ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК ШЕШIМIН ӘЛI ТАПҚАН ЖОҚ
ЭНЕРГЕТИКАЛЫҚ ҚАУIПСIЗДIК ШЕШIМIН ӘЛI ТАПҚАН ЖОҚ
Қап тауының етегiндегi қантөгiс — әлемдiк деңгейдегi саяси басымдықты көздейтiн мүдделi тараптардың қақтығысы. Яғни, өзiн дүниежүзiне ықпал етушi "полицей" сезiнетiн АҚШ, КСРО-ның "заңды мұрагерi" келбетiндегi Ресей, демократияның алтын бесiгiнде тербелгенмен, орыстың мұнайы мен газына тәуелдi кәрi құрлық…
Гүржiлер жерiне орыс әскерилерiнiң дендей енуi, 5 күнге созылған қантөгiс, Оңтүстiк Осетия мен Абхазияны Ресейдiң тәуелсiз ел деп тануы Грузияның әлем алдындағы абыройына нұқсан келтiрiп қойған жоқ, сонымен бiрге мұнай мен газды тасымалдаушы ел ретiндегi кепiлдiгi мен қауiпсiздiгiне қатер төндiрдi. Соғысқа дейiн Қап тауының оңтүстiк бөлiгiне инвестиция салуға қызығушылық танытқан шетелдiк компаниялар мен мемлекеттiк кәсiпорындардың құлшынысы бүгiнде бәсең тартқан. Соған қарамастан, гүржiлер батыстық нарыққа жалғайтын жолдың өздерiнен басталғанын қалайды. Дүйсенбiде Баку қаласында өткен "Әзiрбайжан мен Түркiменстанның мұнай және газ қоры: энергетика, экономика, экология. Серiктестiк стратегиясы" тақырыбындағы халықаралық конференцияда энергетикалық қауiпсiздiк, көмiрсутегiлердi тасымалдау жолдарын дербестендiру, тiптi, қазiргi таңда Кремльдiң тамағына тас байлаған Nabucco газ құбырының жобасы туралы сөз қозғалды. "2030 жылға қарай энергоқорларға деген ғаламдық сұраныс 50 пайызға артады. Каспий өңiрi энергетикалық қауiпсiздiк пен энергоқорларды тасымалдауды дербестендiруде маңызды рөл атқарады" деп мәлiмдеген Грузияның энергетика министрi Александр Хетагури каспийлiк және ортаазиялық мұнай мен газды Батысқа тасымалдайтын көпiр мiндетiн алуды көздейтiнiн жеткiздi. Жиында АҚШ Мемлекеттiк департаментiнiң өкiлi Бойден Грей халықаралық нарыққа шығатын жолды дербестендiру тек Әзiрбайжан мен Түркiменстанның ғана емес, каспийлiк аймақтың мiндетi екендiгiн айтты. Бiрақ қалау мен таңдаудың мүмкiндiктерге тәуелдi екендiгiн ескерген жөн. Әрi Грузия бүгiнде еуропалық нарыққа көмiрсутегiлердi кедергiсiз жеткiзiп беретiн сенiмнен айырылып қалған.
Қап тауының етегiмен бiрнеше iрi құбыр өтедi. Баку-Тбилиси-Жейхан, Баку-Супса, Баку-Тбилиси-Ерзұрым. Тәулiгiне 150 млн. баррель мұнай өткiзетiн Баку-Супса Потиге жақын орналасқандықтан, кешегi соғыста құбырға кәдiмгiдей қатер төнген. Ал дүйсенбi күнi британдық BP компаниясы Баку-Супса құбыры арқылы мұнай тасымалдауды тоқтатты. Баспасөз мәслихатын өткiзген РФ сыртқы iстер министрлiгiнiң арнайы өкiлi Андрей Нестеренко: "Тбилиси көмiрсутегiлердi тасымалдаудағы қауiпсiздiктi қамтамасыз ете алмай отыр" деп мәлiмдедi. Батысқа қарай ұмтылған жобаларға келген қырсық бiр бұл емес. Үстiмiздегi жылдың 5 тамызында болған өрттiң кесiрiнен тәулiгiне 1 млн. баррель "қара алтын" тасымалдайтын Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбырының түрiктер жерiндегi бөлiгi iстен шықты. Анкара "қылмысқа күрд содырларының қатысы бар" деп мәлiмдесе, Грузия "құбырды әдейi iстен шығарды" деп Ресейдi айыптады. Мәскеу де қарап қалмады: "Гүржiлер бiздi түрiктермен керiстiру үшiн әдейi арандатып отыр". Бiр қызығы, өрт шығардан бiр күн бұрын Оңтүстiк Осетияның Мәскеудегi ресми өкiлi Медоев Грузияға "сабақ" ретiнде "партизандармен бiрiгiп әрекет етуге" дейiн баратынын айтыпты. Келесi күнi БТЖ құбырынан өрт шыққан. Қазiр құбыр қалпына келтiрiлгенмен, көмiрсутегiлердi тасымалдау iсi тоқтап тұр. Энергоқорды Бакуден Тбилисиге, одан ары түрiктердiң Ерзұрымына жеткiзетiн тағы бiр газ құбыры жылына 6 млрд. текше метр "көгiлдiр отын" тасымалдайды. Тараптар 2014 жылға қарай құбырдың тасымалдық қуатын 20 млрд. текше метрге дейiн өсiрудi жоспарлап қойған болатын. "Көгiлдiр отынның" басым бөлiгiн Ресей, Норвегия мен Солтүстiк Африкадан алатын Еуроодақ тұтынушыларға қажеттi қосымша 30 млрд. текше метр газды Грузия арқылы Қазақстан, Әзiрбайжан мен Түркiменстаннан алғысы келедi. Дегенмен, Баку-Тбилиси-Ерзұрым құбырының жағдайы да аса мәз емес. Егер энергетикалық қорларды гүржiлердiң шекарасына дейiн жеткiзiп, одан ары Түркия мен Болгария, Венгрия, Австрия арқылы еуропалық нарыққа шығаратын Nabucco жобасы жүзеге асқан жағдайда, кәрi құрлық кейiнгi кездерi күн тәртiбiнен түспей жүрген "энергетикалық қауiпсiздiк" мәселесiн шешумен қатар Ресейге деген экономикалық және саяси тәуелдiлiктен құтылар едi.
Орталықазиялық елдердiң мұнайы мен газын арзанға сатып алып, оны бiрнеше есе қымбатқа Еуропаға қайта сататын орыстардың ұпайы түгел. Сондықтан табиғи байлығына өзi би, өзi қожа болуға ұмтылатын мемлекеттердiң барлығы дерлiк тасымал жолдарын дербестендiруге тырысуда. Ресейдi айналып өтетiн құбырлардың көптiгiнен Каспий жағалауындағы елдер де, көмiрсутегiлерге зәру еуропалық мемлекеттер де ұтады. Ресми деректерге сүйенсек, Мәскеу былтыр Батысқа 280 млрд. текше метр газ жеткiзiптi. Егер тасымал жолдары көбейсе, бұл көрсеткiштiң едәуiр төмендейтiнi, есесiне, бәсекелестiктiң арқасында тұтынушыларға таңдау мен тамаша мүмкiндiктiң туатыны айқын. Ең бастысы, энергоқорлардың көмегiн пайдалана отырып, әлемдiк саясатқа ықпал жүргiзуге ұмтылатын Кремльдiң арыны басылады. Әрине, ерте ме, кеш пе, Грузиядағы мұнай мен газ құбырлары iске қайта қосылатыны анық. АҚШ Грузияға 1 млрд. доллар, ал Халықаралық қаржы қоры 750 млн. доллар көлемiнде қаражат бөлуге ниеттенiп отыр. Тбилиси ЕО-ға мүше елдерден, АҚШ пен түрлi халықаралық ұйымдардан түскен қаражаттың тек гуманитарлық мақсатта, яғни, қираған қалалар мен ауылдарды, мектеп, балабақша, аурухана, емхана сияқты басқа да әлеуметтiк нысандарды, мемлекеттiң қаржылық жүйесiн қалпына келтiруге жұмсалатынын айтса да, Ресей қыруар қаржыны Грузия қайта қарулануға жұмсайды деген сенiмде. Қантөгiске әкеп соққан даулы аймақтан РФ әскерiн 1 айдан кейiн толығымен алып кетедi. Бұл — дүйсенбi күнгi Саркози-Медведев кездесуiнен кейiнгi келiсiм. Өкiнiшке қарай, қарулы қақтығыстарға ұласқан дау мұнымен бiтпейдi. Демек, энергоқорлар жолындағы күрес жаңаша сипатқа ие.
Халықаралық қауымдастықтың пiкiрiмен санасуға құлық танытпай отырған Кремльге ЕО санкция жариялаған жоқ. Жариялаған күннiң өзiнде Мәскеудiң Батыс пен АҚШ-тан ығатын түрi көрiнбейдi. Саркозимен кездесуден кейiн Медведев егер ДСҰ, НATO, Еуроодақпен арадағы келiссөздер тоқтап қалса, Ресейдiң онша зардап шекпейтiнiн, ЕО-мен Ресей арасындағы қарым-қатынастың келiссөздерсiз-ақ дами беретiнiн айтты. Бұл сөздiң астарында "ресейлiк көмiрсутегiлерсiз Еуропаның күнi қараң" деген доқ жатса керек.
Бастапқыда Баку-Тбилиси-Ерзұрым мен Nabucco жобасын қуана құптаған әзiрбайжандардың белсендiлiгi бүгiнде бәсе тартқан. Бейресми деректерге сүйенсек, өткен аптадағы америкалық вице-президент Дик Чейнимен болған жүздесуден кейiн Әзiрбайжан президентi Ильхам Әлиев бiрден Кремльдiң қожайынына телефон соғыпты. Ал кездесудiң қорытындысына наразы болған Чейни ресми банкетке қатысудан бас тартқан көрiнедi. Кремльдiк монополист компания — Газпромның әзiрбайжандардың барлық газын нарықтық бағамен сатып алуға келiсуi осының айғағы. Ал Қазақстан мен Өзбекстан Ресейге бағытталатын жаңа газ құбырын салуға келiстi. Ресейдiң бастамасымен қолға алынған Қара теңiздiң түбi арқылы өтетiн "Оңтүстiк ағын" құбыры да еуропалық жобаны "бесiгiнде тұншықтыруға" негiзделген. Оған "Солтүстiк ағын" мен "Көгiлдiр ағынды" қосыңыз. Грузияның жеңiлiс табуы Иранға да пайдалы. Nabucco жобасының басты бөлiктерiнiң бiрi — Каспий теңiзiнiң түбi арқылы өтетiн газ құбырына үзiлдi-кесiлдi қарсылық танытқан Тегеран бәсекелестiктен қаламайды. 5 қыркүйекте Иранның Ұлттық мұнай компаниясының вице-президентi Түркия, Испания, Франция, Германия, Австрия, Польша, Швейцария, Ресей, Малайзия, Қытай, Жапония, Италия, Норвегия мен Корея сияқты алпауыт елдердiң ирандық кен орындарын игеруге құлшынып отырғанын жеткiздi. Демек, Кавказдан көңiлi қалғандар Иранды жағалай бастады. АҚШ-тың стратегиялық серiктесi бола тұра Ресеймен арадағы қатынасты жақсартуға тырысқан Түркияның талпынысы да энергетикалық қорлармен тығыз байланысты. Жоғарғы шендi шенеунiктердiң қайта-қайта түрлi деңгейде басқосулар өткiзiп, Мәскеу мен Анкара арасын сүрлеуге айналдыруы түрiктердiң орыстармен достық қатынаста болуды қалайтынын аңғартса керек. Америкалық әскерилер Иракқа енгеннен кейiн белгiлi бiр деңгейде тәуелсiз Күрдiстан мемлекетiнiң пайда болуы, Еуроодақтың түрiктердi жарты ғасырға жуық уақыттан берi есiгiнен телмiртуi Анкараның дербес әрi тәуелсiз әрекет етуiне ықпал еттi. Өткен аптада түрiк бұқаралық ақпарат құралдарына мәлiмдеме жасаған Түркия премьерi Реджеп Тайип Ердоған барлық шешiмдердiң ұлттық мүдде төңiрегiнде қабылданатынын жеткiздi. Алайда, бұл түрiктер еуропалық құбыр желiсiнен бас тартады деген сөз емес. Апта басында Бакудегi конференцияда Түркияның энергетика және табиғи ресурстар жөнiндегi министрi Хилми Гүлер Nabucco жобасын жүзеге асыру жолында маңызды қадамдар жасалынып жатқанын мәлiмдедi: "Қазiргi кезде әлемдiк энергетикалық салада бiрқатар өзгерiстер орын алуда. Nabucco құбырын iске қосу сол өзгерiстердiң бiр бөлiгi боп табылмақ". Ал әзiрбайжандардың өндiрiс және энергетика министрi Натиг Әлиев Түркия аумағы арқылы өтетiн газ құбырын салу туралы келiсiмдердiң жүргiзiлiп жатқанын хабарлады: "Нақты мерзiм туралы кесiп-пiшiп айту қиын. Бiрақ Әзiрбайжан еркiн нарыққа шығуға мүдделi. Газды шекараға дейiн жеткiзiп берiп, өзiмiз шетте қалғымыз келмейдi. Барлық мәселе пайда мен кiрiске кеп тiрелiп тұрған жоқ. Бұл — елдiң мәртебесi, үлкен саясат". Демек, Анкараның Мәскеумен тiл табысуы экономикалық тұрғыда тиiмдi.
Кәрi құрлықтағы ауызбiршiлiктiң жиi сыр беруi, ЕО-дағы Ресейге қатысты ұстанатын саясатта жиi туындайтын алауыздық Кремльдiң ұлттық саясатын посткеңестiк кеңiстiкте ғана емес, бүкiл әлемде кедергiсiз жүргiзуге мүмкiндiк берiп отыр. Әйтпесе, экономикалық қауқары жағынан алғанда, Ресейден 10 есе қуатты, халқының саны жағынан 3 есе көп Еуропалық Одақ кез келген шешiмдi қабылдарда Мәскеуге қарай жалтақтамас едi. Ал "екi түйенiң ортасындағы шыбынның" кебiн киген Грузия сияқты ұсақ елдер босқа арандамасы анық. Ал әзiрге бiрнеше жыл бұрын әлемдiк саяси сахнаның күн тәртiбiне шыққан энергетикалық қауiпсiздiк мәселесi әлi шешiмiн тапқан жоқ.
Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ