ПУТИН КАРИМОВТЫ, МЕДВЕДЕВ САРГСЯНДЫ ЖАҒАЛАДЫ
ПУТИН КАРИМОВТЫ, МЕДВЕДЕВ САРГСЯНДЫ ЖАҒАЛАДЫ
Кавказ аймағындағы жағдай жаһандық пiкiрталасқа айналғалы қашан?! Халықаралық ұйымдар, саясаткерлер бармақтарын бүгiп, оқиғаның ақ-қарасын ажыратып әлек. Әлем белгiлi бiр тепе-теңдiктен ауытқып, айырылудың шақ алдында. Әрине ол ешкiмге қол емес. Дегенмен, жетекшi әлем саясаткерлерi мұндай сын сағатында өз ойларын бүкпесiз айтуы парыз десек, Грузияның да, сонан соң Ресейдiң де әрекеттерiн ашық айыптайтындар жоқ емес.
Алдыгүнi Парламент палаталарының бiрлескен отырысы болып, онда төртiншi сайланған Қазақстан Республикасы Парламентiнiң II сессиясы өттi. Онда мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бiрсыпыра мәселелерге тоқталып, әңгiменiң желiсiн ыстық нүктеден өрбiттi. Батыс елдерi тарапынан бұл оқиғаларға бiржақты баға берiлiп жатқанын тiлге тиек еткен ол өңiрде тұрақтылықты қамтамасыз ету және қантөгiстi тоқтату үшiн Ресей Федерациясы қабылдаған шараларды қолдайтынын мәлiмдедi.
"Бiз тараптарды Медведев пен Саркози бекiткен алты тармақ негiзiнде келiссөзге кiрiсуге шақырамыз. Бiз Батыс елдерi мен Ресейдi өзара кiнәласу мен қатер төндiруден бас тартып, халықаралық құқықтың өзектi қағидаттарының бiрiншiлiгi негiзiнде ахуалды тұрақтандыру үшiн келiссөзге көшуге шақырамыз.
Бүгiнде Оңтүстiк Осетия мен Грузиядағы жапа шеккен қарапайым адамдарға көмектесу аса маңызды. Қазақстан қазiрдiң өзiнде қақтығыс аймағына қажеттi гуманитарлық көмек жiбердi. Мен бұл мәселе жөнiнде Достастық мемлекеттерi басшыларымен сөйлестiм. Сондай-ақ Азиядағы өзара ықпалдастық және сенiм шаралары жөнiндегi кеңiстiк, жақында Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының мәжiлiстерiнде де бұл туралы әңгiме болды.
Кавказдағы ұзақ жылдар бойы созылып келе жатқан халықтар арасындағы қақтығыс талай мәрте қанды қырғынға әкелiп соққанын бәрiмiз бiлемiз. Оның алдағы уақытта тiптi басқа аймақтар үшiн немен аяқталары әлi белгiсiз.
Сондықтан да бiздiң бәрiмiз үшiн негiзгi мiндет — ортақ Отанымыздың тыныштығы мен бiрлiгi екендiгiне тағы бiр мәрте назар аударамын" — деген Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың өсiп-өркендеуi тәуелсiздiк жылдарында қол жеткiзген үлкен ұлттық жеңiстiк екенiн қадап айтты.
Елбасы Парламент депутаттары алдында осылай деп сөз сөйлеп жатқан кезде, көршi Өзбекстан жерiнде алқалы бiр кездесу болды.
РФ премьерi Владимир Путин 1-қыркүйекте Тәуелсiздiк күнiн тойлап жатқан Ислам әканың жайған дастарқанының төрiне жайғасты. Келесi күнi әңгiменi екi елдiң экономикалық мәселелерiнен бастаған стратегиялық серiктестердiң негiзгi тақырыбы Оңтүстiк Осетия мен Абхазияға ауа бердi. Германия канцлерi А.Меркельдi есепке алмағанда Батыстан қолдау таппаған Ресей билiгi сөйтiп, Азиядағы көршiлерiнен қолдау тапқысы келедi екен. Путиннiң Ташкентке баруы тегiн емес. Әу баста Американы өз жерiнде тайраңдатып қойған Өзбекстан Батыспенен ара-қатынасын қайта нығайта бастағаны ұнай қоймаса керек. Оның үстiне Еуроодақ та, тiптi, Қытай да өзбектiң газынан дәмелi. Ресейдi айналып өтiп, бұл iске оларды араластырғысы да келмейдi. Ташкент те ендi ғана соларға қарай бүйрегiн бұра бастағаны сол, байырғы чекист қалт жiберсiн бе, Путин газ ойынының өз ережелерiн ұсынды да, Орталық Азиядағы Мәскеудiң ықпалын телiгiсi келдi.
Ресейдiң ұсынысына Ислам Каримовтың басы айналып қалмаса да, ойланып қалғаны рас. Мәскеу өзбек газына бағаны күрт өсiрiп жiберу қажеттiгiн аңғартты. Бұрын Ресей Өзбекстаннан әрбiр мың текшеметр газды 160 доллардан сатып алатын да,"Газпром" оны өзiне ыңғайлы бағамен Еуропаға асырып жiберетiн. Түркмениядан да анағұрлым жоғары бағамен сатып алатын газды "Газпром" осы жүйеге арқа сүйей отырып, қазақшалап айтқанда қыр асыратын. Ендi мiне өзбектiң еншiсiндегi газ бағасын өсiру мәселесi Кавказдағы жағдайға орай кезек күттiрмейтiн тақырыпқа айнала келдi. Ресми емес деректерге қарағанда, Өзбекстан өндiретiн көгiлдiр отын тiптi екi есе өсiп кетуi, мың текшеметрi 300 долларға дейiн айналуы ықтимал. "Газпром" мұндай жағдайда трансфер төлемiмен, яғни Өзбекстан газын Еуропаға жеткерумен ғана шектеледi.
В.В.Путиннiң сапары барысында Мәскеу мен Ташкент Өзбекстан территориясына өтетiн түркмен газқұбырының қосымша желiсiн салуға уағдаласты.
Ал "Дүрмень" деп аталатын резиденциясында оңаша көп толғанған екеудiң өзара әңгiмесiнен кейiн Ислам Каримов САЦ-1 және САЦ-2 газ құбырларымен қабаттаса Ресейге Орталық Азиядан өтетiн қосымша газқұбыры желiсiнiң салынатынын мәлiмдедi. Мiне сөйтiп, түрiкмендердiң газ тығыны ашылса, Ресейдiң ойлағаны болады деген сөз. Өйткенi, бұған дейiн Ресейдiң жерiн айналып өтетiн "Набукко" газқұбыры жобасы өз үстемдiгiн құрған-ды. Ал, бұл Батыстың жобасы болатын. Жұмыстың едәуiр ауқымын бәрi дұрыс шешiлiп жатса, "Газпром" өз мойнына алғалы отыр. Егер орта жолда анау айтқандай кикiлжiң шықпаса, онда тиiстi құжаттар да әзiрленiп қалуы ықтимал.
Жасыратын несi бар, газды сылтауратып, бақай есебiмен барған Путиннiң ойлағаны болды. Кейбiр баспасөз көздерiне иек артсақ Путиннiң құрметiне жайылған дастарқанда Ислам-әка Володя досын қолдап жалынды-жалынды тост сөйлегенге ұқсайды. Тiптi, гүржi бауырларын бiраз жерге апарып тастағаннан танбапты. Мұны Каримов Грузин басшылығының әрекеттерiне лайықты бағасын бердi деп есептеген Путин өз нөкерлерiмен тоқ көңiлмен премьер ұшағына жайғасып жатты.
Дәл осы кезде Сочидегi "Бочаров ручей" резиденциясында Дмитрий Медведев өзiнiң Армениядағы әрiптесi Серж Сагсянмен кездесiп жатты. Ресей президентi "Бiз Грузия агрессия жасаған сәттен берi кездеспеген екенбiз" деп әңгiмесiн бастаған Дмитрий Медведевке армениялық әрiптесi Оңтүстiк Осетияда қаза болған ресейлiктерге көңiл айтты. Содан соң жабық есiк жағдайында президенттер әдеттегiдей оңаша отырып әңгiме өрбiттi. Қап тауындағы жағдайға байланысты оңаша отырыс ұжымдық қауiпсiздiк туралы Шарт ұйымына мүше-елдердiң саммитi болар алдында өткенi тегiн емес. Армения мен Грузияның ара қатынасын қайдам, Ресей мен Арменияның өзара байланысында ешқандай да селкеу жоқ болса керек. Ұжымдық қауiпсiздiк туралы Шартқа қатысушы елдердiң тiзiмiнде Ресей, Армения, Белоруссия, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Өзбекстан бар. Бұл ұйымның мiндетi — осы ұйымға мүше елдердiң әскери-саяси өзара қарым-қатынасы және мүше- мемлекеттердiң қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету, ал қажет бола қалған жағдайда әскери көмек көрсету. Мұны тәуелсiз мемлекеттер достастығындағы НАТО-ның көшiрмесi деп жүргендер де бар. Президенттердiң оңаша әңгiмесi осы мiндеттемелердi ескере отырып өрбiдi.
Медведевтiң айтуына қарағанда Мәскеуде болатын осы алқалы басқосуда ұжымдық қауiпсiздiк шарты ұйымына қатысушы мүше-елдердiң Грузияның агрессиясына байланысты ұстанымдары нақтыланатын болады. Бәлкiм алдағы жұмада бiрқатар мәлiмдемелердiң де куәсi болатын шығармыз. Бұл ұйымға Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның кiруi екiталай шығар, дегенмен шартқа мүше елдердiң осы екi елдi тәуелсiз мемлекеттер деп танудың алғы шарттары жасалуы мүмкiн. Арменияның басшысымен Медведевтiң кездесуi бекер емес. Бұл саммитке Армения төрағалық жасағалы отыр. Демек, Медведевтiң де Саргсянға оңаша отырып айтар ойы, керек десеңiз нұсқауы алдын-ала әзiрленген шығар.
Әлгi ұжымдық қауiпсiздiк туралы шартта ұйымға мүше мемлекеттердiң қауiпсiздiгiне әскери қатер төнген жағдайда сол қатердi жоюдың механизмi iске қосылады деген тарау бар. Демек Грузия әлемге қатер төндiрiп отыр деген желеумен Ресей президентi Абхазия мен Оңтүстiк Осетияның тәуелсiздiгiн тани отырып, бiз адамдар өмiрiн сақтап қала аламыз деген ой айтты. Медведевтiң бұл пiкiрiн шартқа мүше елдер қолдаудан басқа амалы жоқ сияқты.
Ғалымжан Мелдеш