ГОЛЛИВУДТЫ БАҒЫНДЫРҒАН ҚАЗАҚ
ГОЛЛИВУДТЫ БАҒЫНДЫРҒАН ҚАЗАҚ
Бүгiнде Тимур Бекмамбетовтың есiмiн әлем тани бастады. Әуелi жерлесiмiз (жерлесiмiз деп айтуға толық құқылымыз. Өйткенi, Тимур Бекмамбетовтың 1961 жылы Атырау қаласында дүниеге келгенiн кез келген қазақтан сұрасаңыз, айтып бере алады. — Г.Б.) ТМД елдерiнде жарқырап көрiне бастады. Оның жарқырап көрiнуiне себепкер болған фильмдер "Түнгi шолғыншы" және "Күндiзгi шолғыншы". Екiншiсi бiрiншiсiнiң заңды жалғасы болып саналатын "шолғыншылардың" көпшiлiк арасында қызу пiкiр-талас туғызғаны да рас.
"Шолғыншылардың" қаншалықты сұмдық фильм болғандығын өзгелер айтпаса, сол бiр фильмдi өзiм аса қызығып тамашаладым деп айта алмаймын. Спецэффектiсi көп, сол арқылы қиялға келмейтiн дүниелердi фильмге тықпалап, компьютерлiк жаңа технологияны киноөндiрiсiне батыл енгiзiп, жаңа дүниенi жасағысы келгенi болмаса, керемет жаңалықты көрдiк деп айта алмайсың. Кейбiреулердiң пiкiрiне қарағанда "Түнгi шолғыншыны" түсiну үшiн бiр көру аздық етедi екен. Ол үшiн фильмдi бiрнеше мәрте қайталап көргенiңiз абзал. Менiң ұғымымда жақсы фильм ә дегеннен-ақ, көңiлге қонбайтын ба едi. Бiр көргеннен ұнаған фильмдi өзiңiз-ақ, қайталап көруге мәжбүрсiз. Ал фильмдi түсiну үшiн бiрнеше мәрте қайталап көру дегендi "Түнгi шолғыншыдан" кейiн естiп отырмыз. Бiрнеше мәрте қайталап көретiн фильм дегенiңiз шытырман оқиғалы кiтап емес қой. "Хош" делiк.
Ендi экранға "Аса қауiптi" фильмi шықты. Әзiрге "Аса қауiптi" фильмiнiң даңқы аспандап тұр. Аты ғана емес, бағасы да аспандап кеткенге ұқсайды. Бүгiнге дейiн аталмыш фильмнен түскен қаржының өзi – 84,1 млн. долларға жетiптi. Бұл баға теңдесi жоқ нәтиже екенi де даусыз. БАҚ бiткен шуласып, Бекмамбетовтың бұл жеңiсi туралы жарыса жазып жатыр. Бүгiннiң өзiнде әлемнiң бiрқатар мемлекеттерi "Аса қауiптi" фильмiн тамашалап үлгердi. Корея, Англия, Оңтүстiк Азия мемлекеттерiнде де көрсетiлiп, өзiнiң теңдессiз фильм екендiгiн дәлелдеп шықты. Фильмнiң ол елдерден жинаған қаржысы да қомақты. Соған қарағанда, фильмнiң мағынасын қайдам, жарнамасы жақсы рөл ойнап жатқан сияқты.
Бекмамбетовтың жеткен жетiстiктерi мен жинаған табысында дауымыз жоқ. Қазақ екендiгiне де қуанамыз. Әйтсе де, жуырда ақпарат көздерiнiң бiрiнен жерлесiмiздiң аталмыш фильмдi украин тiлiне аударғандығына қынжылыс бiлдiргенiн естiдiк. Сөйтсек, Украина "Аса қауiптiнi" орысша тiлден гөрi ағылшыншадан тәржiмалауды жөн көрген екен. Украиндықтардың орыс тiлiнде емес, украин тiлiнде көрсете бастағаны бұл бiр емес. Соңғы кездерi Украинаның кинотеатрларының барлығында дерлiк, мемлекеттiк тiл үстемдiк етедi. Тiптi, қазақстандық режиссерлерiмiз анимациялық фильмдерiн орыс тiлiнде емес, ағылшын тiлiнде титрмен апарғандығы туралы бұған дейiн де естiгенбiз. "Украинадағы орыстар (орыстiлдiлер) бұл фильм кинозалдарда украин тiлiнде көрсетiлiп жатқандықтан оны көре алмапты-мыс. Сондықтан да аудиторияның 20-30 пайызын жоғалттық. Бұл фильм Сергей Безруков, Константин Хабенский, Виктор Золотухин сияқты орыс актерлерi дубляждады. Украин көрермендерi олардың даусын ести алмайтыны өкiнiштi", — деп қынжылыпты Бекмамбетов". ("Мәдениет" журналы, №8) Режиссердiң қынжылысына қарағанда, украин жерiнде көрерменнiң жартысы фильмдi көре алмаған сияқты. Жалпы, жақсы фильмдi қай тiлде болса да көруге болатынын Бекмамбетов түсiнбейтiн болуы керек. Әлде, Бекмамбетовты қинайтыны орыс тiлiнiң украин жерiнде шеттеп қалып жатқандығы ма? Әрине, бұған дейiнгi "шолғыншыларының" барлығы дерлiк, қазақ кинотеатрларында орыс тiлiнде көрсетiлгенi рас. Одан кейiнгi "Ирония судьбы-2. Продолжениесi" де орысша берiлдi. Жақында Қазақстанда көрсетiлiмiн бастаған "Аса қауiптiңiздiң де" орыс тiлiнде сөйлеп жатқандығы күмәнсiз. Осы тұрғыдан келгенде, Бекмамбетовтың жерлестерiне дән риза болатын жөнi бар.
"Аса қауiптi" фильмi туралы әңгiмелер жаңағыдай. Голливудты бағындырған қазақтың бұл фильмi қыруар қаржы тауыпты. "Тағдырлар тәлкегiнiң" да соншама қаржы тапқандығы туралы дақпырттардың шет жағасын естiгенбiз. "Ойпырмай-сұмдық" дескесiн, көрейiк деп, "Тағдырлар тәлкегiн" сатып алып, тамашаладық та. Өкiнiшке қарай, Эльдар Рязановтың фильмiнiң қасында жiп есе алмайтынына, "жалғасының" дақпыртының ғана мықты болғандығына көзiмiз жеттi. Фильмнiң қыруар қаржы табуына сол "дақпырттың" да себебi тиген сияқты. Себебi, Эльдар Рязановтың "Тағдыр тәлкегiнсiз" жаңа жылды қарсы ала алмайтын көрермен Бекмамбетовтың фильмiнен де сондай жылылықты күтсе керек. Әрi, фильмдегi басты кейiпкерлер Мягков пен Брылсканың ойнайтыны да фильмдi көпшiлiктiң көруiне итермеледi. Қалай десек те, тым жақсы фильмдi қайталап, жалғастырудың қажетсiз екендiгiн дәлелдегенi болмаса, Бекмамбетовтың бұл фильмнен ұтқаны шамалы. Соңғы кездерi ресейлiктер жалғас қууға дәндеп алыпты. "Тағдырлар тәлкегiнiң" жалғасынан кейiн, Ресей кино өндiрiсiнiң Алтын қорындағы мықты-мықты фильмдердiң көбi дерлiк жалғасын тауып жатыр. Ал, олардың қаншалықты "шедевр" дүние боларын уақыт көрсетедi.
Ал, бiз болсақ, қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын фильмдердi жата кеп мақтауға кiрiстiк. Бұл фильмдердiң ұлт үшiн қаншалықты ұтымды жағы болғанын бiлмеймiн, тек режиссердiң қазақ болғандығы үшiн бөркiмiздi аспанға атуға мәжбүрмiз. Бiрақ, бiз қуанып жүрген жерлесiмiз өзiн қазақпын деп ойлай ма екен?! Интернеттегi ақпарат көздерiне сүйенсек, Бекмамбетов өзiн КСРО-ның ұрпағы санайтындығын, он бес Республикалардың барлығы ол үшiн жат еместiгiн айқын жеткiзiптi. Сөзбе-сөз айтар болсақ, "Я родился в СССР. Я считаю своей родиной все 15 республик, независимо от того, какой там режим".
Тимур Бекмамбетовтың фильмдерi туралы бiр көрермен: "Тимур ағамыздың киносында шытырмандылық жоқ. Бiр қолданған эффектiнi бәрiнде де қолдана бередi. "Аса қауiптi" фильмi де тек атақты әртiстер ойнаумен ғана рейтингiсi көтерiледi. Менiң ойымша, ол жақта сол баяғы Матрицадан қалған эффектiлермен алады көрермен назарын. "Дозорлары" тiптен ұнаған жоқ. Тек қазақ түсiргесiн көрдiм" дептi. Расында да, қазақ көрермендерi арасында Тимур Бекмамбетовтың кино түсiрудегi шеберлiгi емес, оның қазақ режиссерi болғандығы үшiн, әрi қазақ режиссерiнiң арасынан суырылып алға шығып, Голливудты бағындыра бастағаны үшiн құрметтейтiндер басым. Сол құрметтегендiктерiнiң арқасында шығар, Тәуелсiз "Тарлан" сыйлығын да Бекмамбетовке тарту еткендерi. Белгiлi кино сыншысы Бауыржан Нөгербек: "Қазақ режиссерi болғаны үшiн берiлген шығар. Мүмкiн сыйлықты берушiлер Тимур Ресейде қазақтың атын шығарып жүр деп ойлайтын шығар. Қазақ елiнде жүрген азаматтарға беру керек едi. Тимур Бекмамбетов сол он мың долларға қарап отыр деп ойламаймын" деген едi сұхбатында.
Барлығының да айтатыны бiр ғана нәрсе — Бекмамбетовтың қазақ режиссерi болғандығы. Ал, қазақ режиссерiнiң айтпағы әлгiндей. Украиндiктердiң украин тiлiнде тәржiмалағанына ренжiген режиссер қазақ жерiнде қазақ тiлiнде өтпегенiне қынжылмайды. Өйткенi оған, дубляжды жасаған Сергей Безруковтың, Константин Хабенскийлердiң дауысы қымбат шығар, кiм бiлсiн?! Әрi көрерменнiң Безруковтың дауысын есту үшiн "Аса қауiптiнi" көруге баратынына сенiмдi.
РФ халық әртiсi Валерий Золотухин: "Мен Тимур Бекмамбетовтың шығармашылық жұмысынан керемет қанаттандым. Өйткенi, ол мен бұған дейiн кездестiрмеген, тiптен бөлек режиссерлiк әдiспен жұмыс iстейдi екен. Ресей киносы, сөз жоқ өркендеп келедi. Жақсы ма, жаман ба, ұнай ма, ұнамай ма, үлкен қаржы жұмсалып, үлкен табыс түсiп жатқан соң оны өркендеп жатыр деп ұғу керек. Бұл ретте "Күндiзгi шолғыншы" үлкен жетiстiк. Бiрақ ол жалғыз — Бекмамбетов" дептi.
Әрине, ресейлiк кино шеберiнiң Бекмамбетов туралы айтылған жылы пiкiрi жүрекке жылы тиедi. Ресейлiк кино режиссерлердiң арасынан бөле-жара жерлесiмiздiң атын атауының өзi көңiлге қонады екен. Тек бiр "әттеген-айы" Бекмамбетовтың Ресей кино өнерiнiң өркендеуiне еңбек сiңiрiп жатқандығы. "Бiз Бекмамбетовпен мақтануға тиiспiз" дейтiн де шығар бiреулер. Бiрақ, бiз Бекмамбетовпен Қазақ киносы өркендеп жатқан кезде ғана мақтана алатынымызды да ұмытпағанымыз абзал. Ұлтқа, ұлттық кино индустриясына өлшеусiз еңбек етiп жатса, әлем алдында қазақтың атын шығарып, өзiнiң қазақ екендiгiн мойындап жатса, онда неге Бекмамбетовтi мақтамасқа?! Онда бiз Бекмамбетовтi мақтап қана қоймаймыз, Бекмамбетовпен мақтанатын да едiк қой.
Гүлзина Бектасова