ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ӨЗIМIЗДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ

ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ӨЗIМIЗДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ

ҚҰРЫЛЫС ЗАТТАРЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ӨЗIМIЗДЕ ШЫҒАРЫЛАДЫ
ашық дереккөзі
266

Естерiңiзде болса, былтырғы жылдың көктем айларында цемент бағасы 130 пайызға қымбаттаған едi. Әлбетте, бұл шарықтаудың басқа да тұрмысқа қажеттi заттарға ықпалын тигiзбей қоймағаны анық. Мәселен, былтыр кiрпiш бағасы да кенеттен ұшып кеттi. Әрине, құрылысқа қажеттi заттардың күрт қымбаттауына iрi мегаполистерде басталған жаппай құрылыс нысандарының көбеюi мен жұрттың оған деген сұранысының жоғарылауынан туындауда.

Сонымен, Қазақстан 2006 жылы цементтiң 7 жарым миллион тоннасын тұтынса, былтырғы жылы бұл қажеттiлiк 9 миллионға дейiн жеткен екен. Ал, жергiлiктi зауыттар болса, бар-жоғы 5 млн. тонна цемент шығаруға қауқарлы. Оның үстiне цементтi тасымалдап, оны сатумен айналысатын делдалдардың да маусымдық кезеңде айы оңынан туатыны тағы бар.

Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы бағдарламасының жүзеге асырылуына байланысты соңғы 4 жылда iшкi нарықта цементке деген сұраныс орта есеппен жылына 25 пайызға өскен. Өйткенi, кеңестiк кезеңде салынған елдегi iрi 5 цемент зауытын жаңарту үрдiсi жыл сайын кейiнге қалдырылып келе жатқандығы айқын. Өндiрiс барысында қоршаған ортаға зиянды заттарды көп шығаратын сулы әдiспен жұмыс жасайтын кәсiпорындар өткен жылы 4,3 миллион тонна цемент өндiрдi. Ал iшкi нарықтағы тұтыну деңгейiнiң көрсеткiшi 7,5 миллион тоннаны құрап, 3,2 милион тонна цемент сырттан тасымалданған.

Цемент бағасы қыс айларында онша қымбаттамайды. Ал көктем, жаз қалай келедi, барлық құрылыс материалдарының құны бiрден аспандап шыға келедi. Әсiресе, Алматы қаласының маңайдағы елдiмекендерде құрылыс жұмыстары қызу басталғанына да бiраз уақыт. Мамандар тығырықтан шығудың бiрден-бiр жолы — цементтi аспан асты елiнен тасымалдау қажет дейдi. Өйткенi, Қытайда оның бағасы 5 есе арзан. "Премьер-министр тапсырмаларды бердi, цементтi биржа арқылы сату ойымызда бар, екiншiден, Қытайдан импортты арттыру керек" деген-дi министр осы мәселе тығырыққа тiрелген кезде. Дегенмен, цемент бағасының көтерiлуi тұрғын үй бағасының шарықтауына септiгiн тигiзетiнi белгiлi. Алайда, құрылыс материалдарын сатумен айналысатын сауда нүктелерi тек отандық өнiмдердiң ғана қымбаттап жатқанын алға тартады. Ал, шетелден тасымалданып жатқан материалдар 2006 жылға қарағанда, былтыр аз-маз төмендедi деседi. Өйткенi, Қазақстандағы тауардың 85 пайызы АҚШ, Қытай, Польшадан әкелiнетiндiктен олардың арасында бәсекелестiк өте жоғары. Елiмiздiң нарығын жаулау үшiн олар өнiмдерiне көпшiлiктiң қалтасы көтеретiн бағаны қояды. "2007 жылдан берi шетел тауарлары арзандап барады. Өйткенi сантехника 5 пайызға арзандады. Құрылыс материалдары бағасының жыл сайын өзгеруi қалыпты құбылысқа айналған. Былтыр 2 есе өссе, биыл олардың құны 3 есеге артты. Бұл ел экономикасының өркендеп, жаңа үйлердiң бой көтеруiне байланысты туындап отырған жәйт" дейдi базардағы сатушылар.

Сонымен, соңғы 5 жылда құрылыс саласында орташа жылдық өсiм 10 пайызға артқан. Ал мамандар отандық құрылыс заттарының көлемi ауыз толтырып айтарлық көрсеткiшке 2010 жылы әупiрiмдеп жетiп қалар десе, Индустрия және сауда министрлiгi бұл уақытқа дейiн құрылысқа қажеттi заттардың 70 пайызы өзiмiзде шығарылатын болады деп есептеп отыр. Қазақстан Үкiметi құрылыс саласына қажеттi кiрпiш, цемент, керамикалық тақталар тағы басқа бұйымдарды шығаратын зауыттардың жобаларын iске асыру мен қолдау мақсатында түрлi бағдарламалар әзiрлеу үстiнде. Елiмiздiң индустриалды қарқынын жедел дамыту үшiн "ҚР құрылыс заттары өндiрiсiн дамытудың 2005-2014 жылғы" арналған кешендi бағдарламасы қабылданды. Бұл құжат жаңа технологияларды, өндiрiс құрылғыларын енгiзу, құрылыс заттарының сапасын жақсарту жағдайларын реттейдi. Сондай-ақ, осы саланы дамытуды көздейтiн өндiрушiлерге салынатын салықты төмендету негiздерi де назардан тыс қалмайды. Алайда, құрылыс заттарын өндiретiн салаларға жүргiзiлетiн маркетингтiк зерттеулердiң жоқтығы инвесторлардың таңдау мүмкiндiктерiн анықтауға кедергi келтiрiп отыр. Ал жаңа технологиялардың жетiспеушiлiгi, қажеттi мамандардың аздығы, өнiмдi стандарттау процедурасының аяқталмауы инновацияның дамуын тежейтiнi тағы бегiлi.

"Қазақстандық кластерлiк ынта" жобасы жүргiзген арнайы зерттеу бойынша, елiмiзде құрылыс заттарын шығартын 500-ге жуық компания бар екен. Олардың 400-ге жуығы шағын кәсiпорындар. Құрылыс мамандарының айтуынша, отандық өнiмдер нарықтың үштен бiр бөлiгiн ғана құрайды. Қалған заттар бiзге Қытай, Ресей, Иран, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерiнен импортталады. Тiптi, қарапайым кiрпiш, құм, цемент, гранит, мәрмәр тасы сырттан тасымалданады. Индустрия және сауда министрлiгiнiң берген ақпараттары бойынша 2006 жылы отандық кәсiпорындар 1,8 млрд. доллар көлемiнде тауар шығарып, 2,6 млрд. доллар көлемiнде тауарды импорттаған екен. Бұл сұраныстың 60 пайызын құрайды.

2006 жылмен салыстырғанда өткен жылдың бiрiншi жартысында 43 түрден тұратын құрылыс заттарының өсiмi 44,3 пайызға жеткен. Оны дамытуға бағытталған, негiзгi капиталға тартылған инвестиция көлемi 12,1 млрд. теңгенi көрсеткен.

Құрылыс жөнiндегi комитеттiң есептеуiнше құрылыс заттары өндiрiсiн дамыту бағдарламасының арқасында бүгiнде бiрнеше iрi жобалар қабылданды. Мәселен, 2010 жылға қарай Қазақстанның әр облысында цемент зауыттары iске қосылуы тиiс. Жоспар бойынша олар iске қосылса, елiмiзде цемент өндiру екi есеге ұлғаймақ. Сондай-ақ, республикамыздың басым аумақтарында керамикалық кiрпiш өндiру қолға алынбақ. Егер мақсат орындалса, зауыттар жылына 248 млн. дана кiрпiш шығарады. Таяу арада Солтүстiк Қазақстанда және әйнек шығаратын екi зауыт және бiрнеше кәсiпорындар тамырына қан жүгiртпекшi. Елiмiздiң Астана, Ақтөбе, Қарағанды, Алматы, Атырау облыстары да осындай iрi бастамаларды жүзеге асыруға белсендiлiк танытып жатқанын атап өткен жөн.

2012 ЖЫЛДАН БАСТАП ЦЕМЕНТКЕ ДЕГЕН СҰРАНЫС ҚАМТАМАСЫЗ ЕТIЛМЕК

Индустрия және сауда министрлiгiнiң Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық iстерi комитетiнiң бастығы Лев Нуршиннiң айтуынша, Ақмола мен Жамбыл облысында жаңа цемент зауыттары салынып, iске қосылады. Қарағанды облысының Ақтау кентiндегi өндiрiс жабдықтарының 60 пайызының әбден тозығы жеткен ескi өндiрiс орны қайта жаңартылуда. Оған Еуропа даму банкi 30 миллион АҚШ доллары көлемiнде қаржы бөлiптi. Ендi Шығыс Қазақстан облысындағы зауытты да қайта жарақтандыру жұмыстары жоспарлануда. Жалпы, қазiр елiмiзде жұмыс iстеп тұрған iрi цемент зауыттарының екеуi Шығыс Қазақстан облысында ("Семейцемент", "Восток цемент"), екеуi Оңтүстiк Қазақстан облысында (Шымкент цемент", "Састөбе цемент"), бiреуi Қарағанды облысында ("Central Asia Cement") орналасқан. Мемлекеттiк индустриалдық инновациялық даму бағдарламасына сәйкес, әлi күнге дейiн бiрде-бiр цемент зауыты салынбаған батыс облыстарда да жаңа өндiрiс орындарын ашу үшiн инвесторлар iздестiрiлуде. Экономиканың даму деңгейiне сәйкес цементке деген сұраныс алдағы уақытта да үздiксiз өсе бермек. Өйткенi, 2008-2010 жылдары 26 миллион шаршы метр тұрғын үй салынады. Сонымен қатар жаңа көптеген өндiрiс орындары тұрғызылып, автомобиль жолдары жаңартылмақ. Бұған сәйкес, 2010 жылы цементке деген iшкi нарықтың сұранысы 10 миллион тоннаға дейiн жетуi мүмкiн. Демек, жыл сайын бiрнеше зауыттың iргетасы қаланып, ескiлерi қайта жаңғыртылатынына қарамастан, 2012 жылдан кейiн ғана өндiрiс орындары республиканы отандық өнiммен қамтамасыз ете бастайды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары