ҚАЗАҚСТАН. ӘЛЕМ. ТАБИҒИ ГАЗ

ҚАЗАҚСТАН. ӘЛЕМ. ТАБИҒИ ГАЗ

ҚАЗАҚСТАН. ӘЛЕМ. ТАБИҒИ ГАЗ
ашық дереккөзі
324

Орталықазиялық аймаққа тиесiлi энергоқор жолындағы күреске саяси сарын араласқалы қашан! Өткен аптада Вашингтонда ресейлiк энергетикалық саясатты талқыға салған америкалық сенаторлар мен саясаттанушылар посткеңестiк елдердегi, әсiресе, табиғи байлығы мол Орталық Азиядағы Кремльдiң ықпалын әлсiретудi халықаралық деңгейде жүргiзу керектiгiн айтып, дабыл қағуда. Олар ең алдымен қазақ, түркiмен, өзбектiң энергетикалық қорын еуропалық нарыққа жеткiзудiң Ресейден басқа балама жолдарын табу керектiгiн айтады.

Америкалық сенаторлар Ресейдiң еуропалық кеңiстiкке қатысты жүргiзiп отырған энергетикалық саясатын сарапқа салды. АҚШ Конгресiнiң Халықаралық қатынастар жөнiндегi комитетi ұйымдастырған "Мұнай, олигархтар мен Орталық Азияның энергетикалық қорын Еуропаға жеткiзудiң баламалы жолдары" атты тақырыпқа пiкiрталаста комитет төрағасы Джозеф Байден Еуропада орын алған пiкiр қайшылығын өз пайдасына тиiмдi пайдаланып отырғанын, күн тәртiбiне шыққан "энергетикалық қауiпсiздiк" мәселесiне байланысты ортақ жоспар құруға кедергi келтiруге тырысатынын айтты. Кеңеске қатысқан әлемге танымал саясаттанушы Збигнев Бжезински Орталық Азия елдерiнiң көмiрсутегiлердi батыстық нарыққа бағыттауда өз бетiнше әрекет етуiне және тасымал жолдарын көбейтуiне мүдделi еместiгiн, тiптi, ретi келсе, кедергi жасауға тырысатынын мәлiмдедi: "АҚШ Үкiметi кешендi энергетикалық саясатты түзiп, еуропалық мемлекеттердiң Ресейге қатысты ұстанатын ортақ саясатын қалыптастыруға көмектесуi тиiс". Америкадағы күзде өткiзiлетiн президенттiк сайлау нәтижесiнде Батыс, АҚШ пен Ресей арасындағы қатынастарға игi әсер ететiнiне тоқталған Бжезински "қара алтын" мен "көгiлдiр отынды" тасымалдау жолдарын диверсификациялау қажеттiлiгiн айтты.

Халықаралық сарапшылар мен саясаткерлердiң посткеңестiк кеңiстiкте кремльдiк ықпалды бәсеңдетуге ұмтылуы тегiн емес. Әр мемлекет нарықтық қатынастармен бiрге ұлттық қауiпсiздiк пен мемлекеттiк тұтастыққа келетiн зиянға алаңдайды. АҚШ-тағы Гудзон институтындағы Еуразиялық саясат бағдарламасының жетекшiсi Зейно Баранның пiкiрiнше, еуропалық нарыққа бағытталатын энергоқорлар тасымалының балама жолдарын табу және Еуропаның ресейлiк газға деген тәуелдiлiгiн әлсiрету америкалық ұлттық қауiпсiздiк үшiн аса маңызды: "Орталықазиялық-еуропалық энергетикалық құбыр құрылысын iске асыруда АҚШ маңызды рөл атқаруға мiндеттi. Өйткенi, Ресей Еуразия, Қара теңiз жағалауы мен Балтық жағалауы елдерiне үстемдiк ету құқығын қайта қалпына келтiруi мүмкiн. Бұл дегенiңiз — еуропалық ынтымақ пен трансатлантикалық байланыстарға төнген қауiп". Кеңеске қатысушылардың пiкiрiнше, орталықазиялық аймақтың көмiрсутегiлерiн тасымалдайтын құбырды Қап тауының етегi арқылы тарту өте тиiмдi екендiгiне еуропалық шенеунiктердiң көзiн жеткiзу қажет. Сонымен қатар ресейлiк энергетикалық саясатқа қатысты мәселенi шешу жолдарын Еуропалық Одақпен бiрлесе шешу маңызды.

Сенаторлар талқыға салған энергоқор мәселесiн өткен аптада түрiк кәсiпкерлерi де қозғады. Вашингтондағы конференцияда Түркияның өндiрiсшiлер мен iскер адамдар қауымдастығының (TUSIAB) өкiлдерi америкалық әрiптестерiмен бiрге Қара теңiз бен Каспий теңiздерi аймағындағы энергетикалық қауiпсiздiк пен тұрақтылықты қамтамасыз етудiң тиiмдi жолдарын қарастырды. TUSIAB жетекшiсi Арзухан Доған Ялчындағ Ақ Үйдiң Орталық Азия iстерi жөнiндегi өкiлi Дэниель Фридпен кездесiп, Каспий аймағындағы энергоқорды әлемдiк нарыққа шығару жайында пiкiр алысты. Анкара Nabuccо газ құбырын неғұрлым тезiрек iске қосуға мүдделi. Бiрақ табиғи газға бай түркiмендерге сөзiн өткiзе алмай шаршап жүр. Жыл басынан берi бiр емес, бiрнеше рет мемлекеттiк деңгейде кездесулер өткiзген түрiк премьерi Ердоған Бердiмұхамедовтi Nabucco жобасын қолдауға шақыруда. Nabucco — АҚШ пен Батыс басымдық берiп отырған газ құбыры. Ресейдi айналып өтетiн құбыр еуропалық тұтынушылардың орыс газына деген тәуелдiлiгiн төмендетуге септiгiн тигiзедi. Украина газ бағасын қымбаттату арқылы саяси тұрғыда қысым жасауды көздейтiн Мәскеуден Еуроодақ та шынымен запы болды. Өйткенi, Киев Кремльдiң кесiрiнен "көгiлдiр отыннан" бiрнеше рет тапшылық көрсе, батыстықтардың да шекесi қызып тұрған жоқ. Есесiне, еуропалық нарыққа дендей енем деп ұмтылып, еурошенеунiктерден маңдайы ендiгi тасқа тиген "Газпром" бүгiнде басқа тұрмақ, африкалық нарықты да жаулап алуға белсене кiрiстi. Бұдан ұтылатын — ЕО мен АҚШ. Сол себептi, РФ тарапынан болатын кез келген көмiрсутегiлiк жобалар мен ұсыныстарға кедергi жасауға жанталасатын ЕО мен Америка Мәскеудiң ықпалын әлсiретуге мүдделi. Мысалы, өткен аптада Польша Балтық теңiзiнiң түбi арқылы өтетiн Nord Sream ("Солтүстiк ағын") газ құбырын ұлттық мүдделерiне қайшы келетiндiктен, салуға рұқсат бермей отыр. Поляк билiгi құбыр салынған күннiң өзiнде құбырды қаржыландыру процесiне Еуропалық инвестициялық банк (ЕИБ) қатысуы керек деген ұстанымда. Польшаның ЕИБ-те акциялық үлесi барын ескерсек, ресми Варшаваның көмiрсутегiлердi тасымалдаудан түсетiн пайдадан қағылғысы келмейтiнiн аңғару оңай. Оның үстiне, "құбыр iшкi нарықтағы газ бағасының өсуiне, экологиялық ахуалдың нашарлауына және Еуропалық Одаққа "көгiлдiр отынды" тасымалдау тұрақтылығына керi әсер етуi әбден мүмкiн" (Польша премьерi Дональд Туск). "Солтүстiк ағынға" тосқауыл болуға тырысқан Варшава Балтық жағалуы елдерi мен Польша территориясы арқылы өтетiн "Ямал-Еуропа" және "Янтарьлық құбыр желiсiн" салуды жоспарлауда.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары