АЛҒАШҚЫ ФИЛОСОФИЯ ДОКТОРЛАРЫ

АЛҒАШҚЫ ФИЛОСОФИЯ ДОКТОРЛАРЫ

АЛҒАШҚЫ ФИЛОСОФИЯ ДОКТОРЛАРЫ
ашық дереккөзі
281

Қазақстанда және бүкiл ТМД-ның бiлiм кеңiстiгiнде тұңғыш рет әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiнде PhD түлектерiне диплом табыс етiлдi. Нәтижесiнде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторантурасының 59 түлегi философия докторы атты жоғары академиялық дәрежесiне ие болды.

Елiмiздiң тұңғыш философия докторларын дипломмен ҚазҰУ ректоры, ҚР ҰҒА академигi Бақытжан Жұмағұлов марапаттап, алғашқы докторантура бағдарламасы бойынша бiлiм алған түлектердi құттықтап, университет ұжымына жоғары бiлiм берудiң сапасын арттыруға қосқан үлестерi үшiн алғысын бiлдiрдi. Сондай-ақ, ҚазҰУ докторантурасын бiтiрген түлектердiң әрқайсысы университет қабырғасында алған бiлiмдерiн кез келген салада, атап айтқанда, отандық және шетелдiк ғылымда, бизнес пен өндiрiсте, т.б. жарқырата көрсете алатындықтарына сенiмiн жеткiздi. Ал өздерi түлеп ұшып, өмiрге жолдама алған әрбiр түлекке есiктiң әркез ашық екендiгiн әрi өз мүмкiндiгiмдi әлi де аша түсiп, ғылымды дамытуға атсалысам дейтiндерге университетте барлық жағдайлар жасалғандығын айта кеттi.

Докторанттардың шетелдiк ғылыми жетекшiлерi атынан сөз алған плазмалар физикасы саласындағы жетекшi ғалым, Париж университетiнiң профессоры Клод Дойч (Франция) Қазақстандағы алғашқы философия докторларының дайындалуы ел Президентi Н.Ә.Назарбаевтың бастамасы мен күш-жiгерi екендiгiн айта келе, Қазақстан үшiн маңызды оқиғаға куә болып отырғанына ризашылығын бiлдiрдi. Әрине, бұл елiмiздiң бiлiм жүйесiнiң халықаралық стандарттарға көшкендiгiн айғақтаса керек. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да докторанттарды дайындау шетелден ғалымдарды тарта отырып, 41 бiлiм беру бағдарламасы бойынша жүзеге асты. Үш жыл iшiнде ҚазҰУ-да 150 шетелдiк профессорлар PhD бағдарламасы бойынша лекция оқыды. Осы жылдар аралығында докторанттар бiрнеше рет шетелдiк университеттерде болып, әлемнiң ең бай кiтапханалары мен қорларында бiлiмдерiн толықтырып, халықаралық конференциялар мен семинарларға қатысты, шетелдiк басылымдарда ғылыми мақалалары мен тезистерiн жариялады, сонымен қатар жаңа технологиялар мен әлемдiк ғылымның ең үздiк нәтижелерiн пайдалана отырып ғылыми орталықтар мен лабораторияларда тәжiрибелер жүргiздi.

Болон конвенциясына сәйкес елiмiзде мемлекеттiк тәжiрибелiк бiлiм беру бағдарламасының аясында, бiлiм берудiң халықаралық стандарты бойынша алғаш рет PhD докторларын дайындау 2005 жылы басталған болатын.

Философия докторлары атты жоғары академиялық дәрежеге жас ғалымдар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетiне жүйелi түрде лекция оқу үшiн келген отандық және шетелдiк ғылыми кеңесшiлердiң жетекшiлiгiмен ие болды. Атап айтқанда, мемлекет ҚР Бiлiм және ғылым министрлiгi докторанттарға бiлiм беру бағдарламалары мен шетелдiк тәжiрибелерiн, сонымен қатар шетелдiк ғалымдардың сапарларын толық қаржыландырды. Оқуды тәмамдаған соң ЖОО әр түлектi университет қабырғасында беделдi қызметпен қамтамасыз етпек.

Докторанттар отандық және шетелдiк ғалымдардың (АҚШ, Ұлыбритания, Голландия, Германия, Австрия, Шотландия, Венгрия, Польша, Канада, Франция, Қытай, Ресей Испания, Италия және т.б.) дәрiстерiн тыңдай отырып, шетелдiк тәжiрибеден өткеннен кейiн диссертацияларын қорғады. Толық университеттiк академиялық бiлiм алған докторанттар халықаралық деңгейдегi ғылыми орталықтарға сұранысқа ие болмақ.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары