көшпей болмайды, бүкiл әлем түбiнде сол жазуға көшедi, оның үстiне қазiргi қазақ алфавитi Интернетке жарамайды", деседi. Бiреулер: "Латынға көшсек, қазақ фонетикасына тән бiрқатар дыбыстардан айырыламыз, сол арқылы қазақ тiлiн әуездiлiгiнен айырамыз, миллиондаған кiтаптарда жинақталған бiлiмнен қол үземiз, ең бастысы – кириллицаның өзiмен туған тiлге тарта алмай жүрген қандастарымыздың ана тiлiн ендi латыницада тiл үйренуге ниет бiлдiруi тiптi қиын", деседi. Екi пiкiрдiң де жаны бар. Дегенмен, қазақ алфавитi Интернетке жарамайды деген алғашқы кездегi қауiп орынсыз болып шыққанын, қазiр қазақша жазылған мәтiндердiң Интернет сайттарында да, порталдарда да бар екенiн, электронды поштамен де жөнелтiлiп, тиiсiнше ашылып, оқылып, қайта басылып жатқанын ескеру керек.

Ең бастысы – бiздiң шын мәнiнде кириллицаның дәл өзiн емес, соның негiзiнде жасалған қазақ алфавитiн пайдаланатынымызды түсiну. Бұл – қазақ алфавитi. Әлемде өзiнiң ежелгi, дербес жазуын сақтап қалған, соны пайдаланып отырған елдер өте аз. Орысша сөйлейтiн, жазатындар пайдаланып жүрген кириллицаның өзi, сөздiң толық мағынасында алар болсақ, славяндардың төл жазуы емес. Ол да латын жазуының бiршама бейiмделген түрi, әрiптерiнiң басым бөлiгi сол күйiнде алынып, оларға басқаша дыбыстау берiлген. Бұл тақырыптағы пiкiрталастарды барынша зейiнмен зерделеу, халқымыздың тағдырына қатысты аса маңызды мәселеде бiр тоқтамға келу үшiн бәрiне де асықпай, салқын сабырмен қарау қажет. Бiз бәрiнен бұрын мына қарапайым қағиданы – бiр мемлекетте екi түрлi алфавит қолданылуының қиындығын түсiнуiмiз шарт. Бұл таяу болашақта шешiле қоймайтын мәселе.

Алфавит өзгерту қазақ тiлiн игерудi қиындата түсе ме, әлде керiсiнше оңайлата ма, осыны түсiнуге тиiспiз. Қазақты қазақшаға өзi бiлетiн жазуымен үйретудiң өзi оңай болып жатқан жоқ қой.

С.Абдрахманов: Өткен жылы "Нұр Отан" партиясының съезiнде маған сөз сөйлеу құрметi тиген болатын. Уақыттың тарлығына байланысты бiр-ақ мәселенi – демография мәселесiн қозғаған едiм. Егер бiр замандарда демократиядан проблема шығып жатса оны да бiзге демография шешiп бередi деп ойлаймыз. Сiздiң биылғы Жолдауыңызда: "Демографиялық ахуалды түбегейлi жақсарту жөнiндегi кешендi шараларды белгiлеу қажет", делiнгенiне қатты қуанып отырмыз. Осы жөнiнде не айтар едiңiз?

– Ата-бабамыздан қалған жерiмiз далиған дала. Халқымыз аз. Мына жақтағы Ресейге қарасақ та, мына жақтағы Қытайға қарасақ та бiз азбыз. Өзбек ағайындармен салыстырғанда да көп емеспiз. Сондықтан да бiз халықтың сапасына қатты назар аударуымыз керек. Дегенмен, көптiң аты көп. Мысалы, дүние жүзiнде қандай қобалжу, қандай қозғалыс болып жатса да Қытай былқ етпейдi, себебi, өзiнiң базары өзiне жетiп жатыр, шығарған өнiмiнiң барлығын өзiнiң халқы сатып ала алады. Ресей де солай. Тiптi 70 миллиондай халқы бар Түркия да солай. Айналамыздағы ағайындарды базарымызды бiрiктiруге шақырсам, 55 миллиондық нарқы бар кеңiстiк құрар едiк десем түсiнбейдi кейбiреулерi. Жалпы халық түсiнедi ғой. Базарымыздың тарлығынан бiз сыртпен сауда-саттық жасауға мәжбүрмiз. Бес Франция сыйып кететiн осындай алып территорияда небәрi 15 миллион 700 мың адам өмiр сүрiп жатыр. Тәуелсiздiктен кейiн бiздегi талай адам өзiнiң тарихи отандарына қайтқанда ел халқының саны бiр жарым миллион адамға дейiн кемiп кеткенiн бiлесiздер. Онан берi едәуiр өсе алдық. Әйтсе де, әлi азбыз. Қазақстандай елдiң байлығын мұнша адам игере алмайтыны анық. Қазақстан алып құрылыс алаңына айналып келедi. Таяу жылдардың өзiнде елiмiзде iрi кен орындары игерiледi, жаңа кәсiпорындар бой көтередi, көптеген темiр және автомобиль жолдары салынады, жаңа магистральды құбырлар тартылады, қалада да, далада да тұрғын үй құрылысы өрiстейдi.

Сондықтан да бiз қалайда көбеюiмiз керек. Көбеймесек көсегемiз көгермейдi. Санның сапаға айналмай қоймайтынын ұғынуға тиiспiз. Не шықса да көптен шығады. "Көп қорқытады, терең батырады", деп қазақ бекер айтпаған.

Басқасын былай қойғанда, сырттан жұмыс күшiн тасымау үшiн, сөйтiп, өзiмiздiң ұлттық қауiпсiздiгiмiзге нұқсан келтiрмеу үшiн де көбеюiмiз керек. Бiз қазiрдiң өзiнде шетелдерден жұмысшылар шақыруға мәжбүр болып отырмыз. Заңдысы бар, заңсызы бар қаншама мигранттар жүр қазақ жерiнде. Мұның бәрiне мемлекет тарапынан ерекше қадағалау керек.

Жалпы, қазiр қазақтар Қазақстандағы халықтың 60 пайыздан астамын құрап отыр. Тәуелсiздiк алған шақта, яғни, 1991 жылы қазақтардың ел халқындағы үлесi 42 пайыз болатын. Онан бұрынғы бiр уақыттарда отыз пайызға дейiн құлдыраған кездерiмiз бар екенiн көзi қарақты жұрт бiледi.

Демографияның басты тетiгi – табиғи өсiм. Кейiнгi екi Жолдауымда да осы мәселеге көп көңiл бөлiндi. Жаңа туған балаларға жәрдемақы екi жарым есе өстi. 2010 жылы төрт есе өсетiн болады. Оның бәрiн мен айта бермейiн, цифрлардың бәрi жарияланған. 1995-96 жылдары Қазақстанда жылына 190-200 мың бала туатын. Қазiр ол көрсеткiш 350 мыңға жеттi. Табиғи өсу бар. Ендi осы қарқыннан айырылмауымыз керек. Мемлекеттiң жағдайы жақсарған сайын баланың тууы бұдан да көбейе ме десек, оған керi көңiл-күй де байқалады. Жас жiгiттерiмiз, келiндерiмiздiң бiразы басқаша ойлайтын сияқты. Дегенмен, қазiр жағдай жақсара түстi деп санауға болады.

Жалпы, қазiргi жағдайда "Алтын алқа" мен "Күмiс алқа" иелерi бүгiнгiдей 10 және 9 балалы аналарға емес, 7 және 6 балалы аналарға берiлетiн болатындығы жөнiнде тиiстi заңға түзету енгiзу керек деп те ойлаймын. Жетi баланы жеткiзу де жеңiл емес. Алты балалы ананы ардақтау да артықтық етпейдi.

Бала тууды өсiру денсаулық сақтау жүйесiн жандандыруға тiкелей қатысты. Қазiр республикалық, жергiлiктi маңызы бар көптеген денсаулық сақтау нысандарының құрылысы қолға алынды. "Денi сау ұлт" бағдарламасының инфрақұрылымын дамыту маңызды. Бiзде жаңа туған баланың шетiнеуi әлi жиi. Медициналық насихат жетiспейдi. Болашақ аналардың денсаулығын тексерiп алу керек. Арнайы емдету керек. Сонан кейiн жүрек-қан тамырларының ауруларынан қайтыс болатындар да көп. Қазiр бiзде жылына жүрекке 2700 адамға операция жасайтын мүмкiндiк бар. Ал ондай операцияны қажет ететiн адамдар саны 9 мың. Бiз бұл мәселенi 2010 жылға қарай түгел шешудi алдымызға мiндет қойып отырмыз. Астанадағы 200 төсектiк кардиохирургия орталығы бiздiң адамдарға осы мәселенi шетелге шығып, шығындалмай-ақ шешуге мүмкiндiк бередi. Туберкулез ауруының өсуi тоқтатылды. Iсiк ауруларынан, сондай-ақ авариядан қайтыс болу да бiзде әлi көп.

Бiрақ, ең бастысы бұл да емес. Ең бастысы – жаһандану заманы екен, нарық заманы екен, қымбатшылық екен деп жүрiп халқымызға ежелден тән балажандылық дәстүрiн үзiп алмау. Әр бала өзiнiң несiбесiн ала келедi. "Бiр қозы туса, бiр түп жусан артық шығады", дегендi қазақ тегiн айтпаған. Сондықтан, пейiлдi тарылтпайық. Мұны, әсiресе, жастарға арнап, қадап айтамын. Заман түзелiп келедi. Жағдай жақсарған үстiне жақсара бередi. Қазiрдiң өзiнде жас отбасыларына арнап тұрғын үй бағдарламасы бойынша пәтерлер бөлiнiп жатыр. Олардың саны да, сапасы да арта түсетiн болады. Уақытша қиындықтарға алаңдап жүрiп, отбасын құратын, нәресте сүйетiн, әке-шешеге немере, ата-әжеге шөбере сыйлайтын қуаныштан құр қалып қоймау керек. "Балалы үй – базар" дегендi де қазақ айтқан.

Көп балалы әр отбасы – Отанымыздың бiр тiрегi.

Ел халқының санын өсiрудiң тағы бiр көзi – дүние жүзiне тарыдай шашырап кеткен қандастарымыздың Отанына оралуына жағдай жасау. Отандастарын елге оралту мәселесiмен мемлекеттiк деңгейде әлемде төрт ел ғана айналысып отыр. Бiз, тiптi, ана жылдары соғыс болып жатқан Ауғанстаннан, Тәжiкстаннан қазақтарды ұшақпен алып шығуды да ұйымдастырғанбыз. 1991 жылдан берi қатарымызға ресми келгендер саны бойынша 651 мыңнан астам оралман қандасымыз қосылды. Ал өз еркiмен келiп жатқандармен қоса есептегенде 1 миллионнан астам адам елге қоныс аударды. Көш жалғасып жатыр. Биылғы алғашқы тоқсанның өзiнде, қаңтар мен наурыздың аралығында ғана 3 мың 815 отбасы, 13 мыңнан астам қандасымыз ата жұртқа оралыпты. Оңтүстiкте бiр жақсы бастама бар. Ол жаққа келген отандастарымыз тек жер сұрайды, үйiмiздi салып алып, жерден өзiмiз күнiмiздi көрiп, несиенi қайтарар едiк дейдi. Әкiмшiлiктердiң бәрiне өз бетiмен келген адамдарға қамқорлық жасауды тапсыру керек. Мен ылғи айтамын, баяғыда Кавказдан, Кореядан келгендерге де, немiстерге де өзiмiз көмектескен жоқпыз ба? Өз қандастарымыз аяғынан тұрып кеткенше көмектесуге болады ғой. Бiздiң ауылға балқарларды алып келген, 4 баласы бар бiр балқар отбасын екi бөлмелi кiшкентай үйiмiзге орналастырып едiк. Әкем, шешем, үш бала – бесеумiз, әжем тағы бар, солармен бiрге тұрушы едiк. Қалталы азаматтарымыз қазаққа қарасуы керек.

Ш.Пәттеев: Биылғы Жолдауда Сiз оралмандарға бөлiнетiн квотаны келесi жылдан бастап жылына 20 мың отбасына жеткiзу керектiгiн тапсырдыңыз. Бұл өте қуанышты жай. Бұл жөнiнде не айтар едiңiз?

– Алдымен жаңағы "оралман" деген сөзiңiзден бастайын. Осы сөздi қойсақ қайтедi? Бiр қазақты тұрғылықты, оралман деп екiге бөлiп сөйлегеннен не ұтамыз? Маған ұнамайды оралман деген. Онан да отандастарымыз дейiк, қандастарымыз дейiк.

Дүние жүзiнде қазақ шамамен 14 миллион деп санаймыз. Сонда сыртта жүргенi 4 жарым миллион деуге болады. Оның 1,5 миллиондайы Қытайда, 1,5 миллиондайы Өзбекстанда. Осы жылдар iшiнде ресми түрде бiздiң қолдауымызбен келгендер 650 мың қандасымыз, өз бетiмен келгендердi қосқанда миллионнан асып кеттi. Келемiн деген отандастарға есiк ашық. Барлығын бiрдей қаражаттандырып, жаппай, мысалы, 1 миллион халыққа қаражат беремiз деп бiз айта алмаймыз. Ондай жағдай жоқ. Баяғыда, 1961 жылы 200 мың қазақ Қытайдан көшкен кезде оларға да ешқандай жағдай жасалған жоқ едi. Бәрi елiм деп келдi де, сiңiсiп кеттi. Сондықтан сырттан келген қандастарымыз мемлекетке қол жая бермей, өздерi де ширақтық танытуы керек. Соған шақыруға сiздер де көмектессеңiздер дұрыс болар едi.

Бiз қолдан келгенiнше Қазақстанға өз күшiмен қоныс аударатындардың қатарын қалыңдатуға тиiспiз. Мұның бiр жолы – елiмiздiң азаматтығын алуды жеңiлдету. Өз бетiмен, өз қаржысына келген азаматтарға заңдық-құқықтық жағынан қажеттi жеңiлдiктер жасау, қолдау көрсету мәселелерiн тиiстi орындар шешуге тиiс. Жалпы, әкiмдер жұмысының бiр өлшемi – өзi басқаратын өңiрдегi адам санының өсуi, соның iшiнде отандастар есебiнен де өсуi болуға тиiс.

Елiмiздiң тұрмысқа қолайлы саналатын оңтүстiк өңiрлерiн айналшықтай берушiлiк, қалайда өз ағайындары тұратын ауылдан үй-жай берiлмесе отандастың азаматтық құқы тапталып жатқандай санаушылық та бой көрсетiп қалып жүр. Мұның өзi жергiлiктi жерде отандастармен жұмысты жүйелi жүргiзу керектiгiн танытады.

Iшкi миграция мәселесiн арнайы айтқым келедi. Бiз бүкiл әлемдегi қазақтарды Қазақстанға оралтуды мақсат етiп отырған жоқпыз. Ол мүмкiн де емес. Бiз елiмiздiң еңбек ресурстарына деген қажетiн, ең алдымен, демографиялық өсу арқылы, сонан кейiн iшкi миграцияны реттеу арқылы өтеуге тиiспiз. Демография туралы жаңа айттым. Iшкi миграция бiзде қазiрше көңiлдегiдей емес.

Ең алдымен, туған жер туралы ұғымның өзiне кең тұрғыдан қарап үйренуiмiз керек. Жұмекен Нәжiмеденовтiң бiр өлеңi есiмде қалыпты. Алматыға, қолына алдыртуға анасын көндiрте алмағанын қиналып жазатын. Сонда: "Туған жер деп, әттең-ай, туған жер деп кетпедiң, Туған жердi сен жалғыз Қошалақ құм деп пе едiң?!", дейтiн. Бүкiл Жер планетасын бiр бесiгiмiз деп қарап тұрған мына заманда Отанды ортақ сезiну өте маңызды. Оңтүстiктегi облыстарда екi қолын алдына салып, жұмыс жоқ деп жүрген жандар, соның iшiнде, жастар жеткiлiктi. Солар елiмiздiң мына терiскейдегi өңiрлерге барып жер алып, үй салып, мал өсiрiп, егiн өсiрiп, тiрлiк жасауы керек. Ондай әрекет еткен адамдарға "Жұмыстың соңында, ақша табу үшiн туған жерiн тастап жүр" деген сияқты кiнәлап сөйлеудi тоқтату керек.

Бүкiл қазақ даласы – бүкiл қазақ баласының туған жерi.

Н.Жүсiп: Сiз ТМД елдерi Президенттерiнiң бейресми басқосуы кезiнде "Российская газетаға" берген сұхбатыңызда: "Адам өзiнiң ұлттық тегiн ешқашан ұмытпақ емес. Ресейде орыстық сана-сезiмнiң қайта өрлеуiнiң бой көрсетуi заңды нәрсе. Тәуелсiз Қазақстанда да, ТМД-ның басқа елдерiнде де осылай болып жатыр. Бiз қазақ халқының өзiн-өзi танытуға ұмтылысын ескеруге тиiспiз", деп атап көрсеттiңiз. Қазақтың жаңғыруы өзiңiзбен тiкелей байланысты. Ұлтымыздың даму деңгейiне көңiлiңiз тола ма?

– Неге толмасын, толады. Бiздiң мақтан тұтарлық iстерiмiз жеткiлiктi. Бiз ашық нарық экономикасын құра алдық. Бiз шынайы демократиялық қоғам құру жолындамыз. Бiз құқықтық мемлекет құруға шындап кiрiстiк. Осының бәрiнде ең алдымен қазақтардың үлесi үлкен. Қазақтар жаңалықты жатсынбайтындығымен, өнер-бiлiмге құмарлығымен, шыдамдылығымен бұрыннан белгiлi. Халқымыз нарыққа да тез бейiмделе алды. Қазақ саудаға жоқ деген сөз далада қалды. Экономиканың бұрын бiз кеңiнен араласпаған салаларын ұршықтай үйiрген мамандарымыз толып жатыр. Сонымен бiрге бәсекеге қабiлеттiлiк тұрғысынан, ұлт ретiнде ширау, ширығу тұрғысынан ойланатын мәселелер де баршылық. Кезiндегi экстенсивтi мал шаруашылығы қалыптастырған жайбарақаттықтан әлi арыла қойған жоқпыз.

Елдiң бәсекеге қабiлеттiлiгi әрбiр адамның бәсекеге қабiлеттiлiгiнен бастау алады. Мына заман – жанталастың, жағаластың заманы. Өмiр – күрес дейтiн уақыт ендi келдi. Бiз осы мемлекет үшiн негiзгi жауапкершiлiк жүгiн өз мойнымызға алып отырған ұлтпыз. Бiз мемлекеттi ұйыстырушы ұлтпыз. Әр адам жедел жаңғырмайынша, мемлекет жедел жаңғыра алмайды. Тұтас ұлт бәсекеге қабiлеттi болмайынша, мемлекет әлемдiк экономика мен қоғамдастыққа кiрiге алмайды.

Бiз үйренетiн ұлттан ендi үйрететiн ұлтқа айналуымыз керек.

Үйренетiнi бардың ғана үйретерi болады. Үйрететiн ұлтқа айналу – қазақ ұлт ретiнде сапалық тұрғыдан жаңа сипатқа ауысуы керек деген сөз. Ол үшiн ұлттың өзi жаңғыруға тиiс. Iштей түлеуге тиiс. Ширығып, шынығуға тиiс. Бұл оңай емес. Адамның өзгеруiнiң өзi оңай емес қой. Ұлтты жаңғырту ұзаққа созылады. Бұл экономиканы жаңғыртудан әлдеқайда қиын мiндет. Бiрақ өзi жаңғырған ұлттың экономиканы жаңғыртуы да жеңiл түседi.

Бәсекеге барынша қабiлеттi елу елдiң қатарына қосылу қандайлық қиын мiндет екенiн бiздiң әрқайсымыз терең түсiнгенiмiз жөн. Оңай мiндет болса, бiз оны мемлекеттiк мақсат ретiнде қарастырмайтын да едiк. Осыны ұмытпау керек.

Бәсекенiң көкесi әлi алда. Таяу жылдарда бiз Бүкiләлемдiк сауда ұйымына кiремiз. Сол кезде Батыстың тауарына да, Шығыстың тауарына да есiк айқара ашылады. Азық-түлiктiң де неше түрi келедi. Жұмыс күшi арзан елдерден арзан азық-түлiк келедi. Сонда бiздiң ауыл шаруашылығы өнiмдерiнiң бәсекеге қабiлеттiлiгi сынға түседi. Жұрт арзан өнiмге ұмтылады, өнiмi өтпей қалған талай шаруашылық, талай фермер банкрот болуы да мүмкiн. Сондай қауiп бар екен деп бiз есiк-тереземiздi қымтап отыра алмаймыз. Бүкiл әлемнiң базарына түсiп, бағымызды сынап, барымызды ортаға салып жарысуымыз, қатардан қалмауға тырысуымыз, тiптi озуымыз керек. Сол жарысқа қосылу арқылы бiз өз жұмысымызды жақсартамыз, өз тауарларымыздың сапасын арттырамыз. ВТО-ға өту бiзге сол үшiн керек. Ұлттың сынға түсетiн бiр тұсы да осы.

Серіктес жаңалықтары