"IЛБIС ЕЛI"

"IЛБIС ЕЛI"

"IЛБIС ЕЛI"
ашық дереккөзі
399

Ежелгi түркi аспаптарын түрлендiрiп, көне сарынды бүгiнге жеткiзiп жүрген шебер орындаушы, композитор Едiл Құсайыновтың есiмi бүгiнде көпшiлiкке жақсы таныс. Қазақ қана емес, бүкiл әлем жұртшылығы Едiл Құсайыновтың өнерiне тәнтi боп жүр.

Derbes сыра өндiру компаниясы жуырда Едiл Құсайыновтың "Iлбiс елi" атты алғашқы альбомының тұсауын кестi. Ежелгi қазақ аспаптарында ойнайтын әлемдегi жалғыз сырнайшының ән альбомын тыңдасаңыз көнеден жеткен түркi жұртының үнiн, сарынын, рухы мықты музыкасын көз алдыңызға әкелерiңiз хақ.

Сылдырлап аққан бұлақ үнi, сарқырап жатқан өзен-көл, жан-жануарлардың үнi, ағаштардың сыбдырын естiгендей боласыз бұл альбомнан. Композитордың алғашқы альбомын "Iлбiс елi" деп атауының да өзiндiк сыры бар. Оның себебi, қанатына Қазақстанның рәмiзi Алтын Адамды отырғызып алған елiмiздiң ұлттық таңбасы саналатын Iлбiстi музыкамен бейнелеуiнде жатса керек.

Едiл Құсайыновтың әндерi тыңдармандарға көне түркi сарынын көз алдына әкелiп қана қоймай, рухтандырады, жiгерлендiредi. Оның әуенiнде үйреншiктi сөздер жоқ, оның әуенiнде көне сарын ғана бар. Олар әртүрлi аспаптардың дыбысы арқылы жүрегiңiзге бойлайды, көңiлiңiздiң түкпiрiнен орын тебедi.

Едiл Құсайыновтың жеке альбомы iлбiс елiнiң сұлулығын ашады, осы жердi мекендейтiн ата-бабаларымыздың асыл құндылықтарын көрсетедi. Көмейден шыққан дыбыстар бойыңызға намыс пен отансүйгiштiктi оятады, ұлтыңызды сүюге жетелейдi. Аталмыш мәдени шараға Derbes сыра өндiру компаниясының демеушiлiк жасауы да ұлттық мәдениетке отандық бизнестiң көңiл бөлуi деп есептеген жөн. Компания басшылығы да бұл жобаның коммерциялық емес екендiгiн атап көрсеттi. Әзiрге, аталмыш сыраөндiру компаниясының бұл жоба бастамасы қана. Олар ұлттық музыка мен мәдениетке көбiрек көңiл бөлу, ұлттық және ежелгi қазаққа тән құндылықтарды сақтап қалу, басты борышымыз деп есептейдi.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары