Александр ЛЕБЗЯК, Олимпиада жеңiмпазы, Ресей құрама командасының бас бапкерi: БIЗ КУБАЛЫҚТАРДАН КЕМ ЕМЕСПIЗ

Александр ЛЕБЗЯК, Олимпиада жеңiмпазы, Ресей құрама командасының бас бапкерi: БIЗ КУБАЛЫҚТАРДАН КЕМ ЕМЕСПIЗ

Александр ЛЕБЗЯК, Олимпиада жеңiмпазы, Ресей құрама командасының бас бапкерi: БIЗ КУБАЛЫҚТАРДАН КЕМ ЕМЕСПIЗ
ашық дереккөзі
519

Александр Лебзяк – Олимпиада жеңiмпазы, әлем чемпионы. Еуропаның алтын тұғырына екi рет шыққан боксшы. Еуропа құрлығының ең таңдаулы боксшысы (1998, 2000 ж.ж.) атағына екi рет ие болды. КСРО жеңiмпазы, Ресейдiң бiрнеше дүркiн чемпионы. Қазiр Ресей құрама командасының бас бапкерi. Жақында Алматыда Кеңес Одағының батыры, "Халық қаһарманы" Сағадат Нұрмағамбетовтың жүлдесi үшiн дәстүрлi халықаралық турнир өткен. Сол жолы Ресей боксшыларын бастап келген Александр Лебзякпен тiлдесудiң сәтi түскен едi. Төменде Ресейдiң даңқты боксшысымен болған сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.

– Колыманың атын естiгенде адамның арқасын аяз қариды. Жер аударылғандар, қуғын-сүргiн көргендер ғана мекендейтiн, үрейлi жер болып елестейдi. Қиян түкпiрдегi шағын поселкеде бокспен қалай айналысып жүрсiз?

– Туған жерiм Донецк қаласы. Бiр жасқа толғанда қиян түкпiрге табаным тидi. Жапан түздегi ол поселок Буркандья деп аталады. Буркандья алтын шығаратын кен орны. Әкей сол шахтаға шахтер-қопарғыш болып келдi. Төңiректе елдi мекен жоқ. Балалардың iшi пысады. Сөйтiп жүргенде бiздiң бағымызға мектепке физкультура пәнiнiң мұғалiмi келдi. Василий Денисенконың бокс пен каратэден әжептәуiр дайындығы бар екен. Ұрынарға қара таппай жүрген балалар бокс үйiрмесiне жазыла бастады. Жаттығу бастамас бұрын күнделiгiмiздi тексеретiн. Үлгерiмi нашарлар ұзын орындықта қаздай тiзiлiп отырады, ал сабағы тәуiрлермен жаттығу жүргiзедi. Үйiрмеге жазылып алып қарап отыру қайбiр жақсы?!

– Ол кезде сiздiң сабағыңыз қалай едi?

– Керемет дей алмаймын, орташа болатын. Мына тәртiптi көрген соң өзiмдi-өзiм қамшылай бастадым. Сабаққа да, жаттығуға да барымды салдым. Тәртiбiм де түзелдi.

– Сол қайсарлығыңыз сiздi Колымадан құтқарып, Мәскеуден бiр-ақ шығарды.

– Әрине, боксқа жанымды салып кiрiскенiм анық. Бiрақ бәрi бiр күнде бола қойған жоқ. Әуелi аудан, одан кейiн облыс жарыстарында жеңе бастадым. Бiр күнi Магадан қаласындағы спорт мектебiне шақырды. Туған үй алыс, жаттығу ауыр. Ол жерде Геннадий Рыжиков деген бапкердiң тәрбиесiне түстiм. Сол бапкер менi Олимпиада биiгiне дейiн шығарды.

– Әскери борышыңызды өтеу үшiн Ауғанстанға да сұраныпсыз ғой?

– Жастықтың әсерi ғой. Бiрақ ол жердегiлер менiң спорттағы жетiстiктерiмдi бiлгеннен кейiн бiрден тоқтау салды. Магадандағы танк полкында әскери қызметiмдi өтедiм.

– Содан берi армияның орталық спорт клубының сапында қызмет етесiз. Әскери шенiңiз қандай?

– Подполковник.

– Олимпиада чемпионы болғандарға кәсiпқой бокс мамандары бiрден шап берiп қолқа салады. Қапшық-қапшық ақшаны көз алдарына елестетедi. Сiзге қолқа салғандар болған шығар?

– Сидней олимпиадасы бiтiсiмен-ақ бес-алты жерден өтiнiш жасалды. Ойлай-ойлай келе бәрiнен де бас тарттым. Жас болса келiп қалды. Ендiгi бар қабiлетiмдi, тәжiрибемдi бапкерлiкке арнауға бел будым.

– "Асқан талантты спортшыдан үнемi жақсы бапкер шықпайды, бүкiл жастық қуатын, қажыр-қайратын спортқа сарқа жұмсаған адам бапкерлiкке беттей қоймайды" деген пiкiр де бар. Сiз бұл ойға қалай қарайсыз?

– Боксқа ерекше еңбек сiңiрiп, бапкерлiкке беттемесе – бұл әркiмнiң өз жүрек қалауы. Бiрақ мен бапкерлiк жұмысқа жүрек қалауымен келдiм.

– Ресей бокс құрамасының бас бапкерiнiң негiзгi нысанасы, арманы не?

– Арманым – әлемдегi ең мықты команданы дайындау. Кубалықтарды мойындату.

– Кез келген спортшының аса жауапты жарыста кубалықтармен кездесудi қаламайтыны анық. Ұзақ жылдар бойы жұмыр жердiң бетiндегi боксшыларды жұдырығымен ықтырып келген кубалықтарды жеңу үшiн қандай бағдарламамен жұмыс жасаудасыз.

– Бар пәле психологияда. Көп спортшыда Куба боксшысына қарсы шығарда өз күшiне деген сенiмсiздiк пайда болады. Кубалық синдром! Қорқыныштан құтылу үшiн тек жеңiс керек. Бұл "аурудың" жалғыз емi – жеңiс! Мен құрамаға бас бапкер болып келген беттен осы бағытта жұмыс жасай бастадым. Мәскеуде өткен әлем Кубогының алдында Куба боксшыларын бiрлесiп жаттығу өткiзуге шақырдым. Жiгiттер бiрге жаттықты, бой үйреттi. Олардың жаттығу ерекшелiктерiне қарадық. Әрине, олардың көп нәрсенi бiзден жасырғаны, көрсетпегенi анық. Кубалықтардың да екi ғана жұдырығы бар екенiне бiздiң жiгiттердiң көздерi жеттi.

– Әлемге танымал бiр боксшының жауапты айқас алдында Моцарт шығармасын ыңылдап айтып жүретiнiн бiр журналдан оқығаным бар. Кубаның даңқты боксшысы Феликс Савонның әлем чемпионаты кезiнде әндетiп жүргенiн көзiм көрдi. Бақтың iшiнде серуендеп жүргендей, селт етсейшi сабазың! Ал өзiңiз үлкен айқас алдында анекдот айтып жүредi екенсiз ғой.

– Ол шындық. 21 жыл ғұмырым рингте өттi. Айқас алдында толқымайтын боксшы жоқ. Сол толқуды баса бiлемiн, әдет болып кеттi. Неғұрлым қарсыласым мықты болса, соғұрлым рингке жымиып шығамын.

– Екi дүркiн Олимпиада жеңiмпазы Олег Саитов қазiр немен айналысады?

– Олег Самара облысында спорт комитетiн басқарады. Қазiр бiлдей чиновник.

– Үлкен спортқа ғұмырын арнаған, елiнiң атын шығарған кейбiр спортшылар өзi сүйген iстен алыстаған соң елеусiз қалады. Еңбегiне сай лайықты қызмет бермейдi, өз бетiмен бизнес жүргiзiп те қарық қылмайды. Өйткенi бұл iске ол бейiмсiз. Ресейде спорт ардагерлерiне жанашырлық, қолдау қай деңгейде? Мемлекет тарапынан тiкелей көмек көрсетiле ме?

– Олимпиада жеңiмпазы, әлем чемпионы болған спортшыға ай сайын Үкiмет 500 доллар көлемiнде ақша бөледi. Ал жүлдегер болған спортшылар өз аймағындағы федерациялардан қаржылай көмек алып тұрады. Мұның сыртында көптеген демеушiлердiң қамқорлығы бар. "Наследие" деген қайырымдылық қоры бар. Ол қор барлық спорт түрлерiне қайырымдылық көмегiн жасап отыр.

– Шiркiн-ай!.. Мынауыңыз керемет екен!

– Солай… Сiздерге де ойлану керек…

– Ресей бокс құрамасын тұрақты түрде кiмдер қаржыландырады?

– Негiзгi қамқоршымыз – "Внешторгбанк".

Барлық жағдайымызды жасап отыр. Тағы бiр тұрақты демеушiмiз – "Европа" казиносы.

– Ресейде казиноға шейiн боксқа көмектеседi екен-ау?!

– Дәл солай, олар Ресей боксына мойын бұрды.

– Тек бокс емес, Ресей барлық спорт түрлерiнiң деңгейiн көтеруге ерекше күш салып жатқаны байқалады.

– Ол шындық. Қолдау, қамқорлық жағынан өкпе жоқ. Үкiмет тарапынан да, әртүрлi демеушiлер тарапынан да жанашырлық аз емес.

– Боксқа үлкен қаржы бөлiп, демеушiлiк жасайтын белгiлi бiр бизнестiң тұтқасын ұстап отырған бiр кездегi боксшылар ма?

– Бiр кездегi мықты боксшылардың қолдауын көруден де кенде емеспiз. Олардан бөлек мықты жанкүйерлер, Ресей боксының көтерiлуiне өзгеше тiлеулес бизнесмендер бар.

– Пекин олимпиадасында қазақ боксшылары мен Ресей боксшылары қай салмақтарда жүлделi орындар үшiн таласуы мүмкiн?

– Кез келген салмақта. Қазақстан боксы қашанда әлем мамандарының назарында. Сонымен бiрге кейбiр мемлекеттерде белгiлi бiр салмақта өте мықты боксшылар бар. Оларды да естен шығаруға болмайды. Болжап айту қиын. Олимпиадаға оңай спортшы келмейдi. Кейде өз салмағындағы мықты боксшыға арнайы дайындалған спортшы, негiзгi қарсыласын жеңгеннен кейiн келесi бiреуден ұтылып қалуы мүмкiн. Спортшыға да сәттiлiк керек. Бабында тұрған мықты спортшы, кейде тура жарыс алдында жарақат алып қалады, төрешiлер де қателесуi мүмкiн.

– Бокстағы жетiстiктерiңiз, абырой-атағыңыз тұрмыс деңгейiңiздi көтердi ме?

– Таршылық көрiп жүрген жоқпын. Бұрынғыға қарағанда жағдайым көп жақсы.

– Отбасыңызға тоқтала кетсеңiз?

– Зайыбымның аты – Ирина. Екi қызым бар: Татьяна және Аня. Кенже қызым ат спортымен айналысады.

– Сидней олимпиадасының ақтық айқасында қарсыласыңызды айқын басымдылықпен ұтып, жарысты ертерек аяқтауға мүмкiндiгiңiз болды. Бiрақ әдейi созып жүрiп алғандай көрiндiңiз. Олимпиада шыңындағы соңғы жеңiстiң ләззатты сәтiн қимадыңыз ба?

– Еркiн жеңiп жатқанымды бiлдiм. Ұпай айырмашылығы көп едi. Айқасты сiз айтқандай еркiн басымдылықпен ертерек аяқтауға болатын едi. Шынында, мен өзiмнiң рингтегi соңғы жұдырықтасуым екенiн жүрегiммен сезiндiм сол сәтте. Сондықтан да чех Рудольф Кражекпен айқас созылып барып аяқталды.

– Ресей құрамасының Пекинге жолдама алған азулы, атақты екi спортшысы бiздiң екiншi құрамдағы боксшылардан жеңiлiп қалды. Бұл сәтсiздiк жүрегiңiздi мазалаған шығар?

– Әрине, көңiл-күйiме бiршама әсер еттi. Ойдағыдай бокстаспады бiздiң жiгiттер. Тым ерте босаңсып кетiптi. Тура осылай деп жазыңызшы, газеттерiңiзге. Бұл турнирде Қазақстанның қосалқы топтағы боксшыларынан таяқ жегендерi өздерiне сабақ болар. Бұлармен әлi де бiраз жұмыс жасау керек екен. Ал қазақ боксшыларына риза болдым. Әлем чемпионатының күмiс жүлдегерi, Еуропа чемпионы, Ресей жеңiмпазы Артур Бетербиев пен Еуропаның үш дүркiн жеңiмпазы болған Георгий Балакшиннiң атақ-даңқтарына қараған жоқ. Тас-талқандарын шығарды. Ал бұлар Ресей боксының үмiттерi – Пекин олимпиадасына жолдама алған боксшылар. Оларды жеңген қазақтар – жүректi боксшылар! Бұл – қазақ боксының қосалқы құрамының өзi мықты екенiн көрсеттi. Олимпиадаға мықтының мықтысы ғана келедi. Сол әр мықты боксшы рингтегi ақырғы айқасындай жанталаса бокстасады. Соны жүрегiмен түсiнуi керек олимпиадаға баратын әр боксшы.

– Әңгiмеңiзге рақмет.

Сұхбаттасқан Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары