Дидарыңды сағындым, Дидекем!

Дидарыңды сағындым, Дидекем!

Дидарыңды сағындым, Дидекем!
ашық дереккөзі
408

Қайран Дидекем!

Өзіңнен осылай көз жазып қаламыз деп кім ойлаған. Сонау студенттік шақта танысып, достасқанымызға қырық жыл, мына жарық дүниеден өткеніңе де қырық күн болып қалыпты. Көңілің қашанда ашық, жүрегің кіршіксіз таза, ақыл-ой, білімің тамырын тереңге жіберген бәйтеректей еді-ау... «Менің пірім – Дидахмет» деп, жазған дүнием болса алдымен өзіңе көрсетуші едім. «Дұрыс» десең басылымға ұсынып, «сәл жетілдір» дегеніңде іркіп қалатынмын. Дидекең сыралғы досым ғана емес, жазу өнеріне баулыған нағыз ұстазым болды. Дидарласқан сәтте кейде ұстаздығын еске салсам, «рахмет» деп жұмсақ жымиып, әдемі әзілін әйтпесе, ой тастар әңгімесін бастап кететін. Ол қысқа да нұсқа сөйлегенді, аз жазса да саз жазатындарды ұнататын. Зәуде бір мәселеге байланысты кесіп пікір айтып, шорт қайырғанда, мен әзілдеп: – Дидеке, түп нағашым – қалмақ, деуші едің, нағашыларыңдай шорт кеспей былай қазақшалап жұмсартсаңшы, дегенімде: – Жоқ, кейде қалмақшалау да керек. Өйтпесе мына біздің халықты ояту қиын, – деп пікірін түйіндейтін.

Дидекеммен сұхбаттасу мен үшін бір ғанибет шақ еді-ау. Көңілімде жүрген сауалдарға тиянақты жауап алып, көкірек көзім ашылып жүре беретін. Ондайда ойдың да өткірі, сөздің де бір салмақтысы ауызға түсетін.

Қайран ақылшым, ақ жүрек аға досым! Соның барлығы адамға жақсы күш-қуат беретін қасиетіңнен екен ғой. «Ұстазым Қожакеев айтпақшы, менің адамдарға ойлайтыным тек жақсылық», – деп, сөзінің соңын әзілге айналдыратын.

«Том-том кітап жазу мақсат емес. Бір ауыз сөзің ел есінде қалып, әр адамның жүрегінен орын алса – сол бақыт. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген ақын сөзі ғажап қой! Осындай ұлтты ұйыстырып, халқымыздың басын қосатын сөз айту – қаламгердің шын табысы. Мұндай ұлы сөздер Абайда қаншама! Ал, көп томдықтарын шығарған кейбір жазушылардың кітаптарын оқып шыққанда, есіңде ештеңе қалмаса – аянышты», – дейтін.

Иә, әр қазаққа жалғызым деп қарайтын Дидахметтен айырылып қалғанымызда өзінің де ағайын-туыс, дос-жаранға ғана емес, исі қазақтың қимас азаматы екендігіне, бар қазақтың жалғызындай деңгейге көтерілгеніне көзіміз жетіп отыр.

Қапияда көз жұмған досымызды мәңгілік мекеніне – туған жерінің топырағына тапсырып қайтқан соң, өз басым кезінде қолтаңбасымен сыйлаған кітаптарының сыртынан аялап сипап, қайталап оқудамын. Қимас бейнесі көз алдыма елестесе, қоңыр үні құлағыма келгендей. Әңгімелерінен сыбызғының сазындай әуенмен есілген өмір шындығымен қайта қауышып отырмын. Япырмай, мына дүниесін кезінде зер салып оқымағанмын ба? Әр сөйлемі ақ өлеңдей өріліп, мән-мағынасы тым тереңге құрылыпты-ау», – деген таңырқауым көбейді. Өзі де үнемі: «– Шығармамды бастарда оның мотивін, әуенін тауып алуым керек. Содан кейін ғана қолым жүреді», – деп айтушы еді. Жазушы ретінде жазған көркем дүниеге журналистика кіріп кетпесін. Ал, журналистиканың да көтерер жүгі жеңіл емес, дегенді ескертіп отыратын.

Мемлекетшіл болу үшін мемлекеттік қызметте жүру шарт емес екендігін дәлелдеп өтті. Бүкіл саналы ғұмырын баспасөзге арнаған ол, әсіресе тәуелсіздік алған жылдар ішіндегі еліміздің қолы жеткен табыстарына қуанса, «әттеген-айларына» қатты қынжылатын.

Өткен ғасырдың жиырма-отызыншы жылдардағы шыққан қазақ зиялылары – Алаш арыстарының елі мен жері үшін жасаған жанқиярлық істерін үнемі үлгі етіп, олардың еңбектерін насихаттауға бар күшін салды.

Ерен еңбекқор, қайсар қаламгер, барша қазақты бауырым деген ерекше азамат, ізгілік пен парасаттылықтың дәнін әр жүрекке жеткізсем деген ұлы арманымен о дүниеге аттанып кетті...

Алдыңнан Алланың нұры жарылқап, жаның пейіштің төрінде шалқысын! Артыңда қалған ел-жұртың, ұрпағың аман болсын! Бақұл бол – бауыр, аға, адал дос!

Еркін НҰРАЗХАН

Серіктес жаңалықтары