ОРЫС ТIЛI ТМД АУМАҒЫНДА РЕСМИ ТIЛ БОЛА МА?

ОРЫС ТIЛI ТМД АУМАҒЫНДА РЕСМИ ТIЛ БОЛА МА?

ОРЫС ТIЛI ТМД АУМАҒЫНДА РЕСМИ ТIЛ БОЛА МА?
ашық дереккөзі
251

Орыс депутаттары орыс тiлiнiң мәртебесiн ТМД аумағында ресми деңгейге көтеруге жанталасуда. Ал қазақ депутаттарының көпшiлiгi күнделiктi күйбеңнен арыға аса алмай жүр. Кез келген ұлттың басты құндылығы – тiл. Осынау аса қасиеттi де қастерлi ұғымның байыбына бара алмай, көп нәрседе өзгеге есе жiберiп алатынымыз өкiнiштi. Сорақысы сол, билiк басындағы кейбiр қандас шенеунiк Ата заңда ресми мәртебе берген орыс тiлiн насихаттауға жанын салуға, ал Ана тiлiн екiншi кезекке ысырып қоюға арланбайды.

Өткен аптада РФ Мемдумасының "Орыс тiлiн шет мемлекеттерде сақтау, қолдану және дамыту проблемалары туралы" кеңесте Думаның ТМД елдерi мен отандастармен байланыс iстерi жөнiндегi комитет жетекшiсi Алексей Островский кезiнде КСРО құрамында болған республикалардың басшыларына орыс тiлiне бүкiл Достастық шеңберiнде ресми мәртебе беру туралы ұсыныс айтты. "Қостiлдiлiк – тiптi де, жаңашылдық емес. Мұндай тәсiл кеңестiк заман кезiнде үйлесiмдiлiк тапқан едi. Яғни, бұл – тарихи дерек. Бiздiң халықтарымыздың достығының символы iспеттi және келешектегi ынтымақтастық пен тең құқылы серiктестiгiмiздiң белгiлi бiр деңгейде кепiлi болып табылады" деп көсiлген орыс депутаты "коммуникация саласындағы көптеген қиындықты шешуге мүмкiндiк беретiнiн" және айтты.

Островский ТМД елдерiндегi орыс тiлiн дамытуға кедергi келтiрiп отырған жайттарды жайып салды: "Кейбiр елдерде орыс тiлi ұлттық азшылық тiлiнiң деңгейiне дейiн төмендетiледi, ештеңеге мiндеттемейтiн ұлтаралық қатынастар мәртебесiн қанағат тұтуға мәжбүрлiк те бар. Әсiресе, халықтың 40 пайызы орыс тiлiн ана тiлiм деп санайтын Украинада жағдай күрделi". Балтық жағалауы елдерiндегi сияқты орыс тiлiнiң ықпалын әлсiретуге бағытталған шаралардың Украинада да қолдануға әзiрленiп жатқанына алаңдаған Островский қазақтарға қатысты алаңдаушылық танытқан жоқ. Өйткенi, қазақтардың ақпараттық кеңiстiгiн орыс тiлi әлдеқашан жаулап алған. Мәртебе мәселесiнде Қазақстан орыс тiлiн ресми түрде бекiткен. Қырғыздарда да солай. Орыстармен "кiндiгi бiр" беларусьтар орыс тiлiн мемлекеттiк дәрежеге дейiн көтерген. Ал қалған посткеңестiк мемлекеттерде орыс тiлi "ұлтаралық қатынас құралы", "аз ұлттардың тiлi" немесе тiптi, шет тiлiнiң қатарына сырғытылған. Латвия, Литва, Эстония, Грузия, Украина, Әзiрбайжан, Армения қазақ пен қырғыз сияқты орыс тiлiн әспеттеп отырған жоқ. Өйткенi, жетпiс жылдан астам үстемдiгiн жүргiзiп келген орыс тiлiнiң ықпалын әлсiрету мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлмесе, туған тiлдiң теперiш көретiнiн бiлдi. Большевиктер үкiмет басына келген күннен бастап бiртiндеп жоғала бастаған тiлдердiң саны бүгiнде 70-ке жеткенiн, тiл мәселесi тым өзектi екендiгiн айта, айта жақ талды.

Өзге мемлекеттердегi орыс тiлiнiң жағдайына жиi алаңдайтын ресейлiк депутаттар мен шенеунiктер көбiнесе тiзеге басуға бейiм. Өйткенi, Кремль өзiн әлi күнге КСРО-ның заңды мұрагерi ретiнде сезiнедi. Кез келген мәселеде, экономика, саясат, мәдениет пен тiл мәселесiнде өз мүддесiн жоғары қоюға талпынатын Ресей өзiнiң iшкi шаруасына өзгелердi өлсе, араластырмайды. Мысалы, "Ресей – федеративтiк мемлекет. Бiрақ орыс тiлi мемлекеттiк мәртебеге ие, өзге ұлт пен ұлыстың құқығы аяққа тапталып жатыр" деп аттан салған қай мемлекеттi немесе қандай халықаралық ұйымды көрдiңiз, айтыңызшы? Есесiне, өзге мемлектетердiң iшкi саясатына қол сұғудан қашпайды. Әйтпесе, Украинаны, Балтық жағалауы елдерi мен Грузияның, басқа да тәуелсiз, дербес мемлекеттердiң мәселесiнде несi бар?

Бiздiң депутаттар бiресе "тоқалдан туған ұлдар мұрасыз қалады, екi әйел алуды заңдастыру қажет" деп байбаламдап, бiресе "Астананың атын Нұрсұлтан деп өзгертейiк" деп Президентке жағымпазданып, қара бас пен ат төбелiндей ғана мүдделi топтың жыртысын жыртып, әлекке түсiп жүргенде, ресейлiк әрiптестерi кез келген ұлт үшiн ең басты құндылық – тiлдi дамытуға бiлек сыбана кiрiсiп жатыр. Осындай белсендiлiктен қазақ депутаттары мен қазақ шенеунiктерiнiң кенде болатыны өкiнiштi. Лайым, Абай атам айтпақшы, "қолымызды мезгiлiнен кеш сермеп қалғаннан" сақтасын! Ұлттың мүддесiне келгенде кежегелерi кейiн тарта беретiн кейбiр қазақ депутаттарының құлақтарына – алтын сырға!

Думадағы "дүрбелеңнен" кейiн бiз Мұхтар Шахановтың телефон нөмiрiн ерiксiз тердiк: "Зиялылар не дейдi?". Тұтқаны көтерген Мұхтар ағаның дауысы солғын шықты. Денсаулығының жиi сыр беретiнiн бiлетiндiктен, алдымен амандыққа көңiл бөлгенбiз. Ағам ауруханада жатқанын айтты. Мен: "Аға, сұрағымды қойсам, қан қысымыңыз одан сайын көтерiлiп кетпей ме?" деп қалжыңдағам, ол жайбарақат қана "Жоқ-ә, айта бер" дедi.

– Думада ТМД шеңберiнде орыс тiлiне ресми мәртебе беру туралы мәселе көтерiлдi. Сiздiң пiкiрiңiз?

– Қазiр "үш тұғырлы тiл" деген ұғым пайда болды. Оның негiзгi мақсаты – орыс тiлiне мемлекеттiк мәртебе беру. Кезiнде бiз бұл мақсаттың жүзеге асуына мүмкiндiк бермегенбiз. 1989 жылы орыс тiлi мен қазақ тiлiн бiрдей мемлекеттiк тiл жасап жiберген болатын. Депутаттар түгел қолдап, қол көтерiп қойған. Сол кезде мен бұл қадамның үлкен зардапқа әкеп соқтыратынын, Желтоқсан көтерiлiсiнiң екiншi рет қайталануы мүмкiн екендiгiн ескерттiм. Президент Н.Назарбаев ұсынысымды қайта дауысқа салып, менi өзi бiрiншi болып қолдады. Осылайша, мемлекеттiк мәртебе тек қазақ тiлiне берiлген.

– Бiрақ Конституциямызда орыс тiлiн ресми мәртебемен асқақтатып отырмыз ғой. "Мемлекеттiк" пен "ресми" ұғымы бiр емес пе?

– Бұл – орыс тiлiн мемлекеттiк тiлге айналдыру мақсатында жасалған әрекет. Жалпы бiз орыс тiлiне емес, оның Қазақстандағы ықпалына қарсымыз. Егер екi тiл бiрдей мемлекеттiк тiл болса, жұрттың көпшiлiгi үйренiп қалған орыс тiлiнде сөйлейдi де, қазақ тiлi тасада қалып қояды. Островскийдiң ұсынысын қолдайтындар көп. Қазақтардың көпшiлiгiнiң өзi қазақ тiлiне шорқақ. "Мордиясы ғана – қазақ" деген термин шығардым ғой. Солар қаптап кеттi.

– Мүмкiн бiздiң билiкте де "мордиясы ғана қазақтар" көп болуының кесiрiнен шығар?

– Әлбетте! Билiк басындағылар ана тiлiн қорғауға мүдделi емес. Әйтпесе, марқұм Болатхан Тайжан айтпақшы, "Егер билiк таңертең тапсырма берсе, түс қайта бүкiл мемлекеттiк шенеунiк нұсқауды орындауға жандарын сала кiрiсер едi". Қазiр бiзде тек саяси ұпай жинауды көздейтiн ойын жүрiп жатыр. Бұл өте қауiптi!

– Президент Назарбаев жуырда Қазақ тiлiн қорғау қорын құруға ұсыныс жасай отырып, ҚР Тұңғыш Президентiнiң қорынан 600 млн. теңге бөлiнетiндiгiн мәлiмдеген. Сiздiңше, ана тiлдi қаржылық тұрғыда қолдауға қазақтың қалталылары түгел жомарттық таныта ма?

– Билiк пәрмен берсе ғана мүдделi болады. Күнi бүгiнге дейiн соқыр тиынын шығындамағандар өздiгiнен қозғала қояры күмәндi. Қазақ байларының көпшiлiгi – космополиттер.

– Бәлкiм, тiл, дiн, дiл секiлдi ұлттық құндылықтарды насихаттауға арналған идеологиялық жұмыстар мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлуi керек шығар?

– Басты құндылық – тiл. Тiлден айрылған ұлт – ұлт емес, ұлтанға айналады.

– Қазақ тiлiн дамытуға бас кедергi билiк дедiңiз. Тағы қандай кедергi бар?

– Басты қиындық – билiк қой. Билiктегi көзқарастың түзелуi.

– Ауылдан келген қарадомалақтың өзi тiлiн бұрап, орысша шүлдiрлеуге неге құмар?

– Кiлтипанның бәрi – жоғарғы билiкте. Күнi бүгiнге дейiн билiк басындағылардың бiрде бiреуi баласын қазақ мектебiне берген жоқ. Тым болмаса, немересiне қазақ тiлiнде бiлiм берсе болады ғой. Олай жасаған жоқ. Себебi, олар қазақстандық ұлтқа айналатындығына сенiмдi. Ұлтты жоюдың төте жолы табылды: "қазақстандық ұлтты" қалыптастыру.

– Бiрақ қазақ тұрғанда "қазақстандық ұлттың" пайда болуы мүмкiн емес қой!

– Қателесесiң! Әбден мүмкiн. Сенiкi – алдамшы пiкiр. Қазiрдiң өзiнде қазақтардың 60 пайызына жуығы орысша сөйлейдi, бала-шағасымен орысша араласады, сондықтан оларға да қазақ ұлты аса қажет емес сияқты. Қандастарымыздың көпшiлiгi орыс тiлiне үстемдiк берудiң үлкен зардапқа әкеп соғатынының байыбына бармайтын тәрiздi. Мен осы мәселенi жуырда баспасөзде жарияланған "Өз ана тiлiнде сөйлемеу мен ойламаудың залалы және космополиттер ағымы" атты мақаламда таратып айттым.

– Қазақ тiлiнiң өркендеуiне билiктiң кедергi келтiрiп отырғаны анық. Бiрақ қоғамдық пiкiрдiң де оңып тұрғаны шамалы. Әйтпесе, туғалы орысша сөйлеп көрмеген қарадомалақтың қала асфальтына аяғы тиiсiмен неге орысша шүлдiрлейтiнiн түсiнбей-ақ қойдым!

– Елiктеп үйренген қазақ "жоғарғы жаққа" елiктейдi.

– Ендеше Сiз неге елiктемейсiз? Мен неге елiктемеймiн? Көшеде, қоғамдық орындарда тек қазақ тiлiнде сөйлейтiн әдетiм бар. Одан ешкiмнiң ештеңесi кетiп жатқан жоқ.

– Мен "өзiмiзден кiнә жоқ" деуден аулақпын. Бiрақ ежелден халық билiкке қарап елiктеуге үйренiп қалған. Халық үш жүз жылдың iшiнде жағымпаздықты, жалтақтықты бойына сiңiрiп алды.

– Ал "қазақ қазақпен қазақша сөйлессiн" деген пiкiрге қалай қарайсыз?

– Өте дұрыс пiкiр. Бiрақ билiктегi қазақтар неге бiр бiрiмен қазақша сөйлеспейдi?

– Басқа ұлт пен ұлыс өкiлдерi "қазақша тек қазақтар сөйлесiн, бiзге керек емес" деген сыңаржақ ұғымның жетегiнде кетпей ме? Ел iшiне iрiткi салуға мүдделi арандатушылар да көп.

– Жоқ, ол – басқа мәселе.

– Әңгiмеңiзге рахмет, аға! Тез жазылып кетiңiз!

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары