РЕСЕЙ АБХАЗИЯ МЕН ОҢТҮСТIК ОСЕТИЯНЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIН МОЙЫНДАДЫ
РЕСЕЙ АБХАЗИЯ МЕН ОҢТҮСТIК ОСЕТИЯНЫҢ ТӘУЕЛСIЗДIГIН МОЙЫНДАДЫ
25-тамыздағы Ресей мемлекеттiк Думасының Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындау жөнiндегi үндеуiне үн қатқан РФ президентi Д. Медведев 26-шы тамызда Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындау жөнiндегi Жарлыққа қол қойды.
Бұл жобаны мемлекеттiк Думаның 450 депутатының 447-сi жақтап дауыс берген едi. Дәл осы мәселеге қатысты жиынға Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның президенттерi Сергей Багапш пен Эдуард Кокойтылар қатысты. Сондай-ақ, мемлекеттiк Дума Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындауға БҰҰ-ға мүше елдердiң парламенттерiн де шақыратын үндеуге қол қойды. Бұл үндеуге де ешкiм қарсы дауыс бермеген. Осы аптаның басында Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындау жайындағы Ресей президентi Медведевке Федерация Кеңесi үндеу жолдаған болатын.
Ал, аталған мемлекеттердiң парламенттерi дәл осындай үндеудi өткен аптаның соңында қабылдаған едi. Медведев аталған республикалардың халқы ненi қаласа, бiз соны қолдайтын боламыз деген мәлiмдеменi бұдан сәл-пәл ертерек таратқаны есiмiзде.
Ресейдiң дәл осы саясаты Батыс пен Американың қатты қарсылығына ұшырап отыр.
France Presse агенттiгiнiң таратқан мәлiметiне қарағанда, 25-тамызда Америка президентi Джордж Буш Ресейдi бұл республикалардың тәуелсiздiгiн мойындамауға шақырған. "Мен Ресей билiгiн мойындарына алған мiндеттерiн орындауға және аталған сепаратистiк аймақтардың тәуелсiздiгiн мойындамауға шақырамын" делiнген, аталған мәлiмдемеде. Германия канцлерi Ангела Меркель де: "Бұл халықаралық заңнамаға қайшы. Мен Ресей президентi бұл резолюцияға қол қоймайды деген үмiттемiн. Өйткенi, бұның соңы Грузияның аумақтық тұтастығына нұқсанын тигiзетiн болады" деген алаңдаушылығын бiлдiрген едi. Сондай-ақ, "үлкен сегiздiк" елдерiнiң Ресейден өзге 7 мүшесi де мәселенi телефон арқылы талқылап, өзiн-өзi тәуелсiз ел ретiнде жариялаған елдердiң тәуелсiздiгiн Ресейдiң мойындауына қарсы екендiктерiн айта отырып, Грузияның аумақтық тұтастығын қолдайтындықтарын жеткiздi. Ақ үйдiң ресми өкiлi Ресей парламентарийлерiнiң үндеуiне "Грузияның екi субъектiсiнiң мәртебесiн бiр ел шеше алмайды", ол халықаралық деңгейде БҰҰ-ның қолдау көрсетуiмен жүзеге асуы тиiс" деген. Ал, екi ел арасындағы шиеленiстi шешуде араағайындық жасаған Франция президентi Никола Саркози Ресейдi 13-тамызда қол қойылған екi еларалық келiсiмдi бұзғаны үшiн айыптайды. Аталған келiсiмде Ресей Оңтүстiк Осетия мен Абхазиядан әскерiн алып кетуi тиiс болатын. Сондай-ақ, Грузия субъектiлерiнiң мәртебесi халықаралық деңгейде шешiлуi керек едi. Ресей Федерациясы президентiнiң бұл шешiмiнен кейiн итальяндық "Corriere della sera" газетiне сұхбат берген Еуропарламент төрағасы Ханс-Герт Петтеринг "Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындау халықаралық заңдарды бұзу болып табылады" деген мәлiмдеме жасады.
Дегенмен, әлем елдерiнiң соның iшiнде бүкiл саясатты реттеушi алып мемлекеттердiң пiкiрiне құлақ асқан Ресей болмады. Ресей халықаралық қауымдастықты тыңдағысы келмедi. Өз дегенiн жүзеге асыруға асықты. Ақыры, Косово тәуелсiздiгi жарияланған 17 ақпанда сол кездегi Ресей президентi Путиннiң мәлiмдемесi жүзеге асты. Косово тәуелсiздiгiн мойындауға құлықтылық танытпаған Путин: "АҚШ Косованың тәуелсiздiгiн мойындаса, бiз де Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiне қол жеткiзетiн боламыз" деген едi.
Ресейдiң РБК агенттiгiнiң таратқан мәлiмдемесiнде Ресей президентi Д. Медведев аталған екi республика тұрғындары бұл шешiмдi бiр ауыздан қабылдаған. Оған арнайы өткiзiлген референдум нәтижесi куә дегендi айтады.
Бүкiләлемдiк қауымдастықты елеңдеткен бұл прецедент Грузияның Кавказ аймағындағы геосаяси маңызын одан әрi асқақтата түскендей.
Бұл соғыста әзiрге әскери тұрғыдан алғанда Ресей жеңiске жеттi. Алайда, оның салдарының оңай болмайтындығы жайында сарапшылар дабыл қағуда. Грузияның мақсаты — аумақтық тұтастығын сақтау және Оңтүстiк Осетияның субьект ретiнде өмiр сүруiне жол бермеу болатын. Сондай-ақ, Грузия НАТО-ға енуге барын салып бақты. Бұл жолғы алға қойған мақсатының бiрi де сол. Грузия Ресеймен арадағы шиеленiстiң салдарынан ТМД-дан шығуына мүмкiндiк алды. Бұған дейiн қанша бұлқынғанымен аталған қауымдастықтан бұйдасын үзiп кетуге белгiлi бiр себеп жоқ едi. Әрi Ресейге деген энерготасымалдаудағы тәуелдiлiктен құтылу. Орталық Азия мен Әзiрбайжан мұнайын Батысқа жiберуде Ресейдi айналып өтетiн балама құбырлар салуды көздедi. Баку-Тбилиси-Жейхан құбырының өмiрге келудегi мақсаты осы. Қазiр Ресейдiң аумағымен өтпейтiн "Набукко" құбырын тарту мәселесi де осындай мақсаттардан туындаған. Еуропарламент төрағасы Саакашвилидiң Оңтүстiк Осетияға оқ атқанын айыптай отырып, Ресейдiң тәуелсiз егемен ел Грузияны нысанаға алуын да сынайды. Демек, Ресей "Саакашвилидiң жүйкесi жұқарған, ол Гитлер секiлдi өзiне-өзi қастандық жасауға талаптанды, ол геноцид ұйымдастырды" деген сияқты ақпараттық соғысы бәрiбiр нәтиже бермейтiн сынды. Батыс өз дегенiнен қайтар емес.
Ресей ТМД-дағы ықпалын әлсiретiп алмаудың қамын бiрiншi ойлайды. Демек, оның империялық ықпалын сақтау ниетi күн сайын асқынбаса, басылар емес. Сол себептi де Грузия мен Украинаның НАТО-ға енуiне өлермендене қарсы тұрды. Ең бастысы бұл жерде энергоресурстардың өзге бағытқа жол тартуына жол бермеудi басты мақсаты тұтады. Чешен мен Ресей арасындағы бiтiспес қан төгiс те осы мұнай үшiн болғаны белгiлi. Ендi Ресей Қазақстан мен Әзiрбайжанның мұнайы айналып өтiп кетпеуiне мүдделi. Сол үшiн де Баку-Новороссийск бағытындағы мұнай құбырының ғұмыры ұзақ болуына басты мән бередi.
АҚШ Грузияны қолбала ретiнде пайдалана бiлдi. Америка қырғиқабақ соғысында өзiн жеңiске жеттiм деп есептеп келдi. Алайда, әлемдегi қос iрi державаның бiрi болған Ресей өз амбицияларынан бас тарта қойған жоқ. Сол үшiн де Ресейдi әлсiрету АҚШ-тың басты мақсаты. Балкан түбегiндегi соғыс, Сербияның аумағын бөлiске салу тағы да осындай мақсаттан туындаған. Ең алдымен Ресейдiң ықпал ету аумағын азайту, ТМД кеңiстiгiндегi Ресей ықпалын әлсiрету, оларды батыстық бағытқа бұру, екiншiден, Ресейдiң алып территориясын бөлшектеу. Орталық Азия мемлекеттерiнiң энергоресурстарын тасымалдауда Ресейге тәуелдiлiктен ажырау, Ресейдi айналып өтетiн жаңа құбырлар салу. Кавказ аймағына үстемдiк құру.
Оңтүстiк Осетия мен Абхазия тәуелсiздiкке ұмтылады. Бiрақ, бұның соңы олардың ұлт ретiнде жойылуына әкеп соқтыруы ғажап емес. Олар тәуелсiздiкке қол жеткiзiп, Грузия құрамынан бөлiнiп шыққаннан кейiнгi Ресейдiң мақсаты аталған мемлекеттердi өз қоластына алу. Ресей саясаткерлерi бұл ниеттерiн ешуақытта жасырған емес. Әрдайым ақпарат құралдарынан ашық айтып келдi. Дәл қазiргi сәтте аталған республикалардың тәуелсiздiгi жарияланғаннан кейiнгi әрекетi қалай болатындығы туралы сөз бола қойған жоқ. Алайда, "КоммерсантЪ" газетiнiң "Власть" қосымшасында "Изгой, великая Россия" (№33 (786), 25.08.2008) атты мақалада: "Источники "Власти" в аппарате союзного государства рассказывают, что всю последнюю неделю в Москве всерьез обсуждался вопрос включения в Союзное государство Абхазии и Южной Осетии сразу после того, как они будут признаны, что для этих республик будет фактически шагом к их включению в состав Российской Федерации" деген жолдар бар. Демек, Ресейдiң түпкi ниетi бiреу, Солтүстiк Осетия мен Оңтүстiк Осетияны бiрiктiру мақсатында осетиндердi мәжбүрлесе, халқының көбi Ресей азаматтығын қабылдаған Абхазияны да өзiне қаратып алуды мақсат тұтады. Дегенмен, сарапшылар Америка мен Батыс бұған жол бермеуi мүмкiн екендiгiн айтып бағуда.
Ресейдiң 25-тамыздағы "РИА новости" агенттiгiнiң таратқан мәлiметiне сүйенсек, Медведев НАТО-мен бiрлесiп қимылдаудан бас тартуға дейiн баратындығын айтқан. Радиостанция "Маякқа" сiлтеме жасаған аталмыш мәлiмдемеде Ресейдiң Солтүстiк атлантика альянсындағы тұрақты өкiлi Дмитрий Рогозинмен кездесуiнде "Ресей қажет болса, НАТО-мен арадағы қарым-қатынасты үзуге дейiн барады. Бiздiң қарым-қатынасымызға бiзден гөрi НАТО мүдделi. Егер, Ресей мен НАТО арасындағы қарым-қатынасқа нүкте қойылса, бiз үшiн ештеңе де болмайды" дей отырып Д. Медведев Солтүстiк Атлантика альянсына мүше елдердi Ресеймен арадағы қарым-қатынастың одан әрi төмендеуiне жол бермеуге шақырды. "Бұның соңы Ресей Федерациясы мен НАТО-ның өзара қарым-қатынасының бiржолата үзiлуiне әкеп соғады" деген ол.
Ресей — НАТО одағының 19-тамыздағы Брюссельдегi жиынының нәтижесi осы. Бұнда тараптар Грузин – Ресей қарым-қатынасын талқылап, Грузияның аумақтық тұтастығын сақтау мәселесiн сөз етуге жиналды. Альянстың бас хатшысы Яаап де Хооп Схеффер Ресеймен мәселенi келiссөздер арқылы шешудiң мүмкiн еместiгiн жария еткен. "КоммерсантЪ" газетiнiң жазғанына қарағанда, Скандинавия түбегi елдерi мен АҚШ Ресейдiң қазiргi әрекетiн қатаң сынға алған көрiнедi. 4 сағат бойғы дау-дамайдан кейiн НАТО-ға мүше мемлекеттердiң мәлiмдемесiн паш еткен. Мәлiмдемеде НАТО елдерi Грузияның аумақтық тұтастығын қолдайтындығы, Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның қауiпсiздiгiне кепiл берiлетiндiгi, алайда олардың мәртебесi сол күйiнде қалатындығы айтылған. Ресми Мәскеу бұл шешiмге риза емес. Сөйтiп, осы жиында-ақ Ресей-НАТО кеңесi өз жұмысын уақытша тоқтатқаны жайында шешiм қабылданды. Тiптi, жиын соңында Ұлыбританияның Сыртқы iстер министрi Дэвид Милибэнд Ресейдiң "үлкен сегiздiк" құрамынан шығаратындығын да айтып үлгерген. Қалай болғанда да, Ресей АҚШ пен Батысқа қарсы тұруға бекiндi.
Ендеше Ресейдi жаңа қырғиқабақ соғысында кiм қолдайды?
Сарапшылар Ресейдiң әскери түрде жеңiске жеткенiн бағалағанымен, ақпараттық соғыста жеңiлiс тапқанын баяндайды. Өзге түгiлi, өз жақтастары ТМД мемлекеттерiнiң өзi бұл соғыста бейтараптық танытуға күш салды. Әсiресе, Ресеймен бiр одаққа енетiндiгi жайлы резолюцияға қол қойған Белоруссия президентi А. Лукашенконың өзi Ресейдiң Грузия аумағына басып енуiн жақтамайтындығын үнсiздiгi арқылы сездiрдi. Қазақстан да, Армения да, Қырғызстан да солай. Назарбаевтың Бейжiңдегi Саакашвилидi кiнәлай сөйлегенiнен өзге, Қазақстан Сыртқы iстер министрлiгi таратқан ресми мәлiмдемеде жалпы соғысты жақтамайтындығы айтылған. Яғни, Ресей бүгiнде жалғыз қалды деуге болатын-сынды.
Ресейдi жақтап Американы сынаған елдер тарапынан Куба, Венесуела, Сирия, Ливия секiлдi мемлекеттердi көруге болады. Бұған Иранды қосыңыз. Әзiрге тiзiм осы. Қазақстан кiмдi жақтайтындығын әзiрге бiлдiре қойған жоқ. Егер, бiз Оңтүстiк Осетия мен Абхазияның тәуелсiздiгiн мойындасақ, Батыс пен Американың қырына iлiгемiз. Мойындамасақ, Ресей шүйлiгедi. Демек, Қазақстанның нағыз бейтарап саясат ұстанатын кезi жеттi.
Әзiрге Ресейдiң Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн мойындаған әрекетiн қолдаған ешқандай мемлекет жоқ. ТМД мемлекеттерi әдетiнше үнсiз. АҚШ пен Батыс Ресеймен қарым-қатынасын үзуге беттедi. Ал, Ресейдi қолдаушы өзге мемлекеттерден де белгiлi бiр мәлiмдеме түскен жоқ. Бiз елiмiздегi бiрнеше саясаттанушыға "Қазақстанның ендiгi саясаты қалай болмақ?" деген сауал қойған едiк.
Амангелдi АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының докторы, Қазақ гуманитарлық Заң университетiнiң профессоры:
— Грузия – тәуелсiз мемлекет. Грузияның Абхазия мен Оңтүстiк Осетиямен қарым-қатынасы ол мемлекеттiң iшкi мәселесi. Сондықтан, сырттан ол мемлекеттiң iшкi iсiне өзге бiр елдiң араласуы дұрыс емес.
Ресейдiң осы Грузия тәуелсiздiк алғаннан берi қарайғы ұстанымы белгiлi. Грузияның мемлекеттiк тәуелсiздiгiн, оның территориялық тұтастығын сыйламағандықтан, осетиндер мен абхаздықтарға оңды-солды Ресей азаматтығын бергендiктен, сол азаматтарымызды қорғаймыз деп сол елге әскер енгiзгендiктен, осы елде бүгiнгi жағдай қалыптасып отыр. Мәселеге, осы тұрғыдан қарауымыз керек. Бiз Ресейдiң халықаралық қауымдастық мойындамаған мемлекеттердi тәуелсiз деп тануын құптамауымыз керек.
Ресей демократиялық жаңа жолды ұстанғаннан гөрi, бұрынғы империялық саясатына қарай ауысып бара жатыр. Осы тұрғыдан келгенде, бiзде де Ресей азаматтары бар. Басып-көктеп келiп, Ресей азаматтарын қорғаймыз деп әрбiр елдiң iшкi iсiне араласуы мүмкiн. Бұл қауiптi. Сондықтан, бiз өз мемлекетiмiздiң тұтастығын, сондай-ақ, Грузияның тұтастығын қолдайтын болсақ, Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн қолдаудан бас тартуымыз керек.
Камал БҰРХАНОВ, Мәжiлiс депутаты:
— Қазақстан қалыптасқан дербес мемлекет ретiнде үнсiз қала алмайды. Өйткенi, бұл ТМД мемлекеттерi арасында орын алып отырған қарама-қайшылықтар. Бiрақ, нақты бiр шешiмге келу үшiн президент те, Сыртқы Iстер министрлiгi де ұзақ үзiлiс жасайтын болады. Мәселенi жан-жақты зерттеп, таразыға салып, содан кейiн ғана шешiм қабылдайтын болады. Ресей де, АҚШ та, бiздiң стратегиялық әрiптесiмiз. Батыс Еуропамен де бiздiң қарым-қатынасымыз өте терең.
Мұрат ЛАУМУЛЛИН, саясаттанушы:
— Бұл тұрғыдан алғанда Қазақстанның алдында өте қиын, әрi ауыр сынақ тұр. Қай жолды таңдау да оңай емес. Ресей де, Батыс пен Америка да Қазақстанға бұл тұрғыдан қысым көрсетуi мүмкiн. Сол себептi бұл жердегi шешiм жеке бiр мемлекет тарапынан емес, Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мен ТМД саммиттерi негiзiнде қабылдануы мүмкiн.
Есенгүл Кәпқызы