МЕМЛЕКЕТТIК СЫЙЛЫҚ – ЖҮЗДЕН ЖҮЙРIК, МЫҢНАН ТҰЛПАРҒА

МЕМЛЕКЕТТIК СЫЙЛЫҚ – ЖҮЗДЕН ЖҮЙРIК, МЫҢНАН ТҰЛПАРҒА

МЕМЛЕКЕТТIК СЫЙЛЫҚ – ЖҮЗДЕН ЖҮЙРIК, МЫҢНАН ТҰЛПАРҒА
ашық дереккөзі
459

Сыйлық көп, Мемлекеттiк сыйлық бiреу. Оған да еңбегiң сiңiп, елдiң құрметiне бөленсең ғана қолың жетедi. Әрине, құрмет-атаққа лайықты жандар елдiң арасында көп те болуы мүмкiн, бiрақ, олар сiз ойлағандай шынында да жүзден жүйрiк, мыңнан тұлпарлардың қатарында ма?! Мiне, бар мәселе осында.

Үздiктер ғана марапатталатын Мемлекеттiк сыйлықтың жүгi қандай ауыр болса, қаржысы да қомақты. Қазақстан Республикасының Президентiнiң былтырғы Жолдауына сәйкес екi жылда бiр рет берiлетiн әдебиет пен өнер саласындағы сыйақының да мәртебесi айтарлықтай өстi. Әрбiр бағыт бойынша берiлетiн марапаттардың да саны бұрынғыдай бiрнеше адамнан құралмайды, тек бiреу ғана. Ал, сыйақы 50 мың долларға дейiн ұлғайған.

Осыған орай Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаевтың төрағалық етуiмен өткен аптаның бейсенбiсiнде Әдебиет пен өнер саласындағы Мемлекеттiк сыйлық беру жөнiндегi мәртебелi комиссияның отырысы өттi. "Бүгiн ұсынылған шығармаларды комиссия қарап жатыр. Бiрақ барлық премияны тапсыру мiндеттi емес. Егер лайықты туынды болмаса, сыйлық халыққа, бюджетке қайтарылады" дедi отырыста сөз алған Мемлекеттiк хатшы.

ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед: "Ең басты талап – ол шығарманың мемлекеттiк сыйлыққа лайықты болуы. Өйткенi, бұл сыйлыққа Президенттiң өзi қол қойып, өзi тапсырады" дейдi.

Министр атап айтқандай, Мемлекеттiк сыйлық Президенттiң жарлығымен бекiтiлiп, оны Тәуелсiздiк күнi қарсаңында Елбасының өзi табыс ететiн болады. Әзiрге 19 автор өз жұмысын аталған сыйлықтан үмiткер ретiнде ұсынып отыр. Оның алтауы әдеби шығармалар болса, тоғызы – музыка, театр, кино туындылары. Қалған төртеуi бейнелеу өнерi мен сәулет саласынан түскен. Олардың арасынан кiмнiң үздiк шығатыны әзiр белгiсiз. Ал, шын жүйрiктердi анықтау – Мемлекеттiк сыйлықты беру жөнiндегi мәртебелi комиссияның құзырындағы шаруа.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары