ҚАЛТАСЫ «ТЕСIК» ЗЕЙНЕТКЕР

ҚАЛТАСЫ «ТЕСIК» ЗЕЙНЕТКЕР

ҚАЛТАСЫ «ТЕСIК» ЗЕЙНЕТКЕР
ашық дереккөзі
251

Iрiлi-ұсақты шенеунiк бiткен Астананың онжылдық мерейтойы қарсаңында алашапқынға түсiп жатқанда, қазақстандық үкiметтiк емес ұйымдар бiздiң зейнеткерлердiң алатын зейнетақысы тiптi, ең қажеттi деген азық-түлiкке де жетпейтiнiн мәлiмдедi. Билiктiң ашқұрсақ азаматтар жайына әзiр алаңдай қоймасы белгiлi. Оның үстiне, Астананың туған күнi қарсаңында елордалық әкiмдiк азық-түлiк пен басқа да тауарлар бағасын едәуiр арзандатқан көрiнедi. «Той өткен соң не болады?» деп алаңдасқан жұрттың көңiлiн әкiмшiлiктегiлер тойдан кейiн де «бозторғайдың қой үстiне жұмыртқалай» беретiнiн айтып, жұбатып әлек. Есесiне, республикамыздағы өзге зейнеткерлердiң халi мүшкiл.

«Қазақстандағы зейнеткерлердiң ай сайын алатын зейнетақысы адамға ең керектi деген азық-түлiк түрлерiн алуға да жетпейдi». Мұндай тұжырымдаманы елiмiздегi егде тартқан тұрғындар арасында жүргiзген сауалнама нәтижесiнде, қазақстандық үкiметтiк емес ұйымдарының өкiлдерi жасапты. Негiзi қымбатшылық әлемдiк деңгейдегi проблемаға айналғанын ескерсек, бұған таңғалмауға болар едi. Бiрақ билiк мiнберлерден бiздiң шенеунiктер жиi қайталауды ұнататын «дамыған 50 елдiң қатарына өтуге» талпынған, «экономикасы қарыштап дамып келе жатқан», «гүлденген Қазақстан» жағдайымен салыстырсақ, әрине, көңiлге кiрбең түсiретiн жайт.

Обалы не, былтырғы қаржылық дағдарыспен бiрге инфляция деңгейi күрт өскенде бiздiң билiк қажеттi деген шараларды қабылдап бақты. Шағын және орта кәсiпкерлiк, құрылыс саласы мен екiншi деңгейлi коммерциялық банктерге қаржылық қолдау көрсету мақсатында 4 млрд. доллар бөлуге шешiм шығарды. Жанар-жағармай мен азық-түлiк, өзге де тұтынушылық тауарлар бағасын қолдан өсiрiп, ұрымтал сәттi ұтымды пайдаланып қалуға тырысқан алыпсатарларды Үкiмет тiптi, қылмыстық жазаға тарту керектiгiн айтып, қаһар төккен. Құптарлық жайт. Бiрақ қарапайым халықтың, әсiресе, бейнетiнiң зейнетiн көре алмай, билiкке жалтаңдаған зейнеткерлердiң қалтасынан «жел улеп» тұрғанда, жетiстiктер туралы айту қиын (көп балалы аналар, жұмыссыз жастарды ысырып қойған күннiң өзiнде). Жылы-жұмсақты былай қойғанда, қарапайым азық-түлiкке қолы жетпейтiн зейнеткерлерге билiктiң бүйрегi қашан бұратыны беймәлiм.

Сауалнама нәтижесiнде, қазақстандық зейнеткерлердiң 50 пайыздан астамы жемiс-жидек пен көкөнiс сатып алуға жағдайы келмейтiнi анықталған. Жаз мезгiлiнде көкөнiс пен жемiс-жидектiң арзандауы да зейнеткерлер үшiн жеңiлдiк емес. Мысалы, күнi кеше ғана бiр келi сәбiздiң бағасы 300 теңгеге көтерiлгендiктен, қарттар тұрмақ, жастардың өзi түйiрлеп сатып алуға көшкен. Картоп, пияз бағасы — 100-120 теңге. Күрiш — 200 теңге. Өзге де дәндi-дақылдар құны тым қымбат. Ет бағасы шарықтап кеткендiктен, қазақстандықтар күнделiктi рационнан еттi сызып тастауға мәжбүр. Үкiметтiк емес ұйымдар таратқан деректерге сенсек, зейнеткерлер айына орташа есеппен 2 келi ет жейдi екен. Бұл көрсеткiш кәрi-құртаң ғана емес, орташа және өскелең буынға да тән. Ет жеуге келгенде, қасқырмен тең түсуге қабiлеттi қайран қазақтың бүгiнгi ұрпағы көрпесiне қарай көсiлуге мәжбүр. Осыдан келiп, организмi әлсiз аурушаң ұрпақ пайда болады. Үкiметi алақанына телмiрткен бiздiң зейнеткерлер бидай, арпа көжелерiне көшiптi. Абырой болғанда, бұлардың бағасы жемiс-жидек, көкөнiстен әлдеқайда арзан. Әзiрге, әрине…

Бiздiң билiк бағаны ауыздықтауға қатысты түрлi шаралардың мемлекеттiк деңгейде жүргiзiлiп жатқанын айтудан шаршамайды. Алайда, базарлар мен дүкендер сөрелерiндегi тауар құны өсуiн тоқтатар емес. Жуырда министр Школьник қырғыздардың бiзге бiр келiсiн 47 теңгеге әкелуге құлшынып отырған болғар бұрышы 700 теңге тұратынын, сондықтан республика көлемiнде түрлi жәрмеңкелер ұйымдастырып, алыпсатарларға тыйым салу керектiгiн айтқан. Соңы не болғаны беймәлiм. Сарапшылар базаркомдар мен олардың артында тұрған дөкейлердi тезге салмайынша, көкөнiс пен жемiс-жидек бағасының шарықтай беретiнiн көлденең тартады. Өйткенi, iшкi нарық сұраныс пен базарға қарап бой түзейдi. Демек, бiздiң билiк бар кiнәнi мұхиттар мен теңiздердiң арғы жағындағы әлемдiк нарыққа арта бергенше, iшкi ахуалды реттеуге ден қойғаны жөн.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары