"ТҮРКIСТАНДЫ АҢСАУ" ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ

"ТҮРКIСТАНДЫ АҢСАУ" ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ

"ТҮРКIСТАНДЫ АҢСАУ" ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ДИАСПОРАСЫ
ашық дереккөзі
441

Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығына Оңтүстiк Қазақстан облыстық Көшi-қон басқармасынан Түркiстан қаласында халықаралық "Түркiстанды аңсау" мәдени-этнографиялық оралмандар фестивалiн өткiзудi жоспарлағанын, оған шетелдегi қандастарымызды шақырып, көмектесуiмiздi өтiнген хат келген едi.

Оларға қолдау көрсету мақсатында қазақтар көп шоғырланған Қытай, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия және көршi Қырғыз елiндегi қазақ мәдени орталықтарына фестиваль туралы хабар бергенбiз. Аталмыш фестивальге шет елдерден өнерпаздар көптеп келдi, алайда Ресейден ешкiм келмегенi өкiнiштi. Дүниежүзi қазақтары қауымдастығынан Төралқа төрағасының орынбасары, белгiлi драматург, жазушы, "Алтын бесiк" журналының бас редакторы Сұлтанәлi Балғабаев қатысып қайтты.

Бұл фестиваль төрт түрлi номинация бойынша өттi. Байқау қорытындысы бойынша бас жүлделердi ақындар айтысынан Қытайдан келген Жанаргүл Төлеу, халық әндерiн орындаудан Моңғолиядан келген Айгүл Халидолда, қылқаламнан Қырғызстаннан келген Әзiзжан Амантаевтар иелендi. Сондай-ақ, күйшi және термешi номинациясы бойынша бiрiншi, екiншi орындарды Қытайдан келген күйшi Ерлан Ысқақ пен термешi Бақытнұр Қызырбай, ақындар айтысынан екiншi және үшiншi орындарды Моңғолиядан келген Айған Бәделұлы мен Амангүл Сәкей, отбасылық ансамбль номинациясы бойынша екiншi, үшiншi орындарды Моңғолиядан келген Меруеш, Нұршаш Башайлар және Өзбекстаннан келген Вайс, Вайсын Жұбановтар қанжығасына байлады.

Халық әндерiн орындау номинациясы бойынша бас жүлденi жеңiп алған Айгүл Халидолда Моңғолияда туған. Ол Моңғолия Мемлекеттiк университетiн бухгалтерлiк мамандығы бойынша бакалавр атағымен бiтiрген.

"Сағыныш" атты СD дискiсiнде Моңғолиядағы қазақ композиторларының 14 әнi енген екен. Ағасы Темiрбектiң әнi мен сөзiне жазылған "Анашым" әнiн марқұм анасы Зейнепжанға арнапты. 18 жасында Батырбекке тұрмысқа шыққан Айгүлдiң 4 баласы бар. Жолдасы Батырбек Моңғолия мұсылмандар қоғамының атқарушы директоры қызметiн атқарады. Жыл сайын қажылыққа көптеген азаматтарды ұйымдастырып игi iс атқарып жүр. "Ана деген ардақты атқа кiр жұқтырмауға тырысамын, қазақ әйелдерiнiң атқаруға тиiс парыздарын толық орындап жүрмiн деп есептеймiн. Дiн жолын да ұстанамын. Дiн дегенiмiз құлшылық. Құлшылық дегенiмiз Адам мен Алланың арасындағы байланыс. Өнер маған ана сүтiмен дарыған. Оны жалғастыру мiндетiм деп ойлаймын" – дейдi әншi қыз Айгүл.

"Желтоқсандағы шер мұң" атты өз туындысын орындап 1-шi орын иеленген Ерлан Ысқақұлы Шыңжан елiнiң Алтай аймағы Бурылтоғай ауданынан 2005 жылы Атамекенге келiп, Чайковский атындағы музыкалық колледжде бiлiм алуда. Оның ата-анасы зейнеткер. Күйшiлiк өнер нағашы атасы, белгiлi күйшi Жолдыбайдан дарыса керек. Ерланның жиырмадан астам ән туындылары мен 2-3 күйi бар. "Кешiктiм" атты әнге клип түсiрiп үлгерген жас өнерпазымыздың келешегi мол.

– Отбасылық ансамбльге сiңлiм Нұршашпен бiрге келiп, Моңғолиядағы қазақтардың халық әндерi "Қайран заман", "Илигай", "Түсiмде сен жүресiң" және "Ақ сапар" (сөзi М.Пұшатайұлы, әнi Б.Файзоллаұлы), Қ. Зияданұлының "Заманымның өтiп бара жатқан-ай" әндерi мен қатар "Шаңырақ" термесiн екi дауыспен орындап екiншi орын алдық, – дейдi Н.Тiлендиев атындағы халықаралық ән конкурсiнiң бас жүлдегерi Меруеш Башай. Ол Моңғолия өнер университетiнiң театр факультетiнiң қоюшы-режиссер мамандығын үздiк дипломмен бiтiрген. Моңғолияда өткен XX ғасырдың республикалық таңдаулы ән конкурсында да бас жүлденi жеңiп алды. Меруеш – режиссер, әншi, әрi актриса. Ол С. Тәукейұлының "Келiн келдi, көрiңдер" комедиясында ерке келiн, О.Бөкеевтiң "Ойбай күйеу керек" комедиясында Күмiстiң, О.Бодықовтың "Төрт бойдақ бiр қыз" спектаклiнде Сұлужанның, "Жұмбақ шал" пьесасында Аннаның, Ш.Рахметұлының "Кесiк қол келiншек" мелодрамасында Ғазизаның, А.Бабиұлының "Бүркiт" пьесасында Жанботаның, монғолдың классик жазушысы Д.Нацагдоржның "Жұмбақ төбелер" операсында Нансалмааның рөльдерiн сомдаған. Сондай-ақ, Д.Лувсаншаравтың "Шыңғысханның ханымдары" операсының қойылымы, Ғ.Мүсiреповтың "Қозы Көрпеш Баян сұлу" драмасымен қатар жиырма шақты концерттiк, драмалық, опералық, театрландырылған қойылымдар қойған сегiз қырлы, бiр сырлы жандардың бiрi.

Фестивальдiң мақсаты – ұлтымыздың салт-дәстүрлерiн, әдет-ғұрпын, киелi қолөнерiн, ән-жырын, би-күйiн, тiлi мен дiнiн бүгiнгi жас ұрпаққа насихаттау болатын. Атамекенiнен жырақта жүрген ағайындарымыз фестивальге белсене атсалысып, жырақта жүрсе де өз ана тiлiн, салт-дәстүрiн, өнерiн сақтап қалғандарын паш еттi. Бiрақта, шетелдегi қазақ диаспорасының барлығы дерлiк өз ана тiлдерiн жақсы бiледi деген ұғым тумау керек. Өздерiңiз танысып отырғандай, тек Моңғолия мен Қытайда тұратын қандастарымыздың ана тiлдерiнiң қаймағы бұзылмағанмен соңғы кездерi түрлi қиындықтарға ұшырап жатқандығы жасырын емес. Сондықтан да қазақ рухын көтеретiн, асқақтататын осындай фестивальдердiң өтiп тұруы қуантады.

Түркiстан – екi дүние есiгi ғой

Түркiстан – Ер Түрiктiң бесiгi ғой… деп ақын М. Жұмабаев жырлағандай киелi шаhарда өткен фестивальге келiп қатысқандарына, және де осы фестивальдi ұйымдастырған Оңтүстiк Қазақстан облыстық әкiмшiлiгiне, Дүниежүзi қазақтарының қауымдастығына ризашылықтарын бiлдiрген қандастарымыз үлкен қуанышты сезiммен елдерiне қайтты.

Сапарларың оң, жолдарың ашық болсын, ағайын!

Ботагөз УАТҚАН,Дүниежүзi қазақтары қауымдастығының Ұйымдастыру бөлiмiнiң меңгерушiсi

Серіктес жаңалықтары