АЙНАЛАЙЫН, АБАЙЛА!

АЙНАЛАЙЫН, АБАЙЛА!

АЙНАЛАЙЫН, АБАЙЛА!
ашық дереккөзі
277

Ереженi бұзғандарға қолданылатын жаза қатайды

Несiн жасырайық, кейiнгi кезде елiмiзде жол-көлiк апатынан зардап шеккендердiң саны шамадан тыс көп тiркелуде. Жыл сайын жол апатынан үш жүзден аса баланың өмiрi қиылады екен. Iшкi iстер министрi Бауыржан Мұхамеджановтың сөзiне қарағанда, 10 жылда елiмiздiң жолдарында болған жол-көлiк оқиғаларының кесiрiнен 28 мыңнан астам адам қаза тауып, 162 мыңнан астам адам түрлi жарақат алған. Жол-көлiк оқиғаларынан халық шаруашылығына келген шығынның көлемi өткен жылдың өзiнде 1 миллиард 176 миллион теңгенi құрады.

Жыл сайын жол-көлiк оқиғалары үш есеге, ал оның салдарынан қаза тапқандардың саны 2 есеге ұлғаюда. 100 мың тұрғынға шаққанда жол-көлiк оқиғаларының салдарынан қаза тапқан адамдардың саны 28 адамды құрайды. Бұл көрсеткiш жағынан бiз ТМД елдерiнiң iшiнде Ресейден кейiн екiншi орында тұр екенбiз. Ал, Еуроодақ елдерiнде бұл көрсеткiш 100 мыңға шаққанда 6-12 адамнан ғана келедi. Демек, бiзде үш еседен көп деген сөз. Неге? Өйткенi, бүгiн бала да, шаға да, тiптi нәзiк жандар да көлiк жүргiзу құжатын ақшаға сатып алып, рөлге жармасатын болды. Әрине, қолынан келсе көлiк жүргiзе берсiн ғой. Алайда, қалталылардың балалары көбiне арнайы курсты оқуға ерiнiп, сатып алуға әдеттенген. Мiне, жол ережелерiн жиi бұзу оқиғасы да дәл осындай сауатсыз әрi тәжiрибесiз жүргiзушiлердiң кесiрiнен орын алып жататыны өкiнiштi. Сорақысы сол, елiмiздегi жол оқиғасынан көз жұмғандар саны жүрек-қан тамырлары ауруларынан қайтыс болғандардан кейiнгi екiншi орында. Сондықтан да елiмiздегi жол қозғалысының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету мәселесi Елбасының төрағалығымен Қауiпсiздiк кеңесiнiң отырысында соңғы 2 жылда екi мәрте қаралғандығын айтқан министр Үкiметтiң үш жылға арналған арнайы жоспары жолдағы жағдайды бiршама жақсартуға мүмкiндiк бергенiне тоқталды.

Бұл деректер Iшкi iстер министрлiгiнде өткен отырыста мәлiм болды. Кезектi жиынға Премьер-министр Кәрiм Мәсiмов пен жолдағы жағдайларды реттеуге қатысы бар министрлiк басшылары да қатысты. Олар Iшкi iстер министрлiгi түсiрген бейнетаспадан жан түршiгерлiк жайтқа куә болды. Қас пен көздiң арасында iшiмдiктен есi ауысқан жүргiзушiнiң кесiрiнен бiр емес екi адамның өмiрi қиылды. Бұл Iшкi iстер министрлiгiнiң жанынан құрылған көлiк қозғалысын бақылау орталығының мұрағатынан алынған көп апаттың бiр көрiнiсi ғана. Жалпы, соңғы онжылдықта көлiк апатынан отыз мыңға жуық адам мерт болған. Жол үстiнде қауiпсiздiк шараларының сақталмағандығынан болар Iшкi iстер министрлiгiне Үкiмет басшысы Кәрiм Мәсiмовтың өзi келiп, мәселенiң мән-жайына тереңнен үңiлуге тырысты. Осы жағдайға қатысты ел iшiнде ақпараттандырудың ақсап тұрғанын атап өткен Кәрiм Мәсiмов халықтың құлағы, көзi һәм тiлiне айналған ақпарат құралдарына өтiнiш жасау барысында бiрқатар тапсырмалар жүктедi. "Үкiмет атқарып жатқан шаруалардың нәтижесiн бiз ақпарат құралдары арқылы бiлiп отыруымыз керек. Қолға алған iстердiң дұрысы мен бұрысын ажырату үшiн де БАҚ өкiлдерiнiң жұмысы осы мәселеге жұмылдырылуы тиiс. Осыған қатысты, Мәдениет және ақпарат министрлiгiне мемлекеттiк арналардан халықты сақтыққа шақыратын арнайы бейнематериалдарды әзiрлеудi тапсырамын. Осы мәселеге байланысты халықтың танымдық-құқықтық сауатын ашатын телехикая түсiрудiң де қажеттiлiгi туындады. Адамдар көлiктiң жылдамдығын шамадан тыс арттыру қауiптi екенiн, сондай-ақ көлiктi қауiпсiздiк белдiгiн тақпай жүргiзудiң дұрыс еместiгiн түсiнулерi қажет" дедi ол. Бұл тапсырманы өз мойнына алған ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед Iшкi iстер министрлiгiмен бiрлесе отырып, жол апатының алдын-алуға ықпал ететiн бiрқатар iс-шаралардың жоспарын бекiтуге кiрiстi. Алдағы он күннiң iшiнде алдымен "Қазақстан" және "Хабар" телеарналарынан берiлетiн бейнероликтiң жобасы дайын болады. Жаңа бейнематериал коммерциялық каналдардан да көрсетiледi. Оның сыртында жол қауiпсiздiгiне қатысты арнайы танымдық бағдарламалар әзiрлеудi де жоспарға алып отыр.

Көлiктiң жыл санап көбеюi, оның iшiнде, ескi көлiктiң елге көптеп келуi де өзектi әңгiмеге арқау болды. Статистикаға сүйенсек, бүгiнде әр бесiншi тұрғында темiр тұлпардың кiлтi бар. Ал, жыл сайын Қазақстанға сырт елден үш жүз мың көлiк келсе, оның тоқсан пайызының тозығы жеткен. Көршi Ресейде келер жылдан бастап мұндай көлiктердi елге кiргiзбеу туралы жаңа Заңның күшiне енетiнiне тоқталған Индустрия және сауда министрi Владимир Школьник бұл мәселенi алдағы Үкiмет отырысында тағы да пысықтайтынын айта кеттi.

Сонымен, көптен күткен игi жаңалыққа да қол жеттi. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев 5 шiлдеде "Жол қауiпсiздiгi туралы" Заңға енгiзiлген толықтырулар мен өзгертулердi мақұлдап, құжатқа қол қойды. Жаңа заң ертеңнен бастап күшiне мiнедi. Жол қозғалысы туралы заңға бiрқатар түзетулер енгiзiлiптi. Дәл осы шараға байланысты Iшкi Iстер министрi Бауыржан Мұхамеджанов жаңа Заң бойынша тәртiп күшейтiлiп, ереже бұзған көлiк жүргiзушiлерi 10 жылға дейiн жүргiзушiлiк құқығынан айырылуы мүмкiн екендiгiн ескерттi. Бұған қарағанда, жаңа заң жынды судан ұрттап алып, жосылып жүретiн желөкпелердiң де желiгiн басатын болды. Яғни, есiрткiге елiрiп немесе мас күйiнде көлiк тiзгiнiне отырған жүргiзушi бұдан былай екi жылға дейiн көлiкке отыру мүмкiндiгiнен айрылып, темiр торға тоғытылады. Егер де бұл жағдай екiншi немесе үшiншi мәрте қайталанса, жүргiзушiнi жазалау мерзiмi ұзартыла бередi. Айталық, бiр мәрте ұсталса 2 жыл, екiншi рет қолға түскен сәтте 5 жыл, ал үшiншi мәрте құрықталса — 10 жылға жүргiзу құқығынан айырылады. Себебi, мас жүргiзушi өзiнiң ғана емес өзгелердiң өмiрiне де қауiп төндiредi. Айтпақшы, жаяу жүргiншiлерге де қатысты өзгерiс бар. Бұдан былай көшенiң кез келген жерiнен қиып өтiп, көлiктiң тұспалынан жүгiре шығатын жаяу жүргiншiге де арнайы шара қолданылады. Деректерге қарасақ, көп жағдайда жол көлiк оқиғасының орын алуына осы жаяу жүргiншiлердiң өздерi кiнәлi болады екен. Жол полициясы қызмектерлерiнiң айтуынша, ереженi бұзған мұндай жүргiзушiлер үш күнге дейiн әкiмшiлiк қамауға алынады. Әрине, бұл алдымен адам денсаулығын сақтау әрi қауiпсiздiк шараларын күшейту үшiн жасалынып жатқан шаруа.

Ал жүргiзу құқы жоқ бола тұрып рөлге отырғандарға қолданар жаза да күшейтiлдi. Олар 15 күнге бас бостандығынан айрылып, қоғамдық жұмысқа жегiледi. Қауiпсiздiк белдеуiн тақпаған жүргiзушiге де, жолаушыға да 5 мың теңгеден айып салынады. Басты жаңалық, ендi жол үстiнде ұялы телефонмен сөйлескен жүргiзушiлерге де қомақты айыппұл салынбақ. Көшеде орнатылған электронды бағаналар барлық келеңсiз көрiнiстердi суретке түсiрiп, жүргiзушiнiң үйiне айыппұл мөлшерi көрсетiлген тiлiмдей қағаз жiбередi. Айыппұл уақытылы төленбесе, өсiм көбейе бередi. Демек, жаңа заңдағы жаңа тәртiптiң арқасында қолданылатын шара да барынша қатайтылды. Әуелi, көлiк жүргiзу кезiнде сорақы әрекеттерге жол бергендерге салынатын айыппұл көлемi ұлғайды. Әгәрәки, қауiпсiздiк белбеуiн асынуды ұмытып, жылдамдықты белгiленген мөлшерден асырсаңыз, 5840 теңге төлейсiз. Көлiк жүргiзу кезiнде ұялы телефонмен сөйлесудiң де айыппұлы жеңiл емес, кемiнде 8176 теңге шығындалуға тура келедi. Ал машинасына заңсыз дабыл орнатып, жолдың қарсы бетiне шығып көше-көшенi тайраңдап, жұрттың мазасын қашырғандарға салынатын айыппұл бұдан да көп. Көлiктiң меншiк түрiне қарай 17 мың 520 теңгеден бастап 2 миллион 336 мың теңгеге дейiн қағылуыңыз мүмкiн. Сол сияқты көлiгiн бейберекет, рұқсат етiлмеген жерлерге қаңтарудың да заманы өттi. Мұндай жағдайда көлiк иесi 6 408 теңге төлейтiн болады.

Тағы бiр жаңалық, ендi жаңа заңға сәйкес, барлық жүргiзушi әр 10 жыл сайын теориялық емтихан тапсырады. Жүргiзу куәлiгiңiздi жоғалтып, ауыстырған болсаңыз, емтиханды қайта тапсыруға тура келедi. Ал автомектептi бiтiрушi емтиханнан сүрiнсе, қайта оқуға жiберiледi. Айтпақшы, болашақта министрлiктiң сайтында "Құқық бұзушылықтар жөнiндегi мәлiметтер" атты арнайы бет ашылмақ. Оған Астана қалалық Iшкi iстер департаментiнiң Жол полициясы басқармасы орталығының мәлiметтер базасынан түрлi құқық бұзушылықтар туралы ұдайы ақпарат берiлiп тұрады. "Болашақта интернетке қолы жетiмдi әрбiр азамат жол бойында болған құқық бұзу әрекеттерi жайында хабардар бола алады. Ал құқық немесе жол ережесiн бұзған азамат тиiстi айыппұлын төлейтiн болса, ол жөнiндегi ақпарат жойылады. Мұндай тәсiл республиканың барлық аймағында қолданылмақ. Сондай-ақ, осы айдан бастап ашық әрi жариялы түрде жол полициясы қызметкерлерiн аттестациялау жұмыстары жүргiзiледi. Жол сақшыларына қолданылар жаза тiптен қатаңдана түспек. Парақор полицей тек жұмыстан қуылып қана қоймайды, оған заң талабы бойынша қатаң қылмыстық жазаның ең ауыр түрi қолданылады.

Заң талабының күшейтiлуi орынды. Жаңа Заңға енгiзiлген өзгерiстер мен толықтырулар талап пен тәртiптi сақтап, жол апатын болдырмауға және азаматтардың өмiрiн сақтау үшiн жасалынып жатыр. Әрбiр адам қауiпсiздiктi алдымен өзiнен бастау керек. Темiр тұлпардың кесiрiнен көбейiп отырған өлiм-жiтiмге мейлiнше тоқтау қойған абзал. Ол үшiн жол ережесiн бұзған жүргiзушiлерге қатаң жаза қолдану әдiлеттiлiк. Айтқандай, елiмiзде шiлденiң 10-ы мен 17-сi аралығында арнайы рейд жүргiзiлдi. Айналдырған үш күннiң iшiнде 2 мыңнан астам мас жүргiзушi қамауға алыныпты. Ал Алматы және Астана қалаларында 37 мың жол жүру ережесiн бұзған, жылдамдықты асырған 4 мыңдай оқиға тiркелген. Көлiк тiзгiнiне мас күйiнде отырған 568 жүргiзушi құрықталыпты. Не деген масқара?! Ендi талап та, тәртiп те күшейдi. Демек, жаңа заң күшiне мiнсе, бұдан былай мұндай адам шошытарлық әрекеттерге жол берiлмейтiн шығар деген үмiт бар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары