ТYРКIСТАН ТУРАЛЫ

ТYРКIСТАН ТУРАЛЫ

ТYРКIСТАН ТУРАЛЫ
ашық дереккөзі
259

Түркi қозғалысының белгiлi жетекшiлерiнiң бiрi-Абдулазиз Шыңғысханның 1939 жылы (15 тамызда) Мысыр шаһарында өткен Ислам бауырластық кеңесiнде оқыған бұл лекциясын Тәуелсiз Қазақстан тұсында шағатай тiлiнен кириллицаға түсiрген Түркiстан тарихымен шұғылданушы қаламгер Әбiлхан Әбiласан болса, оны кейiн арнайы маман көзiмен қарап, бұрынғы басылымдарымен салыстыра редакциялап бiздiң газетiмiзге ұсынған мұстафатанушы ғалым, шығыс тiлдерi мен тарихының маманы – Дархан Қыдырәлi.

Редакциядан

Түркiстан – түрiк жұрты немесе түрiк елi және түрiк өлкесi деген сөз. Бұл ұлы өлке бүкiл адамзат мәдениетiнiң бастау алған жерi, түрiк дүниесiнiң бесiгi, ұлы Азияның жүрегi.

Бұл өлке мәдениет ошағы ретiнде ең көне өлке болғандықтан да түрiк тарихының әр дәуiрiнде жасалған мәдени ескерткiштердi өз құшағында сақтап келедi. Бүкiл түрiк әлемiнiң ана жұрты! Түрiк қағандарының, хандары мен билерiнiң орталық мекенi және мәдениетiнiң қайнар бұлағы болған бұл жерден бүкiл дүние құрылымдары жан-жаққа тарады.

Бұл көне өлке парсы тарихының әуелгi ескерткiш-мұраларында жазылып қалған деректер бойынша Тұран (түрiк) әулеттерi мен Иран әулеттерi арасында болған ұрыс-қақтығыстардың майдан алаңы болып, бұл тартыстарды Түркiстан ханы Афрасияб ирандықтарға қарсы соғысқан. Олардың бұл шайқастары Мұса пайғамбардың ғасырына сәйкес келедi. Бұл ұрыс-шайқас, соғыстар туралы көп кiтаптар жазылған. Соның бiрi Ғазналы сұлтан Махмудтың әмiрiмен әр бетi бiр алтынға тең бағаланып жазылған Фердоусидiң атақты "Шаhнамасы". Бұл шайқастар қазiрге дейiн бүгiн өткендей етiп мысал орнында жатқа айтылады.

Түркiстан түрiктерi мыңдаған жылдардан берi өзiнiң тұтас өлкесiне иелiк етiп, басшылық жасап келдi. Иран хандарын "кисра", Мысыр хандарын "ферғауын" дейтiнi секiлдiТүркiстан хандарын да "қаған", "хақан" деп атайды. Тарихқа белгiлi қағандардың ең байырғысы ұлы Оғызхан болды. Бұл қаған Түркiстандағы "Йасы" шаhарын (Түркiстан шейхы Хожа Ахмет Ясауидiң жұрты) орталық ете отырып, Шын, Орта Азия, Ауғаныстан мен Үндiстанның да кейбiр өлкелерiне басшылық жасады. Бұл ұлы қағанның Ибраһим пайғамбар заманында өткенiн тарих мәлiм етедi. Базбiр тарихшылар Оғыз ханның қызы Қантұра ханым Ибраһим пайғамбармен тұрмыс құрғаны туралы да жазады.

Түркiстандықтар миладтан (христиан жыл санауынан) 13 ғасыр бұрын Солтүстiк Шында Хұн-түрiк мемлекетi деп аталатын үлкен империя құрды. Бұл империяны Еуропада да Хұн империясы деп танығаны секiлдi, шындықтар да Сиуңниу – шиуңниу империясы деп атады. Бұл империя Қиыр Шығыстан Орталық Еуропаға дейiн созылып жатты. Ұлы император Атилла хан өлген соң (453 ж.) бұл империяның орнына Түркiстанда "Туркийа империясы" деген атпен және бiр ұлттық империя құрылды. Бұл империяны шындықтар "Тукийо империясы" деп атады.

Адамзат мәдениетiнде үлкен өрлеу туғызған бұл империя Корея жарты аралынан Хазар теңiзiне дейiн созылып жатты. Миладтың (христиан жыл санауының) 659 жылы өзара араласулар мен бөлектенулер себебiнен ыдырап, ұйғұр, қарлұқ, түркеш секiлдi әртүрлi аттармен әртүрлi ұлттық мемлекеттер бой көтердi. Олар әлемдiк саясатта және адамзат мәдениетiнде өзiндiк рөл атқарды.

Түркiстанда ислам нұры енiп, кең тарай бастады. Түркiстан топырағы қазiрге дейiн исламиятдан бұрынғы бабаларымыздың өмiрiне дейiн көз алдымызға келтiретiн ғылыми және тарихи ескерткiш мұраларын жер астында сақтап келедi. Америка археологиялық экспедициясының 1904 жылы Ашхабад қаласы маңында және Алман архео¬логиялық экспедициясының 1902 жылдан 1914 жылға дейiн Түркiстанның шығыс бөлiгiнде – Тұрфан, Қарашар, Кучар атыраптарында төрт дүркiн жүргiзген қазба жұмыстарында табылған, сондай-ақ, орыс археологтары Түркiстанның солтүстiк бөлiгiндегi қазақ, қырғыз далаларынан тапқан ғылыми, тарихи ескерткiш мұралар Түркiстан түрiктерiнiң исламияттан бұрынғы жоғары мәдениетi мен көркем өнерi және шеберлiктерi туралы анық мағлұматтар бередi. Бұл мұралар қазiр Алмания, Англия, Ресей мұражайларын көрiктендiрiп тұр.

Исламият дәуiрiнде де Түркiстан өзiнiң бағзы өнерi мен көне мәдениетiн жоғалтқан жоқ. Ислам дiнi Түркiстанға хижраның 96-жылдарында Валиддин Абдулмәлiктiң халифалық құрып тұрған заманында жетiп, аз уақыт iшiнде көпке жайылды және өрлеу дәуiрiн бастан кешiрдi. Ислам мәдениетiн ең көп қабылдаған түркiстандықтар болды. Уағыз iсi де түркiстандықтар зердесiнен шыққан нәрсе едi. Исламиятқа дейiнгi аралықта жоғары дүниетаным, өзiндiк байырғы мәдениет иесi болып келген түркiстандықтар исламды қабыл еткеннен кейiн, оның дамуына да өзiндiк ықпал етуi табиғи жәйт едi. Ислам мәдениетi салаларының дамуында Түркiстан түрiктерiнiң қызметi жоғары болды. Исламды қабылдап, исламиятты тарату үшiн медреселер ашты. Бұхара, Самарқанд, Қашқарда исламнан тәлiм беру үшiн жоғары мектептер, медреселер салынды. Исламды жаймақ үшiн Тибетке ислам уағызшыларын жiбердi. Көптеген тибеттiктер исламды қабыл еттi. Кейiн Моғолстанда өмiр сүретiн бауырлары моғол түрiктерiне исламды тарату мақсатымен ислам тәлiмiн жайды және Шынға да Түркiстан уағызшылары барып нәтижелi жұмыстар жүргiздi. Бiр қауым шындықтар мұсылмандықты қабылдады. Сол үшiн де Шында мұсылмандарды "хой-хой" деген атпен атай бастады. "Хой-хой" ұйғұрлар атын бұзып айтудан шыққан едi. Ұйғұр-түрiк әулеттерiндегi бiр тармағының есiмi Қытайлар тiптi бүгiнгi күнге дейiн бүтiн дүние мұсылмандарын осы атпен "хой-хой" деп атайды. Шынның батыс уәлаяттарында мұсылмандардың көп болуы да түркiстандық ислам уағыздаушыларының ықпал етуiнен туған жәйт.

Түркiстандықтар ислам үшiн түрлi қызметтерде болды. Тiптi бүтiн ислам әлемiнде Құраннан кейiнгi ақиқат жолы саналатын хадис жинағы "Сахих әл-Бұхари" кiтабын (Әл-Бұхари ақиқаты) жазған Түркiстанның Бұхара шаhарынан шыққан Мұхаммед Исма’ил есiмдi түркiстандық түрiк едi.

Сонымен қатар ол дәуiрдiң құқықтық заңдарына барабар болған жазба мұралардың бiрсыпырасын Түркiстан түрiк ғалымдары жазды. Мәселен, осы күнге дейiн тарихта, құқықтық еңбектерде "Парлақ" (Мәшhүр) атымен танылған "hидайә" иесi марғұландық Али бин Әбубәкiр және қашқарлық ғұлама Сейiд әд-Дин, сондай-ақ, ғұлама Тафтазани, ғұлама Нәсәфи, шейх Шәмс әл-А’мәт, ғұлама Садр әш-Шәри’ә, ғұлама Тәж әш-Шәри’әлардың бәрi де Түркiстан түрiктерi. Шешендiк iлiмiнде алдына жан салдырмаған Абдулқаhhар Журжани мен Иусуф Исқаки Құран тәфсiрi (түсiндiрмесi) мен сөз мәнiн ашуда осы күнге дейiн теңдесi табылмаған жаңалық иесi ғұлама Жарулла Зәмахшәри – бәрi де түркiстандық түрiк едi.

Негiз кiтаптардың ең мықтылары "Мәнар" (Шырақ-Маяк), "Һәсами" (Шешiм), "Таузиh" (Түсiндiрме), "Тәлвиh" (Iз), "Тәнқиh" (Тазарту) және басқалары да Түркiстан түрiктерi тарапынан жазылған. Түркiстандықтардың шұғылданбаған ғылым салалары жоқ. Көне грек iлiмi негiзiнде әуелгi жағрафия кiтабын жазған Әбу Зәййид есiмдi бiр түркiстандық болатын. Үндi ғылымы мен философиясын ислам әлемiне және Еуропаға танытқан Әбу әр-Райхан әл-Бируни де Түркiстанның Хорезм шаhарынан шыққан түрiк едi. Ислам дүниесiнiң Аристотелi, бүтiн Еуропаның ұстазы Әш-шейх әр-Рә’ис Әбу Әли ибн-Сина мен ислам әлемiнiң ең ұлы философы Әбу Насыр әл-Фараби де түркiстандық түрiк болып табылады.

Фарабидiң "Әс-сийасәт әл-мәдинә" атты еңбегi экономикалық саясатқа арналған кiтап. Ислам мәдениетiнде бұл мәселеге арнап жазылған тұңғыш еңбек осы. Фарабидiң бұл кiтабындағы экономикалық, шаруашылық саясаты туралы iлiмдi исламда насихаттау, негiздеу бiздiң Түркiстан түрiктерiне үлкен пайда әкелмек.

Түркiстандықтар ғылым саласында ең бiр мәшhүр ұлт болумен қатар әлем тарихында мемлекет, әкiмшiлiк, тәртiп, саясат iстерiмен шұғылданушы, жаңалықтар таратушы қырларымен де танымал. Сол үшiн де Аббасилер уақытында мекеме iстерi мен әскери қызметтерде Түркiстан түрiктерi өте көп болды.

Орталықтан алыс, әкiмшiлiк iстерi қиын кейбiр уәлаяттардың әкiмшiлiк орындарында түркiстандықтар болғаны да бiраз нәрселердi, үлкен нәтижелердi аңғартады. Мұндай әкiмдер арасынан шыққан кейбiр түркiстандықтар белсендi қимыл жасау арқылы тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, дербес мемлекеттер құрды. Мәселен, Мысыр мен Сирияда жарты ғасыр бойы билiк құрған тұлындар мемлекетiн құрушы Ахмед Тұлынның түркiстандық түрiк болғандығы баршамызға мәлiм. Мысырда құрылған бұл түркiстандық Тұлын мемлекетi мұсылмандар үшiн, әсiресе мысырлықтар үшiн өте көп қызмет еттi. Бұл мемлекет орта ғасырлық ислам тарихында өзiндiк мән-маңызы ерекше болған Түркiстан түрiк мемлекетi едi.

Мысыр мен Сирияға әкiм болған түркiстандық Ахмед Тұлын айрықша қуатқа ие мықты теңiз флотын жасады. Оның заманында Меккеде теңiз флотының орталығы құрылды. Мысыр мен Сирияда тәртiпке келтiрiлген әкiмшiлiк ұйымы ашылды. Қаржы-финанс iстерiн тәртiпке келтiрiп, халықты ауыр алым-салықтардан құтқарды. Егiншiлiк, сауда, өнеркәсiп iстерiнiң дамуына қамқорлық еттi. Аббасийа әулетi басқаруындағы кезеңдердей мұнда шеттен тауар тасымай-ақ пайда түсiп, түсiм көбейдi. Мысырда жаңа ғимараттар, мешiттер, мектептер салынды. Түркiстандық Ахмед Тұлынның Мысырда салдырған үлкен жұма мешiтi Түркiстан сәулет өнерiнiң қастерлi бiр үлгiсi болып табылады. Мысырда Түркiстан сәулетшiлiгi тарапынан салынған ең әуелгi жұма мешiт осы Ахмед Тұлынның мешiтi. Қазiргi күндерi де бұл жұма мешiтi Мысырдағы ең көркем ғимараттардың бiрi болып табылады. Бұл дәуiрде әдебиет, музыка, қолөнер, сәулет өнерi салалары да үлкен бiр өрлеу үстiнде едi. Бұл кезеңдi мысырлықтар алтын дәуiр деп таниды.

Бұл мемлекет ыдырап, кейiн, Мысыр мен Сирияны Аббаси әмiршiлерi қайырып алса да, Шам (Дамасск) әмiрi болып тұрған Түркiстан ханзадаларының бiрi Мұхаммед Тоғач Мысыр әкiмдiгiне тағайындалды. Екi жылдан соң бұл түркiстандық Мұхаммед Тоғач Мысырда тәуелсiздiк жариялап, сол арқылы түркiстандық Тұлын мемлекетiнiң орнына тағы бiр Түркiстан түрiк мемлекетi орнатты. Аббаси халифаты тарапынан оның тәуелсiздiгi танылып, көне Ферғана түрiк әмiрлерi лауазымына сәйкес "Ақшеййiд" лақап аты берiлдi. 949 жылы Сирияны да Мысырға қосты. Бұл шаhзада Мұхаммед Тоғач көне Түркiстан түрiк мемлекетшiлiк дәстүрiн сақтап келген iскер мемлекет адамы әрi жақсы қолбасшы едi. 969 жылы бұл мемлекет фатимилер тарапынан құлатылса да, сол фатими мемлекетiнiң үкiмет басында көптеген түркiстандықтар тұрды.

1174 жылы фатими дәулетi ыдырап, оның орнына аийубилер дәулетi құрылғанымен, бүтiн мемлекет iстерi, әкiмшiлiк iстерi, әскербасылық түркiстандықтар қолында болғандықтан, бұл да ақиқатына келгенде Түркiстан түрiк мемлекетi секiлдi болатын. Олардың көпшiлiгi Түркiстан түрiктерiнiң оғыз, қыпшақ, түркмен тайпаларынан едi. Бұлар әскер бөлiмдерiн, көбiне, қорғаныс, күзет полктарын басқарды.

Түркiстандықтардың ержүректiгiмен, батылдығымен және ақыл-зеректiгiмен танылғандары Йуаш-йуаш дәулетiнiң ең жоғары әскери және әкiмшiлiк орындарына көтерiлдi. Кейiн Аийуби әмiршiлерi заманында түркiстандық әскерлердiң, олардың басындағы қолбасшылардың ықпалы бек көбейдi. Ақиқатында үкiмет түркiстандықтардың қолына көштi. Ғасырлардан берi ислам мен христиандар арасында созылып, жалғасып келе жатқан дiни қақтығыстар мен шайқастарда аийубилер дәулетiндегi Түркiстан әскерлерi ерекше қаhармандық көрсетiп отырды. Христиан дүниесiн ыдыратып, бейшара халге дейiн түсiрдi. Исламның христиан бәлекеттерiнен құтылуына себепшi болды. Христиандықтар бас қолбасшысын (Сан Ләви – 9) тұтқынға алды. Әйтсе де аийубилердiң соңғы әмiрi "Тұраншаh" Түркiстан түрiктерiнiң бұл қызметiне "опаға-жапа" (жақсылыққа жамандық) түрiнде сый көрсеттi. Түркiстандықтардың ықпалын күннен күнге түсiре бастады. Дегенмен, Мысырдағы Түркiстан түрiк әскерлерiнiң арасында үлкен дәрежеге ие болған түркiстандық Айбек (Иззеддин) аийубилер әкiмшiлiгiнде қалыптаса бастаған бұл жағдайға өзiндiк ықпал жасап, Сұлтан атағын алды. Осы арқылы Мысырда "Мәмлүктер сұлтандығы" атты және бiр Түркiстан түрiк сұлтандығы дүниеге келдi. Орта ғасырдағы Мысыр мен Сирия мәдениетiнiң және саясатының құрметке ие болып, жоғары деңгейге көтерiлуi мiне, осы Түркiстан түрiк мәмлүктер сұлтандығы әкiмшiлiгi дәуiрiне сәйкес келедi. Бұл дәулеттi құрған Айбек Түркiстанның Түркмен өлкесiнен, қыпшақ түрiк тайпасынан едi. Бұл дәуiрде түркiстандықтардың бiрсыпырасы Мысырда өмiр сүретiн. Түркiстандықтардан жасақталған тұрақты әскерлер, үкiмет басшылары, орда қолбасшылары, дiн басылары болатын. Түркiстанмен де ешбiр байланыс үзiлген жоқ. Түркiстаннан келген отандастары үшiн Сұлтан Мұхаммед Қалаун бiр қонақ үй салғызды. Бүгiнге шейiн бұл Түркiстан қонақ үйiнде түркiстанлықтар келiп-кетiп жатады. Түркiстандық шәкiрттерi, қажылар мен жолаушылар түседi.

Бұл Түркiстан түрiк сұлтандығы дәуiрiнде Мысыр мен Сирия мәдениетi көп iлгерiледi. Егiншiлiктiң алға басуы үшiн Мысырда арықтар, iрi өзендерден тiкелей тартылған үлкен каналдар қазылды. Өнеркәсiп орындарын ашу үшiн де көп жұмыс жасалды. Мысыр мен Сирияда бүгiнге шейiн жеткен ескерткiштердiң ең көбi осы дәуiрге сәйкес келедi. Қаhира (Каир), Шам (Дамасск) , Һалеб (Алеппе) бекiнiстерi, мiне, осы Түркiстан түрiк мемлекетiнiң әскери сәулет өнерiнен қалған бiрер белгiлер. Айрықша көрiнетiн бiрқатар кесенелер, бұрқақтар, медреселер, моншалар, жұма мешiттерi, барлығы осы дәуiрдiң мұралары. Бұл жәдiгерлер арасында Сұлтан Қалаун жұма мешiтi, ауруханасы, оның ұлы Хасан жұма мешiтi, Сұлтан Мәлiк Заhир жұма мешiтi Түркiстан түрiк сәулет өнерiнiң iздерi.

Бұл дәуiрде Мысырда қола, мыс, жез iстерi, зергерлiк, тоқымашылық iстерi дамып, сонымен бiрге Түркiстан түрiк диалектiсi де қолданыста көбейе бастады. Мiне бұл Түркiстан түрiктерiнiң өз отанынан өте алыста, Мысыр секiлдi жат мемлекеттерде жасаған мәдени және саяси қызметтерi. Ал өз ана жұрты ұлы Түркiстанда жасаған мәдени табыстары мен қызметтерi, құрған мемлекеттерi мен империялары болса, бүкiл әлем тарихының ең таңдаулы жетiстiктерiн құрайды.

Түркiстан түрiктерiнiң исламиятты қабылдағаннан кейiн Түркiстанда құрған және Түркiстаннан бастау алған ислам түрiк мемлекеттерi:

1.Саман ұлдары мемлекетi (874-999)

2.Қарахандықтар мемлекетi (932-1212)

3. Ғазналылар мемлекетi (962-1183)

4. Ұлы Салжұқ империясы (?)*

5. Харезмшаhтар мемлекетi (1077-1231)

ХIII-ғасырда Түркiстанда әлемде теңдесi жоқ құтты жаhангер империя құрылды. Бұл империя түрiк-моғол империясы деп аталды. Бұл ұлы империяны құрған түрiк қаhарманы Шыңғыс хан едi. Өкiнiшке орай, Шыңғыс хан өзi мұсылман болмаған түрiктерден шыққандықтан да соғыс және жеңiс кездерiнде ислам мәдениетiне қатысты кейбiр дiни орындардың қиратылуына себеп болса да, бұл империя сайып келгенде ислам үшiн пайдалы болды.

Бұл империяның мемлекет басшылары, уәзiрлерi, әскерлерi, үкiмет адамдарының бiрсыпырасы мұсылман түрiктерден едi. Бұл дәуiрде мұсылман түрiктерiнiң ықпалы зор болды. Осының нәтижесiнде Шыңғыс хан әулетiнен Алтын Орда хандары, Шағатай ханзадалары, илхандарға дейiн мұсылмандықты қабылдап, соңынан бұған дейiн мұсылман болмаған бiрқатар түрiк қауымдары исламият аясына ендi.

Шыңғысхан өзi өте зерек, ғалымдарды жақсы көретiн адам едi. Ол өзi бас болып үкiметтiң қоғамдық және мәдени, саяси заңдары мен тәртiп, ережелерi негiздерiн жаздырды. Ол "Иаса" немесе "Сә йаса" (Үш заң) деп аталды. Бұл "Иасада" бүкiл қоғамдық және әдеби, саяси заң негiздерi бар едi. Шыңғыс хан Иасасының көптеген заң баптары ислам заңдарына сәйкес болатын. Ешкiмнiң ождан бостандығына қайшы келмейтiн. Пайғамбар әулетiне (сейiдтерге) құрмет көрсету "Иаса" заң баптарының бiрi едi.

Бұл империяның дәуiрiнде iлiм-бiлiмнiң барлық салалары өсiп-өркендедi. Шыңғыс әулетiнен Мөңке мен Хулагудың жаратылыстану ғылымдарына, сондай-ақ нақты ғылымдарға да үлкен мән бергендiгi белгiлi. Хулагудiң астрономия және химия iлiмдерiмен шұғылданғаны, ғалымдарды топтап, оларға материалдық және моральдық жәрдем берiп отырғаны, Марыға да расадхана (обсерватория) салдырып, бiрқатар ғалымдарды сол жерде жұмыс iстеу үшiн әмiр қылғаны тарихтан мәлiм.

Ирандағы түрiк-моғолдардың сарайында әртүрлi дiн және ұлт өкiлдерiне жататын бiр шоғыр ғалымдар жәрдемiмен "Жәми әт-тауарих" атты әлемде тұңғыш жаhан тарихы жазылды. Шында да мұсылман дiнiнiң неғұрлым кең тараған өрлеу кезеңi осы моғол-түрiк империясы заманына сәйкес келедi. Бұл дәуiрде ғалымдар мен түрiк ислам уағызшылары исламияттың кең таралуы үшiн көп күш жұмсап, насихат жұмыстарын жүргiздi. Бұл мемлекеттер мұсылман түрiктердiң насихатына жол ашып, үлкен жәрдем көрсеттi. Шында қазiр елу миллионға дейiн мұсылман болса, бұл сол дәуiрдегi мұсылман түрiктер насихатының жемiсi.

Бұл ұлы империя бөлшектенгеннен кейiн Шыңғыс хан әулетiнен Шағатай сұлтанға тән тағы бiр Түркiстан императорлығы құрылды.

Ұлы император Шыңғыс ханнан 110 жыл кейiн 1336 жылы 11 наурызда Түркiстан топырағында тағы бiр ержүрек қаhарман, ұлы тұлға дүниеге келдi. Ол қаhарман дүниенiң төрт бұрышын иелену үшiн бар қиындықтарды бастан өткеруге даяр болды. Оған Ақсақ Темiр немесе Темiрлан (Тимурленг) деген ат берiлдi. Бұл түркiстандық қаhарман Темiрдiң заманында Еуропа – Азияның бiр уәлаяты сияқты едi. Ол жерлердегi қалалар мен ауылдардың тiршiлiгi сiңiрi шыққан кедейшiлiктен хабар берiп тұратын.

Темiр Еуропа дарбазасынан көрiнген сәттен-ақ мұнда қалыптасқан дәстүр бойынша оған елшiлер жiберiп, хат жолдап, құрмет көрсететiн.

Ұлы хақан Темiрдiң беделi адамзатта сирек кездесетiн тұлғалар қатарында ең жоғары орын алатын айрықша бiр түрiк екендiгiн бүкiл әлем мойындайды. Темiр дәуiрi әдебиет, ғылым және өнер салаларының аса жоғары бiр өрлеу дәуiрi болды. Темiр сарайына әдебиетшiлердi, ақындарды, өнер иелерiн жинап, оларды ынталандырып отырар едi. Темiр әдебиетшiлердi, ғалымдарды жақсы көрдi. Жаулап алған барша елдерiндегi ең шебер өнер иелерiн жинап, Түркiстан астанасы Самарқанд секiлдi Түркiстанның басқа шаhарларын да көрiктендiрдi. Ғажайып сәулет ескерткiштерiмен безендiрдi. Бау-бақшалар ектiрiп, мешiттер, сарайлар, медреселер, моншалар, зауыттар мен фабрикалар салдырды. Егiншiлiкке үлкен мән берiп, арықтар қаздырды. Тек Самарқандтың өзiнде ғана қаншама елдерден әкелiнген жүз елу мың қолөнер шеберi бар едi. Саяхатшылар бұл шаhардың ерекшелiгiне, сұлулығына таңқалып, сауда қарым-қатынасындағы өзiндiк мән-маңызына жоғары баға беретiн.

Темiрдiң әскерi техникасы мен құрылымы жөнiнен бүкiл әлемде ең озық, сол заманның ең алдыңғы қатардағы әрi жүйелi тәртiпке түсiрiлген әскер саналар едi. Темiрдiң әскерi жаяу және атты – екi түрлi әскерден тұрды. Ұзақ жорықтарда жаяу әскерлерге де ат берiлетiн. Атты әскерлер тиiстi жерiнде жаяу да соғыса алатындай болып тәлiм алатын. Далалықтар да таулықтар да соғыста шеберлiкпен шайқаса алатындай дәрежеде тәлiм алған құралды сарбаздар едi. Демек, Темiр мен оның ұлдары, немерелерi Түркiстанда әскери өнердiң дамуына зор мән берiп, бар қажыр-қайраттарын жұмсаған.

Темiр мен оның ұлдары, немерелерi ғалымдарды тек ынталандырып қана қоймас-ды. Өздерi де шығармалар жазып, пiкiр алысуларға қатысып отырар едi. Бұл орайда Шаhрұх, Ұлұғбек, Хұсейiн Байқара, Бабыр шахтардың есiмдерiн еске түсiрсек болады. Бұлардың бәрi әдебиетшi, ақын, ғалым кiсiлер едi.

Темiрдiң немересi Ұлұғбек болса мәшhүр математик әрi астроном болды. Оның астрономия мен математика iлiмдерiне қосқан өзiндiк қызметi өте жоғары. Оның еңбектерi Еуропа елдерi тiлдерiне аударылып, зерттелуде. Самарқандта жасалған әлемдегi ең ғажайып жәдiгерлiктердiң бiрi – үш қабатты обсерватория да осы Ұлұғбектiң еңбегi. Бұл дәуiрде түрiк әдебиетi де бек өркендеу үстiнде болып, көптеген танымал шығармалар өмiрге келдi. Бүкiл түрiк әлемiндегi ең ұлы шайырлардың бiрi – Әлишер Науайы да Темiр ұлдары заманында жасады. Түрiк тiлiнiң құқығы оның табыстарымен қорғалды. Бұл дәуiр сурет салу және көркем жазу жөнiнен де ең бiр өрлеу дәуiрi болды.

Темiрдiң немересi Бабыр шах Үндiстанға келiп, ұлы ислам түрiк империясын құрды. Оның әлемдiк саясатта өзiндiк рөлi болды. Ғасырлар бойы өмiр сүрген бұл мемлекет ағылшындардың түрлi сұрқиялық айла-шарғылары мен қаскөйлiк әрекеттерiнен кейiн ыдырап, Англия отарына айналды (1858).

Әйтсе де, Түркiстан өзiнiң өрлеу кезеңiн өркендетiп кете алмаса да өз тәуелсiздiгiн сақтап келiп едi. Кейiн заман ағымы бiзге қарсы бағытта жүре бастады. Темiр мемлекетi шағын-шағын хандықтарға бөлiндi. Бұл хандар бiр-бiрiмен жағаласып, соғысты. Ендi Түркiстан Еуропаның орта ғасырдағы хал-жағдайына түстi. Ғалымдарымыз нақтылы, тиiмдi де пайдалы ғылымдар орнына бiржақты дiни iлiмдерге берiлiп кеттi. Халық дiнi қудалануға түстi. Түркiстан көкжиегiн соқыр сенiм басты. Түркiстандағы бұл ахуалды көрген дұшпандарымыз Қытай мен Ресей осы кездi пайдаланып қалу керек екенiн түсiндi. Бұл бай түрiк өлкесiн басып алу, бөлшектеу, отарлау жоспарын құрды. Бұл жоспар екi-үш ғасырға созылған тартыстардан кейiн iске асып, ХIХ ғасырдың соңына қарай Түркiстанның батыс бөлiгiн орыстар, шығыс бөлiгiн қытайлар басып алды. Демек, екi-үш ғасырға созылған қан-қасап соғыстардан соң Ұлы Түркiстан аталмыш басқыншылардың отарына айналды. Түркiстандықтардың 4-5 мың жылдық мәдениетi адам айтқысыз жабайы басқыншылар қолында қапаста қалды. Бұл басқыншылар өздерiнiң сұмдық айуандық жоспарларымен қаһарман түрiктердi түбегейлi құл қылмақ мақсатында түрлi-түрлi қара ниеттi торларын құрып, әрқилы шаралар iздестiрдi. Атилла, Шыңғыс, Темiр секiлдi жаһан императорларының еркек кiндiктi ұлдары, Түркiстан түрiктерi бұл бәлекеттiң алдында өмiрбақи қолдарын қусырып, бастарын иiп тұра бермес, құлдық өмiрге көне бермес. Мiне, сол үшiн де Шығыс Түркiстандағыдай Батыс Түркiстанда да дұшпандарға қарсы бостандық күресi жүргiзiлдi. Бiрақ өкiнiшке орай, соңы нәтижесiз қалды.

Бұл күресте түрiк-ислам әскерi табысқа жетiп, Түркiстан түрiк қаһарманы, тәуелсiздiк жолындағы бас жолбасшымыз Мұстафа бек Шоқай басшылығында бiр ұлттық үкiмет құрылса да, бұл жас ислам-түрiк мемлекетiнiң экономика мен мәдениет салаларындағы кемшiлiктерiн байқаған орыстар, патшалық Ресейге мұрагер еткен Кеңестiк қызыл өкiметiн құрғаннан кейiн жаңа ислам-түрiк мемлекетiне жол бермедi. Дүниежүзiлiк соғыс кезiнiң қолайлы сәттерiн пайдаланып қалу үшiн Түркiстанның батыс бөлiгiнде басқыншы орыстарға қарсы ұлт азаттық күресi жүргiзiлiп, сонда Түркiстан қаһармандары нағыз ерлiк үлгiлерiн көрсеттi. Өзiнiң қасиеттi Отанында ұлттық тәуелсiздiгiн жариялап, басқа ұлттар секiлдi тiршiлiк етпек, отарлық бұғаудан босанбақ үшiн әрекет еттi. Отан азаттығы үшiн жанын сала күрестi.

Түркiстан қаһармандары арыстанша арпалысып, қайрат көрсете жүрiп, жанымен, дiлiмен Отан қорғау жолында жүз мыңдап құрбан болды. Бiрақ орыстарға келетiн шама-қуатының жоқтығы, дұшпан қуатының көптiгi бiздi сарсытты. Бұл мемлекеттiң не батыста, не шығыста ешқандай жәрдемшiсi жоқ жаңа бiр ислам мемлекетi болғандығы үшiн де қан қасап тартысулар мен шарпысулардан кейiн 1921-1931 жылдары қызыл жаһангер Совет орыстары отарына өттi. Орыстар өздерiнiң басқыншылық сипатымен қылмағандары қалмады. Ислам мәдениетi мен түрiк мәдениетi және олардың ескерткiштерi құлатылды. Дiнiмiз, ұлтымыз масқаралауға, шапқыншылыққа душар болды. Мешiттерiмiз, жұма намаз оқылатын орындарымыз коммунистiк құлып – қызыл отауларға айналдырылды. Мыңдаған мешiт, медреселерiмiз зинақорлық орындарына, кафелерге, ойынханаларға, әскери казармаларға айналды. Әуелгi тұрмыс, салт-дәстүрлерiмiз жойылды. Бүкiл қауым өз құқықтарынан мақұрым етiлдi. Советтердiң құлы болуға мәжбүрлендi. Неше жүз мың ғалымдарымыз, үлкендерiмiз, жас қызметкерлерiмiз қой секiлдi бауыздалды. Әр жерде большевик мектептерi ашылды. Мектептерде дiнсiздiкке, құдайсыздыққа үйретiлдi. Күнәдән пәк балалардың саф таза миларына коммунизм зәрi сiңiрiлдi. Ата-аналарына қарсы дұшпандық ниеттерiн тудыра бастады. Орыстандыру, дiнсiздендiру жоспары алға қойылды. Еш бiр адамның құлағы естiмеген, көзi көрмеген, қаперiне кiрмеген аюандықтар жүзеге асырылуда.

Түркiстанның Қытай мойынсұнған шығыс бөлiгi болса, жарты ғасырдан берi қытайлардың қолында. Олар да адам айтқысыз небiр бәлекеттерге ұшырап келедi. Бұлар да дiнiнен, Отанынан, ұлттық құқықтарынан мақұрым етiлуде. Қытай үкiметi бұл түрiк мұсылмандар арасында ұлттық дәстүр, исламдық салтты жою үшiн әртүрлi шаралар iздестiрдi. Түрiк исламдарына қатысты көне ескерткiштердi қоймады. Халықтардың отбасылық тұрмысына да араласты. Оларды қытайландыру, мәжусилендiру жоспарын құрды. Ешқандай да бастауыш не болмаса орта мектеп секiлдi мектеп орындарын ашуға тыйым салынып, оған батылдары барғандар түрлi азаптарға ұшырады. Түркiстан Қытай қолына өткеннен берi Түркiстанның ешбiр жерiнде мектептер ашуға, не өзiнше басылымдар шығаруға, тiптi дiни кiтаптар басуға да мүмкiндiк бермедi. Түркiстанда саяси, не әдеби, я болмаса басшылық ететiн протекторат орыны ашуға да қатаң тыйым салынды. Түркiстандықтар үкiметте кiшкентай да бiр қамқорлық көрiп, қызметке тұра алмас едi. Қытайларда адамды ұру, соғу, қамау. аяқ-қолын кесу, көзiн шығару, отқа күйдiру, денесiне ыстық май шашу секiлдi қинаулар ең кiшкене жазалар қатарында саналар едi. Мәжусилендiрмек мақсатымен жас балаларды қытай мектептерiне жiберiп, Кунфуци бейнесiне шоқынуға, табынуға мәжбүр еттi. Мектептегi ұстаздық қызметке қабылданғандардың әрқайсысы жастарды мәжусилендiру жолында миссионерлiк қызмет арқарды. Соңғы кездерде мәжусилендiру жоспары алдыңғы қатарға қойылып, бұл 1930-1939 жылдары әспеттелген "қажылық" дәрежесiндегi бiр жолға түсiрiлдi. Түрiк қыздарын кәпiр қытайлармен үйлендiрмек үшiн қарар қабылданды. Бұл да жүзеге асырыла бастады. Оның үстiне қытайлар барлық дау-шары мен келiсiмдерiн орыстар арқылы ғана шешiп, Түркiстанның бүкiл экономикалық қуатын орыстарға бердi. Түркiстанда аштық, қымбатшылық басталды. Мұсылмандардың ар-ожданы көтермейтiн осындай нәрселерден Түркiстан түрiк ұлтшылдары тарапынан Құмыл шаһарында көтерiлiс болып, сол заматта ол төңкерiстiк сипат алды. Төңкерiс барлық тарапты шарпыды. Қозғалыс екпiнi жер-жердi шарлап кеттi. Қоғамдық толқулар көбейдi. Әр жерде-ақ бас көтерулер болып жатты. Жас, кәрi, ұл, қыз демей Отан азаттығы, ұлт бостандығы үшiн жанын да, малын да аямастан әрекет еттi. Бұл күрестi өздерiнiң қасиеттi мiндетi, борышы санап, қаһармандарша қайрат көрсеттi. Әр тараптан көтерiлiс нәтижелерiн көрiп, халықтың рухы көтерiлдi. Күннен күнге сарбаздар қатары, әскер көбейдi. Жүз мыңдаған құрбандар берiп, ақырында тәуелсiз республика құрды. Бұл республикаға Хожанияз қажы – Елбасы, Сабит дамолла – Бас уәзiр, Қаһарман Махмуд Муһити әскер басы болды. Бұл республиканың таянышы – тәуелсiздiк белгiсi ретiнде ай-жұлдызды көк байрақты тiктi. Оның төңiрегiне қызметкер, ұлтшыл, елшiл зиялы көпшiлiк топтанды. Бұл республика бағдарламасының 1-шi бөлiмiнде республиканың бүкiл iстерi Құран және пайғамбар жолына лайық болатын болып, мемлекет құрылымының баяны рет-ретiмен белгiлендi. Бұл жаңа құрылған Ислам-түрiк республикасы сыртқы iстерде тәуелсiздiк таныту және халықаралық қатынасқа еңбек мақсатымен еркiн түрде шетелдерге арнайы елшiлер шығарды. Жарты ғасырдан берi Қытай езгiсiнде өмiр сүрген түрiктер өз тәуелсiздiгiн алар-алмастан прогреске қадам басты. Жер-жерде мектептер ашылды, тағлым берiлдi, тiршiлiк жандана бастады. Бiрақ, өкiнiшке орай, Ресей жанынан құрылған бұл ислам-түрiк мемлекетiнiң бұлайша тез өркендей бастауы орыстарды тынышсыздануға түсiрдi. Өйткенi Түркiстанның шығыс бөлiгiнде тәуелсiз түрiк мелекетi құрылып, осылайша тез өркениетке қадам басатын болса, онда Түркiстанның батыс бөлiгiнде өмiр сүретiн орыс билiгiндегi түрiктер де бұл республикаға қосылып, орыстарға қарсы шығу қаупi сезiлгендей едi. Орыстар ендi түрлi айла-шарғылар арқылы бұл түрiк мемлекетiн құлатпаққа әрекет еттi.

Шын (Қытай-ред.) мұсылмандары (дүнгендер) төңкерiс кезiнде өздерiнiң ұлттастары қытайлар пайдасы үшiн дiн қарындастары – түрiк дiндестерiне қарсылық көрсетiп тұрған едi. Осы жағдайды пайдаланып қалу мақсатында орыстар мен қытайлар дүнгендердi түрлi айла-шарғылар арқылы айдап салып, түрiктер мен дүнгендер арасындағы жаулықты күшейте түстi. Түрiк мұсылмандарында ұлттық сезiмнен де бұрын исламиятқа деген құрмет басым едi. Олар Қытай мұсылмандарын (дүнгендердi) өздерiнiң дiни қарындасы, құдай берген одақтасы санар едi. Сатқын дүнгендер түрiк мұсылмандарының бұл бауырластық сезiмдерiне қарамастан қиянат жасады, орыстармен бiрлестi, қылмаған аюандығы қалмады. Мұсылмандарың үлкендерiн өлтiрдi. Қырды, шапты, қамады. Қиянаттарында шек болмады. Орыстар өздерiне қолайлы сәттi пайдаланып, Жапон-Қытай соғысында Манчжуриядан Ресейге қашқан қызыл қытайларды қаруландырды да, Түркiстанға айдап салды. Түрiктер орыс, қытай, дүнген шабуылдарына қарсы төтеп бере алмай қан-қасап соғыстардан кейiн Түркiстан республикасы құлатылды. Орыстардың қуыршағы болған дүнген бас командашысы Мажуң И Мәскеуге барды. Түркiстан сол күннен бастап Ресей мен Қытайдың ортақ отарына айналды. Коммунизм зәрiмен суғарылды. Түркiстанның батыс бөлiгiнде не болса, шығыс бөлiгiнде де сол жағдай орын алды. Өйткенi Қытайдың гоминданизм идеясы мен орыстың коммунизм идеясы арасында ешбiр айырмашылық жоқ. Аттары басқа болғанымен мәндерi бiр. Мысырда Қытай жалдамалыларының түрлi жалған арандатуларына сенiп қалу бар. Дүниеде ең жабайының жабайысы Қытай жабайылары-дүр. Гоминдаң партиясының негiзгi мақсаты бүкiл Түркiстанды қытайландыру, мәжусилендiру; Түркiстан тiлiн Қытай тiлiне көшiру; он миллион Қытай әкелiп Түркiстанға орналастырып, Түркiстанды таза қытай қылмақ.

Бiз ешуақытта бiреудi жаман дей алмаймыз. Бiрақ Отанымызды, дiнiмiздi, ұлтымызды сүйемiз. Тiлегiмiз – ұлттық азаттық. Азаттық жолында жанымызды құрбан етемiз. Артқа шегiнбеймiз. Ниет, мақсатымыздан қайтпаймыз, түрiктiктен танбаймыз, исламдықтан жаңылмаймыз. Тәуелсiздiк құрбансыз болмас. Жүз мыңдаған құрбан бердiк. Бiр күндер келер, сонда өз тәуелсiздiгiмiздi алып, өзге ұлттар секiлдi тiршiлiк жасаймыз, отарлық бұғауын үземiз. Бабаларымыз секiлдi исламият пен мәдениет үшiн аянбай қызмет етемiз. Мұстафа бек Шоқай секiлдi сыртта бас азаткерiмiз бар, олар ұлттық бостандық үшiн әрекет етуде. Бұл бостандық әрекетi жақын келешекте жемiсiн бередi және Түркiстан түрiктерi азат болады. Бұған иманымыз кәмiл, сенiмiмiз зор.

Шағатай тiлiнен тәржiмалаған – Дархан Қыдырәлi

Серіктес жаңалықтары