ТЕЛЕСАЯСАТ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ САЙ БОЛСА

ТЕЛЕСАЯСАТ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ САЙ БОЛСА

ТЕЛЕСАЯСАТ ҰЛТТЫҚ МҮДДЕГЕ САЙ БОЛСА
ашық дереккөзі
288

Қазақстанның электронды ақпарат әлемi жаңа дәуiрдiң алдында тұрған сияқты. Қазiр телеарна саласында соны жаңалық көп. Дұрысы — жаңалықтың алдынан жел тұрғызған қап-қап сөз көп. "Қоғамдық телеарна" құрамыз деген сөз қоғамдық пiкiрдi бiраз дабырлатып, әрең басылды. Ендi "Ел арна", "Қазақстан" телеарналарын түбегейлi өзгерiстер күтiп тұр.

Телеарналарға қатысты мемлекеттiк саясат туралы "Түркiстан" газетi бiраз мәселе көтердi. "Жүйелi сөз жүйесiн табар, жүйесiз сөз иесiн табар" демекшi, көңiлге қонымды сөзiмiз жоғарғы билiк тарапынан қолдау тапқанына қуаныштымыз. Елбасының қазақтiлдi баспасөз басшыларымен кездесуiнде ақпарат кеңiстiгiн қорғау мәселесi де айтылды. "Түркiстан" газетiнiң бас редакторы Ш.Паттеев осыған орай былай деп сұрақ қойған едi:

— Ақпарат кеңiстiгiнiң қауiпсiздiгi — ұлттық қауiпсiздiк мәселесi. Бiрақ қазiргi таңда республикадағы беделдi электронды ақпарат құралдарының денi — орыстiлдi. Бiрқатар телеарналар ресейлiк арналардан ретрансляция жасау арқылы эфирдi толтыруды әдетке айналдырған. Шетелдiк өнiмдi сол қалпында халыққа ұсыну — болашақта ұрпақ тәрбиесiне, мемлекеттiк идеологиямызға төнген қауiп емес пе?

— Бұл мәселелердiң барлығы тиiстi заңда көзделген. Заң талабын сақтау керек. Қазақ тiлiндегi хабарлары эфирдiң жартысына жетпейтiн арналар болса, олар заңды бұзушылар ретiнде қаралуға тиiс. Заң бұзуға қолданылатын тетiктер ойластырылған. Мәселенi елу де елу пайыз деп те қоюға болмайды. Қазақ жерiнде, қазақ елiнде қазақ тiлiндегi хабарлардың үлес салмағы мұнан әлдеқайда артық болуы керек. Оны қазiргiдей түнгi концерттердiң есебiнен шешiп жүрген арналардың басындағы азаматтардың арына сын бұл. Қазақ тiлiндегi хабарлар жұрт көп көретiн, прайм-тайм делiнетiн уақыттан көбiрек орын алуына ұмтылу керек (астын сызған бiз — Г.О.).

Бiрақ мұны бұйрық беру, әмiр ету жолымен шешу жөнсiз. Қазiргi ақпараттық технологиялар мен интернет елдiң басқа арналарға бұрылып кетуiне әкеп соқтырады. Бұл арада мәселенiң мына жағын да ескеруге тура келедi. Сол прайм-таймға көшiрiлген қазақша хабарлар қызықсыз, тартымсыз шығып жатса, көрермен қолындағы пульттiң бiр нүктесiн басып қалады да басқа арнаға, көбiне шетелдiк арнаға ауысып кетедi. Онан бiздiң тек ұлттық мүддемiз ұтылады. Сондықтан қазақ тiлiндегi теледидар хабарларының бәсекеге қабiлеттiлiгiн арттыру деген ұдайы есте ұстайтын мәселе.

Шетелдiк арналардың бәрiнен шошынта сөйлеу де дұрыс емес. Кейбiр арналар арқылы қаншама тартымды хабарлар көрсетiледi. "Дискавери", "Культура", "История" сияқты арналардың танымдық құндылығы ерекше жоғары. Өзiмiзде ондайлар жоқ. Елдiң бiлiмiн көтеретiн, көп мағлұмат беретiн сол арналардан үйренуiмiз керек. Бара-бара ондай тақырыптық арналарды бiз де ашатын боламыз. Мен жақында "Жас Отан" жастар қанатының съезiнде қазiргi "Ел арнаның" негiзiнде мәдениет, спорт және жастардың рухани-имандылық құндылықтары мәселелерiне арналған телеарна құру туралы мәселенi шешудi тапсырдым, — дедi Елбасы.

Осы мәселе Мәдениет және ақпарат министрлiгiнде де талқыланды. Министр Құл-Мұхаммед Ұлттық телеарналар орталығын құру керектiгiн баса айтты. Онда "Қазақстан", "Хабар", "Ел арна", "Сaspionet" телеарналары топтасады. "Еларна" негiзiнде спорт, мәдениет және жастар саясатын насихаттауға арналған Еуроньюс сипатындағы жекелеген арна құру жобасы қаралып жатыр.

Ал, "Хабар" телеарнасының 100 пайыз акциясы министрлiк құзырына өтпек. Бұрынғы қожайындардан "Хабардың" 49 пайыз акциясын сатып алған "Самғау" ендi оның бiрiн қалдырмастан, Үкiметке қайтаруы керек.

Жыл басында Мәдениет және ақпарат министрлiгi "Оқыту телеарнасын" ашпақ болған. Рас, бұл бұрынғы министр Ермұхамет Ертiсбаевтың кезiнде болған әңгiме. Қаңтар айында Ермұхамет Ертiсбаев, Бiлiм және ғылым министрi Жансейiт Түймебаев пен "Қазақстан" РТРК" АҚ басқарма төрағасы Дәурен Әбдiқайымов "Оқыту телеарнасы" жалпыұлттық жобасын жүзеге асыру туралы меморандумға қол қойды. Бұл келiсiмдi жүзеге асыру ендi Мұхтар Құл-Мұхаммедтiң иелiгiнде. Жоба бойынша, "Қазақстан" телеарнасының негiзiнде оқыту-бiлiм беру бағдарламаларын тарату көзделген. Олардың саны әуелi аптасына бiр-екi рет берiлiп, кейiн олардың саны күнiне 2-3 сағатқа көбейтiлуi мүмкiн. Шамасы, бұл шетелдiк "Культура", "Дискавери" сияқты танымдық-бiлiм беру арналарына ұқсайтын шығар. Шын мәнiнде, бұл хабарлар оқушылардың таным көкжиегiн кеңейтiп, олардың бiлiмiн тереңдетуге мүмкiндiк бере ме, жоқ па — ол осы мазмұндағы хабарлардың сапасына байланысты. Жоба ақпан айынан бастап iске асуы керек болатын.

Ертiсбаев: «Тiптi, бiлiм беру саласында арнайы жеке телеарна ашылуы мүмкiн» деген-дi.

Әрине, мұның бәрi әзiрге ой-жоспар ғана. Олардың қалай жүзеге асатынын уақыт көрсетедi. Көңiл жұбанарлығы, соңғы кезде Елбасы да, министр де ұлттық ақпарат кеңiстiгiнiң келешегiн дамыту қажеттегiн ашық айтып жүр. Республика аумағында кабельдiк желi арқылы жүзден астам шетелдiк телеарналар өз өнiмдерiн еш кедергiсiз өткiзiп жатыр. Одан бөлек, "31 арна", "Рахат", "Астана", "НТК", "КТК", "Ел арна", "Хит ТВ" телеарналарының өзi шетелдiк бағдарламалар мен телеөнiмдерге ретрансляция жасап жүр. Бiрақ жатсаналы дайын өнiмдерден бас тартатын уақыт келдi. Ақпараттық саясат ұрпақ тәрбиесiне де, мемлекеттiк идеологияға да ықпал ететiн маңызды сала екенiн ендi ұғына бастағандаймыз. Лайым жақсы ниет жүзеге ассын!

Гүлбиғаш Омарова

Серіктес жаңалықтары