Құрманғали АШАНҰЛЫ: БIЗДI МЕЗI КЫЛАТЫН 57 ТЕКСЕРIС БАР

Құрманғали АШАНҰЛЫ: БIЗДI МЕЗI КЫЛАТЫН 57 ТЕКСЕРIС БАР

Құрманғали АШАНҰЛЫ: БIЗДI МЕЗI КЫЛАТЫН 57 ТЕКСЕРIС БАР
ашық дереккөзі
253

Елбасы шағын және орта бизнеске мараторий жариялағалы берi кәсiпкерлерге жаңа кезең туды. Оның үстiне қазiр жаңа «Салық кодексiнiң» жобасы да дайындалып, кем-кетiгi түзелiп жатыр. Әрине, осының бәрi елiмiзде шағын және орта кәсiпкерлiктi дамытуға бағытталған ашық жол деуге болады. Белгiлi кәсiпкер, қазақтiлдi БАҚ-та тiл, ұлт үшiн пiкiрiн ортаға салып жүрген Құрманғали Ашанұлымен болған сұхбатымыз да осы тақырыпқа арналды.

— Құрманғали аға, қазiр жаңа "Салық кодексi" талқыға салынып жатқандығы белгiлi. Бұл жаңалық әсiресе, кәсiпкер қауымды дүр сiлкiнткен шығар…

— Әрине. Қазақстанның кәсiпкерлерi бұл жаңалықты күткенiне бiраз уақыт болды. Елбасы Үкiметке жаңа Салық кодексiне өзгерiстер мен толықтырулар енгiзуге тапсырма бердi. Қазiр кодекстi республика төңiрегiнде, қала, аудандарда талқылауға кiрiciп кеттi. Тiптi, сол бүкiл ел аумағында талқыланып, түрлi ұсынысқа тап болған жаңа «Салық кодексiн» Үкiмет 29 тамызда Парламент депутаттарына ұсынады.

Мемлекеттiк бюджет кiрiс пен шығыстан тұрады. Соның кiрiсiн толықтыратындар — көбiне салық төлейтiн шағын және орта бизнес кәсiпкерлерi. Мысалы, Алматы қаласы республика бойынша жиналатын бүкiл бюджет кiрiсiнiң 30 пайызын төлейдi екен. Ал осы жерде 30 пайыз қайдан жиналады деген сұрақ туады. Дәлiрегiнде, салықтың 80 пайызы шағын және орта бизнес кәсiпкерлерiнен түседi. Елбасының салықты алдыңғы мәселеге қойғанын, шағын және орта бизнеске мараторий жариялағанын осыдан-ақ түсiнуге болады. Бiрiншiден, бұрын корпоративтi табыс салығы 30 пайыз болатын. Ендi шағын және орта кәсiпкерлер осы салықты 20-25 пайызбен төлейтiн болды.

Екiншiден, қосымша құн салығын (ҚҚС) бұрын кәсiпкер 13 пайыздан төлесе, 12 пайызға түсетiн болды. Ал, бауырлас Түркия мемлекетi ҚҚС төлемейдi, алынып тасталған.

Үшiншiден, әлеуметтiк салық көзi бойынша бұрын 150 доллардан 6 мың долларға дейiн 13 пайыз, 6 мың доллардан 6 пайыз төлейтiн. Осыны көбiне салық төлеушiлер мен Салық комитетiнiң қызметкерлерi шатастырып алатын. Бұлай төлеу кәсiпкерге де, шенеунiктерге де тиiмсiз едi. Ендi жаңа «Салық кодексi» бойынша әлеуметтiк салық 11 пайызға төмендетiлiп, кәсiпкер мен салық қызметкерлерiнiң iсi қиындамайтын болды.

Төртiншiден, 30 млн. теңгеден асатын жекеменшiк мүлкi бар байларға 1-2 пайыздан төлейтiн дәулет салығы енгiзiлдi. Себебi, Үкiмет олардың баюына жағдай жасады. Ендi олар жақсылыққа жақсылық жасау керек емес пе?

— Ставканы төмендетуден мемлекет ұтылып қалмай ма?

— Жоғарыда аталған салық ставкалары төмендегенмен бұдан Үкiмет ешқашан ұтылмайды. Әлемдегi нарықта қолданылып жүрген тәжiрибе ғой бұл. Қазiр бұрынғыдай емес, салық төлеушiлердiң де жұмысы оңтайландырылған. Кәсiпкерлер салықты өздерi барып төлеп, жұмысын бей-қам жалғастыра бередi. Әрине, салық төлеушiлер көбейiп жатса, Үкiмет бюджетiнiң әмияны да қампаятыны сөзсiз.

— Ал сiздiңше кәсiпкерге бұдан не пайда?

— Ал шағын және орта бизнес өкiлдерi болса, салық түрелерiнiң ставкасы төмендетiлгеннен кейiн қалған ақшаны кәсiпорынның айналым капиталында (оборотное средство) ұстап, оны материалдық-техникалық базасын нығайтуға жұмсайды. Бұдан кәсiпкерлер ұтпаса, ұтылмайды. Мысалы, бұрын корпоративтi табыс салығынан 30 пайызды Салық комитетiне өлесе, ал қазiргi жағдайда 20 пайыз төлейдi. Сонда 10 пайыз корпоративтiк салықтан, 1 пайыз қосымша құн салығынан, 8 пайыз әлеуметтiк салықтан шағын және орта кәсiпкерлiктiң материалдық техникасын қаржыландыруға жұмсайды. Бұдан Үкiмет те, кәсiпкер де опық жемейдi. Қазiр де шағын және орта бизнес тауар айналым капиталы әлсiздеу. Ендi кәсiпкерлер салықтан үнемделген ақшаны өндiрiс көздерiн ашуға жұмсап, материалдық техникалық базасын нығайтып, қарамағында iстейтiн қызметкерлерiнiң жалақысын көбейтуге төлейдi. Егер ақша артық қалып жатса, шағын кәсiпорынның айналасын көгалдандыруға, абаттандыруға, жаңа технология сатып алуға бөледi.

— Қазiр талқыға түсiп жатқан "Жеке кәсiпкерлiк туралы" заң жобасының кейбiр баптарына қарсы емессiз бе?

— Өзiм кәсiпкерлiктi зерттеп, тiкелей айналысып жүргендiктен "Жеке кәсiпкерлiк туралы" заң жобасының кейбiр баптарына қарсымын. Себебi, жаңа заңда жеке кәсiпкер бiр бiрлестiкке кiруi, мiндеттi түрде жарна төлеп тұруы керек екен. Бұл iрi және орта кәсiпкерлiкке тиiмдi болғанымен, шағын кәсiпкерлер үшiн қолайсыз. Шағын кәсiпкерлiктi мезi қылған 57 тексерiс мекемесiнiң қасына тағы бiр кәсiпкерлерден ақша жинайтын, шенеунiктерi көп мекеме пайда болмай ма деп ойлаймын. Егер осы бап заңға енiп кетсе, шенеунiктер шағын кәсiпорынға көмектеспей-ақ, заңда көрсетiлген бапты пайдаланып, "Ақша төле" деп тұрмай ма? Сондықтан нарық заманында кәсiпкердi мәжбүрлемей өз еркiне салуы қажет сияқты.

— Бүкiләлемдiк экономикалық дағдарыс қазақстандық кәсiпкерлерге қаншалықты әсер еттi?

— Рас, экономикалық дағдарыс тек Қазақстанды ғана емес, бүкiл әлемдi қыспаққа алды. Әсiресе, елiмiздiң банк, қаржы саласын бiр есеңгiретiп тастағаны белгiлi. 2000 жылдан бастап 2007 жылға дейiн, яғни, экономикалық дағдарыс басталғанға дейiн бiзде жағдай өте жақсы болды. Iшкi жалпы өнiмнiң өсуi 10 пайызға жеттi. Осы кезде көптеген қазақ ипотека алып, үй салып оны сатып, екiншi деңгейлi банктерден несие алып өздерiнiң жағдайын едәуiр жақсартты. Ал дағдарысқа байланысты Қазақстанда құрылыс жұмыстары тоқтап, банктер бұрынғыдай қарапайым халыққа несие бермейтiн болды. Менiңше, бұл жағдай қазақ халқына бiр жағынан сабақ сияқты әсер еттi. Бұрынғыдай ақшаны еркiн шашып, той жасап, тұрмысқа қажеттi заттар, қымбат-қымбат үй, көлiк сатып алу жағдайы бiршама тоқтатылды. Себебi, көптеген адамдардың кәсiпорындары банкротқа ұшырап жабылып қалды. Нәтижесiнде көптеген мекемелерде жұмысшылар саны қысқаруда. Кезiнде шағын және орта бизнестi түсiнгендер, оның iшiнде, дүкен, шаштараз, монша, ТЖО, мейрамхана, көңiл көтеретiн орындарын ашқандар т.б. жұмысын еш тоқтатқан жоқ. Қысқасы, оларға экономикалық дағдарыс әсер ете қойған жоқ. Өйткенi, бұлар әрдайым қарапайым халыққа қызмет етедi. Жүз жерден дағдарыс болса да, халық тамақ iшедi, киiм киедi, жуынады, шашын алады, үйiне от жағады, көлiгiн жөндейдi, қысқасы адам жанына керектiнiң бәрiн пайдаланады. Сондықтан халық ақшасын үнемдеуге көшуде. Кезiнде шағын және орта бизнестiң мекемесiн, жылжымайтын мүлiктi алып қалғандар қай жағынан болса да, қазiргi экономикалық дағдарыста ұтып отыр. Ал кезiнде жер сатып, пәтер сатып, үй сатып, ипотекаға үй алғандар мен банктен несие алғандар бармағын тiстеп, өкiнуде. Себебi, жердiң, үйдiң, пәтердiң бағасы ә дегеннен 20-50 пайызға бiрақ түсiп кеттi. Мәселен, бұрынғы 150 мың доллар тұратын үй қазiр 25 мың доллар тұрады. Ал кейбiреулер болса сол үйдi, жердi банктен несие алып сатып алып, қайта сатам дегенде баға түсiп кеттi. Есесiне, сондайлар қазiр не iстерiн бiлмей несиенiң пайыздық үлесiн төлеп әуре. Қазақтың 80-90 пайызы бiреулердiң айтқанына ерiп, опық жеп, төленбейтiн ақшаны төлеп, дағдарысқа ұшырап, денсаулықтарын жоғалтуда. Олар неге осындай жолға барды екен? Өз жерiнде, Отанында арбаушыларға алданып қалатындай не жағдай туды? Неге экономиканы бiлетiн мамандармен ақылдаспады екен, нарықтық заман талабына сай жазылған әдебиеттер мен ақпараттық құралдарды оқып таныспады екен деген ойға қаласың. Жасыратыны жоқ, сол алданып қалғандардың iшiнде қазақтар басым.

— Кәсiпкер ретiнде қандай бизнес көзiмен айналысасыз?

— Негiзгi кәсiбiм — пеш жасап, сату. Қазiргi заманға сай пештердi Ресейден, Оңтүстiк Кореядан т.б. шетелдерден алып келiп, соны орнатумен айналысамын. Одан да басқа бюджеттiк мекемелерге керектi заттарды цехта жасап дайындаймыз. Бұдан басқа ет, азық-түлiк тауарларын сататын дүкенiм бар.

— Осыншама жұмыс көзiн қатар алып жүрсiз. Салықты да тиiсiнше көп төлейтiн шығарсыз?

— Көп төлеймiн. Жоғарыда айтқан салықтардан басқа мүлiк салығы мен жер салығын төлеймiн. Қысқасы, салықтың 12 түрiн тоқсан сайын төлеп тұрамын. Оның бәрi архивiмде жиналып тұр.

— Қанша адамды жұмыспен қамтамасыз етесiз?

— Жұмыс iстейтiн негiзгi үш адам. Ал қалғандарын тапсырыс, келiсiм-шарт бойынша керегiнше жалға алып отырамыз. Керек болмаса қысқартамыз. Себебi, бұл нарық заманында көп адам ұстауға мүмкiндiк жоқ. Өйткенi, бәрiне жалақы төлеу керек. Мысалы, кәсiптiң түрi көп. Бұрын жұмыс iстемей тұрған зауыттарға барып қоқыс жасайтын жәшiктердi жасатып, қалаға таратамыз. Ол мәселен 100 бола ма, 200 бола ма, соған қарап қана жұмысшыларды уақытша аламыз.

— Кәсiпкер ретiнде шетелдiң салық ставкасынан хабардар шығарсыз…

— Шетелде экономиканы iлгерi жылжытып жатқан — шағын және орта бизнес. Ол бүгiнде 80-90 пайызға жеткен. Олардың кәсiбi шағын ғана әрi бәрi жаңа технологиямен жұмыс iстейдi. Шығындары аз, кiрiстерi көп. Оларда кедергiлер өте аз, салық ставкасы төмен. Мәселен, Қытайда кәсiпкер шағын және орта кәсiбiн ашса, 5 жылға дейiн, яғни, аяғынан тiк тұрып кеткенше салық ставкасын төлемейдi екен. Бiзде олай емес. Қалай аштың жергiлiктi Салық комитетiне тiркелiп ай сайын салық төлеуiң керек. Соның салдарынан шағын және орта бизнес саны алғашқы кездегiдей көп емес, едәуiр азайып кеткен. Ашылып, тiркелгендердiң бәрi емес, 50 пайызы ғана жұмыс iстейдi. Себебi, бiзде бақандай 57 тексерушi мекеме бар. Солар бәрiн тексерiп, болмайтын заттарға тиiсiп, мезiн шығарады да, ақыр аяғында жұмыс iстеуге кедергi жасайды. Жасыратыны жоқ, бұдан кейiн кәсiпкерлер тығылып жұмыс iстеуге мәжбүр болады. Мұндай кәсiпкер мемлекетке қалай салық төлесiн? Мiне, осы тұрғыдан алғанда Елбасының шағын және орта бизнес кәсiпкерлерiн тексермеуге 1 жылға дейiн мараторий жариялауы құптарлық iс. Қандастарымыз дәл осы жаңалықты ұтымды пайдаланып шағын кәсiбiн ашып алса болады ғой. Бәрi жастар, жаңадан ЖОО бiтiргендер. Олар көбiне ұлттық компанияларға, бюджеттiк мемлекеттiк мекемелерге жұмысқа тұрғысы келедi. Ал негiзiнен мұнда штат толық. Тiптi, сол жұмысқа орналасу үшiн әр түрлi қитұрқы әрекеттерге барып жатады. Неге солар өзiнiң кәсiбiн ашып алып, жұмыс iстемейдi? Бюджеттiк мекемелерге ЖОО жаңадан бiтiргендердiң жұмысқа орналасуы қиын.

— Құрманғали аға, сiздi тiсқаққан кәсiпкер ретiнде бiлемiз. Өмiрлiк тәжiрибеңiзден бөлiскiңiз кеп кiтап жазғаныңыздан да жұрт хабардар. Сiз өзiңiздi кәсiпкерлiктi бес саусақтай бiлетiн маман ретiнде санайсыз ба?

— Шағын кәсiпкерлiкпен айналысқаныма 15 жылдан асты. Бiраз тәжiрибе жинағаннан кейiн өзiмiздiң қаракөздерге арнап "Қазақ кәсiпкерiнiң әлiппесi" атты кiтап жаздым. Ол былтыр 2 мың данамен шығып халыққа тарады. Осы кiтаптың халыққа керек екендiгiне көзiм жеттi. Ендi екiншi рет қайта басып шығарайын деп жатырмын. Себебi, осы кiтапты оқып, өз кәсiбiн ашып жатқандар көптеп саналады екен. Қазiр теледидардан, радиодан сөйлегенде көптеген тыңдарман, көрермен хабарласып, кiтабымды сұрап жатады. Шындығында, Жамбыл, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Атырау облысының қазақтарына арнағанмын. Себебi, бұрын-соңды мұндай қазақша кiтаптың болмағаны анық. Жаңадан кәсiбiн ашып жатқан кәсiпкерлерге кiшкентай болса да септiгiм тисе, соның өзi маған күш. Бiрақ таңқалғаным, баспа арқылы кiтаптың қайда өтiп жатқанына сараптама жасап көрсек көбiнесе алатындар Солтүстiктiң, Орталық, Шығыс Қазақстанның қазақтары екен. Яғни, Орталық Қазақстан, Шығыс Қазақстанда орыс тiлдiлер басым, қазақтар солардан қалмау үшiн осы кiтапты сұрайды екен. Ал негiзгi арнаған облыстар әлi күнге құлдық психологиядан арыла алмай келетiнiн түсiндiм. Себебi, жоғарыдан әкiм-қаралар, шенеунiктер, т.б ашып бередi деп отыра бередi. Нарық заманында адамның өзi белсендiлiк танытып талпынбаса, ешкiм аузыңа әкеп бермесi анық. Өзiмiз Егемендi ел болғанда, өз жерiмiзде, елiмiзде жұмыссыз, нәпақасыз қалып, нарықта өз орнын таба алмау өзiңе, келешек ұрпағыңа кешiрiлмес күнә. Бiздiң қазақтың жоғары жақтан бiреу нұсқау бермейiнше қозғалмайтыны қанға сiңiп кеттi. Үкiметтен алатын зейнетақы, жәрдемақыға сенедi. Ал осы азын аулақ ақшаны инфляция жеп қояды. Одан да шағын бизнес ашып алып жұмыс iстеу тиiмдi. Қалтаңда ақшаң болса ешкiмге тәуелдi болмайсың.

— Сiздiңше, кез келген қазақ өз кәсiбiн аша ала ма?

— Әбден болады. Бәрi сылтау. Ақшасыз да жұмыс iстеуге болады. Ол үшiн өзiң бiр кәсiптiң тiлiн меңгерiп, 2-5 жылдай iстеуге тиiссiң. Мысалы, шағын кәсiп ашып, ақша тауып жатқан мыңдаған жiгiттердi бiлемiн. Егер сен бiр кәсiптiң қыр-сырын бiлмесең қалай жұмысшы жалдайсың? Маман болуың керек. Өйткенi, сен жалдайтын адамыңнан бiр саты жоғары тұрғанда ғана барып келiсiм-шарт жасайсың. Мысалы, құрылыс кәсiбiмен айналыссаң оның қанша квадрат екенi, оған қанша материал керек екендiгiн алдын ала бiлiп тұруың керек. Бiреудiң iсiн бастап ақшасын алсаң, сұраныс қарамағыңдағы жұмысшылардан емес, сенен болады.

— Әңгiмеңiзге рахмет! Еңбегiңiз жана берсiн!

Әңгімелескен Динара Мыңжасарқызы

Серіктес жаңалықтары