"ҚАЗСАТТЫҢ" АҚЫРЫ

"ҚАЗСАТТЫҢ" АҚЫРЫ

"ҚАЗСАТТЫҢ" АҚЫРЫ
ашық дереккөзі
283

Ғарышқа құны 65 млн. доллар тұратын темiр-терсек ұшырыппыз

65 млн. доллар тұратын "ғарыштық жобаның" – "Қазақстанды ғарыштық мемлекетке" айналдыратын жобаның нәтижесi осы ма? Он шақты күн бұрын елiмiздiң алғашқы жер серiгiнде борт жүйесiнiң iстен шығуына байланысты онымен байланыс бiржола үзiлдi…

Ал кеше "Қазcаттың" ғарышқа ұшырылғанына тұп-тура екi жыл толды…

…бәрiн басынан бастап сараптап көрелiк. Қазақстанның алғашқы жер серiгiн жасау 2003 жылдан бастап қолға алынған болатын. Осы жылдан бастап спутник жөнiнде ресейлiк компаниялармен келiссөздер жүргiзiле бастады. "Газком", "Энергия" кәсiпорындары, М.Хруничев атындағы мемлекеттiк ғарыштық орталығы арасында тендер жүргiзiлiп, нәтижесiнде М.Хруничев атындағы ғылыми орталық осы жобаға ие болды. Шындығын айтқанда, осы уақытқа дейiн бiр де бiр жер серiгiн жасап көрмеген орталық, "2005 жылдың iшiнде-ақ ғарыштық құрылғыны пайдалануға беремiз" деп уәде еттi. Әрине, мұның құр дабыра екенi кейiн белгiлi болды. Өйткенi жер серiгi 2006 жылы дайын болып, қайта-қайта тексеруден өткен соң да, ғарышқа ұшырылу мерзiмiнiң өзi бiрнеше рет кейiнге қалдырылды. "Қазсат" 2006 жылдың 18 маусымында әйтеуiр ұшырылды-ау.

"Қазсаттың" ғарышқа ұшырылу сәтiн екi елдiң президентi – В.Путин мен Н.Назарбаев бiрге бақылады. "Қазсат" кемi 12 жыл қызмет етедi делiндi.

2005 жылы Қазақстан Үкiметi мен Ресей үкiметi "Қазсат" жер серiгiн жасау жөнiндегi әрiптестiк туралы келiсiмге қол жеткiздi. Ахметовтiң үкiметi республиканың шетелдiк спутниктiк операторлар қызметiн пайдалануға жылына 20 млн. доллар жұмсайтынын алға тартып, салыстырмалы түрде алғанда, 65 млн. долларға спутник сатып алу арзан екенiн айтып, ақталғандай болды.

"Арзанның жiлiгi татымас" дегенге үкiметтегiлердiң көзi ендi жетiп отырған шығар.

"Қазсатты" жасау барысында ресейлiк "Монитор-Э" ғарыштық аппартының базалық мүмкiндiктерi есепке алынған. М.Хруничев атындағы мемлекеттiк ғарыштық ғылыми-өндiрiстiк орталығы үшiн де ғарыш спутнигiн жасау соны жоба болғаны мәлiм.

Ресейлiк компаниямен келiсiм-шартқа отырған Қазақстан геостационарлық орбитада байланыс пен телехабар тарататын аппарат сатып алды. Шын мәнiнде, бұл жерде өзiмiздi "ғарыштық мемлекет" санаудың еш ретi жоқ едi. Өйткенi, ғарыштық аппарат түгелiмен Ресейде, ресейлiк мамандардың қолымен жасалып, бiз тек дайын тауарға ие болдық. Әрине, Д.Ахметовтiң үкiметi қол қойған келiсiмшартта "ғарыш спутнигiн жерден басқару мамандарын даярлау" талабы көрсетiлгенiмен, әлi күнге дейiн жер серiгiн басқару тетiктерi Мәскеуде.

Мамандардың айтуынша, "Қазсаттың" ақауы көп екенi алғашқы жылы-ақ белгiлi болған. Алғашқы олқылықтар биылғы жылдың басында анықталды. 17 сәуiрде жер серiгiнiң дыбысы 10 сағатқа жоғалып кеттi. Әйтеуiр, ресейлiк мамандар араласып, олқылықты жөндегендей болды. Сол кезде "мұндай-мұндай болып тұрады, оған адамдар кiнәлi емес" деген әңгiме айтылды.

Шын мәнiнде, Қазақстанның барлық аймағын қамтуы тиiс "Қазсат" Индонезияның шығысына таман орбитада "қалықтап" тұрды. "Қазсат" орбитаға бағыт алысымен, "Мегаполис" газетiне берген сұхбатында бұрынғы көлiк және коммуникация министрi Серiк Бүркiтбаев "Қазсат" – өткен ғасырға шегiнiс" деп мәлiмдедi.

Қазақстан бұған дейiн Үндi мұхитының үстiнде ұшып жүрген Intelsat жер серiктерiнiң қызметiн пайдаланып келдi. Ендi "Қазсат" iстен шыққаннан кейiн қайтадан шетелдiк жер серiктерiнiң қызметiне жүгiнуге мәжбүр. Серiк Бүркiтбаевтың сөздерiнен үзiндi келтiрсек, "Неге қазiр екiншi жер серiгiн жасауға асығуда? Бұл эксперимент. Егер Хруничев ғарыш орталығы осымен жүзiншi жер серiгiн жасап, (ал олар тек бiрiншiсiн жасап шығарды), ал Қазақстан 25 жыл бойы өз жер серiктерiн ұшырып жатқан болса, оң нәтиже күтуге болар едi. Бұл жер серiгi, Құдай қаласа, орбитаға шығып, екi жылдай жұмыс iстесiн, өзiн көрсетсiн. Осыдан кейiн ғана әрi қарай жоспарлап, жұмыс iстеуге болады. Ал бiздi қазiр неге асықтырып жатыр? …Алғашқы жер серiгiн ұшырып, талпыныс жасап көредi де, оны тезiрек ұмытуға тырысады. Ол тiптi болмағандай. Тағы да дабыра, шу, екiншi жер серiгiн ұшырады. Бәрiнiң назарын басқа жаққа аударады. Өйткенi, түсiнiктi ғой, бұл жер серiгi ешкiмге керек емес. Ал Елбасына бiздiң жер серiгiмiз басқа мемлекеттердiң қажетiне жарауы мүмкiн деп ақпарат берiп жүрген кiм? Бiздiң жер серiгi қандай елдерге керек болуы мүмкiн? Индонезияға ма? Мүмкiн…".

Бүркiтбаевтың сөздерi айдай келдi. "Қазсат" бар болғаны екi жыл ғана жұмыс iстедi. Яғни, бұл жоба туралы күмән айтқандардың күдiгi расқа шықты деген сөз.

Қазақстанды ғана емес, көршi елдердi де (Қырғызстан, Өзбекстан) спутниктiк байланыспен қамтамасыз ете аламыз деп күпсiнген шенеунiктердiң ендi үнi шықпайды. Неге? Өйткенi, "Қазсат" ғарыштағы бастапқы нүктесiнен ауытқып, орбитада қалықтап ұшып жүр. ҚР Ұлттық ғарыш агенттiгiнiң төрағасы Талғат Мұсабаев "Қазсатты" iске қосу талпыныстары сәтсiз болғанын мәлiмдедi.

Бiр қызығы, технологиялық құжаттардың бәрi Ресейде сақталуда. Басқаша айтқанда, бiздiң мамандардың жағдайды реттеуде "аяқ-қолы байлаулы". "Болжап айтатын болсақ, жер серiгiн қалыптасқан жағдайдан шығару үшiн жасалған талпыныстар нәтижесiз, жер серiгi Сколководан берiлген бұйрықты да, Ақкөлден берiлген бұйрықты да қабылдамайды" – дедi Т.Мұсабаев.

Ендi "Қазсатты" құтқарудың бiр ғана жолы бар: күзден бастап жер серiгi орбитаның көлеңкелi тұсына шығады. Яғни, қыркүйек-қазан айларында жер серiгi көлеңкеге түссе, қуаты азайып, борт жүйесi бiржола iстен шығуы мүмкiн. Сол кезде мамандар жерден басқару тетiктерi арқылы жер серiгiнiң бағытын өзгертiп, 103 градус "нүктесiне" қайта оралтуға тырысады. Ғарыштық державаға айналуды көздеген Қазақстанның ғарыш кеңiстiгiнде жер серiгiн қоятын "нүктесi" де жоқ екен. Мәскеу бiзге "Қазсат" уақытша мекен ететiн "нүктенi" 15 жылға уақытша тегiн берiптi-мыс.

Мұсабаев "спутниктi басқару тетiгi iске қосылмаса, одан бiржола айрылуымыз мүмкiн" дейдi. Сонда ғарыш кеңiстiгiне құны 65 млн. доллар тұратын темiр-терсек жiбергенiмiз бе?

Астананы қайдам, Кремль Хруничев орталығының жұмысына өте ырза болса керек. Былтырғы жылы ақпан айында сол кездегi президент Путин аталмыш орталыққа ракеталық-ғарыштық өнеркәсiптiң төрт отандық кәсiпорнын қосақтап бердi. Олар: "Воронеж механикалық зауыты", "А.М.Исаев атындағы химия машина жасау құрастыру бюросы", "Длина" құрылғысын жасау жөнiндегi мәскеулiк кәсiпорын", "Полет" өндiрiстiк бiрлестiгi. Осылайша, Ресей Хруничев орталығының негiзiнде аса iрi ғарыштық холдинг жасау әрекетiнiң үстiнде.

Ресей 2015 жылға дейiн ракеталық-ғарыштық өнеркәсiптi дамыту стратегиясын қабылдаған. Бұл кезеңге дейiн Ресейде ғарыштық саланы 3-4 iрi корпорация қолына алмақ.

Қазақстанда да ғарыштық дамудың 2005-2007 жылдарға арналған бағдарламасы болды. Өкiнiшке қарай, оның нәтижесiнiң қандай болғанын көрiп отырмыз.

Екiншi "Қазсат" iске қосылып, ғарышқа ұшырылмайынша, Қазақстан өзiнiң ақпараттық қауiпсiздiгiн қамтамасыз еттi деп айтуға ерте. Сонда ғана қазақстандық операторлар қазақстандық жер серiгiне қосылуы мүмкiн.

Хруничев орталығымен жасалған келiсiмге сәйкес, "Қазсат-2" жер серiгi жасалып, келесi жылы ғарышқа ұшырылуы тиiс болатын. "Қазсаттың" мүшкiл халiнен кейiн "Казсат-2"-нiң тағдыры да қыл үстiнде тұр. Кейбiр деректерге қарағанда, екiншi "Қазсатты" жасауға бюджеттен ақша бөлiнiп қойылған, тiптi ресейлiк компания есеп-шотына түсiп те үлгерген деседi.

Ал Мұсабаевтың айтуынша, ендi "Қазсат-2"-нi жасау үшiн Франция, Канада елдерiнiң фирмалары шақырылмақ.

Қазақстанның Ресеймен бiрлесiп жасаған ғарыштық жобалары бiрнешеу. Олардың iшiнде жердi алыстан бақылау зерттеу аппараттарын жасау, "Бәйтерек" ресейлiк-қазақстандық бiрлескен жобасы да бар. "Бәйтерек" жобасы бойынша Байқоңырда "Ангара" ракета тасымалы кешенi жасалмақ. "Ангара" қайта-қайта қазақ жерiне құлай берген "Протонның" орнын басуы керек.

Тағы бiр жоба – "Есiл" деп аталады. Ол салмағы небәрi 150 кг. болатын азаматтық мақсаттағы кiшi жер серiктерiн ғарышқа жiберуге арналған. Бiр қызығы, мұндай жоба Ресейдiң өзiнде де жоқ екен. Оларды ғарышқа ұшыру үшiн МиГ-31 әскери ұшағы пайдаланылмақ. МиГ-31 ракетаны қажеттi биiктiкке жеткiзiп, сол жерден ғарышқа ұшырады. Бұл жоба осы жылдан бастап iске асуы керек.

"Қазсаттың" қайғылы тағдырына сәйкес, ендi болашақ ғарыштық жобалардың бәрiн қайта қарау керек. "Росғарыш" әу бастан-ақ "Қазсатты" әлдебiр әскери спутникпен бiрге ұшыруды жоспарлаған. Немесе федералды ғарыштық аппаратпен қоса ұшыру да қарастырылған. Бiрақ "Протон" "Қазсатты" ғарышқа жеке алып шықты ма, әлде қосымша жүк ретiнде ресейлiк аппаратты да тасымалдады ма – анықталмаған күйi қалды.

Үкiмет алғашқыда жер серiгi өз құнын 2-3 жылда ақтайды десе, кейiнiрек Бiлiм және ғылым министрлiгiнiң жанындағы Аэроғарыш комитетi "Жоба өзiн 6-7 жылда ақтауы мүмкiн" деп түзеттi. "Болжамшылардың" iшiнде "Қазсат" әуелi екi жыл жұмыс iстесiн, сосын көремiз" деген Бүркiтбаевтың сөздерi ғана расқа шықты.

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары