ИНТЕРНЕТ-ЖУРНАЛИСТИКА: БYГIНI МЕН ЕРТЕҢI

ИНТЕРНЕТ-ЖУРНАЛИСТИКА: БYГIНI МЕН ЕРТЕҢI

ИНТЕРНЕТ-ЖУРНАЛИСТИКА: БYГIНI МЕН ЕРТЕҢI
ашық дереккөзі
510

Маусымның 24-iнде Алматыда "Интернет-Альтернатива 2008" атты халықаралық конференция болып өттi. ТМД-да тұңғыш рет өткiзiлiп отырған бұл конференцияның мақсаты – ақпараттық технологиялардың соңғы жетiстiктерiнiң бiрi болып саналатын интернетке халықтың қолын жеткiзудiң оңай жолдарын қарастыру, интернет жүйесiн жетiлдiру және осы салада жұмыс атқарып жүрген үкiметтiк емес ұйымдар мен билiк арасындағы ашық диалогты қолдау. Сондай-ақ, халықаралық деп үкiлеген конференцияға көбiне мәскеулiк мамандар қатысты. Олар Ресейдегi интернет желiсiнiң тарауы жайында сөз қозғай отырып, өз тәжiрибелерiмен бөлiстi.

ИНТЕРНЕТ – БИЛIКТIҢ ЖҰМСА ЖҰДЫРЫҒЫНДА, АШСА АЛАҚАНЫНДА БОЛУЫ ТИIС ПЕ?

Алғашқы секция жұмысы "Мемлекет және интернет" деп аталды. Бұл секциядан ұққанымыз Қазақстандағы интернет жүйесi толығымен билiктiң жұмса жұдырығында, ашса алақанында көрiнедi. Демек, бiздегi заңдық-нормативтiк құжаттар бойынша, интернеттегi кез-келген жазба қатаң қадағаланады. Яғни, жекелеген блогтар БАҚ ретiнде тiркелмесе де, оны жүргiзушi әрбiр адам заңдық шеңберден шықпауы қажет. Егер, бұл шеңбердi жазатайым аттайтын болса, елiмiздiң заңдары бойынша жауапқа тартылады екен. Көптеген сарапшылар дәл бұған көз жұма қарауға болмайтындығын айтады. Яғни, интернеттi пайдаланушылардың бiр бөлiгi — осы блоггерлер екендiгiнде дау жоқ. Және олар қазақ тiлiндегi интернет кеңiстiктiң дамуына зор үлес қосып келе жатқаны да белгiлi. Егер, ондағы әрбiр жазба билiктiң цензурасына iлiгетiн болса, онсыз да қалт-құлт етiп отырған сөз бостандығына тағы да сызат түстi дей берiңiз.

Қазiргi есеп бойынша, Қазақстанның интернет кеңiстiгiнде 4500-5000-дай сайт жұмыс iстейдi екен. Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнiң төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағамбетовтың айтуына қарағанда, олардың тек 2-5 пайызы ғана қазақ тiлiнде ақпарат таратады. Қазiр заң бойынша, үкiметте жасалынып жатқан әрбiр мекеменiң сайтының мiндеттi түрде қазақша нұсқасы болуға тиiс. Бiрақ, соған қарамастан, мемлекеттiк тiлдiң интернеттегi үлес салмағы сын көтермейтiн халде.

Конференцияға "Қазақтелеком" АҚ-ының бас коммерциялық директоры Асқар Есiркегенов, Ақпараттандыру және байланыс агенттiгi төрағасының орынбасарлары Асқар Бишигаев пен Ерлан Дүрмағамбетовтар қатысты. Бiздiңше, бұл адамдарды ресми билiктiң өкiлдерi ретiнде қабылдауға болатын-сынды. Алайда, олардың арасында мемлекеттiк тiлдегi сауалдарымызға жауап беруге ынта бiлдiргенi тек Ерлан Дүрмағамбетов мырза ғана болды. Мәскеулiк әрiптестерiмiздiң бiрi абайсызда "қазақ интернетi" деген тiркестi айтып қалып едi, залдағылар оны "қазақстандық" деп түзеттi. Бiздегi проблеманың өзi осы. Қоғам әлi күнге дейiн қазақтық құндылықтарға мойынсұнғысы келмейдi. "Қазақстандық" сөзiнiң соңында, "орыстiлдiлер" деген тiркес жасырын тұратын сынды. Сол себептi де "қазақ" этнонимiн өзге түгiлi, Қазақстанды уысынан шығарғысы келмей отырған Ресейдiң өзi мойындап отырғанда, бiз оған әлi жатырқай қараймыз.

Сонымен, Қазақстан билiгi интернет аудиториясын кеңейтуге күш салып жатқандығын танытуға тырысты. Қазiргi ресми есепке жүгiнсек, елдегi халықтың тек 10-15%-ы ғана компьютерлiк сауаты бар және интернеттi пайдалана алады екен. Ал, Асқар Бишигаев Ақпараттандыру және байланыс агенттiгiнде "Қазнет" тұжырымдамасы жасалғандығын айтады.

— Осы тұжырымдама бойынша бағдарлама дайындап жатырмыз. Ол 2008-2011 жылдарға арналған. Басты мақсатымыз осы уақыт аралығында, интернеттiң нормативтiк-құқықтық базасын жетiлдiру, — дейдi ол.

Ал, Ерлан Дүрмағамбетов аталған агенттiкте 2006 жылдың қазан айында бекiтiлген "Ақпараттық теңсiздiктi төмендету" деген бағдарлама бар екендiгiн айтады. Оның басты мақсаты — халықтың интернеттегi сауаттылығын арттыру. Осы бағдарлама бойынша, 2009 жылы жалпы халықтың 20%-ын интернетпен қамтамасыз ету көзделген.

Демек, бiздегi интернет-сфераның дамуы тым баяу. Ал, ресейлiктер бұл салада көш iлгерi кеткен екен. "Gallup Russia" медиа зерттеу компаниясы директорының орынбасары Михаил Раибманның айтуына қарағанда, Мәскеу тұрғындарының 60%-ы интернеттi пайдаланады екен, ал 100 мың және одан көп тұрғыны бар қалаларда жүргiзiлген сауалнама қорытындысы бойынша, жалпы Ресей халқының 40%-ы интернетпен етене жақын көрiнедi. Сол себептi де жыл өткен сайын интернетте жарнама беретiн компаниялар саны көбейiп келедi. Мәселен, Ресейдегi барлық жарнаманың 50%-ы телевизия арқылы жүзеге асса, қазiр 2%-ы интернет арқылы берiлетiн көрiнедi. Ал, 2012 жылғы болжам бойынша, интернеттегi жарнаманың деңгейi 6%-ға өседi деп есептелiнген. Тек былтырғы жылдың өзiнде Ресейде 29 миллион рубльдiң жарнамасы интернет арқылы жүзеге асқан. Ал, Қазақстанда интернет жарнаманың 0%-дан көп аспай отырғандығын айтады сарапшылар. Сол секiлдi Қазақстан халқының жалпы қанша пайызы интернет қызметiн пайдаланатындығы да әлi анық емес екен. Оны конференцияға қатысушылардың әртүрлi сан-цифрды көлденең тартуынан байқауға болады.

Сондай-ақ, Ресейде интернет-телевизияның да өзiндiк орны бар көрiнедi. "Вести" телеарнасы директорының орынбасары Асқар Туғанбаев видео хостингтердiң Ресей телеарнасында маңызды рөл атқаратындығын сөз еттi:

— 2006 жылы Ресейде видео-хостингтер маңызға ие бола бастады. Яғни, әуесқойлар түсiрген видео-роликтерiн (видео камера, телефон тағы басқа құралдармен түсiрген) интернетке қойып, жұртты қызықтыра бастады. Осы кезде Ресейде rutobe.ru атты сайт өмiрге келдi. Мен осы сайттың баламасын Қазақстанда да ашуға атсалыспақ ниеттемiн. Интернет телевизия болашақта кәсiби телевизиямен де бәсекелестiкке түсетiн болады. Бiз "Вести" телеарнасында арнайы видео-хостинг жаңалықтарын орнататын жоба дайындадық. Егер, әуесқойлардың сюжетi бiздiң көңiлiмiзден шығып, теле эфирден көрсетiлетiн болса, олар телеоператорлармен бiрдей деңгейде қаламақы алады. Бұл видеохостингтердiң дамуына түрткi болып отыр, – дейдi ол.

Қазақстанда қазақ тiлiнде видео-хостингтердi интернетке қою үрдiсi ендi ғана қолға алына бастаған екен. "Аллажар" қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы Б. Бөтеев "Қазақ интернетi" әлеуметтiк жобасының негiзiнде жұмыс iстеп жатқан "Қазақ" интернет газетiнде бейне-роликтердi ойнатуға мүмкiндiктер жасап жатқанын айтады. Бұл тек талпыныс ғана.

ҚАЗАҚ ТIЛIНIҢ ИНТЕРНЕТТЕГI ЖАЙ-КҮЙI

Конференция жұмысының соңына қарай, "Қазақ тiлi интернетте" атты секция жұмыс iстедi. Секцияда екi мәселе сөз болды. Бiрi – билiктiң қазақ тiлiн интернетке енгiзуде жасап жатқан қадамдары жайында, екiншiсiнде қарапайым халықтың қазақтiлдi интернетке қосып жатқан үлесi талқыланды. Мәдениет және ақпарат министрлiгi Тiл комитетiнiң тапсырмасымен "til.gov.kz" атты мемлекеттiк тiлдiң порталы жайында әңгiмелеген Ақпараттандыру академиясының академигi, "Бимаш" компаниясының бас директоры Еркiн Сүлейменов бұл порталдың мемлекеттiк тiлдiң интернетте дамуына қосатын үлесi жайында айтты. Оның айтуынша, аталған сайт 2007 жылы Тiл комитетiнiң тапсыруымен жасалған. 1 миллиард теңге жұмсалған екен.

Аталған сайттағы ең көңiлге қонымдысы – қазақ-орыс-ағылшын тiлдерiнiң сөздiгi жасалғандығы. Онда тiптi мәтiндi аударуға болады екен. Демек, интернеттегi қазақ тiлiнiң қолданысын кеңейтуге Тiл комитетi тарапынан жасалған шаруа осы.

Ал, төменнен жасалып жатқан шара туралы "Жас қазақ" газетiнiң жауапты хатшысы, "Neweurasia.net" блогының қазақ тiлдегi нұсқасының модераторы Асхат Еркiмбай қазақ блогшыларының осы салада iстеп жатқан iстерi жайында әңгiмеледi. Ең алдымен қазақ блогшылары бiрлесiп "wordpress. com" платформасын қазақша аударған. Демек, онда өз блогын бастағысы келетiн кез-келген адамға қазақ тiлiнде нұсқаулар бар. Және бұл қадамдардың барлығы өздерiнiң бастамасымен, ешкiмнiң нұсқауынсыз жүзеге асып жатыр. Қазiр қазақ тiлiнде "Massagan.com" порталы аса жоғары сұранысқа ие болды. Сондай-ақ, "qazaq.kz" және "tanym.kz" блогтары да бiршама қолдауға ие болып келедi. Алайда, қазақ тiлiнде қоғамдық-саяси интернет газет әлi өмiрге келген жоқ. Қазiр қазақ тiлiнде 70-ке жуық блог бар екен. Олардың көпшiлiгi ұлттық мәселелердi сөз етуге арналған. Егер, ертең қазақтiлдi электронды үкiмет жасақталатын болса, оның қыры мен сырын түсiнiп, қолдап кететiн тұтынушылар да баршылық. Бiрақ, бұл халықтың барлығы дерлiк интернет тiлiн игерiп, оны ары қарай алып кетедi дегендi бiлдiрмесе керек.

Түйiн: Демек, интернеттi игеру мәселесi ендi ғана қолға алына бастады. Сең жүрдi. Конференция соңында мәскеулiк "yandex.ru" cайтының директоры Елена Колмановская: "Қазақстан интернетi бар екен, өмiр сүрiп жатыр екен, соған көзiмiз жеттi" деген қорытынды ой айтты. Яғни, интернеттiң бойына ендi ғана қан жүгiре бастады. Оның өмiршең болуы үшiн ең алдымен бәсекелестiк жоғары болуы керек, екiншiден, оған бүкiл халықтың қолы жететiндей арзандауы тиiс. Ақпараттандыру және байланыс агенттiгi төрағасының орынбасары Ерлан Дүрмағамбетов былтырғы жылы интернет 20%-ға арзандағанын, биыл жылдың басынан берi 6%-ға төмендегенiн айтады. Бiрақ, өкiнiшке қарай, қазiр "Қазақтелекомнан" өзге телекоммуникация саласында қара үзiп тұрған ешкiм жоқ.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары