АҢЫЗДАН АҚИҚАТТЫ АРШЫҒАН

АҢЫЗДАН АҚИҚАТТЫ АРШЫҒАН

АҢЫЗДАН АҚИҚАТТЫ АРШЫҒАН
ашық дереккөзі
240

Елбасымыз "Мәдени мұраға" көңiл бөлiп, тыңнан сүрен салғалы көптеген шаруалар қолға алынды. Асыл мұрамыз жиналып, ел игiлiгiне айналуда. Халқымыз ежелден-ақ өзiнiң төл мұрасын көзiнiң қарашығындай сақтап келген. Қазақ даласының қай жерi болмасын, арғы-бергi дәуiрден тамыр тартып, тасқа басылған жазба жәдiгерлер соның куәсi.

Көшпелiлерден қалған өркениет. Балбал мүсiнге айналған батыр бабалар. Қираған қала қалдықтары. Тарихи ескерткiштер. 100 томдық бабалар сөзi. Ия, бiр кездерi ғылым мен мәдениеттiң гүлденiп, өркениеттiң алтын бесiгiне айналған Ұлы Далада өмiр кешкен көшпендiлерден бiзге жеткенi қаншама. Сонау әл-Фараби мұраларынан берi жалғасқан жазба дүниелер аз емес. Күлтегiн, Тоныкөк т.б. көне түркi жазба ескеркiштерi көктүрктер заманының тасқа түскен шежiресi. Бiр ғана Шыңғысханның шаңды жорығынан ойран болған Отырар кiтапханасы қисапсыз бай мұраны өзiмен ала кеттi. Қорқыт, Асан қайғы, Сыпыра жыраулардан бастау алған жыраулар мұрасы даналықтың қайнар көзi. Абай, Ыбырай, Шоқаннан жеткен құнды дүниелер. Аз ғұмыр сүрсе де, көп дүние қалдырған Шоқан жазбалары дала көшпендiлерiнiң әдет-ғұрып, тыныс-тiршiлiгiн ашты. Бiр ғана "Шамандықтың қалдықтары" еңбегiнiң өзiнен көп нәрсенi көңiлге түйесiң. Әлкей Марғұланның "Ежелгi жыр аңыздары" тұнып тұрған асыл жауһар. Қазақ халқының арғы тарихын тiл, дiл, астраномия, жұлдыздар қозғалысымен ұштастыра зерделейтiн Ақжан Машановтың еңбектерi бiр төбе. Түркi халықтарының фольклорынан сыр шертетiн Әуелбек Қоңыратбаевтың зерттеулерi тың дүниелерге толы. О. Сүлейменовтiң "Азиясы" сонау шумер-түркi өркениетi сабақтастығынан сыр тартатын сүбелi еңбек екендiгiне ешкiм дау айта алмас.

Мiне, зерделi зерттеушiлер мен ғалымдар қатары тағы бiр ақыл-ой иесiмен толықты. Ол "Арғықазақ мифологиясы", "Гиперборея: түс көрген заман шежiресi", "Қазақ даласы және герман тәңiрлерi" атты 10-нан астам терең танымдық еңбектерiмен танылған – Серiкбол Қондыбай едi. Оның ғылыми ортаны таңқалдырған зерттеушiлiк қабiлетi сан қырлы. Қазақ мифологиясының негiзiн қалаған ерекше дарын иесi. Мұны оның қаламынан туындаған "Қазақ мифологиясына кiрiспе" еңбегiн оқып отырғанда көз жеткiзесiз. С. Қондыбайдың аталған еңбектерiнде Ұлы далада өмiр сүрген салт атты көшпендiлер өркениетiнiң тарихы мен мәдениетiн, олардың адамзат тарихындағы орнына жаңаша пайым жасайды. Арғы дәуiрде өмiр сүрген ата-бабаларымыздың таным-түсiнiгiн, бүгiнге жеткен асыл сөздерiн тiлдiк-лингвистикалық талдай алуымен мәнi зор. Оның ғылыми зерттеу әдiсi, болмысы бөлек. Кез келгеннiң жүрегi дауалай бермейтiн мифология тақырыбын терең меңгергендiгi, еңбектерiнен айқын көрiнедi. Аңыз-әфсана, мифтiң өзiнен құдықтан су тартқандай талдаулары таңдай қаққызбай қоймасы анық. Ол өзiнiң терең де тосын тұжырымдары арқылы арғы замандарға, көмбеге толы ежелгi дүние есiгiне табан тiрейдi. Сонау есте жоқ ескi заманға, бұдан 8 мың жыл бұрын өмiр сүрген Гиперборея елiне алып барады. Гиперборейлiктер – ежелгi түрiктердiң арғы бабасы. Олардан тараған ұрпақтар Қос өзен бойына табан тiреп, түркi-шумер өркениетiнiң негiзiн қалады. Түркi-шумер өркениетiнiң өзегi Олжастың ой-орамдарын баурап, "Азия" еңбегiне арқау болғаны аян.

С. Қондыбай еңбектерiнiң тағы бiр ерекшелiгi, ежелгi дүние сырын тiлдiк-мифтiк саралай келе, одан шығар ойды тарихи-археологиялық мәлiметтермен ұштастыра зерделей бiлуiнде. Талантты зерттеушiнiң көнеден жеткен сөздердi зерделеу әдiсi санасында сәулесi бар кез келген жанды ойландырмай қоймайды. Ол "Абақ" таңба арқылы жаратылыс сырына тереңдеуге жетелейдi. "Тұран", "Түрiк" олардан тараған ар, арилер, арыс сөздерiнiң түп-төркiнiн көрсете бiлген. Ұлы даланы мекендеген тайпалар: сақ, скиф, турлар Тұран елiн сақтап қалу жолында ирандық арийлермен кескiлескен шайқас жүргiзген. Осы оқиға Ә.Фирдаусидiң "Шахнамасына" арқау болып, арқалы ақынға шабыт берген. С. Қондыбайдың алып шыққан мамандығы география пәнi мұғалiмi болғанмен, оны ғасырлар қойнауына жетелеген халқының тарихы, наным-сенiмi, мифологиясы қызықтырған. Осыдан ба екен, ол отансүйгiштiк сезiмiн мектеп оқушыларына арнап "Маңғыстау географиясын" жазды. Бүгiнде бұл еңбек оқулық ретiнде мектеп бағдарламасына енiп, өлке тарихын бiлуге ұмтылған жеткiншектердiң сүйiп оқитын оқулығына айналған.

Бiрде академик-жазушы С. Мұқанов "Халық мұрасы" кiтабында: "Отан сөзi арабтың "ватан", "өлке" деген сөзiнен шыққан" деген пiкiрiне қарсы шыққан Серiкбол Қондыбай бұл сөздiң қарапайым қазақтың "отағасы", "отанасы" яки "отбасы" сөздерiнен шыққанын дәлелдеп берген. Ия, расында бабаларымыздың келiн түсiргенде отқа май құйдырып, отты кие тұтып, алыс сапардан отбасына оралғанда отаншылдық сезiм баураған. Осыдан келiп "Отан" сөзi тiлiмiзге етене кiрiп, өмiрге енiп кеттi. Оның "Жауынгерлiк рух" кiтабы бойын кернеген осындай отаншылық сезiмнен туса керек. Бұл еңбегiнде ол Шыңғысхан заманынан қалған қазақтың қару-жарақ, әскери атақ, соғыс өнерi, ту, елтаңба және олардың түп негiзiн жан-жақты ашуға тырысқан. Елiмiз – көк туын желбiретiп, тәуелсiздiкке қол жеткiздi. Өз армиясын жа¬сақтады. Алайда әскери киiмнiң сүреңсiздiгi, қатардағы жауынгерден бастап, офицерлердiң рухани патриоттық жұтаңдығы, қарулы күштерiмiздiң кеңестiк терминдерден арыла алмай отырғанына автор қатты қынжылады. Тығырықтан шығудың жолдарын ұсынады. Қысқасы, бұл кiтапта қару-жарақ, әскери атаққа қатысты 1500-ге тарта сөздi түбiрлi талдап шыққан. Бұл кiтап бүгiнгi жауынгерлерiмiздiң жата жастанып оқитын кiтабына айналарына дау жоқ. Тiптi болмаса мектепте өтетiн "Әскери дайындық" пәнiне қосымша оқулық ретiнде ұсынса құба-құп болар едi.

С. Қондыбайдың отансүйгiш сезiмi мұнымен де шектелiп қалған жоқ. Ол кiндiк кесiп, кiрiн жуған туған өлкесiн де қаламына қосты. "Маңғыстау мен Үстiрттiң киелi орындары" кiтабында ол 362 әулие жайлаған Маңғыстау өңiрiнiң киелi орын, тарихи жәдiгерлерiн, осындағы әулиелi орындарды сопылық дүниетаныммен терең ұштастырып, соны жолға бастайды. Расында да бұл зиялы қауым онша мән бере қоймайтын тосын тақырып. Әулиелер, олардың орындары туралы тарқата жазылса, қазақ даласының қай пұшпағы да әулиенi пiр тұтып, тарихи сананы көкке көтерер едi. Осы еңбекте "Баба Түктi Шашты Әзiз" жайлы автордың айтар ойы қызықты. Бiзге белгiлi Созақ өңiрiнде жатқан әулие бейiтi Маңғыстау жерiнде де бар көрiнедi. Осы екi әулие арасында қандай байланыс бар? Мүмкiн, бұл 14 ғасырда Созақ өңiрiнен келген "Баба Түктi Шашты Әзiз" дәруiштер тобының Маңғыстауға жiберген уағызшыларынан қалған белгi болар.

Жетi жұрт келiп, жетi жұрт кеткен, аңызға айналған аймақтың тарихын, жер-су атауларынан сыр тартатын С. Қондыбайдың "Маңғыстаунама" кiтабы шоқтығы биiк туынды. Кiмдер келiп, кiмдер кетпеген бұл өлке. Түркiмендер, аландар, оғыздар, ноғайлар, қалмақтар да үдере көшкен. Кiтапта адайлардың Маңғыстауға келуiнiң өзi өзiнше жыр. Оны ел аузындағы өлең-жыр, Түмен ақынның дастаны, Қашаған ақынның шежiре толғауы арқылы арыдан қозғайды.

Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов Шоқан Уәлиханов туралы тебiрене келiп: "Мына жалғанда бар-жоғы отыз жылға жетер-жетпес өмiр сүрiп, шығыстану ғылымында қопара еңбек еткен мұндай тұлғаның дүниеде болғанына тiптi сенбейтiн тәрiздiмiн…", – дептi.

Ғұлама жазушының осынау таңданысқа толы сезiм-күйiн Серiкбол Қондыбайға да телiсек еш әбестiгi жоқ. Олай деуге аз ғұмырында артына өшпес мұра қалдырып, "қазақ мифологиясы" атты жаңа ғылымның iргетасын қалаған ерекше дарын иесi шалғайдағы Шетпе кентiнде он жылға жуық төсекке таңылып жатып, ғылыми ортаны елең еткiзер оннан астам кiтап жазды. Ғалымның "Гиперборея: түс көрген заман шежiресi", "Қазақ мифологиясына кiрiспе", "Есен-қазақ", "Қазақ даласы және герман тәңiрлерi", "Маңғыстаунама", 4 томдық "Арғықазақ мифологиясы" сынды тың идеяға толы еңбектерi мен 100-ге тарта зерттеу, мақалалары – қазақ ғылымына қосылған құнды дүниелер.

Таяуда, Маңғыстау облысының әкiмi Қ. Көшербаев "Мәдени мұра" аясында С. Қондыбайдың 15 томдық мұрасын "Арыс" баспасынан қайта шығаруды қолға алды. Серiкбол Қондыбай әлемi бойынша жарыққа шығатын автордың сүбелi еңбектерi француз, немiс, ағылшын тiлдерiне аударылуда.

Дарын СЕКЕР

Серіктес жаңалықтары