Ақпараттар:

Ақпараттар:

Ақпараттар:
ашық дереккөзі
294

ӘЛЕУМЕТТIК БАҒЫТТАҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙЛЕРГЕ ЕЛБАСЫ ОҢ БАҒА БЕРДI

Өткен айдың соңында Оңтүстiк Қазақстан облысында ресми сапармен болған Елбасы "Ақ ордасы" корпорациясының тұрғызып жатқан құрылыс нысандарында болып, ондағы әлеуметтiк бағыттағы тұрғын үйлермен танысты. Шымкентте "Асар" оралмандардың өздерi тұрғызып жатқан "Асар" шағын ауданы бой көтерiп келедi. Мұнда арнайы атбасын бұрған Елбасы: "Оралмандарға арнап тұрғызылып жатқан құрылыстың бұл әдiсi бiздiң көңiлiмiзден шықты. Осы жобаны елiмiздiң басқа облыстарына енгiзетiн боламыз" дедi.

Бұл шағын ауданды тұрғызу арқылы 2 мың 800 отбасын (19 мың адам) арзан баспанамен қамтамасыз ету көзделген. Бұл мақсатта 300 гектар жер бөлiнген, қазiр 1,7 мың коттедждiң құрылысы басталып кеттi. Жаңа баспананың бiр шаршы метрi 250 долларды құрайтын болады. Бұл үйлердiң бағасының арзан болуына бiрнеше фактор себеп болып отыр. Оның бiрiншiсi, құрылыс материалдарын құрылыс базасының алаңында өндiрiп,өз бағасымен сату болса, екiншiсi, оралмандардың еңбек ресурсын пайдалану болып отыр. Қазiргi сәтте әрбiр отбасына 10 сотық жер телiмi бөлiнiп, жердiң мемлекеттiк актiсi және басқа да қажеттi құжаттары реттелдi.

Тұрғын үйлердiң құрылысын 2 жылдың iшiнде бiтiру жоспарланған. Оралмандарды жұмыспен қамтамасыз ету мақсатында әр үйдiң ауласында 3 сотық жерге теплица салынбақ. Жобаны ұсынған әрi мердiгерi Өзбекстаннан келген оралмандар ашқан "Ақ ордасы" корпорациясы" ЖШС.

ҚАЗАҚСТАН АЗАМАТТЫҒЫН ЖАҢАДАН 26 МЫҢ АДАМ ҚАБЫЛДАДЫ

Астананың 10 жылдығы қарсаңында Елбасы 26 мың адамның Қазақстан азаматтығын алу туралы өтiнiшiн қабыл алып, олардың аңсаған мұраттарын жүзеге асырды. 26 мың адамның "Қазақ елiнiң азаматы" деген құрметке ие болуы туралы Жарлыққа қол қойды. Бұлардың көбi — Түркия, Өзбекстан, Қытай және Ауғанстаннан келгендер. Мемлекеттiк хатшы Қанат Саудабаевтың айтуынша, жыл сайын Қазақстан азаматтығын алуға ұмтылушылардың саны көбейiп келе жатқан көрiнедi. Елiмiздiң жаңа азаматтарының жаңа жағдайға, еңбек рыногына үйренiп бейiмделiп кетуiн қамтамасыз етуге мемлекеттiк органдарға тапсырма берiлдi.

ЖҰМЫССЫЗДЫҚ АЗАЙЫП БАРАДЫ

Маусымның соңына қарай Парламентте Үкiмет сағатын өткiзген Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев жыл басынан берi еңбекпен қамту органдарына тiркелгендердiң 70%-ы жұмыспен қамтамасыз етiлгендiгi жайында баяндады. Министрдiң сөзiне қарағанда 2008 жылдың бес айында 98,5 мың жаңа жұмыс орны ашылған. "Жылдың басынан берi жұмыспен қамтылғандардың саны 7,8 миллион адамға дейiн өсiп, жұмыссыздық деңгейi 6,9%-ға дейiн азайды. Былтыр бұл көрсеткiш 7,6 миллион адам болғаны белгiлi. Ал, жұмыссыздық деңгейi 7,3%-ды құраған" дедi ол.

ШЕТЕЛ АЗАМАТЫН ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ ЖАҢА ЕРЕЖЕСI ЖАСАЛДЫ

Еңбек және халықты әлеуметтiк тұрғыда қорғау министрi Бердiбек Сапарбаев биылғы жылдың маусым айынан шетелдiк жұмысшыларды жұмыспен қамту жөнiнде жаңа ереженiң қабылданғанын мәлiм еттi. Жұмыс берушi шетелдiк жұмысшының таңдауда оның бiлiмiн, жұмысөтiлiн және ондай маманның елiмiзде бар-жоғын анықтайтын болады. Аталған министрлiктiң болжамы бойынша, биыл 132 мың шетелдiк жұмыс күшi жұмыспен қамтамасыз етiлмек.

"ҚАРАСУЛЫҚТАРДЫҢ" ЖЕҢIСI

Алматы қаласы маңында "Қарасу" ауылының тұрғындары жақында жеңiстерiн тойлады. 13 отбасының жерi аукцион арқылы сатылып кеткен едi. Қазақстанның Жоғары соты бұл iс-шараны заңсыз деп тапты. Әрине, қарасулықтар бұл жеңiске оңай қол жеткiзген жоқ. Дегенмен, табанды күрестiң нәтижесi жеңiстi тойлауға жеткiзiп отыр. Осыдан екi жыл бұрын "Қарасу" ауылының тұрғындары "Абажур" деген компанияның бұл жер телiмдерiн сатып жiбергендiгiн бiледi. Олардың қолында жерге иелiк етуге құқық беретiн құжат болғанына қарамастан, бiрнеше сот шешiмi "Абажур" компаниясының пайдасына шешiледi. Екi жыл бойына талай бульдозер бұл үйлердi заңсыз салынды деген желеумен күреп тастау үшiн әкелiндi. "Мал ашуы – жан ашуы" дегендей, үй иелерi бульдозерге қарсы тас атуға, жанғыш заттар лақтыруға дайын отырды.

Әзiр жер телiмдерiне мемлекеттiк акт жасалынбаған, онда тұрғызылған үйлер заңдастырылмаған.

ҚЫТАЙЛЫҚ ҚАЗАҚ АҚШ ҒЫЛЫМИ ҚАУЫМДАСТЫҒЫНЫҢ СЫЙЛЫҒЫНА ИЕ БОЛДЫ

Қытайлық қазақ Нұршат Нұраджи "Graduate Student Silver Award" материалдарды зерттеу жөнiндегi Америка қоғамының сыйлығына ие болды.Ол ҚХР-дың Синьцзян-Ұйғыр автономиялық ауданының Iле-Қазақ округiнде туып-өскен. Аталары өткен ғасырдың зобалаң жылдары Қазақстаннан ауып барған. Нұршаттың ата-анасы балаларын ана тiлiн құрметтеуге және ұлттық дәстүрдi қастерлеуге баулып өсiрдi. Отбасындағы осындай тәрбиенiң арқасында ол қазақ тiлiн барынша жетiк меңгерген. Н. Нұраджи магистр атағын Қытайда алып, химия факультетiнде оқыды, ҚХР ғылым академиясында жұмыс iстедi. Шикi мұнай деградациясының проблемаларын зерттеп, Қытай ғылыми жұртшылығының сыйлығымен марапатталды.

АҚШ-қа көшiп келгеннен кейiн ғылыми-зерттеу жұмыстарын тереңдетiп жүргiзе бастады. Қазiр ол токөткiзетiн полимерлердiң, жартылайөткiзгiштер мен ферроэлектрлiк материалдардың синтезiмен және наноэлектронды құрылғыларды жасау үшiн наноқұрамдас бөлшектердi құрастырумен айналысады.

Серіктес жаңалықтары