АННЕНСК КЕНШIЛЕРI

АННЕНСК КЕНШIЛЕРI

АННЕНСК КЕНШIЛЕРI
ашық дереккөзі
367

Шахтерлер күнi! Бұл күн шахтерлер үшiн көптен күткен мереке. Өздерiнiң кәсiби мейрамын бiр кiсiдей атап өтуге тырысатын еңбегi ауыр шахтер мамандары қашан да атына кiр келтiрмеуге күшiн салады. Әрине, таң атқаннан күн ұясына батқанға дейiн жер астында жұмыс iстеу өте қиын. Ол үшiн сен бұл мамандықты жан-тәнiңмен берiлiп сүюiң керек. "Қазақмыс" корпорациясының дүйiм жұртқа аты белгiлi Анненск кен бiрлестiгi қызметкерлерi жоспарды артығымен орындап, көзге түсiп жүрген майталман шеберлер екенi осыған дәлел.

Бiрлестiктiң еңбек және техникалық қауiпсiздiк бөлiмiнiң бастығы Максим Балашовтың айтуынша, Анненск бiрлестiгi өзi сияқты басқа да мекемелерге мүлдем ұқсамайды. Мұндағы кеншiлер қайталанбас тұлғалар! Әкiмшiлiк-тұрмыстық әл-ауқаты да басқаша. Сонау Кеңестер одағы кезiнде-ақ Анненск кен қазу бiрлестiгiнiң кен орнында жер астының жолдары бiр мезгiлде қатар жүргiзiлiп, iске қосылған болатын. Тау-кен iсiнiң мамандары айтпақшы, мұнда басқа кен орнында қолданылмайтын жаңа жүйелiк қызмет орнаған. Арпалысқан тiршiлiк! Егер бiр скипта кен толтырылса, екiншiсi де сол мезетте межесiнен тасып жатады. Бұл жүйе әрине кен қазба байлықтары өнiмiн тез арада жеткiзуге әрi молынан өндiруге септiгiн тигiзедi. Айталық, жер асты жолдарындағы зырылдауық көлiктiң сағатына 750 тонна кен көтеруiне мүмкiндiгi бар. Сол сияқты Анненск өндiрiстiк бiрлестiгiнiң тағы бiр ерекшелiгi — мұндағы кен бұрын 30, қазiр 45 температура шамасында ауыр күштiң арқасында ғана ары-берi бұрғылауға келедi. Бiр сөзбен айтқанда, мұнда кен өндiрудiң өзi қиын әрi оны алып кету де оңай емес. Бiрақ та ең ауыр еңбектi қажет ететiн кендi басқа емес, Анненск тау-кен мамандары iлiп әкетуге шебер болып алған. Сөтке сайын тауға 11 мың тонна кен шығару, әлбетте кәсiби тау-кеншiлердiң ғана қолынан келетiн шаруа. Абдулла Қабылов, Юрий Зубков, сынды ұжымнан құралған бригада бұл үдеден шығып жүргенiне де бiраз уақыт.

Анненск кен бiрлестiгiнiң кәсiподақ комитетiнiң төраға орынбасары Айбол Болатбековтiң де жинаған тәжiрибесi мол. Ол өзiнiң еңбек жолы туралы суреттегенде, көз алдыңа қайнап жатқан өмiрдi әкелесiз. Жер астында шахтерлердiң арпаласып жатқан бейнетi, кен тиеп, оны шығарып жатқан әрекеттерi, бәрi, бәрi тiзбектеле жөнеледi. Ал, Юрий Зубковтың шахтада жұмыс iстеп жатқанына бiлдей 27 жыл! Өз iсiнiң майын iшкен азамат! Үздiк бригадир! "Ерен еңбегi үшiн" медалының иегерi. Бүгiнде оны "Жезқазғантүстiмет" өндiрiстiк бiрлестiгi ұжымы бес саусақтай бiледi. Себебi, ол Анненск өз жұмысын iске қосқалы берi, кен орнының отымен кiрiп, күлiмен шығып жүрген жан. Алғаш Шығыс-Жезқазған бөлiмiнiң №57 шахтасынан бiрнеше маман келiп, жаңадан жұмысын бастаған Анненск кен орнының тамырына қан жүгiрте бастағандардың санатында Юрий де бар.

Үшiншi учаскеде кен қазба орнында жаңа "Pay" микроавтобусымен зырылдаған Тимур Қайыржанов жер асты жолдарын көздi жұмып отырып тауып алады екен. Бiр жылдың iшiнде барлық тесiктi бiлiп алған Тимур да жер асты мамандығын тез меңгерген. Әне-мiне дегенше, үшiншi учаскеге де жеттiк. Мұнда кешендi бригаданың бригадирi бұрғылаушы Абдулла Қабылов еңбек етедi. Юрий Зубков екеуi талай жыл Шығыс кен орнында жұмыс iстеген. Бiрлескен еңбек нәтижесiнде жүз мыңдаған тонна кен өндiрдi. Абдулла Қабылов шахтада 18 жыл! Әкесi – тау-кен маманы. Әскерден борышын өтеп қайтқан Абдулла ары-берi ойланып, әкесiнiң жолын қууды жөн көредi. Бүгiнде ұстазы Юрий Зубковтан асып түспесе, кем түспейтiн маманға айналды. Абдулланың iнiсi Аманай да Шығыс-Жезқазған кен орнының 73-75 шахтасында кеншi болып жүр. "Қазақмыс" корпорациясының басшылығы бұрғылаушы Абдулла Қабыловтың шеберлiгiн мойындап, 3 дәрежелi "Кеншi даңқы" шахтердiк белгiмен марапаттаған едi.

"Бiр күнде бiз тауға 2300 тонна кен шығарамыз. 150 шпурға, тiптi одан да жоғары көрсеткiште бұрғылаймыз. Шiлде айында жоспарлық тапсырма бердi. Өндiретiн кеннiң көлемi 72 мың тонна кен, 387 тонна кендегi метал өндiрудi межеледi. Жiгiттер тезiрек орындауға тырысып бағуда. Бәрi де жақсы жалақы алғысы келедi ғой" дейдi ол. Бүгiнде үшiншi учаскеде, яғни, Абдулланың қарамағында Марат Бегайдаров, Александр Чернышев, Марат Өмiров секiлдi сенiмдi көмекшi бұрғылаушылар мен машинистер Қайролла Ахметов, Боранбай Тәжiкбаевтардың да еңбегi ерен.

Шахтерлердiң көңiл күйi керемет! Өйткенi, олар: "Шахта – шахтердi тәрбиелейдi әрi шынықтырады" дейдi. Бiз де жер астында тынбай еңбек етiп жатқан бұл мамандық иелерiнiң кәсiби мерекесiмен құттықтап, еңбектерiне табыс тiлеймiз!

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары