"ҚАЗАҚМЫСТАН" – ЕҢ САПАЛЫ МЫС!

"ҚАЗАҚМЫСТАН" – ЕҢ САПАЛЫ МЫС!

"ҚАЗАҚМЫСТАН" – ЕҢ САПАЛЫ МЫС!
ашық дереккөзі
294

Елiмiзде ең алғаш отандық мыстың өндiрiле бастағанына – 80 жыл! Әуелгi кезде Қарсақпай мыс балқыту зауытының орны үлкен мыс өзенiне айналған екен. Жыл сайын "Қазақмыс" корпорациясының металлургтерi осы мыс өзенiн жоғары сапалы өнiмге толтырып, Батыс нарығы тарапынан үлкен беделге ие 400 тоннадан астам мыс өндiредi.

Әрине, еңбектiң жануына септiгiн тигiзiп жатқан Шығыс Қазақстан өңiрiнiң отпен арпалысқан "Балқаштүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгi ұжымының қосып жатқан үлесi орасан. Бiр қызығы, елiмiзде мыстың отаны – Жезқазған болып табылады. Себеп бiреу – "Жезқазғантүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгiнiң байытушылары мен металлургтерi мыс маркасын жоғары деңгейде ұстап келе жатқан ұжым.

Бүгiнде Жезқазған мыс балқыту зауытының қызметкерлерi: "Бiз әлемдегi ең сапалы мысты балқытамыз" деп мақтанышпен айта алады. Ал металлургтық өндiрiстiң ардагер-мамандары қолдан келгенiнше бiлген-түйгенiн өзiнен кейiнгi жастарға үйретiп келедi. Еңбек ұжымына әркез келген жас толқынның бұрынғы ардагерлерден еш кемшiлiгi жоқ. Ортақ бiр мақсатқа жұмылдырылған еңбек күшi тек қана еңбектiң арқасында тың жетiстiктерге жетiп, ең бастысы өнiмдi өндiру кезiнде сапаға көңiл бөлу назарда ұсталды. Мыс балқытудың тiзгiнiн қолына алып, қызмет бабына кiрiскен жастар: "Бұл зауытта бiздiң аталарымыз еңбек еттi. Олардың бiзге тапсырған аманатына қиянат жасамауымыз керек" дейдi үлкен сенiмдiлiкпен.

Мыс балқыту цехы Электрпештiк бөлiмшесiнiң вахталық ауысымында Қадыр Ермағанбетовтың жұмыс iстеп жүргенiне бiраз жыл. Ал операторлық бөлмеде мыстермикалық пештiң жұмысын қадағалайтын – Вадим Богачук. Мысты балқыту барысын Серiк Стамқұлов бақылайды. Бiр қызығы, олар жалынды ыстықтың аптабына бет қаратпай бiрге күйiп, пiсiп жүредi. "Бұл жұмыста негiзi технологияны ұстап тұру керек. Яғни, көп не аз қайнатып жiбермеу тиiс" дейдi ауысым шеберi. Ал балқытушылардың бригадирi Ермек Шегебаев бұл мекемеде 20 жылдан астам уақыт еңбек етiп келедi. Осы уақыт iшiнде балқыту iсiнiң майталман шеберiне айналып, барлық iс-шараны көздi жұмып тұрып iстейтiн дәрежеге жеттi. Ол межелi тапсырманы дер кезiнде орындайтын өз iсiнiң бiлгiр маманы. "Бiздiң конвертерлердi жерге қаратпаймыз, сол үшiн жоспарды қалай да болсын орындауға тырысамыз. Өйткенi, бiр ұжымның арқасында, электропештiк, конверторлық және анодтық бөлiмшелер жұмысшыларының еңбегi нәтижесiнде жанданатын жұмысқа бiр отбасының адамындай ат салысамыз" дейдi олар.

Пеште тұратындар мен конвертерлер бiр-бiрiмен тығыз қарым-қатынаста. Штейн құйылатын алаңдағы iс-әрекетке дамыл жоқ. Бiрi ожаумен құйып жатса, екiншiсi дайын металды алып кетедi. Бұл жұмысты мыс балқыту процесiн қадағалаушы металлург әулетiнен шыққан Ұшақбай Тоғызбаев атқарады. Кезiнде оның атасы Сейт Жандiлдинов де Қарсақпай мыс балқыту зауытында ұзақ жылдар бойы тер төккен. Ата жолын қуған Ұшақбай сонау бала кезiнде-ақ металлург болуды армандапты. Әуелгiде 4 учаске мен цехта слесарь болып iстеп тәжiрибе жинақтайды. Өз iсi мен күшiне сенген ол конвертер бөлiмiне ауысады. Елiмiздiң басты байлығы – мысты бақандай 20 жыл бойы балқытып келген металлург металдың дайын екендiгiн түсiнен-ақ айыра бередi екен. Жұмыс барысында ыстық температура 40 градусқа дейiн барған кездiң өзiнде де шыдап бағатын шебердiң құпиясы мол. Көшедегi адамның өзi 40 градусқа жаны шырқыраса, Ұшақбай Тоғызбаев 40 мың градус аптапта металды күкiрт, қорғасын, кремний, тiптi, алтыннан тазартуды ойлап тұрады. Бiр айта кетерлiгi, Ұшақбайдың еңбек жолында Тұрсын Есенеев пен Болат Бейсембаев секiлдi кiшiге iзет көрсететiн шеберлер кездесiп отырды. "Ұстаздан шәкiрт озады" демекшi, бүгiнде Ұшақбайдың өзi жастарды баулып ұстаз болып жүр. "Өмiрде өз орнымды таптым, үй салдым, бала өсiрiп, аяғына тұрғызып, тал ектiм. Адамға бұдан артық бақыт бар ма?" деген едi. Бүгiнде Ұшақбай Тоғызбаев Ержан Әлiбековтiң кәсiби бiлiктiлiгi мен тәжiрибесi мол бригадасында жұмыс iстейдi. Қазiр Армия Құлжанов, Берiк Махатов, конвертер Спан Тахауил, кран көмекшiлерi Данияр Құрақпаев, Геннадий Лактионов, Александр Торгашевтардан құралған еңбек ұжымы мақтауға ие. Ал конвертер бөлiмшесiнде аға сигналшы Дәурен Бейсенбаев 18 жылдан берi қызмет атқарып келедi.

Сол сияқты металлург әулетiнен шыққан Төлеген Салхауав та 20 жылдан астам мыс ширату цехында еңбек етiп 3-дәрежелi Еңбек орденiмен марапатталды. Жезқазған аймағына мәшһүр Салхауовтар отбасын бұл өңiрде бiлмейтiн жан жоқ шығар. Әкесi Тоғанбай – мақтаулы металлург. Сонау 1950 жылдары Қарсақпай металлург зауытында мыс балқытқан. Ал ағасы Смағзам Салхауов да республикаға танымал маталлургтiң бiрi. Ол кезiнде елiмiздiң өндiрiстiк аймағын Қазақ ССР-нiң Жоғарғы кеңесiнде паш етiп келген беделдi металлург. Мiне, металлург мамандығына аса сүйiспеншiлiкпен қарайтын отбасынан шыққан Төлеген де мыс балқыту зауытына келiп, еңбек жолын бастап кетедi.

Төлеубай Байғориннiң жерлесi, қарсақпайлық – Қуанышбек Ибраев та осы бригаданың басты мүшесi. Әкесi – Тынышбек Ибраев цехта слесарь едi. Бүгiнде еңбек демалысына кеткен әкесiнiң iзiн жалғаушы Қуанышбек те келешекте өз жолын баласына тапсырғысы келетiнiн қуана айтады. "Әрине, металлургтiң жұмысы ауыр әрi қиын. Десе де, бiздiң зауытқа келушi жастардың саны кемiген емес. Егер мамандығыңды сүйсең, еңбегiң нан тауып бередi" дейдi Қуанышбек Ибраев.

Бiр айта кетерлiгi, бiз тiлдескен металлургтер өздерiнiң кәсiби мерекесiн жұмыс басында өткiздi. Бiр қызығы, бiраз жылдан берi олардың ауысымы шiлде айының үшiншi жексенбiсiне тура келуде. Алайда, "Қазақмыс" корпорациясы металлургтердiң кәсiби мерекесiн еш уақытта қалт жiберген емес. Жыл сайын Жезқазған аспаны от шашуға бөленiп, айтулы мейрамға ұласады. Ал ауысымда тынбай еңбек етiп жатқан жұмысшылар от шашулардың өздерiнiң құрметiне атылып жатқанын iштей сезедi.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары