АЛМАТЫНЫҢ КӨШЕЛЕРIНДЕ “СИЫР БАҚҚЫСЫ” КЕЛЕДI

АЛМАТЫНЫҢ КӨШЕЛЕРIНДЕ “СИЫР БАҚҚЫСЫ” КЕЛЕДI

АЛМАТЫНЫҢ КӨШЕЛЕРIНДЕ “СИЫР БАҚҚЫСЫ” КЕЛЕДI
ашық дереккөзі
291

Әдiлет министрлiгi Дiни iстер комитетiнiң төрағасы А. Досжанның төрағалық етуiмен ҚР үкiметiнiң жанындағы дiни бiрлестiктермен байланыс жөнiндегi кеңестiң кезектi отырысында "Кришнаны тану қоғамы" деп аталатын дiни бiрлестiктiң әртүрлi жымысқы мақсаттары ашылғандай болды.

Бiздiң "ұлттар достығын, халықтар ынтымағын" жырлап, жалпақшешей болып, олардың төбесiнен құс ұшырмай отырған кейбiр билiк органдарының ресми өкiлдерiмен кришнаиттер кекесiнмен, менсiнбей, өктем сөйлеп отырғандары Алматы облыс әкiмiнiң орынбасары Серiк Мұқанов мырзаның да намысына тидi. Сол жерде ол: "Ұсынған жердi алмай, тағы бас тартатын болсаңдар екiншi жер берiлмейдi. Жергiлiктi халықтың сендерге деген ашу-ызасы кемерiне келiп тұр”, деп мәлiмдедi.

Кришнаиттердiң Қарасай ауданының "Береке" ауылынан заңсыз басып алған жерлерiн сот шешiмiмен мемлекетке қайтарып беретiн болып, оның орнына Iле ауданына қарасты "Жаңа дәуiр" аулынан екi гектар сұраған жер телiмiн әкiмшiлiк бөлiп берген. Бiрақ, екi жылдан берi мың сан сылтау айтып, келiскен келiсiмдерiнен айнып, жаңа жерге көшпей, бұрынғы жердi жетiм балалар үйiне қайтарып беруден бас тартып, қасарысып отыр.

Iштен шыққан, көлеңкеде айтақтап отырған шетелдiк "крышаларына" арқа сүйеген "Кришнаны тану қоғамының" бастығы қолыңнан келгенiн iсте, шауып алсаң шап дегендей, "Адам тұра алмайтын" берген жерлерiңе көшiп барғанша, бульдозер тракторының табанында өлгенiмiз артық" деп сес көрсеттi. Iле ауданынан бөлiнген жерге сиыр бағуға ыңғайсыз деген сылтау айтып, жердi Алматы қаласының ортасынан берудi талап еттi.

Ол – ол ма, "Мен Қазақстанда туылдым, азаматымын. Билiктiң менен жердi тартып алуға құқы жоқ. Қазақстан ОБСЕ-ге берген уәделерiн орындамай, адам құқығын бұзып отыр. Керек десең, қазақта жер жоқ. Жер — Құдайдiкi. Аптықпаңдар, ендi елу-жүз жылда қазақ деген ұлт та болмайды. Сенбейсiң бе, онда мынаны оқы деп қолындағы Ата Заңды ашып, "Қазақтың елi, жерi" деген бiр сөз тауып бершi" деп журналистердiң аузына құм құйды.

Иә, өкiнiштi заң бойынша жер де, ел де бәрi сонда мекен ететiн ұлттардiкi. "Қазақстандық ұлт", "көптiлдi, көпдiндi ел" деген саясатымыз барда елiмiзде жүздеп саналатын бiрлестiктер, конфессиялар, мемлекеттiк емес ұйымдар мынаған ұқсап көтерiлсе, жыр ғып жүрген "достығымыздың" күлi көкке ұшатыны сөзсiз. Әлде бiздi одан өткен сорақы заман Кения мемлекетiнiң тағдыры күтiп тұр ма деген суық ой жүректi қарып өттi.

Кения мемлекетi де тәуелсiздiк алысымен бiзге ұқсап, "толеранттық", "әлемдiк өркениетпен өмiр сүремiз", "әлемнiң дамушы елдерiнiң алдына шығамыз", "халықтар достығы" деген балалық санамен "қарыштап дамып" ақыры құрдымға кеттi. Болары болып, бояуы сiңiп кеткен соң Кенияның тұңғыш президентi Джумо Кениятаның көкiрегi қарс айырылып, ақырында күйiктен өлер алдында: — Миссионерлер Кенияға келгенде билiк өзiмiзде едi, бiз оларға көзiмiздi жұмып сендiк. Библияны (Iнжiлдi) қолымызға ұстадық. Ал, есiмiздi жиып, көзiмiздi ашсақ, iнжiл бiздiң қолымызда, билiк олрадың қолына көшкен екен — деп еңiрегенi бiздiң "демократсымақтардың" санасына сiрә жете қоймас.

Өйткенi, саналы адам өз халқының, елiнiң болашағы үшiн кез-келген уақытта өре түрегеледi. Жай күндерi "Бiз елiмiздiң нағыз патриот-демократтарымыз, дейтiндер қайда жүр? Неге бұғып отыр? Қазақ елiнiң, ұлтының намысын осындайда қорғамай. Керiсiнше оларға көмектесiп Қазақстанның бетiне түкiрiп жүр. Оның дәлелiне Астанада өткен ОБСЕ-нiң 17-iншi кезектi сессиясында көзiмiз жеттi. Осы мемлекеттiк емес ұйымдар, қоғамдар, бiрлестiктер саясатпен айналысып, Қазақ елiнiң "iшiн кептiрiп" армансыз шетелдiктерге жамандады. Ал, заң бойынша бұлардың саясатпен айналысуға құқылары жоқ. Заңды белден басып, шетелдiктердiң ақшасын алғасын, жеп отырған "нандарын" ақтау үшiн, iштен шыққан сатқындар ештеңеден тайынбайды.

Миссионерлердiң негiзгi қызметi — жарылқаушы елiнiң "тапсырмасын" орындау. Ешбiр бөтен ел, екiншi бiр ел "дамысын, ұлты өркендесiн демейдi". Қарумен, күшпен елiңдi ала алмайтынына көздерi жетсе, "дос, тамыр" болып iшке енiп, әлсiз де осал жерлерiмiздi iздей бастайды. Дiндi қалқан етiп, жаныңды алады. Жаны, яғни рухы жоқ адамның малы мен жерiн тартып алмай-ақ өздерi бередi.. "Мүгедек балаларға көмек", "әйел мен баланы қорғау", "демократияны дамыту", "гендерлiк теңдiк" тағы басқа қаптаған "көмек қолын созу" атаулармен қаптатып оппозициялық партиялар мен үкiметтiк емес ұйымдар, қоғамдар, бiрлестiктер ашып тастайды. Бұлардың басты мақсаты бiр болғандықтан миссионерлiк iстерiнен немесе бiр-екi үкiметтiк емес ұйымдарының жымысқы әрекеттерi әшкереленiп қалған жағдайда, қалғандары өре түрегелiп мемлекеттi, сол мемлекеттiң мүддесiн қорғайтын шенунiктерiн "бiлiмсiз, сауатсыз, адам құқығын аяққа басты," тағы мыңдаған жала жауып, лас саясаттарын сүттен ақ, судан таза етiп, бiр-бiрiн "жандарын" салып қорғайды. Әрбiр елдiң өткен тарихына зер салып қарасаңыз бұған көзiңiз толық жетедi.

Жиында мәлiм болғандай Орал қаласында он бес гектар жердi иеленiп алған "Эхуда" бау-бақша өсiредi-мiс қоғамдық ұйымы көп өтпей "ылаңдарын" бастайтын сияқты. Сосын тағы, тағы, тағы….

Тоғайбай НҰРМҰРАТҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары