ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА ҚАБIЛЕТТI

ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА ҚАБIЛЕТТI

ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА ҚАБIЛЕТТI
ашық дереккөзі
216
ҚАЗАҚСТАН ИНВЕСТИЦИЯ ТАРТУҒА ҚАБIЛЕТТI
 

Сейсенбi күнi Алматыда басталған "Орталық Азия. Инвестициялық мүмкiндiктер. Жаңа Жiбек жолы" атты конференцияда ҚР Премьер-министрi Кәрiм Мәсiмов Орталық Азия елдерiне тиесiлi 160 млрд. долларлық жалпы iшкi өнiмнiң 70 пайызы Қазақстанның еншiсiнде екендiгiн айтты.

"Орталық Азияға тiкелей тартылған шетелдiк инвестицияның 80 пайызы Қазақстанға бағытталған. Қазақстан экономикасына салынған инвестицияның жалпы көлемi 70 млрд. доллардан асып түстi" деп мәлiмдеген Мәсiмов былтыр жазда басталған әлемдiк қаржылық дағдарыстың кесiрiнен Қазақстандағы экономикалық өсiмнiң күткен деңгейден төмен болғанын, сол себептi, инфляцияны ауыздықтау, банк жүйесiн күшейту сияқты ел экономикасын тұрақтандыруға ықпал ететiн шаралардың қолға алынғанын жеткiздi. Премьердiң айтуынша, соңғы жарты жыл iшiнде инвестицияның көлемi 12,5 млрд. доллардан асқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда, 12,5 пайызға артық көрсеткiш.
ЖЕМҚОРЛАРМЕН БIРIГIП КҮРЕСЕДI
 

ҚР Экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес жөнiндегi агенттiктiң төрағасы Сарыбай Қалмырзаев бастаған топ Қытай Халық республикасына жасаған iссапар барысында арнайы Меморандумға қол қойды.

ҚР Экономикалық және жемқорлық қылмыстармен күрес агенттiгi мен ҚХР Бақылау министрлiгi тарапынан қабылданған бұл құжат қоғамды iштен iрiтетiн дерт — сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға және оның алдын алуға мүмкiндiк бермек. Қытайлық министр Ма Вэнмен, оның орынбасары Яо Цзэнкемен, қоғамдық қауiпсiздiк министрiнiң орынбасары Чжен Шаодунмен және ҚХР Бас прокуроры Ван Цзяньминмен кездескен қазақстандық делегация Шанхай қаласы мен Шаньси провинциясының Тәртiптiк тексеру және бақылау басқармасы жөнiндегi комиссия басшыларымен жүздескен.
БЮДЖЕТТIК КОДЕКСТЕГI ЖАҢАЛЫҚ
 

ҚР парламентiнiң Мәжiлiсiнде ҚР экономика және бюджеттiк жоспарлау министрi Бақыт Сұлтанов баяндама жасап, ҚР Бюджеттiк кодексiнiң жобасын талқыға салды.

Министрдiң айтуынша, Бюджеттiк кодекстiң жаңа жобасы қазiр заңдық күшке ие бюджеттiк заңнамалардың басты қағидаларын ескере отырып, дайындалған. Құжаттың ережесiне сәйкес, барлық мемлекеттiк органдар стратегиялық жоспарларын 3 жылға жасайды. Жоспар бекiтiлгеннен кейiн бюджеттiк қаржының жұмсалу жолдарын көрсететiн арнайы құжат — меморандумға қол қойылмақ. Тағы бiр жаңалық — бiр жыл бұрын бөлiнген қаржының игерiлмеген немесе игерiлiп үлгермеген бөлiгiн мақсатты тұрғыда жұмсауға рұқсат беретiн Үкiметтiң немесе жергiлiктi атқарушы органның құқығы.
ҚАЗАҚ ҚАЙТСЕ КӨБЕЙЕДI?
 

Апта басында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгi көшi-қон мәселелерiне арналған "Нұрлы көш" ұлттық жобасының тұсауын кестi.

Министр Бердiбек Сапарбаев "Нұрлы көш" жобасына негiзiнен этникалық қазақтар мен шет елдерде тұратын қандастарымыз және республикамыздағы орталықтардан шалғай жатқан аймақтардағы отандастарымыз қамтылатынын айтады. Қазақстандағы көшi-қон үдерiсiн жүйелеудi мақсат ететiн "Нұрлы көш" жұмыссыздық мәселесiн реттеудi, еңбек ресурстарын ұтымды пайдалануды көздейдi. Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жылда елiмiзге шет мемлекеттерден 651 мыңға жуық қазақ көшiп келген. Қазiргi кезде Атажұрттан тысқары тұрып жатқан қандастардың жалпы саны — 3,5 миллионнан астам. Басым бөлiгi Өзбекстан, Қытай, Ресей, Моңғолия мен Түркiменстанға шоғырланған қазақтар Туған жерге оралуға мүдделi. Былтыр 21 мың отбасы, ал биыл 29 мың отбасы Қазақстанға көшiп келуге өтiнiш бiлдiрiптi. Сапарбаевтың айтуынша, шеттегi қандастың 96 пайызы еңбекке жарамды көрiнедi. Тек 4 пайызы ғана зейнеткерлiк жаста. Бұған дейiн 10 мың отбасыға мемлекеттен квота бөлiнсе, биыл бұл көрсеткiш 15 мыңға өскен. 2009 жылы 20 мыңға жеткiзiлмек. Қазақ билiгi қазақтың санын көбейтуге шынымен мүдделi болса, жырақтағы қандастың бәрiн елге шоғырландыруда белсендiлiк танытуға мiндеттi.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары