АДАМ РУХЫН ТӘРБИЕЛЕЙТIН ӘСКЕРИ ӨНЕР

АДАМ РУХЫН ТӘРБИЕЛЕЙТIН ӘСКЕРИ ӨНЕР

АДАМ РУХЫН ТӘРБИЕЛЕЙТIН ӘСКЕРИ ӨНЕР
ашық дереккөзі
350

Рухы мықты жiгiт, рухы мықты халық деп жатамыз әдетте. Ал, осы рухты қалай қалыптастырады адам бойында? Мiнездi, қайсар, тайқымайтын, омыртқасы түзу, сертке берiк адаммен кез келген адам санасады, мықтылығын мойындайды. Рух бiздiң пайымдауымызша қанмен, тәрбиемен берiледi.

Жақында Алматыда Кендо және Иайдо федерациясында болдық. Федерацияның арнайы спорт клубында самурайлардан қалған әскери өнердiң қыр-сырымен таныстырды. Ауыр жарақаттан қорғайтын киiмдерi де өзгеше. Семсерлесудiң ерекше сырын осы жерден түсiнуге болады. Спорттағы семсерлесуден мүлде бөлек. Бұл жерде соққы күшi мен жылдамдыққа басты назар аударылады. Ал осы самурайдан қалған өнердiң құдыретi неде? Ол қазақ ұлты үшiн не бередi?

Кендо және Иайдомен айналысатындар өжеттiктi, батылдықты бойына сiңiредi. Қарсыласқа бiрден семсер суыру қажет емес. Әуелi көзқарасыңмен, тұрған тұрысыңмен, өр кеудеңмен жеңуiң керек. Бұл – самурайлардың әскери философиясы. Қарсыласыңды семсер суырмай тұрып-ақ жеңуiң керек. Сол үшiн де бұл жауынгерлiк өнермен айналысатындар сағаттар бойы тынымсыз жаттығады. Қай уақытта да олар үшiн рух бiрiншi, күш екiншi кезекте тұрады.

Кендо және Иайдо клубының директоры Виктор Трусов 6 жыл бойы арнайы Жапонияға барып, осы әскери өнердiң қыр-сырын меңгерiптi. Қазiр Алматыда рухын тәрбиелегiсi келген жастарды жаттықтырады. "Каспийский Банк" АҚ Директорлар кеңесiнiң төрағасы Вячеслав Ким осы федерацияның президентi. Ол кiсi де осы әскери өнердiң құпиясын бойына сiңiрiп жүрген жан.

"Әуелi рухыңмен жеңiп, жауыңның сағын сындырып барып қылыш суыру керек" деген жапон философиясы – қазаққа да керек философия. Рухы мықты ұлттың болашағы да зор.

Рухы мықты халықтан жауы да тайсақтайды. Тамыз айында Алматыға осы өнердiң ғұлама бiлгiрi Акира Кюба келмекшi. Атағы алысқа кеткен, 8 дан иесi Акира Кюбаның өнерiн тамашалайтын да күн алыс емес.

Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары