"ТӨБЕЛЕС" ПЕН "ҰЛТАРАЗДЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫ" ҚАШАН АЙЫРАМЫЗ?
"ТӨБЕЛЕС" ПЕН "ҰЛТАРАЗДЫҚ ҚАҚТЫҒЫСТЫ" ҚАШАН АЙЫРАМЫЗ?
"Елiмiзде 130-дан астам ұлт өкiлдерi тату-тәттi өмiр сүредi" деген таптырмас теңеуге кiр жұққан сияқты. Бәз баяғы "жәй ғана төбелеске" жатқызып жүрген Теңiздегi, Шелектегi, Маловодныйдағы оқиға туралы халық ендi ауыз жаба бастап едi, кенеттен бұрқ еткен Еңбекшi қазақ ауданы, Малыбай ауылындағы оқиға бұның әдеттегiдей "кикiлжiң" еместiгiн аңғарта бастағандай.
Маусым айының 26-сынан 27-iне қараған түнi 37 жасар қазақ жiгiтi Айдын Халықовтың өлтiрiлуi талайдан бергi жазылмаған жараның бетiн тағы бiр тырнап кеттi. Тағы да қазақ пен ұйғыр арасындағы қақтығыс. Тағы да — опық жеген де, ажал құшқан да — қазақ. Кiм кiнәлi? Ши қайдан шықты? Бұған дейiн қанды оқиға туралы баспасөз беттерiнде бiраз сауатты, салмақты мақалалар жарық көрдi. Алайда, мәселеге үн қосқысы кеп шырылдап жүрген қазақ басылымдарының жанайқайына елең етiп жатқан ешкiм байқала қойған жоқ. Тiптi, ұлтаралық татулықты насихаттаумен тiкелей айналысатын Қазақстан халықтары Ассамблеясы жұмған аузын ашар емес. Неге бұл жолы ол үнсiз? Сонда аты дардай, заты салмақсыз мұндай мекеме кiмге, не мақсатпен жұмыс жасап жатыр? Қазақтың арыстай азаматы нақақтан мерт болып жатқанда селт етпеген жан жоқ шығар, сiрә?! Кiм болса да, "Мұның астарында қандай түйткiл жатыр?" деген сұрақтың астында қалғаны хақ. Бiз де марқұм Айдын Халықовтың қарындасы Толқыннан болған оқиғаның жәй-жапсарын бiлгiмiз келiп, әңгiмелескен едiк. Айдын — он баланы өмiрге әкелген Халықовтар отбасының сегiзiншi ұрпағы. Өзi де төрт баланы (3 ұл, 1 қыз) тәрбиелеп отырған шаңырақтың асыраушысы. Алайда, сұм ажал Айдынды туған-туыстарынан, алды 12-де, арты 4-тегi балапандарынан ерте айырып әкеткенi өзектi өртейдi. Толқын ХАЛЫҚОВА, марқұм Айдынның қарындасы:– 26-сынан 27-iне қараған түнi үйдiң есiгi қағылды. Сыртта екi жiгiт тұр екен. Айдын тысқа шықты. Бiреуi бiр үйден кейiн тұратын көршi, өзi түрмеден келген жiгiт едi. Айдын ауылдың бәрiмен бiрдей араласып жүретiн. Үйдiң маңайында кiшкентай арық бар, сол жерде темекi тартып, әңгiмелесiп отырды. Анам: "Жәй әңгiмелесiп отырған шығар" деп онша көңiл бөлмедi. Түн болды. Әлi жоқ. Түнгi сағат 11-де анам дәлiз үйге шығып қараса, ағамның киiп кеткен аяқ киiмi тұр екен. Содан "Е, келген екен ғой" деп уайымы бiраз сейiлдi. Сөйтсек, ағам үйге келiп бiлдiртпей аяғына мықтырақ аяқкиiмiн киiп кеткен екен. Бiз жiгiттердiң арасында қандай әңгiме болғанын, қандай дау-дамай туындағанын бiлмеймiз.
– Сосын Айдынды қалай таптыңыздар? – Үйдегiлер бiр сұмдықтың болғанын бiлдi. Анда-мында шапқылап түгел iздедi. Таба алмады. Ағамның 2-сыныпқа көшкен ұлы Ербол өзеннен өтiп бара жатып, көпiрдiң маңайынан қан көрдi. Әр 200 метрдей жерде қанның iзi. Қараса, әкесiн үйден алып кеткен көршi Файзулла әйелi екеуi жер бетiндегi қанды аяқтарымен таптап жауып жатыр екен. Қанды көрген Ербол дереу үйге барып: "Қан көрдiм. Кеше әкеммен жүрген кiсi стадионда жүр. Менi көрiп машинамен қашып кеттi" деп айтты. Ағамның өлiмiне қатыстылар екеу болды ма, он шақты болды ма, белгiсiз. Ағам бiр-екi адамнан таяқ жейтiн кiсi емес-тұғын. Өзi намысшыл, ешкiмге есесiн жiбермейтiн, қызуқанды, ұлтшыл азамат болған. Спортпен шұғылданатын, кезiнде облыстық чемпион атанған. Содан үй iшi улап-шулап, стадионға барып тоғанға дейiн созылып жатқан қанды көрiп, полиция шақырды. Ағамды қараңғыда суды кеше iздеп, көпiр астындағы ағашқа қолы iлiнiп қалған жерiнен тауып алдық. Үстi-басының сау тамтығы жоқ. Туыстар көлiк тауып, Шелекке апарды. Ешкiм қарамаған соң, экспертизадан өткiзуге Алматыға әкелдi. Әйтеуiр 5 күн дегенде бауырымызды жерледiк қой. "Көрдiм, бiлдiм" деп ешкiм тiс жармады. Бiр қарағанда, ауылдың қақ ортасындағы стадионда болған айқай-шуды естiмеу мүмкiн емес. Бiрақ сол күнi кешкiсiн стадионда 4 жеңiл көлiк тұрғанын кейiн естiп жатырмыз. – Негiзi Айдынды жазықсыздан жазықсыз өлтiрдi деуге себеп бар ма? – Кiм бiледi. Бiрақ ағам намысшыл, елiн, ұлтын сүйетiн патриот едi. Бiздiң ауылдың 90 пайызы ұйғыр ұлты, 10 пайызы — қазақтар. Ауылға барсаңыз, көшенiң 90 пайызының аты өмiрi естiмеген адамның есiмiне берiлген. Олардың еңбегi қазақ елiне қай кезде сiңiп кеткенiн ешкiм бiлмейдi. Ауыл әкiмi де, аудан әкiмi де сол ұйғыр ұлтының азаматтары. Кезiнде Малыбай орта мектебi деп аталып келген ауылдағы бiлiм ұясының атын бiр ұйғырдың атына беремiз деген әңгiме шыққанда, ағам қарсы шығып, қол жинап, әкiмшiлiкке хат жолдап тоқтатқан болатын. Одан бөлек ауылға кiреберiстегi "Ауылым – алтын бесiгiм" деп ұйғырша жазылған сөзге байланысты ағам әкiмге барып: "Бiрiншi қазақша, сосын астына ұйғырша жазылмай ма?" десе де, ешкiм тыңдамады. Әбден қаны қайнағандықтан бiр түннiң iшiнде барып өзi өртеп жiберген. Мiне, осындай әрекеттерiн көрiп, жандарын шүберекке түйiп жүргендер әдейi қастандық жасады ма деп те ойлайды екенсiң. – Жергiлiктi құқық қорғау мекемелерi, прокуратура бұл оқиғаға не деп жатыр? – Бүкiл Алматы облысының прокуратурасы, әкiмшiлiктегi шенеунiктерi ауылға барды. Арнайы штат құрылып, тергеушiлер тексерiп жатыр. Қылмыскелердiң бiреуiн 7 күн дегенде, екiншiсiн 9 күнде тапты. Оларды қалай тексерiп жатыр, ол жағы бiзге беймәлiм. Бiзге бар болғаны "Сабыр етiңiздер, бәрi дұрыс шешiледi" деумен келедi. – Экспертизалық сараптаманың қорытындысын шығарды ма? – Сол кезде-ақ айтып бердi. Ми-бас сүйегi ашық жарақат алған. Сынған жерлерi де жетерлiк. – Отбасы мүшелерiн үркiтiп-қорқыту болған жоқ па? – Ағамның жетiсiн берер алдында ауыл сақшысы Адыл Жамалов қоқан-лоққы көрсеттi. Аузында сағыз, шайнаңдап маған қарап отыр екен. Өзiмнiң өзегiм өртенiп, iшiм күйiп жүрген, шыдай алмадым. "6 күн болды, бауырымды өлтiргендер жер жыртып кеттi ме, қайда жүр олар? Неге отырсыздар, iздемейсiздер ме?" деп едiм, атып шықты да жұлқылап оң жұдырығымен көзiмдi ұрғанда есiмнен танып қала жаздадым. Көзiмдi ашып-жұмғанша көлiгiмен қашып кеттi. Есiмдi жиып, полицияға барғанша үйiне жетiп алып, кәдiмгi азаматтық киiмiмен түк бiлмегендей жүр. "Өтiрiк айтады, бүгiн үйден шыққан жоқпын" деп, менi жынды қып қойды. Кейiннен арыз жазып едiм, екiншi түсiнiктемесiнде: "Байқамай қалдым, қолым тиiп кеттi" десе, үшiншiсiнде: "Ол әйелдiң ақыл-есi дұрыс емес шығар. Өзiнен-өзi маған қарсы келгендiктен, есiктi тарс жабайын деп едiм, сол кезде есiк тиiп кеткен болар" дептi. Естiсем, әлгi полиция қызметкерiн жұмыстан босатыпты. Оның маған жұмыстан шыққаны емес, тиiстi жазасын алғаны керек. Айтпақшы, Айдынның баласы Ерболды Рафаэль Арзиев деген суға батырып, тұншықтырып: "Әкеңдi өлтiргендердiң iшiнде мен де бармын, бар қазақтарыңның бәрiн ертiп кел" деп қысым жасапты. Қазiр Рафаэль Арзиев те, Файзулла Бишамов та, Бахапов Руслан да қамауға алынды. Сот iсi ашылды. Ендiгi бар үмiт сол сот процесiнiң әдiл өтуiнде жатыр. Ауыл халқына керегi – тәртiптiң орнауы. Ешқандай тәрбие жұмыстары жүргiзiлмейдi. Жастардың қаншамасы төбелестiң салдарынан мүгедек боп үйiнде жатыр. Қылмыстық оқиғаның орын алғанына да екi айдай уақыт. Әне-мiне дегенше, Айдынның қырқы да өттi. Бiрақ Толқынның айтуынша, қылмысқа қатысы бар адамдар ұсталғанмен сот процесi әлi жандана қоймаған. "Бәлкiм, олар iстi ушықтырып алмай шешудiң жолын да жан-жақты қарастырып жатқан болар. Себебi, үйге қолдарында 200 мың теңгедей ақшасы бар бiр топ ұйғыр ақсақалдары келiп кешiрiм сұрау әңгiмесiнiң шетiн шығарыпты. Ата-анам, аға-бауырларым адам өлiмiн шыбын шаққандай құрлы көрмеген оларды үйден қуып шығыпты" дейдi ол. Әрине, бiлдей бiр намысты ер азаматынан айрылып отырған отбасыға оңай тиген жоқ. Қалай деген де, өкiнiштiң орнын 200 мың теңгемен толтыра алмайтыны да анық. Сондықтан да нақты қылмысқа қолы тиген қандықол қарақшылар өз орнын табуы тиiс, – дейдi Айдынның қарындасы Толқын. Ал, бұл жан түршiгерлiк оқиғаға байланысты ұлт патриоттары не дейдi? Асылы ОСМАН, "Мемлекеттiк тiлге құрмет" бiрлестiгiнiң төрайымы:– Әр нәрсенiң ақ-қарасын шешiп алу керек. Бiзде бiр жаманы үнемi бiр жағдай болса, соны қазаққа сiлтеймiз. Олай болмау керек, заңды түрде бәрiн егжей-тегжейлi тексеру қажет. Не себептен? Қалай болды? Нелiктен осындай жағдай орын алды? Бала кезiмiзде ұрыстық та, таластық та, бәрi болатын. Бас та жарылатын, қол да сынатын. Бiрақ ешуақытта өлiм болған емес. Қазiргi жағдайда да өлiмге жол бермеу керек. Ұлтына, нәсiлiне қарамау керек. Қазақ айтпақшы, "Жел тұрмаса шөптiң басы қимылдайды". Не себептен ұйғыр азаматтары Айдынды анадай жағдайда өлтiрiп отыр? Өлiмнiң де өлiмi бар. Ажалымен өлген адамның да арманы жоқ. Бiрақ Айдынды көз алдыда өлтiру қиянаттық. Қалай болған күнде де әр нәрсенiң ақиқаттығын анықтау керек. Бұл мәселенi ұлтараздық қақтығыс деп айта алмаймын. Бар болғаны мәселеге немқұрайлы қарайтынымыз сорлатады. Неге бiз бұның анық-қанығына жетпеймiз? Неге үнемi қазақ жапа шегуi керек деймiз. Бiрақ кикiлжiңнiң де кикiлжiңi бар, ол қалай болған күнде де өлiмге апармауы керек. Бiр кемшiлiк – ел ақсақалдарының бiр-бiрiнiң арасында байланыстың жоқтығы. Қазақ сөзге тоқтаған халық қой, неге жергiлiктi басшылар мұндай жолға жiбердi? Әйтпесе, бiр қауым ел екi жiгiттiң бiр жiгiттi өлтiрiп жатқанына қалай төзедi?
Бәлкiм, ащы судың әсерi болды ма деп те ойлаймын. Бiз оның iшiнде жоқпыз ғой, кiм бiледi?! Қой да аман, қасқыр да тоқ болсын. Ел-жұрт қайда қарап отыр. Қысқасы, мен ауылдың өзiн кiнәлаймын. Дос КӨШIМ, "Ұлт тағдыры" қоғамдық қозғалысының төрағасы, саясаттанушы:– Толқынның бұл мәселенi аяғына дейiн алып барам деген көзқарасы жақсы. Алайда, оларда бұдан не шығады деген көңiлсiздiк те бар. Сондықтан қылмысқа қатысы бар деген адамдардың бәрi қатаң жазасын алуы керек. Әдiлдiк орнамаса тағы болмайды. Осы уақытқа дейiн жабулы қазан жабулы күйiнде келдi. Оның үстiне бiздiң билiк "ұлтаралық қақтығыс" деген сөзден қорқады. Билiк те, құқық қорқау мекемелерi де, жергiлiктi халық та көп нәрсенi iштей айтады да, бiрақ түбiне дейiн жеткiзбей қоя салады. Бұл бiрiншi мәселе. Екiншi мәселе, жергiлiктi азаматтардың талаптары – кадр мәселесi. Содан кейiн бұрынғы аяқсыз қалған әрi жауып тасталған мәселелердi қайта қарау. Бiзге жергiлiктi басшылар бұл мәселелер қаралып жатыр деп уәде бердi. Шындығында қолға алынды ма, жоқ па, ретi келсе, белгiлi бiр уақыттан кейiн қайта тексеретiн боламыз. Жергiлiктi азаматтар әсiресе, кадр мәселесiн қатаң қойып отыр. Егер бұл талаптар орындалмаса, қауiпсiздiк комитетiне, Президент аппаратына дейiн жеткiземiз деп отыр. Менiңше, облыстың басшылары қаперлерiне алып, осы мәселеге байланысты арнайы комиссия құрып, тексеру керек. Ең бастысы жергiлiктi халықпен бiрлесе отырып шешу қажет. Ал әзiрше тоқтатсақ болды деп қана жұмыс iстесе, бұның аяғына жетпейтiнi айтпаса да түсiнiктi.
Тергеу амалдары кезiнде бiзге ешқандай жауап бермейдi. Оны туған-туыстары бiлмесе, хабарымыз жоқ. Бастысы – Айдынды өлтiрген қылмыскерелердiң ұсталуы, iс қозғалуы. Одан кейiнгi қолдап отырғанымыз да сол, жергiлiктi халықтың талаптары. Келешекте алдымызда мынадай жоспар бар. Мәселен, Шелек ауданында шамамен 24 ауыл бар екен. Мiне, солардың бәрiмен кездесу өткiзсек деймiз. Бәлкiм, заңды түсiндiрiп, хабардар ету керек шығар. Қазақтың басылып қалғандары да бар екен, солардың рухын, намысын көтеру қажет. Қазақтарға бұл қазақтың жерi, елi екенiн түсiндiру керек-ау деймiн. … Ассамблеядан кiмнiң барғанын бiлмеймiн. Бiрақ оқиға болған күннiң ертесiне Ассамблея төрағасының орынбасарына хабарласқанмын. Одан кейiн ұйғыр мәдени орталығындағы Фархад деген азаматқа қанша рет телефон соқтық. "Қатырамыз, барамыз…" деп уәде берiп едi, сол күйi қалды. Құдды өзiмiз кiнәлi сияқты жүрдiк. Ендi ештеңеге қарамаймыз. Өзiмiз барып халықпен кездесу өткiземiз. Себебi, бұған дейiн осы сынды бiрде-бiр оқиғаға не мемлекет, не саясаттанушылар тарапынан ешбiр талдау жасалғанын көрген жоқпын. Бiр қырынан ұлтаралық қатынас, екiншi жағынан жәй ғана төбелес деген күйi қалып жатыр. Неге жергiлiктi халық ұлтаралық қақтығыс дейдi? Бұндай пiкiр айтуға не себеп болды? Осыны мемлекет қарауы абзал. Шелек оқиғасынан кейiн қоғамда бiраз дүмпу болған едi, аяғы сиырқұйымшақтанып кеттi. Бұл жолы жайбасарлыққа салынбай, бүге-шiгесiне дейiн тексеру қажет.Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ