YЛЕСКЕРЛЕРДIҢ КӨЗ ЖАСЫ

YЛЕСКЕРЛЕРДIҢ КӨЗ ЖАСЫ

YЛЕСКЕРЛЕРДIҢ КӨЗ ЖАСЫ
ашық дереккөзі
244

Сонымен құрылыс компанияларының жалған уәделерiне құдайдай сенген үлескерлердiң маңдайы тасқа тидi. Өшiн кiмнен аларын бiлмей дағдарған халықтың аштық жариялаудан басқа амалы қалмапты. Алматы мен Астанада алаяқ компаниялардағы қаржысын қайтарып беруiн Үкiметтен талап еткен үлескерлер бiр айдай уақыт аштық жариялап жатыр. Ал ендi бiр тобы компания басшысын сотқа берсе, ендi бiреулерi Астанада жолды жауып тастауға дейiн барған.

АЛАЯҚТАР АЛШАҢДАЙ БЕРЕ МЕ?

Өткен аптада Алматыда BS-Group құрылыс компаниясының бас директоры Константин Поминовты қаладан кетiп қалмауы жөнiнде қолхат алып, бостандыққа жiбергенi үшiн осы компанияның үлескерлерi Бостандық аудандық №2 сотының судьясынан мән-жайды бiлу мақсатында жиналды. Алайда, судья Алмазбек Түкеев үлескерлерге жауап беруден бас тартқан. BS-Group құрылыс компаниясы үлескерлерге 2007 жылдың желтоқсанында үй құрылысын аяқтауға уәде берiптi. Алайда, оларға уәде берген жерде үйдiң қаңқасы түгiлi iргетасы да қаланбаған. Әлi күнге дейiн жатақхана құрылысы тұр. Үлескерлердiң арызы бойынша Поминовтың iсiн тексерген Қаржы полициясы оның үлескерлердiң ақшасына "Ақсай" шағын ауданында "Бизнес орталық" тұрғызғандығын анықтаған. Поминов 142 үлескерден 1 миллиардтан астам теңгенi қалтасына салып, ойына не келсе соны атқарумен болған. Алайда, соттың оны неге босатып қоя бергенi түсiнiксiз. Прокуратура соттың бұл iсiне қарсылық бiлдiрiп, iстi қалалық сотқа жiберген.

Астанада осындай алаяқ компаниялардың салдарынан тек мамыр айының өзiнде 7 қылмыстық iс қозғалған. Қазiр бiр айға жуық аштық жариялап жатқан үлескерлер ақшасын салған "Бразерс Компани" құрылыс компаниясының иелерi, аналы-балалы Лакисовтар "Өрнек", "Эгалитэ" кешендерiн салып, "Европейский" тұрғын үй құрылысын әрi қарай бiтiруге уәде берген екен. Олардың қалтасына түскен қаржы 138 миллион теңгенi құраған.

Ең өкiнiштiсi, билiк халықтан ақшаны алдап алып, аузын қу шөппен сүртiп отырған алаяқ компаниялар иесiне ештеңе iстей алмай отырғандығы. Мамырдың 30-ында "Ақ ауыл" корпорациясының үлескерлерi Астанадағы Сембинов көшесiн жауып тастауға дейiн барған. Корпорация басшылары ереуiлге шығуға ниеттенген үлескерлердi мамырдың соңына дейiн сабыр сақтауға шақырған болатын. Алайда, қолға кiлт тимек түгiлi үлескерлердi аталған кешенге жiберуге тыйым салынып, корпорация басшылары үлескерлермен кездесуден бас тартты. Бұның соңы жақсылыққа апармады. Бiр әйелдi машина қағып та кеттi. "Ақ ауыл" корпорациясының Астана филиалының құрылыс жөнiндегi орынбасары Әдiл Мамажанов үлескерлермен кездесуге мәжбүр болды. Бiрақ, ол үлескерлердi құр уәдемен шығарып салды. "Ақ ауыл" Астанада бiршама кешендердiң құрылысын салып жатыр. Олардың кейбiреулерi осыдан 3 жыл бұрын пайдалануға берiлуi қажет едi.

ҮКIМЕТ ҮЛЕСКЕРЛЕРДI ДАЛАҒА ҚАЛДЫРМАУҒА ТЫРЫСУДА

Үкiмет құрылыс компанияларындағы дағдарысқа көз жұмып қарап отырған жоқ. Компанияларды дағдарыстан алып шығу мақсатында емес, ашынған үлескерлердiң проблемасын шешiп беру үшiн. Үлескерлердi қорғауға арналған мемлекеттiк бағдарлама бойынша Алматы мен Астанадағы салынып бiтпеген құрылыстарға алғашқы кезеңде 112 млрд. теңге бөлiнген. Екiншi кезең маусымның соңына белгiленген. Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмов 157 нысанның құрылысын аяқтауға қаржы бөлiнетiндiгiн айтқан. Бұл 30 мың үлескердiң проблемасын шешедi екен.

Ресми деректерге қарағанда, құрылыс кешендерiн салып жатқан компаниялардың қалтасына алғашқы қаржы мамырдың бас кезiнде түскен. Астанадағы құрылыс кешендерiне 36 нысанды салып бiтiру үшiн, 23,3 млрд. теңге бөлiнген, Алматыға 6 мың пәтердi аяқтау мақсатында 22,4 млрд. теңге бөлiнген. Оның 2640-ы үлескерлердiң еншiсiнде. Астаналық құрылысшылар қалтасына ақша түсiсiмен құрылыс кешендерiнiң жұмыстарын аяқтауға кiрiсiп те кеттi. Ал, Алматыдағы компа¬ниялар қалтасына қаржы құйып берсе де iске кiрiсуге асығар емес. "Қуат" корпорациясы АҚ, "Үштөбе" тұрғын кешендерiне қажеттi қаржы бөлiнгенiмен, ондағы құрылыс жұмыстары жандана қойған жоқ. Құрылысшылар бұның себебiн жұмыс графигiнiң бұзылғандығымен түсiндiредi.

Алматы құрылыстарын аяқтау үшiн бюджеттен тағы 36 млрд. теңге бөлiну қарастырылған. Өткен аптадағы Үкiмет мәжiлiсiнде премьер-министр үлескерлердi далаға тастамайтындығын тағы кесiп айтты. Ал, Индустрия және сауда вице-министрi Едiл Мамытбеков бұл үшiн кiмдерге, қанша мөлшерде қаржы бөлу қарастырылғандығын жеткiздi.

— Астана құрылыстарына бөлiнген қаржы 9 мыңдай үлескердiң проблемасын шешуге арналған. Алматыда 23 нысанның жұмысын жандандыру көзделген. Олардың құрылысын кемiнде 2009 жылдың аяғына дейiн аяқтау жоспарланған. Қосымша қаржы көздерiнен 4 мыңдай үлескердiң проблемасын шешу мақсатында 10,4 млрд. теңге бөлiндi, — дейдi ол.

Күнi бүгiнге дейiн "Қазына" қорына республикалық бюджеттен құрылыс компанияларын мемлекеттiк тұрғыдан қолдау мақсатында 71,2 млрд. теңге бөлiнген. Оның 48,8 млрд.-ы Астанаға, 22,4 млрд.-ы Алматыға деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Үкiметтiң резервiнен Астана әкiмшiлiгiне 6 мың пәтердi сатып алу үшiн 41 млрд. теңге тағы бөлiнiп отыр. Оның 4 млрд.-ы Астана қазынасына түсiп үлгерген. Демек, құрылыс компанияларына көрсетуге бағытталған қаржылай көмек үлескерлердiң 40%-ын қамтитын болады. Ал, қалған 60%-ы ше? Бұған жауап табу қиын. Астананың өзiнде құрылысы аяқталмаған 26 нысан үмiтсiз деп табылып, оларға қаржылық қолдау көрсетiлмейтiн болды. Сөйтiп, алданған үлескерлердiң көз жасын құрғатуға Үкiметтiң өзi толықтай дерлiк уәде бере алмай отыр.

Түйiн: Сонымен қала маңындағы заңсыз құрылыстармен қоса, алаяқ компаниялардың салдарынан тағы бiр әлеуметтiк проблема бой көтердi. Ол — алданған үлескерлердiң проблемасы. Оны шешуге немесе алаяқтарды құрықтауға келгенде Үкiмет дәрменсiздiк танытып отыр. Ал, мәселе шешiлгенше аштық жариялауға бекiнген тұрғындардың денсаулығы күн сайын құлдырап барады. Демек, бұның соңы жаңа бiр зардапқа апарып соқтыруы кәмiл.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары