КIНӘЛI КIМ, ШЕГIРТКЕ МЕ, ӘЛДЕ...

КIНӘЛI КIМ, ШЕГIРТКЕ МЕ, ӘЛДЕ...

КIНӘЛI КIМ, ШЕГIРТКЕ МЕ, ӘЛДЕ...
ашық дереккөзі
345
Шөптiң бағасы күннен күнге өсiп барады
 

Қазақтың нағыз қайнар көзi ауылда екенi рас. Кейде қаладағы кейбiр сүреңсiз күндерден жалыққан сәтiңде ауылға қарай безiп кеткiң келiп тұрады. Өйткенi онда аңғал да аңқылдаған сыныптастарым мен ауылдастарым бар.

"Ауыл деген жақсы ғой. Ауылда қой бар, сиыр бар. Сүт iшесiң, айран iшесiң" дейтiн Шаншардағы Нұржанның бiр кейiпкерi айтпақшы, "ауылға барып, айран-сүт iшiп, бiр жатайыншы" деген оймен, мен де шiлiңгiр шiлдеде ауылға жиналдым. Айран-сүттiң жөнi бiр бөлек, қауын-қарбыздың да пiсетiн уақыты жақындап қалды. Қаладағыдай "пәлен" теңгеге сатып алғанша, әкемнiң бақшасынан жұлып-ап, қалағанымша жемеймiн бе деген жымысқы ойым тағы бар. Содан не керек, "шу, қара құйрық" деп, жеңiл көлiгiме отырдым да, "ауыл қайдасың?" деп тартып кеттiм. Жол бойы көкпеңбек даланың көгiнде ойнап, көкке бiр аунасам ба деген арманым да болды. Сөйтсем, қайдағы көкпеңбек, көзге түскенi сап-сары сортаңы шыққан сары дала. Тұп-тура күздiң сағыныштан сарғайған күндерiн көз алдыңа елестетедi екен, тiптi. Мәссаған, шiлде бiтпей жатып сарғайғаны несi дестiк iштей. Бiрақ биылғы қуаңшылық ауылдарға аз зиянын әкелмептi. Бiздiң ауылдың сар даласы бұрыннан-ақ тұзы шығып, сарғайып жатушы едi, биыл тiптен масқара. Ауыл дегенде, қай ауылды меңзеп отыр дерсiз, әлгi өзiмнiң туып-өскен мекенiм Отырар ауданындағы Отырар өңiрiн айтамын да, баяғы. Биылғы көктемде оңтүстiкке шегiрткенiң жауғаны баршаға мәлiм. Әлгi бәрiмiзге таныс, "көгалды қуып, гөлайттап, жазды өткiзетiн" шегiрткелерiңiздiң зияны да жетерлiк екен. Құры гөлайттап қана қоймай, ол шiркiндерiңiз көк шөптен көк шөпке секiргенде баудай қырып, жүрген жерiнен сау тамтық қалдырмайды екен. Онсызда сәуiрдiң жаңбырынан қанбай қалып, сусап қалған даланың азын-аулақ шөбiне жаудай тиiптi. Әйтеуiр қайда барсаңыз да, соры шығып, тұзданған даланы көресiз. Ауылдағылардың көбi малын қыста сақтай алмай қалам ба деген қауiппен сатып құтылудың амалына кiрiскен сияқты. Әр-әр жерлерде "пәлен теңгеге малын сатамын" дейдi-дейдiлердiң хабарын жиi естiп қалдық. Айтпақшы, ауылдың шетiне жетпей-ақ, "айран сүт iшемiн" деген арманымның күлi көкке ұшты. Шөп жеп, отамаған малдан қайбiр сүт шыға қоюшы едi. Үйдегiлер сиыр¬ларының тiрсегi-тiрсегiне iлiнiп әрең жүрген соң, бұзауын жанына қоя берiптi. Айран-сүттi шаммен iздесеңiз де таба алмайсыз. Әсiресе, қара шайды сүтсiз iше алмайтын әжелерiмiзге қиын боп тұр екен. Қаймағы алынбаған қою сүт қатып, ащылап шай iшетiн қайран әжелерiмiз қызыл шайға күнi қарап қапты. Ауылға барғалы естiгенiм: "шөп жоқ, шөп сатып алу керек, шөптi пәлен сатады екен" деген сияқты әңгiмелер болды. Екiнiң бiрiнiң айтатыны осы. Қайтсiн ендi, қорадағы бес-он малының қысқы азығын қазiр дайындамаса, қыстан қайтiп шығармақ? Оқтын-оқтын әкем "ауылда шөптiң жоқ екендiгiн, ауылдың тұрғындары өздерi еккен азын-аулақ жем-шөбiн жинап жатқандығын" айтып қояды. Ауылдағылардың да басты уайымы жем-шөп болып тұр. Көктем шыға отырғызған егiсiнiң де судың тапшылығынан мәнiсi болмағанын айтады. Тiптi, кейбiреулер жүгерiлiгiне бiр де бiр рет су ала алмағанын уайым қылады. Азын-аулақ егiсi болғандардың дәуренi жүрiп тұрған сияқты. Қазiрдiң өзiнде бiр тележка шөптiң құны 20-25 мың теңгенiң үстiне шығыпты. Кейбiреулер отыз-қырық мың теңгеге шөбiн жинатып алғанын айтып жатты. Күз болмай жатып, бағаның құны мұншама, ертең қыстың қаһарын сезiнген сәтте тiптен шарықтамасына кiм кепiл?! Қорадағы азғантай малының бетiне қарап отырғандар осыншама ақшаға қайдан шөп сатып алмақ? Қазiрдiң өзiнде малдарының көбi тiрсегiн соғып, арса-арсалары шығып жүр, олар қыстың қыраулы күндерiне қалай жарамақ?! Айтпақшы, биыл қауын-қарбызды да бақшадан жеудiң жөнi болмады. Қаладғыдай пәлен мың болмаса да, Түркiстаннан әрқайсысын жүз теңгеден сатып жеуге тура келдi. Ауылдастарымның бұрынғыдай бау-бақша салуға да мүмкiндiгi болмапты. Қыс бойы судан зардап шегетiн ауылдар шабындық басталатын уақытта су таба алмай қиналады. "Бiзде помидордың кiләсi тiптен арзан. Бау-бақшадан қанша керек болса, соншасын үзiп жей беруге болады" деп бас бармағымды шошайтып тұрып, қаладағы құрбыларыма мақтанушы едiм. Бұл жолы мақтанудың да жөнi келмей қалды. Бақшада самсап тұратын бақшалық өнiмдердiң бiрде бiрi жемiс бермептi. Еккен қияр-помидорлары да су болмаған соң, қурап кетiптi. Амал-жоқ, аптасына бiр рет базарлап, қаладан сатып әкелуде. Қуаңшылықтың жөнi бiр басқа, табиғаттың заңына ешкiм қарсы тұра алмас. Ал, дарияның суының жетпегенi қинайды екен. Бiр биыл ғана емес, жыл сайын судың тапшылығын көрудей-ақ көрiп келедi. "Шымкентте малдың бағасы арзан" деген сөздердiң растығына ауылға барғанда тағы бiр рет көзiм жеттi. Оңтүстiктегiлер ертеңгi қыстың қалай боларын болжай алмай, қорадағы азын-аулақ малын сатудан басқа жол таппаған соң, арзан беруге мәжбүр болып отыр. Бұл бiздiң ауылға ғана тән нәрсе емес, естуiмiзше Сарыағаш ауданында малды тiптен арзанға берiп жатқанға ұқсайды. Шөптiң бағасы күннен-күнге өсiп барады, малдарының хал-ауқары анадай, еккен өнiмiнiң нәтижесi тағы жоқ, ауылдағылардың күнi осылай уайыммен өтiп жатыр. Ендi бүгiн "АУЫЛ ДЕГЕН ЖАҚСЫ ҒОЙ, ОНДА ҚОЙ БАР, СИЫР БАР. АЙРАН-СҮТ IШЕСIҢ" деп қиялдайтын күндер келмеске кетпесе екен деп тiлейтiн болдық.

Гүлзина Бектасова

Серіктес жаңалықтары