ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОР ҚҰРЫЛДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОР ҚҰРЫЛДЫ

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚОР ҚҰРЫЛДЫ
ашық дереккөзі
203

Отандық қорлардан құралған қор — "Kazyna Capital Management" акционерлiк қоғамы, Renaissance Capital Holding Limited, австралиялық қаржылық топ — Macquarie Capital Group Limited пен Ресейдiң Внешэкономбанк және Еуразиялық Даму Банкi iргетасы ендi қаланған Macquarie Renaissance Infrastructure Fund қорының алғашқы инвесторлары болмақ. Осыған орай, өткен аптада тараптар Санкт-Петербург қаласында ұйымдастырылған ХII Халықаралық экономикалық форумда арнайы келiсiмге қол қойды.

Macquarie Group және Renaissance Group компаниялары арқылы басқарылатын Macquarie Renaissance Infrastructure Fund қоржынындағы бастапқы сома 1-1,5 млрд. АҚШ долларына жуық. Атап айтқанда, Внешэкономбанк — 200 млн. доллар, Еуразиялық Даму банкi — 200 млн. доллар және "Kazyna Capital Management" АҚ 100 млн. доллар көлемiнде қаржы құюды көздеп отыр. Қор қызметi ТМД кеңiстiгiндегi инфрақұрылымдық жобаларды, тұрғын үй-коммуналық шаруашылығы инфрақұрылымы, табиғи ресурстарды тиiмдi пайдалану деңгейiн көтеру, экологиялық ахуалды жақсарту, темiр жол мен автокөлiк жолдарын, әуежай, теңiз порттары мен басқа да iрi жобаларды қаржыландыруға бағытталады. Мемлекеттiк және жекеменшiктiк серiктестiк шеңберiнде жүзеге асырылатын инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруда Қазақстан мен Ресейге басымдық берiлетiн көрiнедi. "Kazyna Capital Management" АҚ Басқарма төрағасы Абай Алпамысовтың пiкiрiнше, Macquarie Group пен Renaissance Group компанияларымен тiзе қоса әрекет ету жаңадан құрылған қордың қызметiне қатысатын барлық инвесторға тиiмдi. Ресми деректерге сүйенсек, Macquarie қаржылық тобының қаржылық қауқары (акционерлiк капиталы) 36 млрд. еуроға (49 млрд доллар) тең. Энергетика, телекоммуникация, сумен қамтамасыз ету, көлiк саласындағы инфрақұрылымдарға қаржы салатын Macquarie Британия, Германия, Португалия, Корея, Жапония мен Оңтүстiк Африка, Швеция, Канада, Италия, Бельгия, Дания, АҚШ, Франция, Нидерландтар мен Австралияда қызмет етедi. 2007 жылдың тамызында австралиялық Macquarie мен Renaissance Capital өзара ықпалдастық шеңберiнде қорларды басқару жөнiндегi бiрiккен кәсiпорнын құрған болатын. Инфрақұрылымдық жобаларды таразыға тартуға қатысты кеңестер беретiн бұл кәсiпорын ТМД елдерiне бағытталған. Шеттен инвестиция тартуға қабiлеттi де тиiмдi Орталық Азия мен ТМД кеңiстiгiне енуге мүдделiлер қатары көбеюде. Внешэкономбанк Басқарма төрағасы Владимир Дмитриев тараптардың серiктестiкке, ынтымақтастыққа мүдделi екендiгiн мәлiмдедi. Ал Еуразиялық Даму банкiнiң Басқарма төрағасы Игорь Финогенов Қазақстандағы даму құрылымдарын басқарушы "Қазына" тұрақты даму қоры" АҚ мен Внеэшэкономбанктың Macquarie Renaissance Infrastructure Fund жұмысының нәтижелi де жемiстi болуына үлес қосады деп үмiттенетiнiн жеткiздi. Ал жаңадан құрылған қордың Басқарма төрағасы Паола Алмейда ТМД кеңiстiгiндегi қордың назарына қазiрдiң өзiнде бiрқатар инфрақұрылымдық жобалардың ұсынылғанын көлденең тартты.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары