ТIЛ — ҰЛТТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, МЕМЛЕКЕТТIҢ ДЕ ТIРЕГI

ТIЛ — ҰЛТТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, МЕМЛЕКЕТТIҢ ДЕ ТIРЕГI

ТIЛ — ҰЛТТЫҢ ҒАНА ЕМЕС, МЕМЛЕКЕТТIҢ ДЕ ТIРЕГI
ашық дереккөзі
275

Қазақ балабақшасында тәрбиеленуге, мемлекеттiк тiл — қазақ тiлiн меңгеруге мүдделi өзге ұлт өкiлдерiнiң бүлдiршiндерiн Алматыдағы кейбiр балабақшалар қабылдамай жатқан көрiнедi. Орын тапшылығына байланысты. Ал орыс тiлiн бүкiл әлемге таратуға, ықпалын арттыруға құлшынған Кремль ұлттық саясатының қарқынын бәсеңдетер емес.

Күтпеген жерден Ресейдегi Пресс-папье.ru интернет сайтынан осыдан 1 жыл бұрын "Түркiстан" газетiне жазған "Мемлекеттiк тiлге қарсылар — мемлекеттiк саясатқа да қарсы" деген мақаламды кездестiрiп қалдым: "Проголосовавшие против казахского языка — противники государственной политики", автор: Назия Жоямергенкызы, тематика: русский язык, издание: "Туркестан", страна: Казахстан". Кеңестiк империя кезiнде басымдыққа ие болған орыс тiлiнiң КСРО ыдырағаннан кейiн де посткеңестiк кеңiстiкке үстемдiк етуге ұмтылатыны, 2007 жылды РФ президентiнiң орыс тiлiне арнағаны, "бауырлас" 15 одақтас республикалардағы орыс тiлiнiң бүгiнгi ахуалы мен Пушкиннiң тiлiне қатысты басқа да мәселелердi қаузаған мақаламды үтiр, нүктесiне дейiн қалдырмай, орыс тiлiне аударып басқан ресейлiк сайт тек қазақ тiлiнiң дамуына ненiң кедергi болып отырғаны туралы айтқан сөзiмнiң "бiссiмiлләсiн" ғана "ұмытып кетiптi".

Қазақстанда, сонымен қатар кезiнде КСРО-ға мүше болған елдерде орыс тiлiне қатысты жарияланған мақалаларды ресейлiк бұқаралық ақпарат құралдары неге аударып басуға әуес? Өйткенi, тiл — ықпал ету құралы. Саяси, экономикалық, психологиялық және мәдени тұрғыда. Тәуелсiздiгiн күнi кеше алған жас мемлекеттердiң өз бетiнше әрекет етуiн қаламайтын Кремль посткеңестiк елдердi уысында ұстауға мүдделi. Әрi ширек ғасырдан кейiн орыс тiлi "әлемдiк мәртебесiнен" айырылып қалуы мүмкiн. Осы мәселеге орай дабыл қаққан ресейлiк ғалымдар бүгiнде ағылшын, қытай және испан тiлдерiнен кейiнгi 4-орында тұрған орыс тiлiнiң қолдану аясын кеңейтуге мемлекеттiк деңгейде көңiл бөлiнбесе, 10 жылдан соң француз, араб, хинди тiлдерi орыс тiлiн шаң қаптырып кететiнiн айтады. Ресми деректерге сүйенсек, дүние жүзiндегi орыс тiлiн бiлетiн 164 млн. адамның 130 миллионы Ресейде өмiр сүрсе, 26 миллионы посткеңестiк елдердi мекен етедi екен. Ал қалған 7,5 миллионы — эммигранттар. Сонымен қатар Жер шарының 114 тұрғыны орыс тiлiн екiншi тiл немесе еркiн меңгерген шет тiлi ретiнде қабылдайды. КСРО ыдыраған 90-жылдардың басында орыс тiлiне деген сұраныс пен қолданыс деңгейiнiң күрт төмендеуi орыс тiлiнiң әлсiреуiне әкеп соққан. 70 жылдан астам уақыт кеңестiк империяның құрсауында болған республикалар ұлттық құндылықтары мен салт-дәстүрлерiн, тiлi мен дiлiн қайта қалпына келтiруге мүдделi. Ал Мәскеу керiсiнше, үгiт-насихаттық шаралардың арқасында орыс тiлiне деген қажеттiлiк пен тәуелдiлiктi, ықпалды күшейтуге тырысады. Түрлi зерттеу жұмыстарын жиi өткiзетiнi де сол себептi. Былтыр Мәскеуде өткен "Жаңа тәуелсiз мемлекеттердегi орыс тiлi: шынайы ахуалы, мүмкiндiктерi мен келешегi" тақырыбындағы халықаралық конференцияда Ресейдегi "Еуразия мұрасы" қорының президентi Елена Яценко арнайы ұйымдастырған сауалнаманың нәтижесiнде посткеңестiк елдерде аға буын өкiлдерi ғана емес, жас ұрпақтың да орыс тiлiн меңгерген сауаты жоғары екендiгiн айтқан: "Отбасындағы тәрбиенiң арқасында орыс тiлiн жастар жақсы меңгерген". Бұл пiкiрдi халықаралық "Еуразиялық монитор" агенттiгiнiң жетекшiсi Игорь Задорин де растады: "Бiз жүргiзген сауалнамалар "аға буын өкiлдерiне қарағанда жастар орыс тiлiн нашар бiледi" деген ұғымды терiске шығарды. Орыс тiлi отбасында ата-анадан балаларға үздiксiз берiлiп отырады".

Яценко Таяу Шығыстағы көптеген мемлекеттердiң заңнамалық құжаттарында орыс тiлiнiң ешқандай мәртебеге ие еместiгiн, есесiне, Беларусьта "мемлекеттiк", ал Қазақстан мен Қырғызстанда "ресми" тiл ретiнде бекiтiлгенiн көлденең тартты. Сауалнама қорытындысы Қазақстан, Украина мен Беларусьта халықтың 70 пайызы орысша еркiн сөйлейдi десе, Армения, Грузия, Литва мен Тәжiкстанда — 30 пайыз, Қырғызстан, Латвия, Молдова мен Эстонияда сол елдердiң мемлекеттiк тiлдерi басымдыққа ие болғанына қарамастан, адамдардың ширек бөлiгi орыс тiлiн қатынас құралы ретiнде танитынын көрсетедi. Алайда, украиндардың басым бөлiгi орысша бiлуге мүдделi деген пiкiрдi терiске шығарған R&B Group компаниясының президентi Евгений Копатько: "Жоғары оқу орындарында қабылдайтын сынақтар, бiлiм беру тек мемлекеттiк украин тiлiнде болғандықтан, орыс тiлiне деген қызығушылық төмендеп барады. Халықтың 70 пайызға жуығы орысша бiлгенмен, көпшiлiгi орыс тiлiнде сауатты жазуға шорқақ" – дейдi. Бәлкiм бұл Украинаның шығыс және батыс бөлiгiндегi ахуалмен тiкелей байланысты шығар. Өйткенi, батыстықтар Еуропаға иек артса, шығыстықтардың бүйрегi Ресейге бұрады. Айтпақшы, Қазақстанға қатысты айтылған 70 пайыздық көрсеткiш те күмәндiлеу. Өйткенi, егер сауалнамада солтүстiк пен батыс аймақ қамтылса, орыстiлдiлердiң саны басым болады. Егер Қызылорда, ОҚО сияқты оңтүстiк өңiр қамтылса, сөз жоқ, респонденттердiң көпшiлiгiнiң орысшаға шорқақ екендiгi байқалады. Алайда, бұл орыс тiлiнiң халi мүшкiл деген сөз емес. Өйткенi, қоғамда, әсiресе, жоғарғы билiк эшелонында мемлекеттiк тiлден гөрi ресми мәртебеге ие орыс тiлiнiң ықпалы басым.

Бүгiнде Әзiрбайжан, Грузия, Латвия, Литва мен Эстонияда орыс тiлiнiң қолдану аясы тарылғандықтан, адамдардың Пушкиннiң тiлiн үйренуге деген құлшынысы бәсең тартыпты. Ал Армения, Қырғызстан, Молдова мен Тәжiкстанда орыс тiлiне деген қажеттiлiк төмендесе де, елдiң 70 пайызы орысша бiлуге, үйренуге құмар. Сiрә, бұл Ресейден нан табуды көздейтiндердiң құлшынысының әсерiнен болса керек. 2007 жылдан бастап РФ Думасы елдегi еңбек мигранттарынан орыс тiлiн бiлудi мiндеттейтiн арнайы заңды қабылдады. Заң жобасы талқыға түсiп жатқанда думалық депутаттар "Күнкөрiс қамымен келген елдiң тiлiн бiлмеу — бассыздық" деп мәселенi төтесiнен қойған. Сол кезде әке-шешесiнiң ғана емес, атасының кiндiк қаны Қазақ топырағына тамған кейбiр отандастың Қазақстанның мемлекеттiк тiлiн бiлмейтiндiгiне, бiлуге құлшынбайтынына қынжылғанбыз. Оның үстiне, РФ президентi үстiмiздегi жылдың басында Ресей азаматтығын алғысы келетiн шетелдiктерге орыс тiлiн меңгерудi мiндеттейтiн Жарлыққа қол қойды. Бұған дейiн Ресей жерiне аяқ басқан әр жатжұрттық орыс тiлiнен арнайы сынақтан өтетiн. Ендi биылдан бастап сынақтан өткенi туралы заңды құжат — сертификат алатын болды.

Жүргiзiлген зерттеу соңында ресейлiк ғалымдар Қазақстанда (сондай-ақ, Украина мен Беларусьта) орыс тiлi кең таралғандықтан, халық орысша сауат ашуға мұқтаж емес деген қорытындыға келiптi. Демек, қит етсе, "орыс тiлiнiң тынысы тарылып барады", "ойбай, орыс тiлiне қысым жасалынуда, Кремль қайда қарап отыр?!", "орыстiлдiлер Ресейге немесе басқа жаққа үдере көшсе, Қазақстандағы мәдениет пен өркениеттiң бiр бұрышы "қисайып", құлап қалады" деген сарындас байбаламдар негiзсiз. Жанашырға онсыз да кенде емес орыс тiлiн жеке бастың мүддесiн жүзеге асыру жолында саяси құрал етуге талпынатындар бiздiң билiктi "аттанмен" қорқытқысы келедi. Ал қазақ тiлiне қызығушылық танытқандарға мемлекеттiк деңгейде жағдай жасалмайды. Мамандардың көпшiлiгi қазақ тiлiн үйретуге арналған оқу бағдарламаларының "әттеген-айлары" көптiгiн көлденең тартады. "Жығылғанға — жұдырық", Қазақстанның ақпараттық кеңiстiгiнде үстемдiк етушi де — орыс тiлi. Жарнамалардың басым бөлiгi — орысша, адамдар теледидар тамашалайтын мезгiлде (прайм-тайм) берiлетiн бағдарламалар мен фильмдер — орыс тiлiнде. 31 арнаның акциясын сатып алған ресейлiк СТС арнасы телеарнадан "орыс рухы", "ұлы да қуатты орыс тiлi", "әлемдi таң қалдырған орыс кереметi" секiлдi басқа да тек орыс мәселесiне қатысты насихаттық шараларды армансыз таратуда. Егер сенбесеңiз, осы арнадан берiлетiн бағдарламалар мен сериалдарды ("Самый умный", "Галелео", "Кто умнее пятиклассника?", "Жизнь прекрасна!", "Слава Богу, ты пришел!", "Кадетство", "Папины дочки", "Моя прекрасная няня", т.б.) тамашалаңыз.

Менiңше, егер Ресейдегi орыс тiлiн орыс қоғамында ғана емес, посткеңестiк кеңiстiкте, тiптi, бүкiл Жер шарында дамытуға бағытталған насихаттық шараларды Қазақстандағы қазақ тiлiн дамытуға қатысты қолданар болса, билiктiң ұтары көп.

Тағы бiр маңызды жайт, кiшкентайларын қазақ балабақшасына әкелетiн өзге ұлттың өкiлдерiн Алматыдағы кейбiр балабақша басшылары керi қайтарып жатқан көрiнедi: "Өзiмiзге орын жетiспей жатыр". "Өзiмiз" орынға жарымағандықтан, әлгi ата-ана бүлдiршiнiн орыс балабақшасында тәрбиелеуге мәжбүр. Ұтатын кiм, ұтылатын кiм?

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары