КАТАР МӘДЕНИЕТI – АЛМАТЫДА

КАТАР МӘДЕНИЕТI – АЛМАТЫДА

КАТАР МӘДЕНИЕТI – АЛМАТЫДА
ашық дереккөзі
297

Екi күн болды, Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрында мереке-думан. "Маусымның аптап ыстығында бұл не мереке болды екен?" деп таңданып отырған да шығарсыз?! Әрине, бұл мерекенiң жөнi де, жолы да бөлек. Бұл – өнер мен мәдениеттiң мерекесi. Мереке болғанда да, араб мәдениетiнiң мерекесi.

Катар елi – небары 1 миллион халқы бар шағын ғана Араб мемлекетi болып саналады. Соған қарамастан, бүгiнгi таңда дамыған мемлекеттердiң алдыңғы қатарында, көптеген жетiстiктерге қол жеткiзген мемлекет. Мұнай мен газдың көлемi жағынан, әлем бойынша үшiншi орынды иеленген елдiң iшкi жалпы өнiмi адам басына шаққанда 70 мың АҚШ долларын құрайды екен.

Қазақстанда Катар мемлекетiнiң мәдениет күндерi ашылмас бұрын Араб елiнiң мәдениет, өнер және атамұра жөнiндегi кеңесiнiң төрағасы, шейх Мешаль Бен Джассим әл-Тани мырза мен елiмiздiң Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед ресми кездесу өткiзiп, екi елдiң сауда, мәдени және әлеуметтiк байланыстарын нығайту жөнiнде пiкiр алысты.

Ресми кездесуден кейiн, екi елдiң мәдениет министрлерi ашылу салтанатына қатысты.

– Қазiр бұл елде орта және жоғары бiлiм тегiн және де ол ағылшын-америкалық модельге қарай негiзделген. Медицина саласында да бiрталай жетiстiктерге қол жеткiзген ел. Сондықтан бұл елмен мәдени, экономикалық, әлеуметтiк байланыс орнату бiздiң елге өте тиiмдi деп есептеймiз. Оның үстiне сiздер жақсы бiлетiн әсем Астанамыздағы "Нұр Астана" атты ислам мәдени орталығы Катар әмiрiнiң Қазақстан Республикасының Президентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа жасаған сыйлығы болып есептеледi. Сондықтан екi ел арасындағы экономикалық, мәдени байланыстар алдағы жылдарда да жаңа деңгейге көтерiледi деп сенемiн",– дейдi министр Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Қазақ жерiне келiп, қазақ халқының алдында өз елiнiң мәдениетiн көрсету катарлықтар үшiн де зор мәртебе екен. Ашылу салтанаты кезiнде сөз алған Катар мемлекетiнiң мәдениет, өнер және атамұра жөнiндегi кеңесiнiң төрағасы Мешаль Бен Джассим әл-Тани:

– Қазақстанда Катардың мәдениет күндерiн өткiзу бiз үшiн үлкен мәртебе. Бұл шара бауырлас халықтардың бiр-бiрiн жақын тануға деген ниетiн арттырады. Бiр-бiрiмiзге мәдениетiмiздi таныстыру арқылы, әрiптестiгiмiз одан әрi нығая түседi деген сенiмдемiн. Қазақстан халқына, оның Елбасына алғысымды бiлдiремiн. Сондай-ақ, Мәдениет және ақпарат министрлiгiн 2009-2010 жылдары Катар мемлекетiнде өтетiн мәдениет фестивалiне шақырамын", — дедi.

Бұл ел араб мемлекетiнiң iшiнде алғашқы болып Қазақстанда мәдениет күндерiн өткiзiп отыр. 10-14 аралығында өтетiн мәдениет күндерiнде алматылықтар араб елiнiң көркемсурет, қолөнер көрмелерiн тамашалап қоймай, Катар елi туралы түсiрiлген көркем және деректi фильмдермен де танысуға мүмкiндiктерi бар. Қылқалам шеберлерiнiң көрмесiне аса қүнды 30-ға жуық туынды қойылыпты.

"Бiздiң мақсатымыз – Қазақстанмен қарым-қатынасты нығайту. Осы мақсатты iске асыру барысында бiздiң мәдени күндерiмiз өткерiлiп жатыр. Мен осында өзiмнiң ең үздiк суреттерiмдi алып келдiм. Олар әртүрлi ғасырдағы тарихи оқиғалардан сыр шертедi", – дейдi Катар мемлекетiнiң суретшiсi Исса әл-Мула.

Екi күн бойы театрдың алды ығы-жығы халық. Өнерсүйгiш қауым араб елiнiң қолөнер және көркем сурет туындыларымен жете, жақын танысып жатыр. Одан бөлек, араб елiнiң музыкасын тыңдап, құлақ құрышын қандырғандар да бар. Түп-тамыры көшпелi жұрт болғандықтан тұрмыс салтында қазақтың көшпелi өмiрiне ұқсайтын дүниелерi де жоқ емес. Оған төрт күн бойы Ғабит Мүсiрепов атындағы Жастар және балалар театрына барған көрермендер өзi куә бола алады.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары