ЗАҢ ТҮЗЕЛМЕЙ, ТIЛ ТҮЗЕЛМЕЙДI

ЗАҢ ТҮЗЕЛМЕЙ, ТIЛ ТҮЗЕЛМЕЙДI

ЗАҢ ТҮЗЕЛМЕЙ, ТIЛ ТҮЗЕЛМЕЙДI
ашық дереккөзі
514

Өткен нөмiрiмiздiң бiрiнде Президент әкiмшiлiгiнiң қызметкерi Берiк Әбдiғалиев Алматыда арнайы жиын өткiзiп, ұлт патриоттары мен билiк арасында ұлттық диалог өткiзу жайында бастама көтергендiгiн, оны өзгелердiң қолдауын өтiнгендiгi жайында айтқан едiк.

Ұлттық диалогтың алғашқысы өткен аптаның соңында "Достық үйiнде" өткiзiлдi. Алғашқы жиынның қонағы Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң төрағасы Ерден Қажыбек болды. Бұған дейiн ұлт патриоттары (көбi оппозиция шебiнде жүредi) мен билiк өкiлдерi арасында өзара байланыстың болмай келгенi ақиқат. Шенеунiктер олардың алдында есеп берiп, еңкеюдi ар санаса, ұлт патроиттары барлық кiнәнi шенеунiктерге артып, сырттай сынап келдi. Берiк Әбдiғалиев қоғам мен билiк арасындағы осы бiр алшақтықты жақындатудың алғашқы қадамдарын жасай бастады. Демек, ұлттық диалог құрудың мүмкiндiктерi туды деген сөз.

Ерден Қажыбек жиналғандарға әуелi мультимедиялық көрме ұсынды. Бұл Тiл комитетiнiң бұған дейiн атқарып келген жұмыстарынан хабар бередi екен. Оның iшiнде бүлдiршiндерге қазақ тiлiн үйретудiң төте жолдары мен көне түркi жазуын қазiргi қазақ тiлiне аударатын мультимедиялық кешен және елдегi тiлдiк жағдайға бақылау жасайтын автоматтандырылған жүйелер көз тартады.

Комитет төрағасының жасаған баяндамасынан ұққанымыз – Конституциямызда "Мемлекеттiк тiл – қазақ тiлi" деген арнайы баптың барлығына қарамастан, Тiл комитетiнiң талаптарына мойынсұнбайтын, тiптi менсiнбейтiн әкiм-қаралар жететiн көрiнедi. Ең әуелi облыстардағы мемлекеттiк тiлдiң ахуалына мониторинг жасау қатты қарсылыққа тап болған екен. Ерден Қажыбек бұл үшiн Үкiмет басшысынан арнайы нұсқау алуға мәжбүр болғандығын айтады. Сөйтiп, бүгiнде елдегi тiлдiк ахуалды бақылау бiршама жолға қойылыпты. Ендiгi кезек – министрлiктерге жеткендiгiн айтады комитет төрағасы.

Дөңгелек үстел басына түрлi партия өкiлдерi, ұлттық-патриоттық қоғамдық қозғалыстардың жетекшiлерi, т.т. бiраз адам жиналған екен. Солардың алғашқысы болып сөз алған Мұхтар Шаханов бұл жиынға ауруханадан әдейi ат басын бұрғандығын айтады. Шаханов қазiргi ахуалмен ұлт құруға бет алды деген ой айтты. Оның қорқынышы – "қазақстандық ұлт" идеясының соңы "қазақ ұлтын" тарих сахнасынан сызып тастау болады дегенге саяды екен. Сондай-ақ, М. Шаханов "тiлдiң үш тұғыры" деген терминнiң қазақ тiлiн жоюға бағытталғандығын ашына айтты. "Әлемдiк тiл – ағылшын тiлi мен империяның тiлi – орыс тiлiне ендi ғана тәуелсiздiгiн алып, толыққанды мемлекеттiк деңгейге көтерiле алмаған тiлдi қатар қою әдiлетсiздiк, – дей келе, М. Шаханов "Мемлекеттiк тiл және қос тұғырлы тiл" деген термин ұсынды. Яғни, – Мемлекеттiк тiлдiң дәрежесiн айқындап алу керек және оған өзге тiлдердi теңестiрудiң қажетi жоқ. Ал, ағылшын тiлi мен орыс тiлi одан кейiнгi сатыда тұрғаны абзал" дедi ол.

М. Шахановтың осы ойын жазушы Смағұл Елубай да қостады. Смағұл Елубай өткен жолғы отырыста 24 сағат бойы мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн телеарнаның болмауы жайында мәселе көтерiп едi. Бұл жолы да осы сауалына жауап iздедi. Оның ойынша, ұлтты құтқаратын екi дүние бар. Оның бiрi – тiлi, екiншiсi – демографиясы. Ол үшiн шеттегi 4,5 миллион қазақты әкелудiң жүйелi iс-шарасы керек. Алайда, осы екi маңызды мәселе – министрлiк деңгейiнде емес, комитет деңгейiнде шешiледi. Яғни, олардың өкiлеттiгi тар, президенттiң өзiне тiкелей бағынудың орнына, министрге жаутаңдап отыр. Осы мәселенi бiржақты ететiн кез жеттi, – дейдi ол.

Жалпы, дөңгелек үстелге жиналған қауымның Тiл комитетi төрағасына қояр сұрағы аз болмады. Дегенмен, ол сауалдардың барлығына қанағаттанарлықтай жауап беруге Ерден Қажыбек мырзаның құзыры жете бермейтiн едi. Себебi түсiнiктi. Тiл комитетiнiң құзыры министрлiк пен әкiмдiктердiң жұмысын бақылауға да жетпей отыр.

Мәселен, мемлекеттiк тiлде 24 сағат сөйлейтiн телеарна жасауға жиiлiктер жетiспейдi екен. Бұған не деуге болады. "Хит.тв" 24 сағат бойына кiмнiң өнерiн, кiмнiң мәдениетiн насихаттап жатқаны белгiсiз, ұрпақтың санасын жат әуендермен улап жататындығы белгiлi. Оның кiмге қажет болғаны да түсiнiксiз. Осы телеарнаның жиiлiгiн мемлекеттiк тiлде сөйлейтiн арнаға аударып жiберсе, кiм қарсы болар едi? Шетелде егер сiздiң ұлттық мүддеңiзге сай келмейтiн жобалар болса, оның кез-келгенiне тыйым салынады. Ал, бiздер ұлттық мүддеге қызмет ететiн арна жасауға батыл қадам жасай алмай отырмыз. Керiсiнше, жас ұрпаққа керi әсер ететiн алабажақ бағдарламаларды ұсынатын "Хит.тв"-дi 24 сағат сарнатып қоямыз.

Сондай-ақ, мемлекеттiк тiл Конституцияда бекiтiлгенiмен, оның заңдық тетiктерiнiң болмауы көп түйткiлдiң шешiлуiне кедергi келтiрiп тұр екен. Ерден Қажыбекке берiлген сауалдардың жауабының көбi – "өйткенi, бiзде "Мемлекеттiк тiл туралы" заң жоқ" дегенге сая бердi. Үкiмет ондай заңның өмiрге жолдама алуына қарсы. Бiзге жеткен мәлiметтерге қарағанда, жекелеген министрлердiң әмiрiмен оның ғұмыры орта жолда қиылғандығын айтады. Дегенмен, биылғы күздегi сессия басталысымен, "Мемлекеттiк тiл туралы" заң жобасы Парламентке келiп түсетiндiгiн мәлiм еттi Комитет төрағасы.

– Биыл қабылданбағанмен ол заңның келесi жылы немесе 2010 жылы қабылдануына күш салуымыз керек. Онсыз бiздiң iлгерi басқан қадамымыз керi кетпек. Конституциядағы "Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлi" деген бап жеткiлiксiз. Айтылған нормаларға сай заң қабылдануы қажет. Сол арқылы ғана бiз құзырлы органдардан талап ете аламыз, – дейдi ол.

Қазiр бiрнеше қоғамдық ұйымның "Мемлекеттiк тiл туралы" заң жобасы көпшiлiк талқысына тартылған екен. Алайда, оның да шикi тұстары, ел болып ақылдасып, кеңеске салар ойлары көп. Ең өкiнiштiсi сол, мемлекеттiң тiлiн дамытуға арналған жалғыз заңға ел Үкiметi батасын бермей отырғандығы. Мемлекеттiк қызметкерлердiң мемлекетшiлдiгi қалыптаспайынша, елдiң алға жылжуы екiталай.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары