ҚАСИЕТТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ҚАСИЕТТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!

ҚАСИЕТТI РАМАЗАН ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
ашық дереккөзі
298

Мейiрiмдi, рахымды Аллаһтың атымен бастаймын!

Барлық мақтау мен мадақ Әлемдердiң Раббысы Алла Тағалаға болсын! Көптен күткен қасиеттi Рамазан айына жеткенiмiзге сансыз шүкiрлiк етемiз.

Құрметтi мұсылман бауырлар, отандастар!

Баршаңызды мүбарак Рамазан айының келуiмен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделерiне тартқан теңдессiз сыйы — қасиеттi Рамазан — сансыз сезiмдер мен толып тасыған iзгi ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иемiздiң рақымы мен мейiрiмiне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселенiп жазылар айы да осы — Рамазан.

Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды. Құранда Алла Тағала: "Ей, иман еткендер! Күнәлардан сақтанып, тақуалыққа жетулерiң үшiн сендерге бұрынғыларға парыз етiлгендей ораза парыз етiлдi" ("Бақара" сүресi, 183-аят), — дейдi.

Аятта айтылғандай, оразаның мақсаты — мұсылманды тазартып, тақуалыққа жеткiзу. Тақуа — сақтану, қорқу, сиыну. Ендеше тақуалық — Алла Тағалаға бойұсыну, әмiрлерiне құлдық ұрып, тыйғандарынан тыйылып, иманды, көркем мiнездi, парасатты жан болып, Ұлы Жаратушыға қарсы келуден сақтану. Демек, оразаның мақсаты — жанды рухани тазартып, көркем мiнезге тәрбиелеу, нәпсi тiзгiнiн қолға алу.

Нәпсi — бойдағы пендеге тән құмарлық сезiм. Жалпы адам баласының адамгершiлiк шыңына жетуi мен көркем мiнездi болуының негiзi — нәпсiге ие болуында. Ал, нәпсiнi тежеуде ораза үлкен мәнге ие. Бiрақ, ең бастысы ораза тек Алла Тағала разылығы үшiн болуы ләзiм. Кiсi өздiгiнен тек ашығумен дiттеген мақсатына жете алмайды. Өйткенi, ораза — Алла Тағалаға жасалатын ғибадат. Қасиеттi хадисте Алла Тағала: "Аузы берiк адам iшiп-жеуiн Мен үшiн доғарды. Ораза — Менi мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берiлетiн сыйды Мен ғана өлшеп, Мен беремiн. Аузы берiк құлымның аштық пен шөлiркегеннен шыққан ауыз исi мен үшiн мисктен де артық", — дейдi.

Сонымен қатар бұл қасиеттi айда тек қана iшiп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды т.б. жаман әдет-қылықтардан барлық кезде iргенi аулақ салған мақұл. Өйткенi, ораза тек iшiп-жеуден тыйылу үшiн ғана емес, сондай-ақ құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшiн ұсталады. Сол үшiн құлшылық амалдарымызды көбейтiп, көбiрек Алланы еске алып, жиiрек Құран оқыған абзал. Алла Елшiсi (с.ғ.с.) рамазан айы туралы: "Рамазан келгенде жәннат есiктерi ашылып, дозақ есiктерi жабылады, шайтандар кiсенделедi", сондай-ақ, "Шынында жәннатта бiр есiк бар, ол — "Раййан" деп аталады. Ол есiктен тек ораза үстаушылар ғана кiредi" — деген.

Құрметтi мұсылман қауым! Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есiгiнен кiруiмiздi нәсiп еткей!

Қасиеттi Рамазан құтты болсын!

Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Әбсаттар қажы Дербісәлі

Серіктес жаңалықтары