ТАҒЫ ДА ҚЫТАЙ ВАГОНДАРЫ ЖАЙЫНДА

ТАҒЫ ДА ҚЫТАЙ ВАГОНДАРЫ ЖАЙЫНДА

ТАҒЫ ДА ҚЫТАЙ ВАГОНДАРЫ ЖАЙЫНДА
ашық дереккөзі
334

"Қазақстан темiр жолы" ұлттық компаниясы басшылығы мен Денсаулық сақтау министрлiгi арасында елiмiзге Қытайдан жеткiзiлген вагон төңiрегiндегi әңгiме басылар емес.

Вагондар 2006 жылдың қарашасында мемлекеттiк сатып алу бойынша Қытай Халық Республикасынан жеткiзiлген. "Астана — Финанс" лизинг компаниясы" АҚ дилер ретiнде шықты. Аталмыш АҚ мүддесiн қорғап отырған "Ғылыми-сараптамалық орталығы" ЖШС бұқаралық ақпарат құралдарына вагондарда химиялық заттардың бар екенiн жоққа шығарып, мәлiмет таратқанымен, республикалық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы улы заттардың вагондар ауасында (фенол және формальдегид) бар екенiн хаттамамен растап келген едi. Ал Денсаулық сақтау министрi Анатолий Дерновой: "Қытайдан жеткiзiлiп отырған тауар, жолаушылардың вагондары адамдардың денсаулығына зиян келтiретiн қауiптi заттардан жасалған. Оның құрамында фенол және формальдегидтер бар. Бiз вагондарды қаптаған материалдардың ауыстырылуын және қайта сараптамадан өткiзудi талап етемiз, өйткенi, вагондарда денсаулыққа зиян, улы заттар әлi бар. Бүгiнге дейiн барлығы 250 сараптама өткiздiк, осының бәрiнен залалды заттар бары дәлелденiп отыр" деген болатын.

Ал, Астана соты Қытай вагондарындағы радиациялық тозаңның қайдан бөлiнiп жатқанын анықтау туралы шешiм шығарды. Бұған дейiн Ақтөбе соты СЭС талабын қанағаттандырып, вагондардың шынында зиян келтiретiндiгi туралы шешiм шығарған едi. Iстi қараған Астана сотының шешiмi де осындай болды. Ендi "Астана-финанс" компаниясы вагондардың зиянды жерлерiн анықтап, алмастыруы тиiс. Бұнымен арнайы комиссия айналысады. Айта кету керек, сот бұған дейiн Қытай вагондарын тоқтату туралы шешiм шығарған едi. 40 вагон қолданыстан шығарылғанымен, қалған 52 вагон әлi күнге Алматы мен Ақтөбе арасында жүйткiп жүр.

Сол сияқты басқа елдердiң темiржол әкiмшiлiгiнде ақылы түрде жүк вагондарын пайдаланғаны үшiн "Қазақстан темiр жолы" Ұлттық компаниясы жыл сайын 11 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсайды. Көлiк және коммуникация министрi Серiк Ахметов аталған қаражатты Қазақстандағы өндiрiстi, яғни көлiктiк машина құрылысы саласын дамытуға жұмсау керектiгiне тоқталып, бүгiнде министрлiкпен бiрлесе отырып, тиiстi мемлекеттiк органдар, ҚТЖ, "Самұрық" холдингi жүк вагондары мен жолаушылар вагондарын, сондай-ақ локомотив пен құрал-саймандарды шығару бойынша жұмыстар жүргiзiлiп жатқандығын жеткiздi. Көлiк саласында Франция және Жапония елдерiмен стратегиялық серiктестiк жөнiндегi меморандумға қол қойылғанын еске салып өткен министр, сондай-ақ "Самұрық" холдингi мен франциялық "Альстом" компаниясы арасында меморандум жасалғанын айтып өттi. Оның сөзiне қарағанда, осы бағытта Үкiмет тарапынан бiрқатар жобаларды жүзеге асыру шаралары басталды. Атап айтқанда, "ЗИКСТО" АҚ үш жарты вагондардың үлгiсiн жасап шығарды. Оларды сынақтан өткiзу жұмыстары биылғы жылы аяқталады. Елбасының Астана мен Алматы бағытындағы жылдам жүретiн темiржол қарым-қатынасын дамыту тапсырмасына сәйкес, әлемде темiржол машина құрылысы саласында үздiк саналатын канадалық "Бомбардье" компаниясы жолаушылар мен жүк вагондарын шығару үшiн зауыт құрылысы бойынша ұсыныстар топтамасын енгiзiптi. Министр Серiк Ахметов қыркүйек айының 20-сы кезiнде аталған компанияның басшысы Қазақстанға келiп, темiржол көлiгi мен азаматтық авиация саласында маңызды құжаттарға қол қоюға әзiр екендiгiн баса айтты.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары