АУЫЗ СУ - ПРОБЛЕМАҒА АЙНАЛҒАЛЫ ҚАШАН

АУЫЗ СУ - ПРОБЛЕМАҒА АЙНАЛҒАЛЫ ҚАШАН

АУЫЗ СУ - ПРОБЛЕМАҒА АЙНАЛҒАЛЫ ҚАШАН
ашық дереккөзі
454

Жақында Алматы облыстық Қызыл-Ту-4 ауылының тұрғындары сусыз отырғандарын айтып дабыл көтердi. "Кеңес одағы тарағаннан кейiн, "Водоканал" қалалық коммуналды кәсiпорынның 10-15 метр ұзындықта жүргiзген металл құбыры тесiлiп, асфальттi су алып кеттi. Ал құзырлы органдар құбырды жөндегеннiң орнына кесiп тастады. Сөйтiп, үш елдiмекен ауыз сусыз қалды. Ауылдарда скважиналар апаттың аз алдында тұр. Қазiр бiз 4-7 метр тереңдiктен шыққан суды iшiп отырмыз. Ол техникалық, iшуге жарамсыз су. Балаларымыз түрлi iшек ауруларымен жиi ауырады. Аудандық және ауылдық әкiмшiлiкке жайымызды айтып бiрнеше рет бардық. Алайда, нәтиже жоқ. Ең қызығы, шойын құбырлар ауылға дейiн тартылған, ал 10 метрлiк металл құбырды қайта тартуға бюрокартиялық машинаның мойны жар бермей келедi. Бұл бiздi басқа да әрекеттер етуге мәжбүрлеп отыр" делiнген аталған ауыл тұрғындарының үндеуiнде.

Сондай-ақ, "Тараз" ақпараттық-анықтамалық серверiнде Тараз қаласының М. Мәметова көшесiнiң тұрғындары да үндеу жариялаған екен: "Егiн суару науқаны басталғаннан берi, бiз сусыз отырмыз. Бiз насос сатып алдық. Алайда оның көмегi шамалы болды. Су лайланып, топырақ татып тұрады. Бiр шелек су 25-30 минутта әрең толады. Бұл жайында су құбыры мекемесiне айтып едiк. Олар лабораториядан адамдар жiбердi. Олар суды сараптап, тексерiп кеткен болатын. Содан хабар жоқ. Бұдан кейiн де 3 рет шағым түсiрдiк. Алайда, оған жауап болмады. Бұл түрiмiзбен қыста сусыз қалатын сияқтымыз" делiнген онда. Бұндай арыз-шағымдардан аяқ алып жүргiсiз. Өйткенi, Қазақстанда соңғы бiрнеше жыл көлемiнде ауыз су тапшылығы күрделi сипат алып барады.

СУ ҚОРЫ ТАПШЫ

Жалпы, ауыз су проблемасы Орта Азия аймағында, соның iшiнде Қазақстанда өте өткiр сипат алып бара жатқандығын айтып мамандар дабыл қағуда. Қазақстан су қоры жағынан — Ертiс, Орал, Iле және Сырдария секiлдi iрi өзендерiн айтпағанда, ТМД мемлекеттерi арасында ең төменгi орында тұр. Қазақстан даласы негiзiнен шөл және шөлейт, жартылай шөлейт аймақтарға жататыны белгiлi. Елiмiздiң 4 пайызын ғана орман құрап отыр. Демек, су да осы 4 пайыз аумақты ғана қамтиды деген сөз. Ал, Орталық Азиядағы су ресурсының 80%-ын Қырғызстан мен Тәжiкстан бақылауға алады. Онда Кеңес кезiнде iрi қуатты ГЭС-тердiң салынғаны белгiлi. Қалған үш мемлекет — Қазақстан, Түркiменстан, Өзбекстан осы екi елге тәуелдi.

"Судың да сұрауы бар" демекшi, табиғаттың осы бiр сыйы да бүгiн геосаяси ойынға айнала бастады. Соңғы жылдарғы табиғаттың күрт жылынуы тау басындағы мәңгi мұздың қорын азайтып, осының есебiнен көбейетiн тау өзендерiнiң ағыны күрт бәсеңдеп, су тапшылыққа айналды. Соңғы 50 жылда бұл мұздақтар 30%-ға қысқарған, 2025 жылы 50%-ға азаяды деген болжам бар. Сырдария — 28% судан, Әмудария — 40%-ынан айрылған. Қазақстанда жылына бiр шаршы шақырымға 37,53 мың текше метр су, жан басына шаққанда — 6,84 мың текше метр су келедi екен. Бұл жер шарындағы ең шөл аймақтарда өмiр сүретiн Араб мемлекеттерiнен кейiнгi орынды Қазақстан иеленiп отыр дегендi бiлдiредi.

Бәлкiм су қорының тапшылығынан болар, Қазақстанда ауыз су жетпей отырған елдiмекендер жеткiлiктi. Мамандардың пiкiрiнше, ең сапалы ауыз суды Алматы қаласы мен Алматы облысының тұрғындары ғана iшiп отыр. Қалған аймақтардың барлығында таза су проблемасы бар. Әсiресе, Қызылорда, Атырау, Оңтүстiк Қазақстан және Солтүстiк Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар облыстарының тұрғындары iшуге жарамсыз суды пайдалануға мәжбүр. Ауыз судың жетiспей жатқандығының бiр себебi оның қорының аздығында екендiгiн жоғарыда айттық. Бiзге келетiн iрi өзендердiң барлығы дерлiк өзге мемлекеттерден бастау алады. Сырдария Қырғызға, Орал Ресейге, Ертiс — Қытайға тәуелдi. Көктемде тасып елдiң есiн шығаратын Сырдария күзге қарай бөгелiп, астық ору науқаны кезiнде қазақтарды судан қысады. Көксарай су қоймасын салу iсi оңтүстiктегi көршiлерiмiзбен осы мәселенi бiржақты ету үшiн қолға алынғаны мәлiм.

Ал, Қара Ертiстiң суын қытайлардың бұрып, басқа арнаға салуға талпынып жатқаны жайлы әңгiмелер көтерiлгелi қаншама уақыт. Елбасының жақында Бейжiң олимпиадасының ашылуы қарсаңында Қытай басшысы Ху Цзинь Таомен әңгiмесi осы трансшекаралық өзендердiң суын екi жаққа тиiмдi пайдалануға арналғаны белгiлi. Қытай басшысы ресми құжаттарға қол қоймаса да, Ертiс өзенiнiң суын екi жақты мүдделердi ескере отырып пайдалануға уәде бердi. Демек, Қара Ертiстiң суын тиiмдi пайдалануға қол жеткiзер шақ алыс емес.

СУ ҚҰБЫРЛАРЫНЫҢ 70%-Ы ЖАРАМСЫЗ

Ал судың тапшылығы тек оның қорының аздығына ғана қатысты болып отырған жоқ. Сондай-ақ, техникалар мен су құбырларының ескiргендiгi салдарынан да Қазақстан халқы сапалы ауыз суға қол жеткiзе алмай келедi. "Немецкая волна" радиосының келтiрген мәлiметтерiне қарағанда, Қазақстанның әрбiр екiншi тұрғыны гигиеналық талаптарға сай емес суды пайдалануға мәжбүр көрiнедi.

Су ресурстары жөнiндегi комитеттiң басшысы Анатолий Рябцев 2002-2010 жылдарға арналған "Ауыз су" бағдарламасы жұмыс iстегелi 5 жылдың жүзi болғандығын айтады. Бұл бағдарлама бойынша, қала және ауыл су құбырларын ауыстыру iсi де көзделген. Бұл жобаны жүзеге асыру үшiн 115 миллиард теңге қажет. Өйткенi, елiмiздегi су құбырларының 70%-ы пайдалануға жарамсыз. Көбiнiң пайдалану мерзiмi Кеңес үкiметi тұсында-ақ бiтiп кеткен. Аталған бағдарлама жұмыс iстеген 5 жылда 80,3 миллиард теңге бөлiнiп, су құбырларын жөндеуге жұмсалған екен. Су ресурстары жөнiндегi комитет басшыларының айтуына қарағанда, бұл қаржыға 5 миллион тұрғынды қамтитын 1900 елдiмекенде 5 мың шақырым су құбырлары ауыстырылып, қайта жөндеуден өткiзiлген. "Ауыз су" бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Бүкiләлемдiк банк, Ислам және Азия банктерiнен қарыздар алынуда. Аталған бағдарлама ауыл және шағын қалаларда ауыз су мәселесiн шешуге бағытталғандығы белгiлi.

"БIЗГЕ СУ КЕРЕК!"

Дәл осындай үндеулердiң күн өткен сайын қарасы көбейiп келе жатқандығының куәсi болып отырмыз. Демек, тиiстi шаралардың қолданылып жатқанына қарамастан, ауыз су проблемасы әлi де өзектiлiгiн жояр емес. Оның үстiне, ырықсыз кеткен iшкi көшi-қон проблемалары ауыз судың жаңа мәселесiн көлденең тартып отыр. Мәселен, Алматы маңындағы жаңадан бой көтерген елдiмекендердiң бiразы — ауыз сусыз, электр жарығынсыз отыр. "Немецкая волна" радиосының келтiрген мәлiметтерiне қарағанда, Алматы қаласының iргесiндегi Талғар ауылында су құбырлары өткен ғасырдың 60-шы жылдары салынған бойы ауыстырылмаған көрiнедi. Құдықтардың көбi iстен шыққан. Iстеп тұрғандарының өзi жарылған, тесiлген. Одан алынатын суды iшуге жарамды деудiң өзi қиын. Көптеген елдiмекендерде суды арықтардан алып, тұндырып, сүзiп, қайнатып барып қолданатын болған.

Демек, инфрақұрылымдардың қаланың бас жоспарына қайшы келуi де, шенеунiктердiң жер телiмдерiн сатуда заңсыздықтарға жол беруi де, кейбiр елдiмекендердiң тұрғындардың өз бетiмен үй тұрғызып алуы арқылы бой көтеруi де — ауыз су проблемасын қоюлатып жiбердi.

Ауыз судың тапшылығы ауылдарда, елдiмекендерде, шағын қалаларда үш түрлi себептен орын алып отыр. Бiрiншiсi, су қорының аздығы, екiншiсi — су құбырларының ескiлiгi, пайдалануға жарамсыздығы салдарынан, үшiншiсi әрi ең күрделiсi — iшкi-сыртқы көшi-қонның негiзiнде жаңа бой көтерген ауылдарға әлi инфрақұрылымдардың жетпеуi. Соңғы екеуiнiң алдын-алу мүмкiндiгi күн өткен сайын қиындап келедi.

Айталық, ауыз сусыз отырған елдiмекендердi Қызылордадан, Атыраудан, Павлодардан, Астана маңайынан, Алматыға жаңа қосылған елдiмекендерден, Тараздан, т.б. өңiрлерден кездестiресiз. Мысалдарға жүгiнетiн болсақ, Қызылорда қаласы бойынша ауыз су тапшылығы сезiлгелi бiраз уақыт болған. Ал тамыз айының басында қала халқы екi күн сусыз отырыпты. Бұл жайында "Қазинформ" ақпарат агенттiгi мәлiм еткен. Су құбырының бас инженерi Марат Жәмиев облыс әкiмi Болатбек Қуандықовпен кездесу барысында, кәсiпорындағы жағдайдың ушығып кеткендiгiн айтқан.

— Барлық құрал-жабдықтар ескiрген, пайдалануға жарамды ештеңе жоқ. Оның үстiне бiз қарызға белшемiзден баттық. Еңбеккерлердiң жалақысына 103 миллион, зейнетақы қорларына 7 миллионнан астам қарызбыз және төленбеген салықтарымыз бар, — деген есеп бердi ол.

Мәселенiң мәнi кеткенiн көрген әкiм жоспардан тыс су құбырларын күрделi жөндеуден өткiзуге тапсырма берiп, жарамсыз құрал-жабдықтарды ауыстыруға пәрмен жасаған.

"Начнем с понедельника" газетiндегi Гульфайруз Кутымованың "Макат и Доссор: с нефтью, но без воды" ( № 27 (741), 4 — 10 июля 2008) атты мақаласында аталған екi ауданның сусыз отырғандығына бiрнеше жылдың жүзi болғандығы әңгiме болады. Аталған мақалада 14 мыңдай халқы бар Мақаттың ескi және жаңа Мақат болып екiге бөлiнетiндiгi айтылады. Жаңа Мақаттың халқы ауыз суды проблемасыз пайдаланып отырса, ескi Мақат су құбырының осында орналасқанына қарамастан, су тапшылығына тап болғалы 6 жылдың жүзi болыпты. Мұнда 4,5-5 мыңдай халық тұрады екен. Су құбырының қызметкерi Антонина Карфидова Ескi Мақаттың халқы суды жаңа Мақаттан бөшкелермен тасып iшетiндiгiн айтады. Әкелiнген су, әрине, гигиеналық талаптарға сай емес. Бiрақ, халық соны тұтынуға мәжбүр. Жаңа Мақаттың өзiнде су күнiне 7-8 сағат қана берiледi екен. Мәселе 2003 жылдан, яғни су құбырының жергiлiктi билiктiң құзырына берiлгенiнен берi орын алып келедi. Бұрын су құбыры темiр жолға қарасты болған екен. Ол кездерi 60 ұжымды — станция, мектеп, бала бақша, аурухана және 15 мың халықты сумен қамтамасыз етiп келген.

Жергiлiктi жердiң суға деген сұранысын қамтамасыз ету үшiн мұнда жаңа құбыр тартылуы қажет екен. Өйткенi, проблема бiреу — құбыр ескi. Судың қысымын көтере алмайды. Жергiлiктi тұрғындардың айтуына қарағанда, жергiлiктi әкiмшiлiк құбырды тартуын тартады, ал үйге дейiн тартылатын су жеткiзушi құбырды тұрғындар өз қаржысымен тартып алуы қажет. Мақат халқы бұған да наразы. Өйткенi, жалақы төмен, күн көрiс көзi жоғары.

"Нам нужна питьевая вода" атты "Тараз" ақпараттық-анықтамалық серверiндегi мақалада Жамбыл облысында да осындай проблеманың орын алып отырғандығы айтылған. Су тапшылығына жол берiп отырған проблемалар — су қоймаларының ластануы, техникамен жабдықтаудың әлсiздiгi, су жүйелерiнiң нашарлығы делiнген онда. Жамбыл облысында су проблемасын шешу iсi 10 жылдан берi алға қойылып келедi. Жыл сайын iрi көлемде қаржы бөлiнуде. Мысалға айталық, "Ауыз су" бағдарламасы қабылданған 2002 жылдан 2007 жылға дейiн республикалық бюджеттен 36 миллиард теңге бөлiнген. Биыл осы мақсатта республикалық бюджеттен 873,07 миллион, жергiлiктi бюджеттен 572,9 миллион теңге бөлiнiп отыр. Облыс бойынша 20 су құбырын жаңарту жоспарланған. Бiрақ, бұған қарамастан, бұл өңiрде де жаңа проблемалар күн өткен сайын бой көтеруде.

Жақында жолым түсiп Шығыс Қазақстан облысы Үржар ауданы Көкөзек ауылында болған едiм. Бұл ауылда да жоғарыдағыдай проблемалар орын алып отыр екен. Су құбырлары өткен ғасырдың 70-шi жылдарынан кейiн жөндеу көрмеген. Ауық-ауық су тоқтап қалатын болыпты. Оның үстiне биылғы қуаңшылықтың салдарынан, жауын суымен молаятын өзен суы да тартылған.

Демек, Қазақстанның барлық өңiрiнде ауыз су тапшылығы байқалады. Әрi күн өткен сайын бояуы қалыңдай түсуде. Бiрақ, оны шешудiң жолдары қиындай бастаған. "Ауыз су" бағдарламасы бойынша iрi қаржы бөлiнгенiмен, ол мәселеге нүкте қоя алмай отыр.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары