ТҰРАҚТЫ ТIРКЕУ ДЕ, ЖАЙЛЫ БАСПАНА ДА ЖОҚ

ТҰРАҚТЫ ТIРКЕУ ДЕ, ЖАЙЛЫ БАСПАНА ДА ЖОҚ

ТҰРАҚТЫ ТIРКЕУ ДЕ, ЖАЙЛЫ БАСПАНА ДА ЖОҚ
ашық дереккөзі
258

Қытайдан келген ауылдасымның аманатын жеткiзiп бере салайын деп, жолым түсiп, Барахолка базарына бара қалайын. Қақаған аяз болатын. Шулаған қалың адамның iшiнен iздеп жүрiп зорға дегенде әлгi ауылдасымды таптым-ау!

Үйiнен келген бiр уыс құрт алдына тартқан бiр табақ майлы еттей болды бiлем, қуана-қуана қолына алып: «Шiркiн, Алтайдың құрты-ай» деп, кiшiлеу бiреуiн ауызына салып та үлгердi. Менiң келуiм себеп болды ма, жоқ өзiнiң де тоңып қайтқысы келдi ме, жинала бастады. "Жүр-жүрдiң" астына алмаса да, "үйге жүр" дегендей ниет бiлдiрген соң, лажсыз мен де iлестiм. Ауылда жүргенде үйiне бармай қалсаң ренжитiн ауылдасымның немқұрайлылығына таң қалып, неге сараңдық жасап тұр екен деп ойладым да, не де болса тұрып жатқан жерiне баруды жөн көрдiм.

Мiне қызық, ауылдасымның қысылып тұрған жайын ендi бiлдiм. 6 кв/м-ге жетер-жетпес қап-қараңғы бөлмеде алты қазақ жатады екен. Дәл сондай сорақы пәтерден жиырмасы бар. Қалың қазақты жиып алған үйдiң иесi ұйғыр ағайын айына тап-таза 2000 АҚШ долларын үйiнде отырып табады екен. Жалға алып жатқандардың үйiне алда-жалда сырттан туысы, не дос-жарандары келе қалса, олардан да ақша алатын көрiнедi. Не керек, ағайындарымыздың Қазақстанға келiп,бар тапқан-таянғанын өз қолдарымен ұсынып, барлығы бiр жанды бағып жатқан жайы бар көрiнедi. Онысымен қоймай, сырттағы туысқандарына, яки той томалаққа барып, үй иесiнiң кесiмдi уақытынан кешiгiп жатса, үйге қонбай қалудың да қаупi бар көрiнедi. Сөйтiп отырғанда, сырттан ауыр аяқ бiр келiншек кiрiп келдi. Байғұс әбден шаршаған екен, екi иiнiнен әзер дем алып отыр. Өзi осындағы бiр қытайдың сатушысы болып жұмыс жасайды екен. Ауырған кезiнде Қытай дәрiгерiне баруға рұқсат етпеген соң жұмыстан босатылдым дейдi. Әлi де ауруханада тiркелмептi. Сонша ақша алып отырған ұйғыр азаматы үйiне тұрақты тiркеуге тұрғызғанды да қойыпты. Ал күйеуiнiң уақытша ақша төлеп тұрғызатын үй iздеп, көше кезiп, елге жалынғалы да екi аптадан аса уақыт өтiптi. "Пәлен жылда 20 миллионға жетемiз" деп жүрген қазақтар шыр етiп "жаңа әлемдегi жаңа Қазақстанға" келу үшiн, iште жатып тiркелетiн жер таба алмай жүр. "Қазақстан азаматы боламыз" деп құжат жинаған бiрнешеуiн "тiркеуiң жоқ" деген уәжбен керi қайтарыпты. Кезiнде ақша төлеп, тiреу тауып құжат өткiзгендердi тiркелген үй шығарып тастап, ендi азаматтықтарын ала алмай қаңғырып жүр. Суық пәтерде бүрiскен қалпы бұрышта көрпеге оранып бiр-екеуi жатыр. Амал нешiк, бұл хәлдi ары қарай көруге шыдамадым. Және бiр жағынан менiң тезiрек кетуiмдi өтiнгендей пәтер иесi де қайта-қайта есiктен қарай бердi. Амалсыз жатақханаға қайтуға тура келдi. Бiрақ, әлгiндегi көрiнiс көз алдымда көлбеңдеп кетер емес.

Мырзабек НӘСIПХАНҰЛЫ,Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясының студентi

Серіктес жаңалықтары