ТҮРКИЯНЫҢ САЯСИ ОЙЫНЫ
ТҮРКИЯНЫҢ САЯСИ ОЙЫНЫ
Түрiк президентiнiң Арменияға 73 жылдан кейiн жасаған сапары екi елдiң достасуына бастау болмақ. Ресми Анкара Қап тауының етегiндегi саяси ахуалды тұрақтандыруға, Таяу Шығыстағы дауды реттеуге, АҚШ-тың серiктесi бола тұра Мәскеумен тiл табысуға неге мүдделi? Өйткенi, түрiктер талай жылғы үнсiздiктен соң әлемдiк саяси сахнадағы ойынын бастады.
Түркия мен Армения арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнамаған. 330 шақырымға созылатын екi ел шекарасы 1993 жылдан берi тарс бекiтiлген. Анығында, мұндай шешiмдi Таулы Қарабахтағы жер дауына байланысты туындаған оқиғадан кейiн Анкара қабылдаған. Бiрақ соған қарамастан, кез келген Армения азаматы Грузия арқылы Түркияға сапар шеге алады. Күн сайын 4 рет қатынайтын Ереван-Стамбұл әуе кемесi лық толы. Екi ел арасында жүйелi түрде автобус қатынасы орнаған. Ал Грузия арқылы жүретiн тауар айналымы жылына 100 млн. доллар көлемiнде. Халықаралық мамандардың есептеуiнше, шекаралардың жабық болуы мен тiкелей жүк тасымалының жоқтығынан Түркия мен Арменияға жыл сайын 300-400 млн. доллар көлемiнде шығын келетiн көрiнедi. Зиян мен шығыннан құтылу үшiн мемлекеттер арасындағы пiкiр қайшылығы мен келiспеушiлiктердi жою қажет. Қазiргi кезде Түркия Арменияға бiрнеше шарт қойып отыр: Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыс жылдарындағы (1915 ж.) Осман империясының кезiнде болған Армян геноцидiнен бас тарту, Түркия шекарасын 1921 жылғы Мәскеу келiсiмiне сәйкес мойындау, Таулы Қарабахтағы 7 ауданды әзiрбайжандарға қайтарып беру. Ал Ереван ешқандай талап, шартсыз-ақ Анкарамен дипломатиялық қатынастарды қалпына келтiруге бейiл. Бiрақ бұл пiкiрмен халықаралық ұйымдардың кейбiрi келiспейдi. Мысалы, ЕҚЫҰ Парламенттiк ассамблеясының Таулы Қарабах iстерi жөнiндегi арнайы өкiлi Лоран Ленмаркер сейсенбi күнi Арменияның Ұлттық жиын төрағасы Тигран Торосянмен болған кездесуде "Түркия Осман империясы тұсындағы армяндардың геноцидiн мойындауы тиiс" деп мәлiмдедi. ХIХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында Осман империясының кезiнде армяндар қудаланған. 1915 жылы 1,5 млн. армян жойылыпты. Геноцидтi көптеген ел мойындаса да, түрiктер жағы терiске шығарады. Ал Еуропалық Одақ өкiлдерi ұйымға мүшелiкке өту үшiн, Түркия алдымен армян геноцидiн мойындасын дейдi. Вашингтон әзiрге Анкараның жағында.
Соңғы кездерi талай жылға созылған дау мен екi ел арасындағы саяси тоң жiби бастаған сыңайлы. 6 қыркүйек күнi Түркия президентi Абдулла Гүл Армения президентi Серж Саргсяннiң шақыртуымен Ереванға келдi. Басты мақсат — 2010 жылы өтетiн футболдан әлем чемпионатының iрiктеу матчына қатысу, армяндармен ойнаған түрiк отандастарына жанкүйер болу. Ойында 2:0 есебiмен түрiктер жеңдi. Ал дипломатиялық тұрғыда екi тарап тең түстi. Әрине, шекараны ашу туралы әңгiме қозғалған жоқ. Алайда, "келесi кездесулер мен келiссөздер осындай жағымды жағдайда өтсе, шекараны ашу мәселесi шешiмiн табуы мүмкiн" (Абдулла Гүл).
Түркия президентiнiң Арменияға соңғы сапары 1935 жылы болған. Сол кездегi басшы Исмет Иненюдiң сапарынан кейiн екi ел арасында ешқандай тiкелей дипломатиялық қатынастар орнамапты. Гүлдiң кешегi сапары — соңғы 73 жылдан берi мемлекеттiк деңгейде алғаш рет қайталанған қадам. 2008 жылдың шiлдесiнде екi елдiң арнайы өкiлдерi Швейцарияда кездесiп, екiжақты қарым-қатынасты қалпына келтiру туралы келiссөздер жүргiздi. Түркия мен Арменияның сыртқы iстер министрлерi Әли Бабажан мен Эдуард Налбандян футболды тамашалап болысымен, келiссөздер үстелiне отырды. Кездесу соңында екi шенеунiк қыркүйектiң соңында Нью-Йорктегi БҰҰ Бас Ассамблеясының кезектi отырысында қайта бас қосуға келiстi.
Қанша жылдан берi Ереванға жылы шырай танытпаған Түркия бағытын неге кiлт өзгерттi? Қап тауының етегiндегi соғыс өртiне оранған аймақты тұрақтандыруға, Таяу Шығыстағы талай жылғы дауды шешуде бiтiмгершiлiк жасауға Түркия неге мүдделiлiк танытып отыр? Ядролық бағдарламасы халықаралық қауымдастықтың наразылығын тудырған Иранның президентi Ахмаденижадты Анкара 1 ай бұрын неге құшақ жая қарсы алды? Осы және басқа да сауалдарға халықаралық сарапшылардың берер жауабы сан алуан. Бiр анығы, Анкара әлемдiк саяси сахнадағы салмағын арттыруға, көршiсi болып табылатын Қап тауының етегiндегi елдермен тығыз қарым-қатынас орнатуға, ұлттық мүдделерден тұратын мәселелердi АҚШ-қа да, Батысқа да жалтақтамай дербес шешуге ұмтылады. Бұл қазiр билiк басындағы Әдiлет және даму партиясының жетекшiсi Реджеп Тайип Ердоғанның батыл қадамдарына байланысты. Президент Абдулла Гүлдiң былтырғы президенттiк сайлауға дейiн сыртқы iстер министрi қызметiн атқарғанын ескерсек, ол да — Ердоғанның кадры. Демек, билiк бұтақтары бiр-бiрiне бағынбайды дегенмен, дәл бүгiн Түркиядағы президент пен Үкiметтiң дiттегендерi бiр. Жүргiзетiн саяси ойындары да ортақ. Оның үстiне, әзiрбайжандармен тек Нахчеванда ғана шекарасы түйiсетiн түрiктер Кавказдағы саясатта ұтылып жүр. Грузиядағы саяси ахуалдың шиеленiсуi кесiрiнен көлiк тасымалы тоқтап тұр. Мұнай және газ құбырларының тағдыры да тәлкекке түскен. Темiр жол қайраңда қалған кеме iспеттi… Осы себептi, Анкара Қап тауындағы ықпалын арттыруға мәжбүр. Әрине, бұл жерде Ресейдiң мүддесi мен оның мақсатымен санасу тағы керек. Анкара мен Мәскеу арасында әзiрге текетiрес немесе келiспеушiлiк жоқ. Керiсiнше, орыстар түрiктердi барынша бауырға тартып, қатынасты жақсартуға тырысуда. Американың стратегиялық серiктесi саналатын Түркияны өзiне дос етуден әрi еуропалық нарыққа шығаратын мүмкiндiктен Кремль қолынан келгенше айырылмайтыны хақ. Демек, Анкара, Ереван, Мәскеу келешектегi үшжақты келiсiмдерге иек артады.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ