ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН ДА ЖОҚ

ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН ДА ЖОҚ

ҚАЗАҚСЫЗ ҚАЗАҚСТАН ДА ЖОҚ
ашық дереккөзі
284

Қазақтың егемендiк алғанына 17 жыл болды. Кәмелеттiк жасқа келген ел осы уақыт аралығында өзiнiң саяси, экономикалық тәуелсiздiгiн ғана емес, ұлттық тәуелсiздiк, рухани тәуелсiздiк ұғымдары аясында да шынайы ТӘУЕЛСIЗДIГIН дәлелдеуi керек болды.

Саяси тәуелсiздiк 1991 жылы 25 қазанда Қазақстан Республикасының Егемендiк туралы декларациясын қабылдауынан басталды. Ал 16 желтоқсанда Қазақ елiнiң тәуелсiздiгiн ресми түрде жариялауымен, дүниежүзiнiң саяси картасында "Қазақстан" атты жаңа, жас, дербес мемлекет пайда болды. 17 жыл iшiнде Қазақстан ұлттық рәмiздерiн белгiлеп, мемлекеттiк шекарасын айқындап, оны бекiтiп, төл Конституциясын қабылдап, президенттiк-парламенттiк республика құрудың алғышарттарын жасады. Жас мемлекеттiң кейбiр бастамалары сәттi болып, кейбiр қадамдары сәтсiздiкке ұрынып жатса да, жеке ел болуға деген ұмтылысы жас республика үшiн ұмытылмас тарихи сабақ едi.

Экономикалық тәуелсiздiкке де қол жеткiзу оңай болған жоқ. Кеңестер Одағының экономикасы 15 мемлекеттiң шикiзаты мен өндiрiсi бiр-бiрiмен тығыз байланысып жатқан жүйеге құрылған болатын. Қазақстан бұл жүйеде шикiзат көзi ретiнде қарастырылды. 17 жыл бойында әлi өндiрiсiмiздi жолға қоя алмай жатқанымыздың себебi де осында. Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жасап, биылдан бастап 82 жоба iске қосылғаннан кейiн, жағдай өзгеретiн шығар. Шикiзаттық қамыттан құтылуды бодандықтан бiржола босаудай көзге елестететiн болдық.

Рухани-мәдени тәуелсiздiк. "Советтiк" идеологияны өз қолымызбен қиратқаннан кейiн, бiраз жыл вакуумде өмiр сүрдiк. Ел есiн жиып, етек жинағанша, бiр өскелең ұрпақ өсiп, бой түзеп, ой түзеп үлгерiп қалды. Тарихта олар "өтпелi кезең ұрпағы" деп аталатын шығар. Бұл ұрпақ өз тәрбиесi өзiне қалдырылған буын болды. Олар ер жеткен соң, кiмнiң сойылын соғып, кiмдi құрмет тұтатыны бiр Аллаға ғана аян.

Рухани-мәдени тәуелсiздiк, әрине, Ой-Сананың тәуелсiздiгiнен бастау алады. Бiлiм мен ғылымның, әдебиет пен өнер саласындағы сана төңкерiсiнсiз қоғамдық ойда өзгерiс бола қоюы екiталай. Бiрақ "мәдени революцияны" бастан өткере алдық па, жоқ па — Тарих төрешi.

Бiр ғана дәлел — он жетi жылда Тәуелсiздiктiң жырын жырлайтын, мұңын мұңдайтын сүбелi әдеби шығарма туған жоқ. Тiптi, 70 жылдық тарихты сызып тастап, Жаңа елдiң тарихын оқимыз деп ниеттенгенiмiзбен, 17 жылда тым болмаса бiр дана сапалы тарих оқулығы жарық көрген жоқ. Тарихты әркiм атасынан қалған мұрадай көрiп, өз әулетiнiң шежiресiн түгендеумен әуре болып кеттi.

Бұл заңдылық та шығар. Өйткенi, ұлттық тарихи сана қалыптасуы үшiн Уақыт керек, бәлкiм. Тек осы тайпалық-рулық сана құрсауынан арылып, "ауылдастың аты озғанша, ата¬ластың тайы озсын" деген тар ұғым аясынан шыға алсақ, қанi?

Бiр қызығы, бiзбен бiрдей тәуелсiздiк алған бұрынғы "одақтас" мемлекеттердiң кейбiрi болмаса, көбi бiз бетпе-бет кездескен рухани экспансиядан арылу, мәдени төңкерiстiң қажеттiлiгiн сезiнген жоқ. Iргемiздегi Ресейдiң өзiн алайықшы. Бiз жаңа көркем туындыларды тудыра алмай, тарихымызды саралай алмай жүргенде, ресейлiк өндiрiс көркем әдебиеттiң классикалық түрiн де, заманауи туындыларын да, салалық әдебиеттi дейсiз бе, тiптi тың кинотуындылармен де сөрелерiмiздi толтырып тастады.

Мұның басты себебi — Орыс санасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан өз үстемдiгiне сенiмдiлiктiң еш уақытта шайқалмауында болар. Тiптi, "ұлтшылдық жойылсын!" дейтiн "советтiк" идеологиясының өзi орыс ұлтын "аға халық" деп ұғындырып, "Мәскеудi — Отанымыздың жүрегi" деп сендiрiп, Орыс ойының мұқалмауына, оның құндылығының кемiмеуi¬не қызмет қылды. Осыдан кейiн орыстың мұртын балта шапсын ба? Ресей Федеративтi Республикасына айналып шыға келген күннiң ертесiне-ақ, олар "советтiк" оқулықтарды iшiнара ғана түзетiп, қайта шығара бастады. Бұрын да өз үстемдiгiн бәрiнен жоғары қоятын халық ендi ұлылығын дәлелдеу үшiн жанталасып көркем шығарма жазды, кино түсiрдi, газет-журнал шығарды. Ал бiз бұл кезде анасынан жастай жетiм қалған баладай, кiм боларымызды бiлмей, көзiмiз жаутаңдап, көп уақытымызды зая өткiзiп алдық.

Тiптi, күшi бойына сыймай тасыған Ресейдiң өзi қазiр патшалық кезiндегi тарихын аңсап, өз қолдарымен өлтiрген соңғы патшасы мен оның отбасының сүйегiн зерттеп, әуреге түсiп жүр.

Рух тәуелсiздiгiн ар-ождан бостандығынсыз елестету қиын. Атеистiк идеологияны Еуразия құрлығына түгелдей таратқан орыстың өзi православ дiнiнiң қыр-сырына бой ұрып, Николай екiншiнi әулиелер қатарына қосу туралы мәселе көтерiп жүр. Дiн мемлекеттен ажыраған болса да, православ дiнiнiң бүкiл Ресей жерiндегi үстемдiгiн ешкiм жоққа шығармайды. Ресей де өзiн көпдiндi мемлекетпiз деп таниды. Бiрақ мемлекеттiк маңызы зор шараларда кезiнде, ұлтық қара жамылу немесе мемлекеттiк мереке кезiнде ел басшысынан бастап iрi мемлекет қайраткерлерi Орыс православ шiркеуiне барып, құлшылыққа қатысады, Шiркеубасы елдiң тыныштығы, тұрақтылығы үшiн дұға қылады. Басқасын былай қойғанда, Ресей президентi сайлана салысымен, Шiркеуге бас сұғып, оның құрметiне дұға жасалынатындығы — мемлекет басшысының өзi дiни сенiмсiз түкке тұрмайтындығын бiлдiрсе керек.

Ал бiз сенiм-наным бостандығы осы екен деп, түрлi ағым-секталарға мемлекеттiк шекараны да, рухани шекарамызды да айқара ашып тастадық. Бiр қызығы, Қазақстанда ресми түрде тiркелген дiни ұйымдардың денi шетелдерде тоқсаныншы жылдары пайда болған екен. Яғни, "бесiктен белi шықпаған" ұйымдар ғасырлар бойы қазақтың сайын даласында халықпен бiрге суды да, отты да бiрге кешкен дәстүрлi дiндермен бiрдей орын алғысы келедi. Осы әдiлеттi ме?

Дiни тәрбие жолға қойылмай, ұрпақтың салауатты, рухани кемел, бiлiмдi де өнегелi болып өсуiне кепiлдiк жоқ. Зайырлы мемлекетпiз дегенмен, АҚШ президентi халқына салтанатты түрде ант бергенде, қолын Iнжiлге қояды. Халқына адал қызмет етпесе, Құдайдың сөзiне қарсы шыққандай ауыр күнә арқалайды дегендi меңзесе керек. Ал зайырлы мемлекетпiз деп, Қазақ мемлекетiнiң елбасшысы қолын Конституцияға қойып, ант қабылдайды. Бiр ғана кiлтипан бар: Конституцияның өзi 17 жыл iшiнде кемi екi рет өзгердi…

Ұлттық тәуелсiздiк. Ауызға сирек алынса да бұл ұғым тәуелсiздiк алғанда жүрегi жарыла қуанған, Әнұран ойнағанда қаны қызатын азаматтар үшiн бiтеу жара сияқты. Шын мәнiндегi ұлттық тәуелсiздiкке қазақтың қолы жеттi ме, жоқ па — даулы сұрақ. Өйткенi, тәуелсiз елдiң ең бiрiншi Рухы — биiк, Ойы — азат болуы керек. Дегенмен де, құр түңiлуден аулақпыз. Қазақтың сөзi айтыла бастады, ал Елбасының сөзi — жүз ойланып, мың толғанған, жүрек сүзгiсiнен өткен салиқалы, салмақты сөз.

Осы жолы Елбасы Қазақ елi деген тiркестi қайта-қайта ауызға алды. Ұлттық тәуелсiздiктi жүрекпен қабылдай алмай жүргендер "қазақстандық ұлт" деген тiркестi қолданысқа енгiзе алмай қойған болатын. Қазақтiлдi ақпарат құралдары аузына үшкiрген қоғамдық пiкiр оған жол берген жоқ. Бұған да шүкiр!

Сұңғыла саясаткер қоғамдық сана қабылдай алмаған "өлi" ұғымды күштеп ендiрудi қолдамады. Барша Қазақстан халқын бiрiктiру жолында жаңаша термин қалыптастыруды ұсынды. Шын мәнiнде, "ел" ұғымы қазаққа етене жақын едi ғой, бұл атауды жатсына қоймаспыз.

"Қазақстан — қазақ ұлтының негiзiнде құрылған мемлекет. Қазақстан деген сөзде қазақтың мемлекетi деген ұғым жатыр" деп шегеледi Елбасы. Сондықтан да Елбасы "қазақстандық ұлт" деген идеядан бас тартып, "қазақстандық ел" деп атауды ұсынды.

Мұның өзi әлдебiреулердiң ойынша, кесiп-пiшiлген, "айттым — бiттi, үздiм — кесiлдi" дейтiндей кесiмдi пiкiр емес. Ортаға салып, ақыл қосудың амалы.

"Бiз осы мемлекет үшiн негiзгi жауапкершiлiк жүгiн өз мойнымызға алып отырған ұлтпыз. Бiз мемлекеттi ұйыстырушы ұлтпыз" дедi Елбасы. Мемлекеттiк идеологияның ендiгi түпқазығы — осы.

Ұлттық тәуелсiздiктiң бiр тетiгi ақпараттық тәуелсiздiкте жатыр. Жапонның: "Ақпаратқа ие болсаң, бүкiл әлемге қожасың" дейтiн мәтелi қанша рет қайталанса да, мазмұны әлi күнге солғындаған емес. Тәуелсiздiгiмiздiң бiр ақсап жатқан тұсы — осы ақпараттық саланың иесi өзiмiз екенiн дәлелдей алмай жүргенiмiзде. Он жетi жыл бойында қалыптасып үлгерген жергiлiктi коммерциялық телеарналардың тұтқасын ендi ресейлiк қожайындар ұстай бастады. Шоғырдай қазақтiлдi басылымдарының үнi сансыз ресейлiк, шетелдiк басылымдардың қасында бәсең естiледi. Тiптi, мемлекеттiк саясаттың өзi қазақ баспасөзiне жетiм баланың басынан сипағандай, мүсiркей қараудан айныр емес. Бiр ғана мысал, биылғы жылы мемлекеттiк тапсырысты бөлгенде, бюджет қаржысының басым бөлiгi орыстiлдi БАҚ-тарға бөлiнген. Сонда мемлекеттiк тiлдегi баспасөзге мемлекеттiк қамқорлықтың сиқы осы ма?

Өткен ғасырларда кеткен қазақтың есесi жетерлiк. Ендiгi жылдарда, Қазақ мемлекетiн құруға бiржола бет бұрған шақта, қазақтың мүддесi ұмытылмауы тиiс. Онсыз қазақ мемлекеттiгi жоқ, ал қазақсыз Қазақстан да жоқ.

Елбасының сөзiмен айтқанда, "Тәуелсiздiк — мәңгiлiкке, бiржолата берiлетiн игiлiк емес". Осыны ұдайы есте ұстаған ләзiм.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары