Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары

Экономика жаңалықтары
ашық дереккөзі
361

"САМҰРЫҚҚА" ТАҒЫ ТАПСЫРМА

ҚР Президентi Нұрсұлтан Назарбаев кеше "Самұрық" мемлекеттiк активтердi басқару жөнiндегi қазақстандық холдингi" АҚ басқармасының төрағасы Қанат Бозымбаевты қабылдады.

Кездесу барысында Қ.Бозымбаев Президенттi "Самұрық" компаниясы тобы жұмыстарының ағымдағы жылдың бiрiншi жартысындағы нәтижесi, холдингтiң келешектегi дамуы туралы хабардар еттi. Темiржол саласындағы iрi инвестициялық жобалардың iске асырылу барысы туралы баяндаған төраға: "Локомотив құрастыру зауытының құрылысын, электровоздарды жаңарту жобасын, Екiбастұзда жаңа вагон құрастыру өндiрiсiн құруды жоспарлап отырмыз. Бұл жобаларды iске асыру, жолаушылар вагондарын есептемегенде, "Қазақстан темiржолы" Ұлттық компаниясының жылжу құрамына деген қажеттiлiктердi толықтай жабуға мүмкiндiк бередi" дедi. Сонымен қатар Балқаш жылу электр стансасы мен Мойнақ гидроэлектр стансасына қатысты мәселелер де сөз болды. Мемлекет басшысы төрағаға аталған жобаларды iске асыруды жеделдетудi тапсырды.

ҚЫСҚА ДАЙЫНДЫҚ

Дүйсенбi күнгi үкiметтiк отырыста негiзiнен қысқы жылыту маусымына дайындық мәселесi сөз болды. Үкiмет басшысы тиiстi орындарға үстiмiздегi жылдың 1 қазанына дейiн жылыту мәселесi түгел шешуге нұсқау бердi.

"Энергетика және минералдық ресурстар министрлiгi жылыту маусымына әзiрлiк барысын бақылауда ұстап, жағдайды апта сайын хабарлап отыруы тиiс. Көлiк және коммуникация министрлiгi "ҚазМұнайГаз" ҰК-мен, "Қазақстан темiржолы" АҚ-мен бiрлесе отырып, отын жеткiзудi қамтамасыз етсiн". Тиiстi орындарға осылайша пәрмен берген премьер-министр Мәсiмов жылытуға қатысты барлық түйiн үстiмiздегi жылдың 1 қазанына дейiн шешiмiн табу керектiгiн айтты. Ресми деректерге сүйенсек, қазiргi таңда елiмiздегi электр стансаларында 2,7 млн. тонна көмiр мен 132 мың тонна мазут бар. Сондай-ақ, жер астындағы сақтау қоймаларынан 1 млрд. 557 текше мтер газ алынған. Мәсiмов әсiресе, мектеп, денсаулық сақтау, аурухана, балабақша сияқты басқа да әлеуметтiк нысандардың қысқы маусымға дайындығы жiтi бақылауда болуы керектiгiн көлденең тартты. Әкiм-қараларға арнайы тапсырма берген премьер қыстың көзi қырауда сан соғып қалмау үшiн қажеттi шараларды түгел қарастыруды ескерттi. Отырыс барысында ҚР Бiлiм және ғылым министрi Ж.Түймебаев республикадағы мектептердiң 81 пайызының жеке жылу орталықтарын пайдаланатындығын және олардың 47 пайызы қысқа дайын екендiгiн жеткiздi.

МАУСЫМДАҒЫ ҚЫМБАТШЫЛЫҚ — 0,9 %

Бiздiң Үкiмет жыл соңына дейiн инфляцияны ауыздықтауға уәде бердi. Бiр емес, бiрнеше рет. Алайда, қарапайым халықтың қалтасына салмақ салған қымбатшылықтың "жуаситын" түрi жоқ. Күн сайын баға төмендеудiң орнына, өсе түсуде. ҚР Статистикалық агенттiгiнiң хабарлауынша, Қазақстан Республикасындағы инфляция 2008 жылдың маусым айында 0,9 пайызға жеткен.

Агенттiк таратқан ресми деректерге сүйенсек, өткен айда азық-түлiк тауарлары нарығында нан өнiмдерi мен дәндi-дақыл өнiмдерiнiң бағасы 1,8%-ға өскен. Күрiш — 8,2%, арпа — 1,9%, ұн — 1,6%, макарон өнiмдерi — 1,3%, нан — 0,3%, қант — 2,7%, май мен май өнiмдерi — 1,2%, ет өнiмдерi — 1,1% қымбаттаса, жұмыртқа — 6,8%, жемiс-жидек — 2%, көкөнiс 1,1%, сүт өнiмдерi — %0,1%-ға төмендептi. Көктем мен күзде жанар-жағар май бағасының құны шарықтап кететiнi кейiнгi кездерi әжетке айналғандай. Мысалы, маусымда дизельдiк отын 11,6%-ға, ал жанар-жағар май 7,3%-ға бiр-ақ шығандаған. Агенттiктiң мәлiмдеуiнше, халықтың күнделiктi тұтынатын өзге де тауарлары қымбаттаған көрiнедi: кiр жуатын және тазалайтын заттар — 1,6%, кiтаптар мен газет-журналдар — 0,8%, дәрi-дәрмек — 0,6%, киiм мен аяқ киiм — 0,3%. Тұрғын үй-коммуналдық қызмет 0,8%-ға өссе, жарық 2,7%-ға көтерiлген. Ал, газ — 1,7%, суық сумен қамтамасыз ету — 0,4, канализация — 0,2%, үйдi ұстау шығыны — 0,1%-ға қымбат. Автокөлiк қызметi — 2,8%, темiржол мен әуе қатынасы — 2%. Сонымен қатар мейрамханалар, шаштараз, мәдениет орындарының қызметi де өскен. Статистикалық агенттiк өкiлдерi 2007 жылдың маусымымен салыстырғанда, биылғы маусым айында азық-түлiк тауарлары 29,1%-ға өскенiн айтады. Оның iшiнде, ұн — 83%, күрiш — 76,9%, нан — 46,2%, дәндi-дақыл — 20,3%, жұмыртқа — 33,8%, ет пен ет өнiмдерi — 21,4% т.б.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары