АСТАНА

АСТАНА

АСТАНА
ашық дереккөзі
329

Еркiндiктiң бар алқасын тағынып,

Қуаныш боп кәрiге де, жасқа да,

Сарыарқада жасыл желек жамылып,

Бой көтерiп келедi әсем жас қала.

Күнi-түнi қанат жайып сая бақ,

Аймалайды жұпар самал бетiңдi.

Бәйтерегi әлем шарын аялап,

Алақанда тербеп тұрған секiлдi.

* * *

Тойлы күндер аспандатып әуендi,

Тосын саздар тасыттырған Астана.

Ажарымен алаңдатып әлемдi,

Көрген жанды ғашық қылған Астана.

Шебер қолды жиып-терiп, жол ұштап,

Түлей бiлген, кенiш қалам Астана.

Туған жердiң кеудесiне қоныстап,

Ел қанатын тең ұстаған Астана.

Тың ғимарат салу iсiн игерiп,

Достық үнiн нәсiп қылған Астана.

Арқа төсiн әнге бөлеп, күй берiп,

Күнге құшақ ашып тұрған Астана.

Өзiн көрсе сезiмдердiң сазы артып,

Ой пернесiн басып тұрған Астана.

Шаңға батқан тарихымды тазартып,

Ертеңiме асықтырған Астана.

Кемелдiкпен күнде тiзе қағысып,

Мешеулiкке жол бермеген Астана.

Мұнарасы бiр-бiрiмен жарысып,

Көк төсiне өрмелеген Астана.

Жаңарудан көзiн тауып бар емнiң,

Сал денеге қан жүргiзген Астана.

Жиып берiп асыл ойын әлемнiң,

Сарыарқама сән кiргiзген Астана.

Жаңа таңға жаңа қадам басқанда,

Жаңа үй сап — жалау қаққан Астана.

Алашымның ақ арманын аспанда,

Мәңгiлiкке алаулатқан Астана.

Азат Алаш мол бақытқа кенелiп,

Тау толқыннан өттi кемең, Астана.

Ерке Есiлдiң екi өңiрiн тел емiп,

Көк байрағың көк тiреген Астана!

Жүрген елдi жалаңаяқ жар кешiп,

Желпiндiрген күлкiң қырдан, Астана.

Хас жүрекке жаңа жарқын ән қосып,

Жас бiлектi бұлқындырған Астана.

Биiк ұстар елдiң асыл мұратын,

Ар-намыстың тiрегi — сен Астана!

Қан тамырға қуат берiп тұратын,

Туған жердiң жүрегi — сен, Астана.

Кең өлкеме терең жайып тамырын,

Жайнай берсiн жаның нұрдай Астана!

Әлденеге кәрiп қылып Тәңiрiм,

Ендi бiздi табындырма басқаға.

Садықбек ХАНГЕЛДИН

Серіктес жаңалықтары