ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ - YКIМЕТТЕН КӨМЕК

ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ - YКIМЕТТЕН КӨМЕК

ҮЛЕСКЕРЛЕРГЕ - YКIМЕТТЕН КӨМЕК
ашық дереккөзі
296

Үкiмет үлескерлерге көмектесетiн болды. Құрылыс компанияларына тиесiлi нысандар көп кешiкпей пайдалануға берiлуi тиiс. Ал қарапайым халықты алдап кеткен алаяқтарды табуды Президент тиiстi органдар мен Министрлер кабинетiне қатаң тапсырды.

Елiмiзде соңғы кездерi ушыға түскен үлескерлер дауы апта басында Елбасы мен Үкiмет мүшелерiнiң кеңейтiлген отырысында көтерiлдi. Президент Үкiметке алаяқ компанияларға алданып қалған үлескерлерге мемлекеттiк деңгейде көмек көрсетудi тапсырды. Бұдан былай үлескер ағайынды сазға отырғызып кеткен кiнәлiлердi Министрлер кабинетi мен құқық қорғау органдары анықтап, заң алдында сазайларын тартқызбақ. Ал құрылыс компанияларына деген сенiм мен кепiлдiктi күшейту үшiн отандық банктерге қойылатын талаптарды заң жүзiнде бекiту мәселелерi қарастырылуда. Бұған дейiн Үкiметтен араша сұраған үлескерлер өздерiне мемлекеттiк деңгейде көмек көрсетiлмесе, өздерiн үйсiз қалдырған компаниялар жауапкершiлiкке тартылмаса, халықаралық ұйымдарға шағынатындықтарын және саяси баспана сұрайтындықтарын айтқан болатын. Апта басындағы кездесуде Назарбаев үлескерлiкке қатысты дауды у-шусыз шешу керектiгiн айтты. Билiк алаяқтардың кесiрiнен көптеген адамның зиян шегуiне байланысты заңды шараларды қолдануға бекiндi. Әрине, құрылыс нысандарын салатын компанияларды өздерi тауып, оларға ақшаларын өз ерiктерiмен бергендердiң проблемасын шешуге мемлекет мiндеттi емес. Бiрақ қаншама қандастың көз жасына жiбiмеу тағы қиын. Үйсiз қалған үлескерлер саны әсiресе, Алматы мен Астанада көп (құрылысы бiтпей, талайды титықтатқан нысандардың 95 пайызы — Алматы мен Астанада). Елордадағы 18 нысанға ақша салған 4558 азамат мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаржының көмегiмен, "өз үйi — өлең төсегiне" қол жеткiзбек. Ал Алматыдағы ахуалға қатысты айтсақ, қала әкiмi қаңтарылып қалған құрылыс нысандарын өзi аралап көрiп, бюджеттен бөлiнген қаражат арқылы шешудi жоспарлап отырған көрiнедi. Бұл тұрғыда осы құрылыс саласының майын iшкен мамандардың да айтары бар. Өз ұсыныстарын билiкке әлдеқашан жолдап қойған. Олар қордаланып қалған қиындықты шешудiң тиiмдi жолдарын қарастыруда.

Былтыр әлемдiк қаржылық дағдарыстың отандық нарыққа тигiзетiн зиянынан қауiптенген Үкiмет республикалық бюджеттен шағын және орта кәсiпкерлiкке, банк жүйесi мен құрылыс компанияларына 4 млрд. доллар көлемiнде қаржы бөлуге шешiм қабылдағаны белгiлi. Бiрақ мемлекеттiк көмекке кез келгеннiң қолы жеткен жоқ. Ресми деректерге сүйенсек, Астанадағы құрылысы аяқталмаған 112 нысанның небары 30-ы, ал Алматыдағы 200 нысанның 14-i ғана мемлекеттiк комиссияның сынынан сүрiнбей өткен. Сонымен қатар, қаражаттың бiрден бөлiнбеуi, несиелiк пайыздық көрсеткiш көлемiнiң үлкендiгi, дайын болған пәтерлердiң бiрден саудаға түсiрiлмейтiндiгi құрылыс компанияларының көңiлiне күмән ұялатқан көрiнедi. "Қазына" тұрақты даму қорынан құрылыс компанияларына берiлетiн несие 16-18 пайыз аралығында. Бұл көрсеткiш құрылыс нысаны тұтынуға берiлгенше, 32-36 пайызға дейiн өседi екен. Компаниялардың көпшiлiгi өте үлкен көлемдегi несие алуға аса құлықты емес. Пәтер мен үй бағасы арзандағалы жылжымайтын мүлiк нарығында баға тұрақтана бастағаны белгiлi. Осы себептi, компаниялар кiрiс емес, шығыстың артып кетуiнен қорқады. 2007 жылдың соңында қазақстандық құрылыс компаниялары инвестиция тартудың тиiмдi жолдарын табумен әлек болса, бүгiнде үлескерлер алдындағы ғана емес, банктер мен "Қазына" алдындағы қарызын қалай өтерлерiн бiлмей дал. Мемлекеттiк бюджеттен бөлiнген қаражатты алуға асықпауларының басты себебi — осы. Мүдделi тараптар — құрылыс компаниялары үлескерлерге берiлетiн несиенiң пайыздық көрсеткiшiн төмендету арқылы ипотеканы жолға қою туралы Үкiметке ұсыныс айтты. Кейбiр құрылыс компанияларының өкiлдерi "банктер мен компанияларға қаражат бөлудiң қажетi жоқ, керiсiнше, үлескерлер арқылы шешкен жөн" деген ұстанымда. Халықаралық тәжiрибеде кеңiнен қолданылатын бұл тәжiрибенi Үкiмет сiрә, жүзеге асыратын шығар. Өйткенi, сейсенбi күнгi отырыста Президент Н.Назарбаевтың Министрлер Кабинетiне пәрмен беруi тегiн емес. Оның үстiне, Қазақстандағы инфляция деңгейiнiң күтпеген жерден күрт өсуi де қаржы саласымен бiрге құрылыс саласына айтарлықтай зиянын тигiзген.

Негiзi несие түрiндегi мемлекеттiк жеңiлдiк 5-8 пайыз көлемiнде болуы тиiс. Қазiргi кезде тұрғын үй нарығындағы пайыздық көрсеткiш 16 пайыз болса, үкiметтiк көмектен кейiн 8-11 пайызға дейiн төмендетiлуi керек. Мамандар iргетасы да қаланбаған немесе құрылысы ендi басталған нысандарға ақша салған азаматтарға басқа үйлерден пәтер қарастыру керектiгiн айтады. Есесiне, үлескерлер көп шоғырланған нысандарды тұтынуға беруге асығу қажет. Сарапшылар қауымы үлескерлер дауын шеше отырып, құрылыс компанияларына және қазақстандық екiншi деңгейлi банктерге жағдай жасауға болатынын айтады. Бұл дегенiңiз, жалпыэкономикалық қиындықтарды оңтайлы шешу болып табылады.

Шын мәнiсiнде, көп банктерде ипотекалық несиелеу тартымдылығын жоғалтқан жоқ. Бiрақ мамандар жылжымайтын мүлiк нарығындағы тұтынушылық сұраныс пен ұсыныс арасындағы баға алшақтығы азайған кезде ипотекалық несиелеуге деген тапсырыс деңгейiнiң жоғарылайтынын айтады. Әзiрге қымбат үйлердi саудаға салғандар бағаның көтерiлуiн күтiп отырса, үй сатып алатындар керiсiнше, үйдiң арзандай түскенiн қалайды. Болжам бойынша, күздiң ортасына қарай тұтынушылық сұраныс пен тапсырыс арасындағы алшақтық қысқарып, баға белгiлi бiр деңгейге тұрақтанады. Бiрақ үйдiң осыдан бiрнеше жыл бұрынғы қалпына келуiн, яғни, тым құнсыздануын күту — жаңсақтық. Банкирлер қауымы эконом-класқа жататын үйлердiң әр шаршы метрi 1,5 мың доллар, ал бизнес-кластағылардың 2 мың доллар (әр шаршы метрi) болатынын айтады. Әрине, бұдан қымбаттау болуы да әбден мүмкiн.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары