IШКI КӨШI-ҚОНДЫ РЕТТЕЙТIН БIРТҰТАС ОРГАН ҚҰРУ ҚАЖЕТ

IШКI КӨШI-ҚОНДЫ РЕТТЕЙТIН БIРТҰТАС ОРГАН ҚҰРУ ҚАЖЕТ

IШКI КӨШI-ҚОНДЫ РЕТТЕЙТIН БIРТҰТАС ОРГАН ҚҰРУ ҚАЖЕТ
ашық дереккөзі
259

IIМ iшкi көшi-қон мәселесi бойынша бiртұтас орган құру мүмкiндiгiн қарауды тағы ұсынады. Бұл туралы Парламент мәжiлiсiнде iшкi көшi-қон мәселелерiне орай өткiзiлген дөңгелек үстел барысында iшкi iстер вице-министрi Алик Шпекбаев мәлiмдедi, "Елiмiзде iшкi миграция мәселелерiмен айналысатын мемлекеттiк орган жоқ.

Шетелдiк тәжiрибе оңтайлы үлгi ретiнде АҚШ, Канада мен Ресейде iшкi және сыртқы көшi-қон мәселелерi бойынша бiртұтас орган құрылуын алға тартады. Осы жол назар аударуға және дәйектеуге тұратын жол секiлдi", – дедi А. Шпекбаев. Ол осы орайда IIМ шетел азаматтарының ел аумағына келуiнiң құқықтық режимi мен азаматтық мәселелерiмен, ал ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң көшi-қон комитетi – оралмандар мәселесiмен айналысатынын атап өттi. Яғни, iшкi көшi-қонды ешкiм реттемейдi. А. Шпекбаев "құқық қорғау iс-қызметiн жоспарлау мен әлеуметтiк шиеленiс ошақтарын болжауда көшi-қон – ең бiр шешушi фактор екенiн" атап өттi. Бұл ретте "ондай жұмысты ұйымдастыру елiмiзде iшкi көшi-қонға мониторинг жүргiзу, оны реттеу тетiктерiнiң жоқтығына байланысты шектелуде". Егер iшкi миграцияны басқаруды заңнамамен реттемесе, ахуалдың осылайша жалғаса беретiнiн оңай болжауға болады", – дедi вице-министр. Оның пiкiрiнше, "қалыптасқан ахуалға "Iшкi көшi-қон туралы" Заң жобасын жасау арқылы әсер етуге болады". А. Шпекбаев "Көшi-қон туралы" заңға жеке бөлiм немесе тарау қосуға болатынын, "онда көшi-қон ағындарын тек статистикалық тұрғыдан ғана жiтi қадағалауды ғана қарастырмай, сонымен бiрге, ел өңiрлерiнiң даму негiзi және олардың экономикалық әлеуетiнiң негiзi ретiнде еңбек ресурстарын өңiрде ұстап қалу тетiктерiн де қарастыру қажет" екенiн атап өттi.

Оның айтуынша, ресми статистикалық мәлiметтерге сәйкес, 2005 – 2007 жылдар аралығында 697 мың адам тұрақты тұрғылықты жерлерiн ауыстырған. Тек 2007 жылы iшкi көшi-қонға 295 мың адам қамтылды. Өз кезегiнде еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау вице-министрi Серiк Әбденовтың мәлiмдеуiнше, Қазақстанда iшкi көшi-қонның орташа деңгейi жылына 300 мың адам деңгейiнде тұрақтанғанын айтты. Оның мәлiметiнше, 2007 жылы ауылдан қалаларға 87 мың адам қоныс аударған. Серiк Әбденов сондай-ақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi көшi-қон туралы жаңа заңның жобасын жасап жатқанын, онда "iшкi көшi-қонды реттеу мәселесiне баса назар аударылатынын" жеткiздi.

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ТОҚСАНЫНДА 249 МЫҢ ШЕТЕЛ АЗАМАТЫ ТIРКЕЛГЕН

Биылғы жылдың 1 тоқсанында iшкi iстер органдарында 249 мың шетел азаматы тiркелдi. Бұл туралы iшкi iстер вице-министрi Алик Шпекбаев Астана қалалық IIД мен көлiктегi орталық IIД-нiң көшi-қон полициясының қызметкерлер құрамымен кездесу барысында мәлiм еттi,"Елге келу тәртiбiн бұзғаны үшiн 36 мың адам әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылып, 3867 адам елден шығарылды. Заңсыз көшi-қонды ұйымдастырушылар мен соттың ел аумағынан аластау жөнiндегi қаулысын орындамағандарға қатысты 54 қылмыстық iс қозғалды. Шетелдiк жұмыс күшiн заңсыз тартып пайдаланғаны үшiн 700 жұмыс берушi жауапкершiлiкке тартылды. Қазақстан азаматтығын 30 915 адам алды, олардың 93,5% оралмандар", – делiнген хабарламада. Астана қалалық IIД осы мерзiмде 25 мыңнан астам шетел азаматын тiркедi, олардың 1266-сы елге келу тәртiптерiн бұзғаны үшiн әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылды. "Сонымен бiрге көшi-қон полициясының әлеуетi толық пайдаланылмай отыр. Жекелеген бағыттар бойынша бiрқатар кемшiлiктер бар", – дедi А. Шпекбаев. Атап айтсақ, заңсыз көшi-қонмен күрес жөнiндегi арнаулы саптық бөлiмшенiң iс-қызметiнiң тиiмсiздiгiне, көшi-қон тәртiптерiн бұзған шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдарды жауапкершiлiкке тарту жұмыстарын пәрмендендiру қажеттiгiне, шетелдiктердiң келiп-кетуiне бақылауды күшейтуге, тұрақты тұруға қабылдау құжаттарын сапалы қарауға назар аударылды. "Астана қалалық көшi-қон полициясы қызметкерлерiне заңсыз көшi-қонмен күрестi пәрмендендiруге, шетелдiктердiң Қазақстанда болу тәртiптерiн бұзу оқиғаларын анықтауға, шетелдiк жұмыс күшiн заңсыз пайдаланушы жұмыс берушiлердi анықтауға, алимент төлемегендер мен борышкерлердi iздеуге, өз қатарындағы сыбайлас жемқорлықпен және тәртiп пен заң бұзушылықпен күрестi күшейтуге бағытталған нақты мiндеттер жүктелдi".

ҚАЗАҚСТАНҒА ЖЫЛ САЙЫН КӘСIБИ БIЛIГI ЖОҒАРЫ 100-150 МЫҢ МАМАН ҚАЖЕТ БОЛАДЫ

Жақын уақытта Қазақстанның еңбек нарығында кәсiби бiлiктi 100-150 мың маманға жыл сайын сұраныс болады. Бұл туралы KazEnergy қауымдастығының кадр мәселесi және бiлiм беру жөнiндегi үйлестiру кеңесiнiң отырысы кезiнде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiнiң еңбек және жұмыспен қамту департаментiнiң директоры Еркiн Рахымбергенов мәлiмдеген. "Жасалған есеп-қисаптар мен болжамдар бойынша ҚР қазiргi уақытта жыл сайын 100 мың жұмыс орны құрылады. Бұл соңғы екi жылдың статистикалық деректерi. Индустриалық-инновациялық даму стратегиясы және Қазақстанның 30 корпоративтi көшбасшысы бағдарламасына сәйкес, жыл сайын еңбек нарығында шамамен 100-150 мың бiлiктi маманға сұраныс болады", – дедi Е. Рахымбергенов. Оның айтуынша, экономика iшкi және сыртқы резервтер есебiнен кәсiби жұмыс күшiмен қамтамасыз етiледi. "Iшкi резервте 579 мың жұмыссыз адам бар, соның iшiнде 21 жасқа дейiнгi 100 мың адам бар". "Өкiнiшке орай, құрылымдық сарап қорытындылары көрсеткенiндей, жұмыссыздардың үштен бiр бөлiгi ешқашан жұмыс iстемегендер, бiразы бiр жылдан берi жұмыс iстемеген, әрине осы уақыт аралығында олар өздерiнiң бiлiктiлiгiнен, тәжiрибесiнен аздап айрылды деуге болады ", – дейдi Е. Рахымбергенов. Қазақстандағы 2,6 млн. адам өз бетiмен жұмыс iстейтiндер, соның iшiнде 1,3 млн. адам үй ауласындағы жұмыстарды атқарады. "Бұл категориядағы адамдар, жұмыспен қамтылған деп саналғанымен, олардың тұрақты табысы жоқ. Сондықтан бұл тұлғаларды бiз резервке алып, оларға кәсiби бiлiм беру еңбек министрлiгiнiң ғаламдық мақсаттарының бiрi болып отыр", – дедi шенеунiк. Ол сыртқы резервтерге оралмандар мен шетелдiк жұмыс күшiн жатқызды. Өткен жылы ҚР еңбек қызметiн атқару үшiн 50 мыңнан аса шетелдiк жұмыс күшi жұмылдырылған. Шетелден әкелiнген жұмыс күшiнiң 50% Түркия азаматтарын құраған және олардың басым бөлiгi республиканың құрылыс секторында жұмыс iстеуде. Өйткенi, Қазақстандағы оқу жүйесi бұл экономика секторындағы сұранысты өтей алмай отыр.

Серіктес жаңалықтары