ДУШАНБЕ САММИТI: ҚАНДАЙ ШЕШIМ ҚАБЫЛДАНУЫ МҮМКIН?

ДУШАНБЕ САММИТI: ҚАНДАЙ ШЕШIМ ҚАБЫЛДАНУЫ МҮМКIН?

ДУШАНБЕ САММИТI: ҚАНДАЙ ШЕШIМ ҚАБЫЛДАНУЫ МҮМКIН?
ашық дереккөзі
482

Бүгiн Тәжiкстан астанасы Душанбеде Шанхай ынтымақтастығы ұйымының (ШЫҰ) VIII саммитi басталды. Бұл ұйымға мүше елдердiң басшылары Тәжiкстан астанасына кеше ат терлетiп жеткен болатын. Қазiр әлемдiк саясаттың астаң-кестеңi шығып, дүние тағы да екi жiкке бөлiнудiң аз-ақ алдында түр. Ресейдiң әлемдiк қауымдастықты көзiне де iлмей, Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн бiржақты мойындауы ТМД мемлекеттерi мен ШЫҰ-ға мүше елдердiң алдында аса ауыр таңдау салып отыр.

Ресей аумақтағы ықпалын пайдалана отырып, осы саммитте өз позицияларын қолдауға қол жеткiзудi көздейдi. ШЫҰ саммитi Ресейдiң атышулы қадамынан кейiн болғалы отырған алғашқы халықаралық дәрежедегi жиын. Оның қос мүшесi — Қытай мен Ресей — БҰҰ-ның Қауiпсiздiк кеңесiнiң тұрақты мүшесi. 2001 жылы дүниеге келген бұл ұйымға алты мемлекет — Қытай, Ресей, Тәжiкстан, Өзбекстан, Қазақстан және Қырғызстан мүше. Иран, Пәкiстан, Моңғолия және Үндiстан бақылаушы мәртебесiнде, Түркiменстан мен Ауғанстан басшылары қонақ ретiнде қатысып отыр. Саммит қорытындысы бойынша, ШЫҰ-ға Иран мен Үндiстан мемлекеттерi мүшелiкке қабылданбақ. ШЫҰ-ға мүше елдер Еуразия кеңiстiгiнiң 3/5-iн, әлем халқының — 1/4-iн иеленедi. Бұл мемлекеттер табиғи ресурсқа бай, әрi экономикасы аса жылдам қарқынмен өсiп келе жатқан елдер қатарына жатады.

Әрине, ШЫҰ-ға мүше елдердiң бұл саммитi жоспарланған кезде оған мүше мемлекеттер де, әлем де бүгiнгiдей екi оттың арасында қаламыз деп ойламаған едi. Бұл саммитте қабылдануы тиiс Душанбе декларациясы бiр ай бұрын дайын болған. Онда ұйымға мүше елдердiң көзқарастары, ШЫҰ-ның халықаралық архитектурадағы және Орталық Азия аймағындағы орны мен рөлi сөз болмақ. Алайда, соңғы кездегi оқиғаларға орай Ресей Душанбе декларациясына ШЫҰ-ға мүше елдердiң Оңтүстiк Осетия мен Абхазияға қатысты көзқарастарын енгiзудi де мақсат тұтып отыр. Сөйтiп, Орталық Азия елдерi ШЫҰ саммитiнде кiммен бiрге екен¬дiгiн айқындайтын болады.

"Независимая газетаның" алдын ала жасаған болжамына қарағанда, Душанбе декларациясының мазмұны Қытай көзқарасына қарай өзгеруi мүмкiн. Әлемдiк саясаттанушылар Қытайдың Ресейдi қолдай қоюы екiталай екендiгiн айтып бағуда. Бiрiншiден, Қытайдың Орталық Азияда өз мүддесi, өз ықпал етуi аймағы бар. Қытай басшысы Ху Цзинь Тао Тәжiкстан президентi Эмомали Рахмоновпен кездесiп бiрқатар екiжақты келiссөздерге қол жеткiздi. ШЫҰ саммитi аяқталысымен, Ху Цзинь Тао Түркiменстанға сапар шегудi жоспарлап отыр. Мақсат Түркiменстан мен Тәжiкстан газын Қытайға тасымалдау iсiн бiр жақты ету. Қытай экономикалық iрi мүмкiндiктерiн пайдалана отырып, Орталық Азияға инвестиция құю арқылы бұл аймақтағы өзiнiң геосаяси ықпалын арттыруды көздейдi. Қытайдың жымысқы саясаты әлемнiң қожасы, тым құрығанда, Еуразия контингентiнiң қожасы атану. Екiншiден, Қытайдың АҚШ пен Батыс Еуропамен қарым-қатынасы жыл өткен сайын жақындап келедi. Онда да Қытайдың өз мүдделерi жеткiлiктi. Үшiншiден, Қытайдың да бас ауруы болып отырған таласты территориялары жеткiлiктi. Ол — Тайвань, Тибет және Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданы. Душанбе саммитiнде тараптар Тайваньнiң қожасы Қытай екендiгi жайында мәлiмдеме жасады. Сол себептi де, Қытай Ресейдiң Грузия территориясын бөлшектеу туралы саясатына келiсе қоймайтыны анық.

Қырғыз саясаткерлерiнiң бұл оқиғаға баға бергенiне көз жүгiртер болсақ, Қырғызстан Ресейдi қолдап шығатын бiрден-бiр мемлекет болуы ықтимал. "24.kg" ақпарат агенттiгiнiң сайты таратқан мәлiметтерге сүйенсек, Қырғызстандағы тәуелсiз саясаттанушылар мен саяси партиялардың лидерлерi Батыс пен Американы, сондай-ақ, Грузияны кiнәлай отырып,Ресейдi ақтап шығады. Сөйтiп, Душанбе саммитiнде Қырғызстанның Ресейдi жақтап дауыс беруi қажеттiгiн айтады. Олар — тәуелсiз саясаттанушы Тоқтоғұл Қақчекеев, "Тұран" демократиялық партиясының лидерлерiнiң бiрi Тайырбек Сарпашев, Қырғызстан Коммунистiк партиясының лидерi, Қырғыз-орыс славян университетiнiң профессоры Клара Ажыбекова және т.б.

Өзбекстан мен Тәжiкстан бiрталай бейтараптық танытуға тырысады. Өзбекстанның Ресейге қатысты саясаты әлi айқын емес. Бiресе, америкашыл, бiресе ресейшiл саясат ұстанады. Оның өзiнде басына күн туғанда Ресейдiң қолтығына келiп тығылғаны белгiлi.

Саясаткерлер тым-тым орысшыл дейтiн Қазақстанның өзi бұл жолы жұмған аузын ашпай отыр. Әзiрге мәлiмдеме жасауға асығар емес. Өйткенi, Қазақстан Ресейдi көп жағдайда қолдағанымен, өзiнiң ұлттық мүддесi тұрғысынан есе жiбермеудi мақсат етедi. Грузия мен Қазақстан арасындағы байланыс бұған дейiн шиеленiспегендiгi белгiлi. Ресей 1993 жылы қол қойған екiжақты келiсiм құжатын бұзып, Абхазия мен Оңтүстiк Осетияға көмек көрсете бастағанда да Қазақстан Грузияның территориялық тұтастығын қолдайтындығын бiлдiрiп, Ресейге ашықтан-ашық қарсы шыққан едi. Демек, Қазақстан бұл жолы да сол ұстанымынан таңбайтын шығар.

Ресейлiк саясаткерлердiң өзi Ресейдiң ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердiң қолдауына ие болатындығына күмәндi. Ендеше, кеше ШЫҰ-ға мүше мемлекет басшыларымен жеке-жеке кездесiп, өз көзқарасын таңуға тырысқан Д. Медведевтiң ойлағаны жүзеге аса қояр ма екен? Оны бүгiнгi саммиттiң қорытындысы шешедi.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары