КӨШI-ҚОН МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТТЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТЫ БОЛМАҚ

КӨШI-ҚОН МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТТЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТЫ БОЛМАҚ

КӨШI-ҚОН МЕМЛЕКЕТТIК САЯСАТТЫҢ НЕГIЗГI БАҒЫТЫ БОЛМАҚ
ашық дереккөзі
290

Астана қаласының күннен күнге абаттанып, бой түзеп келе жатуы, оның саяси және экономикалық орталыққа айналуы, елдiң мұнда көбiрек қоныстануына түрткi болып отыр. Халқының саны 1 миллионға жуықтап қалған Астанаға алыс-жақын шетелдерден қандастарымыз да көптеп көшiп келуде. Олардың жай-күйiн бiлу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтiк қамтамасыз ету министрлiгi көшi-қон және демография комитетi Астана қаласы бойынша басқармасының бастығы Орал Мұқияевпен сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

— Орал Әмiртайұлы, «Көшi-қон туралы» Заңға қазiргi мезетте толықтырулар мен өзгертулер енгiзiлiп жатыр. Сол туралы айта кетсеңiз.

— Қазiргi қолданыста жүрген халықтың "Көшi-қоны туралы" Заңы 1997 жылы, 13 желтоқсанда қабылданған болатын. Бұл заң қазiргi таңда өзiнiң жалпы қызметiн орындап бiттi. Өйткенi оған толықтырулар мен өзгертулер енгiзу жөнiнде мәселе қарастырылып жатыр. Үкiметтен арнайы комиссия құрылған. Оның құрамында депутаттар, әлеуметтiк саладағы қызметкерлер бар. Комиссияның жетекшiсi ретiнде Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев бұл уақытқа дейiн бiраз шаруалар атқарып, аталмыш заңның жетiлуiне көптеген күш жұмсап жүр. Бұрынғы заңда тұрғын үй мәселесiн жергiлiктi әкiмдер шешуге тиiс болған. Осы бапқа да өзгерiстер енедi. Алыс және жақын шетелдерден көшiп келген қандастарымызды тұрғын үймен, үй салатын жер телiмдерiмен, жұмыспен қамту мәселелерiн шешу жолдары жаңа өзгертулерде толықтай көрсетiледi.

1997 жылғы заңға 2002 және 2007 жылдары өзгерiстер енгiзiлген болатын. Дегенмен қарама-қайшылықтар әлi де бар. Мысалы, оралмандар квота алу үшiн Қазақстан Республикасының азаматтығын алмаған болу керек деп жазылған. Ал кез келген адам мемлекеттiк қызметке орналасу үшiн азаматтығы болуға тиiс. Мiне, осындай қарама-қайшылықтар көп кездеседi. Бұрындары көшiп келген қандастарымызға 2004 жылға дейiн тұрғын үй берiлетiн. Қазiр ол да жоқ. Оның орнына кiсi басына жүз айлық есептiк көрсеткiш ретiнде ақшалай көмек көрсетiледi. Басқа жерде қалай екенiн қайдам, дәл Астана қаласында бұл қаражатқа тұрғын үй түгiлi жер сатып алу мүмкiн емес. Сондықтан осы мәселе де көтерiлiп, әлеуметтiк көмектi 3-4 есеге өсiру керектiгi айтылып жатыр. Сонымен қатар, оралмандарға тұрғын үй сатып алу үшiн мемлекеттiк тұрғын үй қорынан көмек көрсету мәселелерi жаңа заңда қарастырылады.

— Сөзiңiзде айтып кеттiңiз, адам басына жүз мыңнан астам теңге берiлiп келiптi. Осыны қанағат тұтып, Астананы маңайлап келiп жатқан қандастарымыздың жағдайлары қалай?

— Астанаға келiп жатқан оралмандар жаңағыдай квотаға, әрине, үй сатып ала алмайды. Сондықтан олар көбiне жер сатып алып немесе ипотекамен үй алып күнелтуде. Дегенмен көбi қатты қиындықтарға тап болады бұл жағдайда. Неге десеңiз, құрылыс материалдары қымбат, үй тұрғызудың өзi қиямет-қайым шаруа. Оның үстiне көбiнiң тұрақты пайда әкелетiн жұмыстары жоқ деп айтуға болады.

— Өзгертулер мен толықтырулар енгiзiлiп жатқан жаңа заң жобасы қашан күшiне енедi?

— Жуық арада Үкiметтен шығып, Парламент палаталарына жiберiледi. Парламент көп ұстамаса, күзге дейiн күшiне енедi деп үмiттенемiз.

— Қоянды елдi-мекенiнде оралмандарға жер үлестiрiлетiнiн барлығы бiледi. Соңғы кезде, «Көктал ықшамауданынан да жер берiледi» деген сөздер шығып жүр…

— Кезiнде бiздiң басқарманың бастамасымен, оралмандардың қолдап, келiсiм беруiмен Ақмола облысы, Целиноград ауданындағы Қоянды аулы қандастарымыздың қоныстануына ең қолайлы жер ретiнде таңдалған. Сол кездегi Ақмола облысының әкiмшiлiгi де бұл ұсынысты құптап, Қояндыдан жер берiле бастаған болатын. Қазiргi таңда аталмыш ауылда 600-ден астам отбасы өздерiнiң жер телiмдерiн заңдастырып үлгердi. Негiзiнен, ол жерде 800-ге жуық отбасы тұрып жатыр. Барлығы да көп ұзамай құжаттарын реттестiрiп, заңдастырады. Тек Қояндыдағы шешiмiн таппай келе жатқан мәселелер — ауызсу, электр энергиясы және орта мектеп. Бiрақ бұлар да көп ұзамай оң нәтиже көрсететiн ыңғайы бар. Неге десеңiз, өткен ақпан айында аталмыш аудан әкiмiнiң мұрындық болуымен Қояндыдағы барлық проблемалар Парламентте қарастырылды. Ондағылар: «Бәрiн шешiп беремiз» деп отыр.

Сонымен қатар, өткен жылы бiз Астана қаласының әкiмiнiң атына оралмандарға жер телiмiн беру жөнiнде ұсыныс жасап едiк. Себебi, Үкiметтiң 748-қаулысы бойынша оралмандарға жер бөлу мәселесiн сол жердiң әкiмi шешуге мiндеттi. Сондықтан қазiргi таңда қалалық жер басқармасында 500-ге жуық оралманның өтiнiштерi жатыр. Құдай қаласа, әкiмшiлiк үстiмiздегi жылы 150 өтiнiштi қанағаттандырамыз деп отыр.

Ендi Көкталға келер болсақ, өзiңiз бiлесiз, "Асар" деген оралмандардың республикалық ұйымы бар. Сол қоғамдық бiрлестiк пен Астана қалалық көшi-қон басқармасы тiзе түйiстiре тұрғын үй салу мәселесiн қарастырып жатыр. Ол жаңа типтегi үлкен ықшамаудан болады деп жоспарлануда. Ешкiмге жер үлестiрiлмейдi. Тек ортақ қаражатпен салынатын тұрғын үйлердегi пәтерлер оралман отбасыларға арзандатылған ипотекалық жолмен сатылады.

— Бұл жобаға қаражат қайдан тартылады? Мемлекеттiк бюджеттен бе?

— Бiз оған жергiлiктi кәсiпкерлер мен компанияларды тартуды жоспарлап отырмыз. Мемлекеттен қаражат бөлiнбейдi.

— Сонда кәсiпкерлерге қандай пайда келедi? Олардың шөп шықпайтын жерге егiн екпесi анық қой.

— Әрине, солай. Бiз оның бәрiн есептеп қойдық. Мысалы бiр кәсiпкер тоғыз қабат тұрғын үй салса, соның 10-15 пайызын жеңiлдетiлген түрде оралмандарға бередi. Ал қалған пәтерлердi не iстейтiнiн өзi шешедi. Бұл екi жаққа да тиiмдi тәсiл деп ойлаймын.

— Оралмандарға басқа да қандай көмектер жоспарда бар?

— Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған "Оралмандарды бейiмдеу және кiрiктiру орталығын" Астана қаласында салу үшiн қала аумағынан жер телiмi қарастырылған. 2008 жылдың бюджетiнен қаражат бөлу үшiн қажеттi құжаттар рәсiмделдi. Жаңа жобаның салынуына қажет 0,93 га. жер телiмi бөлiндi. Нысанда оралмандар тұратын 100 орын мәжiлiс залы, кiтапхана, бассейн, мейрамхана, спортзал, кеңселiк бөлмелер және тағы да басқа көптеген мақсаттар көзделген.

— Әңгiмеңiзге рахмет.

Сұхбаттасқан Әбу-Асқар МЕКЕШҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары