ӘН-АБЫЗҒА БЕРIЛГЕН АС

ӘН-АБЫЗҒА БЕРIЛГЕН АС

ӘН-АБЫЗҒА БЕРIЛГЕН АС
ашық дереккөзі
308

Алматыда Қазақстан Республикасының Халық әртiсi, Қазақ вальсiнiң королi Шәмшi Қалдаяқовтың туған күнiне орай, композиторға арнап ас берiлiп, әруағына құран бағышталды. Шараны Шәмшi Қалдаяқов атындағы халықаралық ән фестивалi дирекциясы өткiздi.

Жиын барысында ай сайын шығатын ұлттық мәдениет және ғылыми-танымдық "Шәмшi" журналының да таныстырылымы болды. Асқа кезiнде өнер иесiмен қатар жүрген, ұлы композитордың мұрасына жанашырлық танытқан, кезiнде бiр дастарқаннан дәм татқан, айнымас дос болған зиялы қауым өкiлдерi мен БАҚ басшылары және әндерiн насихаттап жүрген өнер адамдары қатысты. Олардың арасында Өмiрзақ Айтбаев, Шәмша Беркiмбаева, Әшiрбек Сығай, Амалбек Тшан, Мұхтар Шаханов, Көпен Әмiрбек, Мақпал Жүнiсова, Бағдат Сәмединовалар бар. Жиналғандар Қазақ вальсiнiң королi жайлы естелiктер айтып, Халық әртiсiнiң өткен өмiрiне тоқталды. Сондай-ақ, ұлтқа, елдiң ертеңi мен қазақ тiлiне, өнерi мен мәдениетiне қатысты пiкiрлерiн де ортаға салды. Әрине, ең алдымен жаңа журналға "құтты болсын" десiп, жылы лебiздерi мен iзгi тiлектерiн жеткiздi.

— "Шәмшi" журналы жарық көргенiн қуана құптаймыз. Тек осы журнал бастан-аяқ ананы да, мынаны да мақтауға құрылмаса екен. Қазаққа мақтанғаннан, мүйiз шығатын болса, баяғыда-ақ шығатын едi. Бiзге дәл қазiр керегi — сын. Сын болғанда да, бәрiмiздi оята алатын ащы әрi ойлы сын қажет. Мұндай мақалаларды алдағы уақытта жаңа басылым бетiнен көремiз деген сенiмдемiз, — дедi белгiлi қайраткерлерiмiздiң бiрi Амалбек Тшан.

"Түркiстан-ақпарат".

Серіктес жаңалықтары