ҰЛЫ МАҚСАТ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ
ҰЛЫ МАҚСАТ ЖӘНЕ ОНЫҢ ҚҰРБАНДАРЫ
Сөз жоқ, кез келген халық бостандықты аңсап, әрбiр ұлт дербес ел болуды қалайды. Қарақан басынан аспайтын, өз құлқынының құлы, Абайша айтқанда, "тамағы тойса жатуға даяр", "қайғысыз" пақыр, саяси-рухани еркiндiктi ойлап басын қатырып қайтсiн. Сол сияқты әлдебiр халықтың да еркiндiкке ұмтылысы азайса я жоғалса, бұл оның сана дертi, рухының өшiп-сөнуiнiң белгiсi. Мұндай ұлттың болашағы бұлдыр, тiлi мен мәдениетi гүл шашпай, жан құмары әлсiреп, күллi рухани әлемiнде құлдырау басталмақ. Қасиеттi кiтаптардың, "Жаратушы Құдiрет обастан адам баласына ерекше ақылмен қоса еркiндiк рухын сыйлап, оған ғашық болу қасиетiн дарытқан" дейтiнi жайдан емес, еркiндiк, дербестiк ұғымдары рухтың, жан-дүниенiң мәселесi.
Осы тұрғыдан келгенде, алаш қозғалысы – қазақ халқы рухының қазынасы, iшкi болмысының айнасы деуге керек. Әйтпегенде не себептен қазақ даласында осыдан 90 жыл бұрын өткен тарихи оқиға зор қызығушылық туғызып, маңызы уақыт озған сайын төмендеудiң орнына асқақтай түсiп отыр? Рухани құбылыс болмаса, өзiмiзге жақсы мәлiм 73 жыл жасаған Өкiметтен гөрi жасындай жарқ етiп, небары бiр жарым жыл жасаған жұмбағы мол құрылым ыстық та қымбатырақ көрiнер ме едi?
Рухтың мәселесi болғандықтан, сайып келгенде, дербес мемлекет құру – әр ұлтқа да түпкi, табиғи һәм ұлы мақсат. Ұлы болатыны, бұл мақсатқа құрбандықсыз жету жоқ, сол үшiн бүкiл адамзат тарихы күреске толы. Оның iшiнде көшпелi ата-бабаларымыздың шежiресi де бостандық үшiн арпалыс тарихы. Жаңа тарихымыздың басы – алаш қозғалысы да, 1986 жылы Алматы қаласында өткен жастардың бұлқынысы да сол арпалыстың заңды жалғасы екенi сөзсiз. Бiр Тәңiрiнiң өзi қолдап, 1991 жылы ақыр аяғы толық дербестiктiң екi тiзгiн, бiр шылбыры қолымызға тидi. Сөйтiп, осы заман "қуансаң қуан, сол кезде" деп Абай айтқандай, қазақ баласы, сенiң түпкi ұлы мақсатыңа жеткен заманың, ендiгi басты парызың – елдiгiңдi бекемдеп, "бесiгiңдi түзеу" болса керек.
Әр нәрсенiң пiсiп-жетiлу уақыты болатыны сияқты, алаш қозғалысы да, әрине, өзiндiк эволюциясы – пайда болу, өсу, гүлдену кезеңдерiнен өттi. Ендеше соларға рет-ретiмен тоқталып көрелiк. ХIХ ғасырдың екiншi жарымында туған халқымызды, бiр жағынан қараңғылық, яғни прогресс жолынан шет қалу, екiншi жағынан отарлық езгi қос өкпеден қысқаны баршаға аян. Сөз болып отырған Абай заманында аталған екi мәселенiң қайсы шешушi болды? Мұны саралап, айырып алу бiздiң мiндет. Бiрақ бұл мiндеттен бұрын алаш қозғалысы пайда болуының мынадай екi алғышартын тiлге тиек етпекпiз.
Бiрiншiсi, оқыған жастардың қарамы жылма жыл көбейiп, ұлттық интеллигенцияның тарих сахнасына шығуы. Екiншiсi – баспасөз iсiнiң жолға қойылуы. Бұл екеуi де Абай заманында тек арман ғана болған, қазақ елiнiң өзге елдерге теңелу жолында маңызы-мәнi өзгеше құбылыстар екенi күмән тудырмаса керек-тi.
1909 жылы Абай кiтабымен қоса Мiржақып Дулатовтың "Оян, қазақ!" атты поэмасының жарық көруi қызық. Мұнда, сiрә да, символикалық мән бар, өйткенi, бұл сол кездерде қазақ даласын кезiп жүрген идея болатын. Мәселен, екi жыл кейiнде Шәкәрiм:
"Мен жетелеп өлемiн,
Өрге қарай қазақты.
Өлсем де ойын бөлемiн,
Сөзбен салып азапты", –
десе, Сұлтанмахмұт бұл идеяны: "Қараңғы қазақ көгiне, Өрмелеп шығып Күн болам!" деп жастық жалынмен шалқыта қуаттайды.
Ояну мен бiрiгудiң алғышартының бiрi – баспасөз дедiк. Бұл ретте көркем әдебиеттiң де, ғылыми-танымдық кiтаптардың да көптеп басыла бастағаны белгiлi. Мысалға Шәкәрiмнiң төрт кiтабын атасақ та жеткiлiктi. Әсiресе, қазақтың тұңғыш қоғамдық-саяси басылымдары – "Айқап" журналы (1911) мен "Қазақ" газетi (1913) жарық көруi жаңа заманның жарқын нышандары болды.
Газет, журнал басылды,
Мiне, оқы деп қуанттың.
Қазаққа ғылым шашылды
Ал, қуан деп жұбаттың.
Тө баспасөзiне исi қазақтың дәл Шәкәрiмдей қуанғаны шүбәсiз.
Сөйтiп, өткен ғасырдың бiрiншi ширегi тарихымызға "ояну дәуiрi" ретiнде алтын әрiппен жазылса, оның себебi, өнер мен ғылым, мәдениет пен прогреске ұмтылыс шын мәнiнде ұлт тарихының ең қажеттi, ең шешушi факторына айналды. Алаш қозғалысын тудырған тарихи хәл осы деймiз.
Бұл орайда қадап айтар бiр жәйт, барша алаш арыстары түскен өнер, ғылым, – бiр сөзбен айтқанда Батыс мәдениетiнiң жолы ұлы Абайдың салған жолы, сiлтеген бағыты болатын. Мәселен, Абай, Шәкәрiмнiң мұрасынан қазақты қарулы күреске шақыру я болмаса орыстың шаруа мұжықтарына қарсы текетiреске үндеудiң иiсi де жоқ. Сол сияқты алаштықтар да мәдени-ағартушылық бағыттан ауытқыған емес, олар тәуелсiздiктiң әуелгi шарты мәдениет жағынан өзге елдердi қуып жету деген идеяға нық табан тiредi. Мұның дәлелi – алаш көсемдерi 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерiлiсiне көз жұмып қойып кеткен жоқ, үнемi сабырға шақырумен болды. Өйткенi, отарлық тепкiден түбегейлi құтылу – жаңағы бастапқы шарт орындалған соң ғана мүмкiн болатын келесi саты екенiн жақсы бiлдi. Мәдени қозғалысты көктей өткен осы идея, өз бiлуiмiзше, алаштықтардың дүниеге Абайдың көзiмен қарағандығының мәндi белгiсi. "Алаш көсемдерi Абайдан үйрендi, ұстаз тұтты" деген мәселеге әлi ораламыз.
Қазiр "Дала төсiн жайлаған көшпелi халықтың тынысын тарылтқан қос қыспақтың ауыры қайсы: отарлық бұғау ма, жоқ әлде қараңғылық па?" деген жоғары қойылған сұраққа келудiң уақыты жеттi.
Тағы да айтайық, қазақ алдында қараңғылықтан құтылудан үлкен мәселе тұрған емес деген пiкiрдемiз. Алаш қозғалысының халықтың қолдауына ие болып, тез өрiс алып, шапшаң даму, жедел өсу жолына түсуi осының куәсi.
Бұл пайымды сыртқы жағдаяттар бойынша да дәлелдеп көрелiк. ХХ ғасырдың басында Ресей империясы өндiрiс қуаты мен халық санының жылма жыл өсуi, сауда-саттықтың жандануы мен ақша құнының жоғары (твердая валюта) деңгейiне жетуi, аштық пен жұқпалы дерттердiң ауыздақталуы сияқты көрсеткiштер бойынша аса iрi табыстарға қол жеткiздi. Темiржол торабының ұлан-байтақ территорияның түкпiр-түкпiрiне жетуi, бар аймақтарда жәрмеңкенiң көрiгi қызуы, заңдар мен сот жүйесiнiң ойдағыдай жұмыс iстеуi – бәрi-бәрi осының айғағы. Қысқасы, Бiрiншi Дүниежүзiлiк соғыс қарсаңы – 1914 жылы көпұлтты Ресей империясының әлемдегi Ұлы державаға айналғандығы, сондықтан оның құрамындағы барша халықтардың тұрмыс-тiршiлiгi де едәуiр биiк деңгейге көтерiлгендiгi болған iс. Бұған айғақ iздеп алысқа ат айдаудың қажетi жоқ, Отанымыз Қазақстанда халықтың саны күрт өстi. 1897 жылғы санақ бойынша қазақтар саны – 3, 7 млн. делiнсе, 15 жылдай ғана уақыт өткен соң Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов): "Шүкiр, қазақ 6 млн. болдық!" деп қуана хабарлағаны мәлiм. Ахаң қандай дерекке сүйенген? Бұл жағы бiзге беймәлiм, әйтеуiр, қазақтың демографиялық тасқыннан құралақан болмағаны анық.
Жанама айғаққа 1905 жылы қажылық сапарға барғандардың тiзiмiн қараңыз. Шәкәрiм Құдайбердiұлы №221 болып тiркелген Далалық генерал-губернатордың Канцеляриясының тiзiмiнде бiр Семей өңiрiнен ғана 700 – дей адам бар. Бұл қалың бұқара халықтың тұрмысы мен дәулетi жақсарғанының куәсi емес пе? Сөйтiп, қазақтың ояну дәуiрi экономикалық дағдарыс жайында өттi деп бiлу шындық ауылынан алыстап кеткендiк болады.
Күдiгi бар оқырманның көңiлi түкпiрiнде: "Ресей империясы ұлы державаға айналған кезеңге кешегi кеңестiк тарих ғылымы басқа қырынан келiп, керiсiнше империяның iрiп-шiрiген уақыты деп дәлелдегенi қайда?" деген сұрақтың қылаң беруi заңды. Большевиктердiң алдында өздерi әкелген орасан опаттарды ақтап алу мақсаты тұрды. Шындықты сол үшiн бұрмалағанын дәлелдеп жатпаймыз.
Бiзге екiншi бiр сауалдың жауабын iздестiру маңыздырақ. Ол – "1914 жылға дейiнгi тұрмыс-тiршiлiк, жаңа айтылғандай, қалыпты арнада, ойран, опатсыз жағдайда өткен болса, онда Патша үкiметiнiң төңкерiлiп түскенi несi, ол қай құдiреттiң iсi?" дегенге саяды. Патшалық Ресейдiң күйреуiн тек Екiншi Дүниежүзiлiк соғыс салдарынан, ол әкелген зор ауыртпалықтардан көру, сiрә да, жеткiлiксiз. Экономика тұралаған шақта әлеуметтiк қайшылықтар кез келген елде шарықтау шегiне жетедi. Мұны Батыс елдерiнiң бәрi де бастан кештi. Олай болса, не себептен жалғыз Ресейде ғана лап еткен революция дауылды күнгi өрттей бой бермей, өршiген үстiне өрши бердi? Ойланайық. Большевиктер сендiргендей, гәп тап қайшылығында емес, ұлттар мәселесiнде болса ше… Кезiнде большевиктер мейлiнше бүркемелеп келген, Алаш қозғалысы тарихына сәулесiн түсiретiн ақиқаттың үлкенi, бiзше, осы арада.
Өздерiңiз де ойлаңыз, кешегi көзiмiз көрген Кеңестер Одағының ыдырау моделi, одан 73 жыл бұрын да орын алған болатын. Яғни, патшалық Ресей құрамындағы ұлт-ұлыстардың өзiн-өзi билеу еркi ұлы дүбiр қос төңкерiс – Ақпан және Қазан төңкерiстерi арасында-ақ ең түбегейлi мәселе ретiнде алдыға қойылған-ды. Ұлттық аймақтардың қай-қайсында да күштi бұлқыныстар өттi. Алайда демократияшыл партиялар (кадет, эсер т.б.) бiтеу жараны ашуға асықпады. Оның себептерi көп, әсiресе, орыс ұлтшылдығы, шовинистiк пиғыл зор тосқауыл болды. Айтары не, кiмнiң кiм екендiгi көрiнетiн сын сағаттағы солқылдақтығы үшiн Ресей демократтары сазайын мықтап тартты. Большевиктер "жер – шаруаларға!", "Өкiмет – кеңеске!", "бейбiтшiлiк – халыққа!" дегенге саятын жалаң ұрандарымен қалың бұқараны, сондай-ақ "әрбiр ұлтқа – тәуелсiздiк!" деген жалған уәдемен ұлт зиялыларының үлкен бөлiгiн өздерiне қаратып алғаны тарихтан мәлiм.
Қысқасы, монархияның, Николай патшаның түбiне жеткен ұлт мәселесi, оны шешуге асықпаған Уақытша үкiметке де соның кебiн кидiрдi. Жер жердегi ұлт зиялыларына тарихтың берген мүмкiндiгiн уыстан шығармай, ауқымды iстерге батыл кiрiсуден өзге жол қалған жоқ. Қазақстанда Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов бастаған алаш көсемдерi Ақпан төңкерiсi әкелген саяси бостандықты ұлттық мүддеге пәрмендi пайдаланғаны баршаға аян. Ұлы мақсаттың тұңғышы – Алаш Орда үкiметi дүниеге келдi.
Әуелгi аяқ алысы көңiлдегiдей болған Алаш автономиясы тез арада алынбас қамалға тiрелдi. Ол қамал Кеңес өкiметi едi. Бұл турасында 1918 жылғы №15 санында алашордашылардың газетi "Сарыарқа" былай деп күйiне жазды: "Қай болыс, қай қала болсын, большевик өкiметi алмаған жер қалған жоқ. Советтен совет шығып, жергiлiктi мекемелердiң бәрiн төңкердi, иледi, биледi". Осылайша империяның барлық аймақтарында қос өкiмет қатар жүрдi, Шәкәрiмнiң сөзiнше "орнықпаған қалқыма" жағдай туды.
Әдiлi керек, алаш көсемдерi толық дербестiк туралы бос қиялға малданған емес.
"Жөн көрсеттiм қазақ деген намысқа,
Жол сiлтедiм жақын емес, алысқа".
Бұл арада Ахаңның (Ахмет Байтұрсынов) "алысқа" дегенiн "толық тәуелсiздiк" деп ұғуға болатын шығар. Әлемдiк отарлау бұғауының бырт-бырт үзiлгенi – өткен ғасырдың 50– жылдарының ортасы ғана. Оған дейiн бiр я бiрнеше елдiң отарлау жүйесiнен сытылып шығуы еш мүмкiн емес-тi. Сондықтан объективтi шындықты, тарихи хәлдi жақсы бiлген алаш арыстары әзiрге жақын мақсатты, Ресей құрамында автономиялық ел болуды қанағат тұтты, Алаш үкiметiнiң ресми құжаттарында тек "Алаш автономиясы" деген тiркес қана бар.
Мәскеудегi Орталық билiктiң көп нәрсеге көзiн ашқан осы Алаш автономиясы деуге керек. 1920 жылы Ресей құрамындағы Қазақ автономиясы, яғни Қазақ АССР-ының құрылуы оның тiкелей жалғасы. Яғни, бұл фактiге коммунистердiң әдiлдiгi, рақымшылығы деп емес, төгiлген қан мен тердiң ақысы деп қараған жөн. Рас, 1936 жылдан он бес республика iшiнде Қазақстан да "жеке мемлекет" деген статус алып, Қазақ ССР-ы аталды. Сөйтiп, тәуелсiздiкке қарай тағы бiр сатыладық. Әрине, бұл бiр жағынан, большевиктердiң алдарқатуы, билiктiң құжат бойынша жасаған "саяси ойыны" да болды, өйткенi, iс жүзiнде баяғы автономия статусы пәлендей өзгерген емес.
Бiз осыған дейiн, мұны өздерiңiз де байқап отырсыздар, Алаш қозғалысы тууының сыртқы себептерiне, яғни, тарихи, саяси һәм әлеуметтiк жағдаяттарға қысқаша шолу жасадық. Ал, ендi ояну дәуiрiнiң, қазақ қозғалысының iшкi себептерi, рухани-идеялық негiздерi қайсы? Осыған келейiк.
Абай оқыған Батыс ойшылы Дрэпердiң "Европа ақыл-ойының даму тарихы" атты екi томдық белгiлi кiтабында бүкiл әлем тарихына зор ықпал еткен оқиғалардың қай-қайсысы да бiр ұшқыннан, бiр идеядан бастау алатыны дәйектеледi. Дрэпер адам рухына тiкелей әсер ететiн идеяның сұрапыл күшке ие екенiн былай деп бiлгiзедi: "Ой-идеяның бiр адамнан екiншi адамға көшуiнiң өзi керемет. Бiр май шамынан (свеча) екiншiнi, одан үшiншiнi әрi қарай бiрiнен соң бiрiн шексiз тұтата беруге болатыны сияқты, кемел ой да адамнан адамға ауысып, аумағын ұлғайта бермек және ешқашанда өзiнiң iшкi күшiн жоғалтпайды". Автор бұл пайымды дәлелдеу үшiн жер-жаһанға исламның таралуын қарастырған едi. Бiрақ әлем картасын өзгерткен кез келген құбылыстан осыны көресiз. Отырықшылық пен көшпелi өркениеттердiң зор қақтығысы болған Шыңғысхан қозғалысы ең алдымен идея қақтығысы, соның күш-қуаты емес пе?. Айғақты жақынырақ дәуiрден алар болсақ, кешегi Ресей империясын күйретiп, ол ол ма, бүкiл әлемдi екiге жiктеп, дүр сiлкiндiрген Қазан төңкерiсiнiң өртi экономист Маркстiң кәдуiлгi идеясынан тұтанғаны өзiмiзге жақсы белгiлi ғой.
Мысалды қазақ топырағынан алар болсақ, бүгiнгi отандық ғалымдар арғы қазақ тайпалары ислам дiнiн қабылдауына Иассауи әулие таратқан iлiм, идея шешушi болды деседi. Ал, бергi орта ғасырларда Қазақ хандығы нығайып, қалыптасуының бастауы "Қасым ханның қасқа жолы", "Есiм ханның ескi жолы", "Тәуке ханның Жетi жарғысы" сияқты заңдарда ұйыған тұғырлы идеялар жоқ деп кiм айтар.
Жә, олай болса, Қазақстан аумағында ХХ ғасырдың бiрiншi ширегiнде өткен ояну дәуiрi қалай, қандай идеядан тұтанған екен? Екiншi түрде айтқанда, оған түрткi ұшқын-себептердiң ең түпкiсi кәне? Ол ұшқын – Абай идеясы, Абай рухы екенi кәмiл.
Дәлел-дәйектер алайық. 1913 жылдан Орынборда шығып тұрған "Қазақ" газетiнiң маңына шоғырланған барша қазақ зиялылары Абайды ұлы ұстазымыз деп бiрауыздан мойындаған едi. Бұл құбылысқа алғаш назар аударып, алаш қайраткерлерi Абайды "рухани атасы" қылып алды деген сөздiң иесi – өз заманының өзгерiстерiн қалт еткiзбей қадағалап, жылнамасына тiркемелеген Сәбит Мұқанов болатын. Екiншi адам, Мұхтар Әуезовтiң адал досы болған Смағұл Садуақасов 1928 жылы Мәскеу қаласында басылып шыққан "Молодой Казахстан" (рассказы современных писателей Казахстана) кiтабына жазған алғы сөзiнде Ахмет, Мiржақып, Мағжандарды Абай шәкiрттерi деп атап айтқан болатын. Смағұлдай сұңғыла азамат бiлмедi, бұрыс айтты деуге ешбiр негiз жоқ. Әлихан, Ахмет, Мiржақып үшеуi де Абай мұрасын алғаш қолжазба дәптерден оқып, танысқан, таныса отырып ғажаптанғаны өз сөздерiнен аян. Ең бастысы, олар Абай мұрасын өле-өлгенше сүйiп оқып, қалың жұртшылыққа насихаттаумен өттi. Осы мақсатта 1918 жылы Жүсiпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезовтiң "Абай" журналын шығаруды қолға алуы алдыңғы толқынмен ақылдаса, кеңесе отырып, шешiлген шаруа сияқтанады.
Әсiлi, Абайдың шәкiртi болу үшiн оның көзiн көру, не қасында жүру, тiптi ақын-жазушы я қалам қайраткерi болудың өзi де шарт емес. Абай иiсi қазаққа өмiр оқулығын жасап, әр адамға бақыт жолын көрсеттi. Осы тұрғыдан келгенде, ақындық мектебi зәредей ғана ұшқын. Бұл мектеп болмаған күннiң өзiнде де Абай аты Абай болып мәңгi қала берер едi. Гәп, ол сiлтеген бағыттан адаспай, жаңылмай, көрсеткен жолына түсуде, яғни ар-ожданы таза, халқына пайдалы азамат бола бiлуде екенi хақ. "ХХ ғасырда, – деп жазады Мұхтар Әуезов бұл жайында, – Абайдың әсерi көпке жайылып, кең өрiс таба бередi". Суға түскен тастан толқындар қалай пайда болса, Абай шәкiрттерiнiң ауқымы да сол сияқты ұлғая бередi.
Мәселен, Ахмет Байтұрсынов "Қазақтың бас ақыны" атты мақаласында 1912-13 жылға дейiнгi ахуал туралы: "Ақмола, Семей облыстарында Абайды бiлмейтiн адам жоқ" деп мәлiмдеген болса, уақыт озған сайын Абай рухының таралу географиясы жылдам кеңейе бердi. Айталық, ХХ ғасырдың 20-шы жылдарында Қазақстанның түкпiр-түкпiрiндегi кез келген ауылда Абайды сүйiп оқитын, көп өлеңiн жатқа сауылдата жөнелетiн адамдар кездесетiн болған. Жазушы С.Мұқанов өзiнiң "Өмiр мектебi" атты кiтабында атап айтатын фактiнiң бiрi осы.
Абайдың өзгеше бағаланып, бүкiл зиялы қауым мен қарапайым қалың бұқараның "көзi ашық, көңiлi ояу" делiнетiн қабаты тұтастай дерлiк ұстаз тұтқандығын көрiп-бiлiп отырған қазақ-қырғыз бiлiм комиссиясы 1922 жылы: "Осы мезгiлде бiлiм жолындағы жұмыстарға "Толық Абай" өте мұқтаж, тым керек болып тұр. Сондықтан… Абайдың барлық сөздерiн терiп жинап басуды қазақ-қырғыз комиссиясы амалсыз мойнына алып, өзiнiң жақындағы мезгiлдi жұмысының бiрi санамақшы" дей отырып, арнайы қаулы да қабылдаған болатын ("Толық Абай" дейтiнi, осы жылы Қазанда және Ташкентте толық емес Абай, яғни жалғыз өлеңдерi ғана басылып, олар пышақ үстiнен таралып кеткен едi).
Мiне, жоғарыда келтiрiлген бағыттағы көп материалдармен таныса отырып, ояну дәуiрiнiң көсем серкелерi – Абайдың шәкiрттерi деп баршамыз мойындаймыз. Олай болса, алаш қозғалысына қатысушылардың жалпысы да ұлы ақын сiлтеген жолды тұтынушылар деуге қақылымыз ғой.
Өмiр шындығы осы болса, Абайдың ең биiкке шығуы мен туған халқына аса қадiрлi болу феноменiнiң сыры неде? Мұның сыры, сiрә да, ұлы ұстаздың туған халқын көшпелi қоғамның ыдырау дәуiрiнен жетелеп алып шығып, жаңа отырықшылық дәуiрге өтуiне қажеттi жағдайды туғызған, осының алтын көпiрi болған зор еңбегiнде. Бұл хақында өзiне дейiнгi мәдениеттiң бәрiн "бойына сiңiрiп, еңбегiнде таратқан, соның бәрiн жаңа дәуiрдiң жаңаша тарихтық халықтың арман мүддесi… етiп берген Абай едi", – деп жазады М.Әуезов. Сондықтан да Абай "…өзгеше бағаланды. Барлық қазақ халқының өткен тарихында ең зор биiкке шыққан, асыл тұрғыны ашқан, айнымас қадiрi зор классигi боп танылады" (М.Әуезов. Жиырма томдық шығ.жинағы. – 20-том. – Алматы, 1985. – 15 бет).
Көшпелi қазақ тұрмысы мен отырықшылық тұрмыс арасында, сөз жоқ, шыңырау жатты. Бiрақ Абайдың зор еңбегi, идеясының әсерi туған халқын осы шыңырауға құлап, опат болудан аман алып қалуымен шектелмейдi. Осыған қоса ұлт данасы "қалың елi қазағына" мәңгi ескiрмейтiн жолды аршып, өмiрдiң ақиқат заңдарын көрсетiп кеттi. Ұлы ұстаздың жан-жүрегiн, рухын терең таныған да танытқан талантты шәкiртi Мұхтар Әуезовтiң әйгiлi эпопеяны "Абай жолы" деп атауында мiне, осындай мағына-мән бары анық.
Сонымен, ХХ ғасырдың бiрiншi ширегiнде, кеңiрек алғанда 50-шi жылдарға дейiн қазақ халқының қоғамдық санасына Абай рухы өзгеше әсер еттi, Абай шын мәнiнде иiсi қазақтың ұстазы болды дегендi тағы бiр айтамыз.
Соңғы айтар бiр жай, ояну дәуiрiнде Абай қалай ұлықталған екен?.
Өз бiлуiмiзше, қазақта Абайды хакiм деп танып, бiлген үш ақын бар. Олар: Шәкәрiм, Көкбай және Мағжан. Қызығы сол – үшеуi де Абайды жай хакiм демеген. Шәкәрiм: "данышпан хакiм", Көкбай: "әулие хакiм", ал Мағжан: "алтын хакiм" деп жазады. Шәкәрiм мен Мағжандiкi көпшiлiкке аян, ал Көкбайдың онша жария емес өлең шумағы мынадай:
"Абайдай ұл тумағы болар ғайып,
Насихат, үлгi шашқан жұртқа жайып.
Ахуалын сөйлеп кеттi замананың,
Әулие хакiм деуге ол лайық".
Бiрақ Қазақстанның билiк тiзгiнi Голощекиннiң уысына түскен 1925 жылдан бастап, қазақ зиялылары үшiн қуғын-сүргiн уақыты жеткенi белгiлi. Абайдың көсем ретiнде есiмi бiртiндеп көмескiлене бердi. Өйткенi, 73 жыл жасаған кеңестiк идеология аты әйгiлi төрт көсемдi (Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин) ғана ұлықтады. Олар тек коммунистердiң ғана емес, барлық Кеңес Одағы халықтарының көсем-ұстаздары деп мойындатты. Бұл жағдайда Абайды әлем ойының алыбы немесе адамзаттың ұстазы демек түгiл, ұлтымыздың рухани көшбасшысы деп ауыз толтырып айту да қиынға соқты.
Абайды қазақ санасынан мүлде сызып тастау да, әсте мүмкiн емес-тi. Сондықтан да тығырықтан шығудың бiр амалы табылды: Абайдың ұстаздығы туралы сөздiң бәрi айналып келiп, "Қазақ әдебиетiнiң негiзiн қалаған классик" деген қазыққа байланып, әдебиет аясына тiрелдi де отырды, тiрелдi де отырды. Философияда да, басқадай әлеуметтiк ғылымдарда да Абай, Шәкәрiмнiң рухы түгiл, иiсi де болған жоқ. Мұны ешкiм де жоққа шығара алмайтын шығар. Соның өзiнде де, өткен ғасырда өмiр сүрген көрнектi тұлғаларымыздың денi атап айтқандай, әр зерделi қазақтың көңiлi төрiнде Абай тұрды, одан асқан ұлы ұстаз, одан көреген көсем болған емес. Не себептен? Мұны Абайдың жұмбағы, мейлi феноменi де, еркiңiзде.
1951 жылы "Абайдың шәкiрттерi" тақырыбы төңiрегiнде солақай саясат қазақтың екi көрнектi жазушысын бiрiне бiрiн қарсы айдап салған үлкен дау-дамайдың өткенi белгiлi. Екi көзқарас: бiрi – Сәбиттiкi, "Абайға елiктеп өлең жазған, артына лайықты жазба мұрасын қалдырған адам ғана Абайдың шәкiртi саналуға тиiс" деген, бiрi – Мұхтардiкi, "Кiмде кiм Абайдың данышпандығына басын исе, одан үлгi-өнеге ала алса, сiлтеген жолына түссе – сол шәкiрт" деген. Сәбең Күн көсемдерге имандай сенсе, Мұхаңның сыйынған пiрi – Абай болатын. Ештеңе жалтақтамайтын қазiргi таңда екi көзқарастың қайсысы дұрыс деген сұрақ та тумайды.
Данышпан Конфуций Қытай қоғамының дамуына қандай ықпал етсе, қазақ үшiн Абай тап сондай ұстаз хакiм. Абай өзiнiң шығармаларын жазғанда әлдекiмдер маған елiктеп өлең немесе басқадай туындылар жазса демеген, мұраты – қазақтың өмiрi мен мiнезiн түзеу, жеке адам бақытына, бүкiл қоғамға жол табу болғаны хақ. Қала бердi пендеге фәни өмiрдiң сырын ашу, ұғындыру. Өлеңдерiнде де, қарасөздерiнде де ақын осы мақсаттарын нықтап отырады.
"Жаңа жылдың басшысы – ол, Мен – ескiнiң арты едiм" дейдi, Абай сүйiктi ұлы Әбдiрахманның өлiмiне жазған өлеңiнде. Абайдың бұл сөзiнен үлкен символды көремiз. Күллi көшпелi дәуiрдегi қазақ мәдениетiнiң жиынтығы, яғни өзi мен "жаңа жыл" – отырықшылық тұрмыс келуi арасындағы сабақтастыққа меңзеген сияқты. Қалай десек те, таяу болашақта Әлихан, Ахмет сынды Әбдiрахман құралыптас жаңа жылдың басшылары келдi. Олардың сыйынған пiрi – Абай болғанын, Абайды қазақтың бас ұстазы деп бiлгенiн жоғарыда айттық. Бұл дәстүрiмiз тәуелсiз Қазақстан жағдайында қалпына келтiрiлсе керемет болар едi-ау.
Сонымен, Алаш мәдени-саяси қозғалысының Абай рухымен молынан суарылғандығын, ал кеңестiк дәуiрде Абай мұрасы ұлтты рухани тұтастырған құдiрет болғандығын хал-қадiрiмiз жеткенше сөз еттiк. Кешегi тарихи асулардың бүгiнгi бiздерге беретiн басты сабағының бiрi осы деп тұжырамыз.
Шәкәрiм Құдайбердiұлы – Абайдың бас шәкiртi әрi ақын ағасы жайған өрнек-өнегенi қай қырынан да жалғастырған ұстазымыз. Кемеңгер ақын Алаштың төбе биi болып қызмет еттi, сондай-ақ төл шығармашылығы арқылы әрi қозғалыс қайраткерлерiнiң iшiндегi ең жасы үлкен ақсақалы ретiнде Алаштың атақ-абыройын көтеруге ерекше үлес қосты. Ақырында Шәкәрiмнiң тұңғыш құрбан екендiгiн де ұмытпай, есте ұстасақ мақұл. Қысқасы, кемеңгер ақын туралы сөзiмiздiң тақырыбымызға еш бөтендiгi жоқ, қайта Алаш қозғалысының рухын танып бiлуге септеседi деген ойдамыз.
Алдымен қарт ойшыл Шәкәрiм мен алаш жастары арасындағы жарастықты, яғни қайғы-қуаныш, көксеген арман ортақтығын сөз етелiк.
Шәкәрiм ұлтжанды болған ба? Сөз жоқ, Шәкәрiмнiң космополитшiл, ұлтсыз кiсiлермен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Дәлелге жас қаһарман Қазы Нұрмұхамбетұлының қазасында қажының жиылған елдi жылатқан жүрекжарды сөздерiн алсақ та жеткiлiктi. Онда Шәкәрiмнiң: "Оқығандар! Жастар! Мынау жолдастарыңды ұмыта көрмеңдер. …Және өздерiң де бұл оқиғаға қажымаңдар. Құдай Тағала Алашқа шын ұл бергенiне бүгiн ғана көзiм жеттi. Алпыс жасқа келгенде мұндай ұлты үшiн жанын қиып, құрбан болатын азаматты көрермiн деген үмiтiм жоқ едi. Көрдiм. Ендi бүгiн өлсем де, арманым жоқ" деген сөзiнен артық дәлел бола ма.
Ұлтжандылық – алаш арыстарына ортақ сипат. Олардың iшiнен кiмдi алсаңыз да, Қази сияқты Құдай Тағала қазаққа берген шын ұл болғанына көзiңiз жетедi. Ұлы дүбiр шалқымада ұлтжандылық деген бойға сыймай төгiлген керемет сезiмдi Сұлтанмахмұт:
"Алаш туының астында
Куә болсын арымыз!
Көркейтуге Алашты
Құрбандық бiздiң жанымыз!", –
деуiмен жырға қосады.
Шәкәрiм бас болып, қозғалысқа қатысушылар түгелiмен (алаш қайраткерлерi iшiнде коммунистiк террордан тiрi қалған екi қазақ қана: бiрi – Мұхтар Әуезов, бiрi – Әлiмхан Ермеков деседi) азаттық пен ұлттық мүдде жолының құрбандары болды. Кәне, мұндай ұлтжандылық пен елшiлдiктiң екiншi бiр мысалы әлем тарихынан табыла қояр ма екен?
Кеңес өкiметi 1920 жылдың күзiнде "Алашорда үкiметiнiң бұрынғы жақтастары қудалауға жатпайды" деп қаулы алған болатын. Алайда, 1922 жылдың желтоқсан айында Бүкiлодақтық Саяси Бас басқарма (ГПУ) құрылды. Келесi жылы ол Айрықша Саяси Бас басқарма (ОГПУ) болып өзгертiлiп, оған сот қызметiнiң жанжақты құқығы берiлдi. Яғни, жазалаушы орган дүниеге келдi. Жөнжосықсыз әрi шексiз билiкке ие болған шаш ал десе бас алатын "жан алғыштар" ұлт зиялыларының артына шам алып түстi. Осы жылдан соң-ақ, Алаш қозғалысына қатысқан жандар түгелiмен Мәшһүр Жүсiп:
"Ит дүние, мұнша неге олақ болдың,
Ұстауға құйрықжалы шолақ болдың",
дегендей, торғайдай тозып, бүкiл империя кеңiстiгiне жан сауғалап тентiреп кеткенi шындық. Бұл жағдайда да алаштықтар адамдық борышы – халыққа адал қызметiн тоқтатпай, оқу-ағарту iсi арқылы жалғастыра бердi.
Ендi "Шәкәрiм мен алаш басшылары арасына сызат түсуiнiң себебi неде?" деген мәселеге келейiк. Болған келiспеушiлiктiң нақты себебi мынадай. 1918 жылғы қыркүйек айының бас кезiнде Семейдiң Белгiбай деген байының атастырылған қызын Қабдолла Қоскеев деген мұғалiм алып қашады. Мұның арты қала мен қырға түгел мәлiм болған үлкен дауға айналған едi. Бiр айдан соң, бұл оқиға Алаш сотында қаралып, сот төрағасы Шәкәрiм екi жасты ақтап үкiм шығарады. Алаш басшылары бұл шешiмдi құптай алмайды. Осымен, ақын елiне қайтады, соңғылар да оның қылығын түсiнгiсi келмей сырт бередi, қажының сөзiнше "бойкот" жариялайды.
Бұлар ақынның "Мұтылғанның өмiрi" деген өзi туралы жырында да, "Мұңды шал" (1924) атты өлеңiнде де паш етiлген жайлар.
Шәкерiмнiң Алашқа қатысы бiр iзге түсiп, келешекте ғылыми шешiмiн табуы үшiн мынадай жайларға назар аударған жөн сияқты. Бiрiншiден, Шәкәрiм мен алаш арыстары арасында болған түсiнбеушiлiк Қазақ елi дербес мемлекет болса деген мақсат әзiрге iске аспайтыны анықталған тұсқа келедi.
Екiншi жай, ежелгi гректiң дiлмар шешенi Демосфеннiң мынадай сөзiнен байқалса керек. "Шешен халықтың ақылшысы. Ақылгөй басшының сөзi ашық, батыл, тiке айтылады, дейдi ол. Сол тура айтылған сөзiнiң аяғы өз басына қауiп екендiгiне көзi жете тұра, ол турашыл¬дықтан, әдiлдiктен сынық сүйем де таймайды". Шәкәрiм еркiн ауада, бостандықта өскен әрi ұзақ жылдар халықтың ақылшысы, би-шешенi болған адам. Ол "Әдiл билiк болмаса, халқыңды дерт алады" деген қағиданы ұстанған, құбылмалыны суқаны сүймеген аузы дуалы, сөзi уәлi баба, би-шешендердiң сарқыты. Белгiбайдың қызының сотында "көне салмағаны" сол.
Әлдеқайда күрделiрек үшiншi жай да бар. Ол рухани көсем Шәкәрiмнiң ойлау үлгiсi һәм ойлау деңгейi. Қарт әрiптесi жайында "Бұл қазақтан мақсұты биiк-алыс" деп Сұлтанмахмұт бiлмесе айта ма?.
Адамның ой, сана көкжиегi алдына қойған өмiр мақсаты, заманы, жасы т.б. жағдаяттардың әсерiнен үнемi өзгерiске түсiп отырмақ. Осылайша жiгiт Шәкәрiм әуелде ырғызбайшыл болды, онан соң мұқым Тобықтының намысын жыртқан сатыдан да өттi. Қырықтан соң, "қалың елiм, қазағым" деп қабырғасы қайысқан оның санасы өзi араласқан мен бiлем деген алаш жастары сияқты ұлтжанды болу, ұлт мүддесi үшiн басты байлау деңгейiне де жеттi. Көңiлi мұны да қанағат тұтпай әрi қарай басқыштай бердi.
Оқыған-түйгенi мол алаш арысының бiрi М. Тұрғанбайұлының 1918 жылы, "Абай" журналының №3 санында "Ұлтшылдық" атты мақаласы берiлдi. Оған пiкiр айтқан "Ұлтшылдық туралы" деген шағын мақаласында Шәкерiм: "Ұлтшылдық мәдениеттi туғызса да, ақ жүректi туғыза алмайды. Ақ жүрек дегенiмiз – "ұждан" (әмма жанға махаббат, шапағат, ғадәлет), қазақша тамам адам баласын бауырындай көрiп, жаны ашып, әдiлет қуу. Осы айтылғандай, ақ жүрек көбеймей тұрып, адамшылық жеңе алмайды" – деп жазады. Сөйтiп, алпыстан асқан жасында Шәкәрiм: "Мен ұлтшыл емеспiн" деп мәлiмдейдi. Бұл Азамат соғысының қатiгездiгiнен түршiгiп, елсiз аулаққа кетердегi сөзi. Әлсiзге әлiмжеттiлiк жасағандар, әдiлдiктi мылтықтың күшiмен орнатам деп шатасқандар да өздерiн "ұлтшыл" санады, бәлкiм, гуманист Шәкәрiм "ұлтшыл" дегенде, әсiресе, орыс ұлтшылдығын баса айтқан болар.
Сонымен, рухани ұстаздардың, Абай, Толстой, Шәкәрiм сынды әлем ой алыптарының ұлтын сүюi өзгешелеу. Олар үлкен жүрекпен, Абай айтқан "үш сүю" жөнiменен сүйедi. Өйткенi, дүниенiң көрiнбейтiн заңдары барын, Абайша Алланың хикметiн өзгелерден гөрi анығырақ сезедi, бiледi. Нақты айтсақ, Тәңiрiнiң тәртiбi мен заңы махаббат, әдiлет арқылы мүлтiксiз орындалатындығын. Хакiм даналардың осыған сенiмi кәмiл, осы түпкi ақиқат үшiн жандары пида. Олай болса, Абайдың бас шәкiртi Шәкерiм мен кешегi жолдастары – алаш арыстарының ажырасуын тексерген адам ойшылдың санасы бұл кезде рухани дара биiкке жеткенiн қатты ескерсе құба-құп.
Түйiндей айтқанда, бiз сөз еткен мәселеде ат құйрығын шорт кескен ымырасыздықтың иiсi де жоқ, ал Белгiбайдың қызының соты ұсақ келiспеушiлiк, болымсыз қыжыл ғана деуге керек. Егерде жазмыш кейiннен алаш арыстары мен қарт ойшылдың кездесуiне мүмкiндiк берген болса, олардың бiр-бiрiне құшақтарын айқара ашатынына қылаудай күмән жоқ. Бiрақ мұндай мүмкiндiктi қатiгез уақыт қайдан берсiн…
Азаттық жолында шейiт болғандардың есiмiн дәстүрлi елдiң қай қайсы да тарихына алтын әрiппен жазады. Сондықтан Шәкәрiм Құдайбердiұлының туғанына 150, Алаш Орда үкiметi құрылғанына 90 жыл толып отырған биылғы жылы ұлы мақсаттың, азаттықтың құрбандарын зор құрметпен еске алу бүгiнгi ұрпаққа парыз. "Өлдi деуге сыя ма, ойлаңдаршы?" деп Абай айтқандай, олардың рухы өлмек емес, олар тәуелсiз Отанымыз Қазақстан халықтарымен мәңгi бiрге.
Асан ОМАРОВ, философия ғылымдарының кандидаты.