МИНИСТР БАЙБЕСIК АУЫЛЫНА КЕЛДI

МИНИСТР БАЙБЕСIК АУЫЛЫНА КЕЛДI

МИНИСТР БАЙБЕСIК АУЫЛЫНА КЕЛДI
ашық дереккөзі
225

Жақында ғана көпшiлiк назарына ұсынылған "Нұрлы көш" бағдарламасын жүзеге асырудың алғашқы қадамдары жасала бастады. Ол үшiн бұған дейiн жасалған iс-шараларды қорытып, көңiлге қонымды тәжiрибелердi назарға алу мәселесi көзделуде.

Алматыдағы жаңадан құрылған Алатау ауданына қарасты Байбесiк ауылы мен Шымкент қаласында "Асар" шағын аудандарының тәжiрибесiн мұқият зерттеп, оны ары қарай "Нұрлы көш" бағдарламасын жүзеге асыру барысында iс жүзiнде қолдану туралы Президент әкiмшiлiгiнен Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрлiгiне арнайы тапсырма берiлген екен. Өткен аптада Еңбек және халықты әлеуметтiк қорғау министрi Байбесiкке арнайы ат басын бұрып, оралмандар ауылының тыныс-тiршiлiгiмен танысты. Байбесiк ауылы 2002 жылдан бастап бой көтере бастаған. Алматы қаласының Өжет кентiнiң маңайынан 27 гектар жер бөлiнiп, 185 отбасына жер телiмдерi берiлген едi. Бұл iске оралмандардың Республикалық "Асар" қоғамдық бiрлестiгi тiкелей мұрындық болған болатын. Ал, сол кездегi Алматы қалалық әкiмшiлiгi жер телiмдерiн бөлiп беруге қол ұшын созып, ауылдың инфрақұрылымдарын жөндеуге атсалысты. Сөйтiп, Байбесiк ауылы бiрнеше жылда сән түзеп, Алматы қаласы маңындағы үлгiлi ауылдардың бiрiне айналды.

Қазiр Байбесiктiң әлеуметтiк проблемалары шешiлген. Тұрғындар ауызсу, ток және жолмен қамтамасыз етiлген. Телефон жүйесi iске қосылған. Тек газ бен автобус қатынау мәселесi ғана күн тәртiбiнде тұр. Министр ең әуелi ауылдағы кәсiпкерлермен жүздесудi жөн көрдi. Ауылдың кiреберiсiндегi шеберханаға ат басын тiреп, мұндағы жұмысшылармен жүздестi. Шеберхана иесi Дәулетхан Мархаба Моңғолиядан қоныс аударған. Осында баспана тұрғызып, шеберхана ашқан екен. Қазiр жиһаз өндiрумен айналысады. Шеберханада 10-15 адам жұмыс iстейдi екен. Еңбекақылары iстегендерiне қарай төленедi. Айналасы 50-60 мың теңгеге жетедi. Ал, маусымына қарай өнiмдерiнiң өтуi де әрқилы көрiнедi.

Бұдан кейiнгi министрдiң бас сұққан жерi матрац өндiретiн шағын цех болды. Отағасы Ерболат Советхан бұнда 20 адамның жұмыс iстейтiндiгiн айтады. Кәдiмгi ортопедиялық жұмсақ матрацтарды өз қолдарымен жасайды екен. Оның шикiзаты Алматыдан табылатын көрiнедi. Оралмандардың отандық өндiрiстi әрi шағын және орта бизнестi дамытуда жасап жатқан iстерi министрдiң көңiлiнен шығып, оң бағасын алды. Алматы қалалық Көшi-қон басқармасының бас маманы Гүлшат Әзiмбаеваның айтуынша, бұнда есiк, терезелер дайындайтын тағы да екi цех бар көрiнедi.

Байбесiк ауылында қазiр 1400-дей адам тұрады. Оның 226-сi мектепке дейiнгi және мектеп жасындағы балалар екен.

Бұдан кейiн министр оралмандар тұрғызған үйлердi көрдi. Байбесiктiң ортасында екi қабатты зәулiм коттедждiң иесi Ахметжан Қайбарұлы Қытайдан қоныс аударған. Жеке кәсiпкер.

Демек, Байбесiк ауылы оралмандардың жаңа мекенге қоныстанып, бейiмделiп кетуi үшiн баспана тұрғызатын алақандай жер болса жетiп жатқандығынан хабар бергендей. Үкiмет Байбесiк тәжiрибесiн тегiннен-тегiн үйренiп жатқан жоқ.

— Дәл осындай оралмандардың шоғырлана орналасқан елдiмекендер облыс-облыста бой көтерiп келедi. Айталық, Шымкенттегi "Асар" шағын ауданында 1700 коттедж тұрғызылып жатыр. Бұнда құрылыс материалдарын өздерi өндiредi, жұмыс күшiн өздерiнен пайдаланады. Соның нәтижесiнде тұрғын үйлердiң 1 шаршы метрi 800 доллардан 400 долларға дейiн, яғни екi есеге дейiн төмендеген.

Астана қаласында оралмандардың Республикалық "Асар" қоғамдық бiрлестiгi "Нұрбесiк" шағын ауданын салуды жоспарлап отыр. Петропавл және Көкшетау қалаларында да осындай жобалар қолға алынуда.

Оралмандардың қазiргi ең өзектi мәселесi — баспана екенi белгiлi. Оны шешудiң ең тиiмдi жолы мемлекет тарапынан өсiмi төмен несие берудi қарастырып жатырмыз. Ал оның кепiлi не болатындығын да ойластырудамыз. Бұдан кейiнгi басты проблема — жұмыспен қамту. Шетелдегi Қазақстан елшiлiктерiмен бiрлесе отырып, ондағы қажеттi мамандықтарды анықтап, еңбек күшi ретiнде шақыруды мақсат етiп отырмыз.

Шетелдегi қандастарымызды атамекенге шақырардан бұрын әуелi бәрiн есептеп алуымыз керек. Мысалы, жаңадан құрылып жатқан "Алатау" ауданы қанша адам қабылдай алады? Егер, аудан әкiмi: "мен 100 отбасы қабылдай аламын. Оларға осынша гектар жер беремiн. Осынша жанды жұмыспен қамти аламын" десе ғана, бiз сол ауданға 100 отбасын жiберуiмiз керек. Сонда ғана көш жүйелi болады. Көшi-қон комитетiнiң басқармалары жергiлiктi әкiмшiлiктермен тығыз қарым-қатынаста жұмыс iстеуi керек. Өйткенi, жергiлiктi жердiң мәселелерiнiң барлығы осы әкiмшiлiктерге келiп тiреледi.

Тағы бiр айта кетер мәселе, қазақтардың көбi Алматы, Астана маңын торуылдайды. Ал, Шығыс пен Солтүстiкке баруға құлықсыз. Алайда, шекара маңының қауiпсiздiгiн ескерсек, сол өңiрлерге қазақтарды көптеп тарту басты мәселе. Бiздiң бағдарламаның басты мақсаты да осы, — дедi Бердiбек Сапарбаев мырза.

Байбесiк ауылын аралап, оралмандардың тыныс-тiршiлiгiмен танысқан министрден бiз алғашқы әсерi туралы сұраған едiк:

— Ең басты мәселе — баспана, жол, жарық және ауыз сумәселесi шешiлген. Аудан әкiмшiлiгi мен жергiлiктi ауыл, өзiн-өзi басқару құрылымдары бiрлiкте жұмыс iстесе, алынбайтын қамал болмас деп ойлаймын, — деп жауап қатты ол.

Есенгүл Кәпқызы

Серіктес жаңалықтары